Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілі – қазақтың ауызша және жазба әдеби тілдерінің бір арнасы

Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілі – қазақтың ауызша және жазба әдеби тілдерінің бір арнасы

Көне түркі дәуірінен, оның ішінде V-X ғасырлардан, бізге мынадай жәдігерліктер жеткені мәлім:

  1. V ғасырға жататын руна (сына) жазулы Талас-Енисей ескерткіштері: құлпытастардағы эпитафиялар, олар – 1-2 сөй- лемнен 5-6 сөйлем көлемінде айтылған тарих;
  2. VIII ғасырға жататын руна жазулы Орхон ескерткіш- тері: құлпытасқа қашалып сызылған (жазылған) түркі тайпа- ларының сол дәуірдегі атақты қағандары мен батырлары: Білге қаған, Елтеріс қаған, Күлтегін, Тонықұқтар туралы тарихи шежірелер;
  3. VIII-X ғасырлардағы ұйғыр жазулы жору, аян айту, діни аңыз түріндегі ескерткіштер (жазбалар).

Зерттеушілердің көбі қазақ халқының өзге түркі халық- тарымен ортақ тарихының басы VI-IX ғасырларда өмір сүрген Түрік қағанаты дәуірінен, яғни VI ғасырдың ортасында гун державасының қираған жұртында қалған ру-тайпалардың дербес мемлекет құрған кезеңінен басталады деп санайды. Ал Түрік қағанатында, жоғарыда көрсетілгендей, жазба әдебиет, поэтикалық сөз үлгісі, яғни әдеби тілі болған. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев өте дұрыс танығандай, түркілердің V-VIII ғасыр- лардағы көркемсөз үлгісі – түркі поэзиясының, әдеби тілінің туу басы емес, тарихи белгілі кезеңінің ғана басы, яғни түркілердің ауызша поэзиясы: тұрмыс-салт жырлары, жоқтау өлең айту салты, дидактикалық, шешендік толғаулар, мақалмәтелдер өте арғы дәуірлерде жасалған[1] . XI ғасырда Махмұд Қашғари келтірген «Алп Ер Тоңа өлді му?» деген өлең – VII ғасырдан арғы жерден келіп жеткен жоқтау өлең үлгісі.[2]

Демек, басын VI-VIII ғасырлардан көп бұрын алған сына жазулы Орхон-Енисей-Талас жәдігерліктерінің тілі – V-VIII ғасырларда Жетісу, Алтай, Орталық Азияда өмір сүрген оғұз, қыпшақ, ұйғыр, қарлұқ т.т. тайпалардың ортақ жазба тілі болды. Бұл ескерткіштердің тілі бірнеше дәуірлік тарихы бар жасанды жазба тіл деген де (Э.Р.Тенишев), ауызекі баяндау стиліне жуықтайтын жылнамалық (шежіре іспеттес) эпостар тілі деген де (Ә.Қоңыратбаев), эпитафиялық проза тілінің үлгісі деген де (ГІ.М.Мелиоранский, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов), VI-VIII ғасырлардағы түркі поэзиясының үлгісі деген де (Ф.Е.Корш, И.В.Стеблева) пікірлер жарыса орын алып келеді. Қайткен күнде де Орхон және Енисей жазбалары – әдеби тілдік дүниеліктер, өйткені бұлардың тілінде белгілі бір нормалар, дәстүрлі үрдістер бары – даусыз.

Орхон-Енисей жазба белгілері бар балбал тастар ең алғаш рет XVII ғасырдың соң кезінен бастап Сібірді зерттеушілердің көзіне түсті. XIX ғасырдың II жартысында Монғолия жерінен, Орхон бассейнінен, Якутияның оңтүстігінен тасқа жазылған жазулар көптеп табыла бастады. Олардағы жазуды танып, тұңғыш оқығандар жайында, тастағы жазулардың мазмұны, тілі, стилі жөнінде В.В.Радлов, С.Е.Малов, П.М.Мелиоранский, В.Котвич, Г.Рамстедт, А.Габендерден бастап шетел және орыс ғылымында соңғы жүз жылдың ішінде орасан көп айтылып, зерттеліп, жазылып келеді.

Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі жөнінде қазақ зерт- теушілері де (М.Әуезов, М.Жолдасбеков, Қ.Өмірәлиев, Г.Ағы- манов т. б.), оның ішінде әсіресе Ғ.Айдаров, А.Аманжолов сияқты танымал ғалымдар айтарлықтай үлес қосып келеді.

Әдебиеттанушы М.Жолдасбеков: «Бір кездерде эпостық дәстүрі айрықша дамыған қазақ халқының бай мұрасы мен Орхон ескерткіштерін салыстыра зерттеудің ерекше мәні бар екендігін» айтып, Орхон ескерткіштері – эпикалық шығарма- лардың, тарихи-ерлік жырлардың ең әдепкі үлгілері деп таниды[3], Ал фольклор тілін зерттеуші Е.Жұбанов ауыз әдебиеті үлгілері жазба әдебиеттен өрбімейді, керісінше, Орхон жазбаларына түркі тайпаларының ежелден дамып келген бай ауыз әдебиеті үрдісі негіз болған дегенді айтады[4]. Бірақ қайткен күнде де Орхон жәдігерліктері әдеби мұра ретінде де, әдебиеттің белгілі бір жанрының үлгісі ретінде де біраз түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да әдеби тілінің тарихи арнасы екені даусыз.

  1. Қазақ әдебиеттанушылары Орхон жазбаларын қазіргі түркі әдеби дәстүрлеріне ұластыра зерттеуде көбінесе жанр- лық сәйкестіктерді тауып, сол жағынан жанастырады. Мысалы, қазақ фольклорындағы жоқтау, шешендік арнау жанрларының көрінісі Күлтегін, Тонықұқ ескерткіштерінен табылады дейді. Сонымен қатар тілдік көркемдеуіш құралдардың ішінде рито- рикалық сұрауларға құрылған параллельдер (көктен Тәңірі баспаса,төменде жер айрылмаса, ел-жұртыңды кім тор- лайды?)* адамдарға және туыстық қатынастарға байланысты сөздер: ата, қатун, қыз, іні, сіңлі, келін, йегін (жиен), оғул (ұл);
  2. табиғат құбылыстарына қатысты сөздер: йер, тағ, қар, таш, тас, йыл, күн, суб (су), құм;
  3. әлеуметтік қатыныстарға байланысты сөздер: ел, іл, йурт, қан (хан), қаған, бек, бай, күң, чығай (кедей), төрү (төре, заң);
  4. әскери лексикаға жататын сөздер: сү (әскер), шерік (шеру), уруш, қылыч, сүңгі, оқ;
  5. шаруашылыққа, тұрмысқа қатысты сөздер: бедіз (өрнек), ағыл (ауыл), капығ (қақпа), еб (үй);
  6. жан-жануарлар атаулары: адгыр, ат, буқа, тай, інгек

(сиыр), бөрі, қой, йылқы, йонт (жылқы), барс, бічін (мешін);

  1. анатомиялық атаулар: баш, бас, адақ, көз, қаш, құлғақ, йурек, сач, тіл, өд (өт);
  2. заттардың сынын көрсететін сөздер: ақ, қызыл, сары, йегрен (жирен), йашыл, көк, кара, улуг, бедүк (биік), йуйқа (жұқа), йінічке, қалун (қалың);
  3. есімдіктер: бен, мен, сен, сін, біз, сіз, не, қаны (қайсы), бу, кім;
  4. сан есімдер: бір, екі, уч, төрт, беш, алты, йеті, секіз, тоқуз, он, йігірмі, отуз, қырық, еліг, йуз, мың, бің, түмен;
  5. етістіктер: ет-, есід-, олур- (отыр-), йат-, йарат-, көр-, біл-, тут-, йаңыл,- сақын- (ойлан-), сығта-; үстеулер: ілкі, кідін (кейін), күнтүз, таңүнтүрү (таң ата), сияқты сөздер деп бөліп, олардың қазақ тіліне де тән екендігін, бірлі-жарым фонетика- лық айырмасы болмаса, негізінен сол қалпында сақталған- дығын көрсетеді54.

* Ескерткіштерден келтірілген мысалдар қазақша аударылған түрінде беріледі.

54 Айдаров Ғ. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері және қазақ тілі //Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері. — Алматы, 1989. — 142-143-б.

Зерттеуші Ә.Құрышжанов пен М.Томанов Орхон-Ени-

сей ескерткіштері тіліндегі қазіргі қазақ тілінен тұлғалық әрі мағыналық жағынан ұқсастығы (сәйкестігі) айқын, ешқандай айырмашылығы жоқ сөздер деп 130 сөзді, ал қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда кейбір фонетикалық ерекшелігі бар сөздер деп 397 сөзді, тұлғалық та, мағыналық жағынан ұқсастық таппайтын сөздер деп 311 сөзді тізіп көрсетеді[5]. Бұл өте құнды статистикадан біз қазіргі қазақ тіліне, оның әдеби түріне мағыналық жағынан сай түсетін, тұлғалық жағынан да сай (130) немесе аз-кем өзгешеліктерімен сәйкесетін (397) сөздер сан жағынан сәйкес келмейтін сөздерден көп екенін көреміз. Әрине, көне және қазіргі тілдердің бір-біріне алысжақындығы тек сөздердің санымен ғана өлшенбейтіндігін мойындай отыра, дегенмен лексикалық қордың негізі іліктестік тауып жатса, көне-жаңа тілдердің де арналарының бір екендігін көре аламыз.

Сөздік қазынасының негізі сақталып келгенімен, ондаған сөздің бұл күнде, мысалы, қазақ тілінде қолданылмайтын- дығын білеміз. Дегенмен қай түркі тілі болмасын, өздерінің бүгінгі лексикалық қазынасында көне сөздерді ішінара сақтап қалғандығы да байқалады. Мысалы, қазақ тілінде «мүлік» мағынасыңдағы көне түркілік барым сөзі, «шақыру» мағына- сындағы оқу, «сөйлеу, сөз» мағынасындағы саб (сөз саптау – «сөз сөйлеу»), «кедей» мағынасындағы шығай (Шықбермес Шығайбай) деген сөздер тұрақты тіркестердің құрамында не- месе жалқы есімдердің аталуында сақталған. Осы сияқты «өзен» ұғымындағы үгуз (өгіз) сөзі топоним құрамында кездеседі. Бірқатар көне түркі тұлғалары бұл күндегі плео- настық (бір мағынадағы екі сөздің қатар қолданылуы) тір- кестерде сақталғанын көреміз. Мысалы, ел-күн, жылап-сық- тау деген қос сөздердің екінші сыңарларының бірі – күн көне түркі жазбаларында «ел, жұрт» мағынасындағы, сықтау «жылау» мағынасындағы сөздер.

Көркемдеуіш-бейнелеуіш тәсіл-құралдар саласына келсек, белгілі бір атаудың тұрақты эпитеттермен келуі Орхон ескерт- кіштеріндегідей, қазақтың әдеби тіліндегі айрықша көркемдік белгілерінің бірі екендігін айту керек. Мысалы, «Күлтегін- дегі» сүчіг саб (тәтті сөз), йымшақ ағыс (асыл дүние), беңгү тас, еріг йер, қара йер, қызыл қан, қара тер, көрер көз, сарығ алтун, өрүң күмүш сияқты тіркестердегі тұрақты эпитеттер- дің өздері де, оның аналогтері де қазақтың ауыз әдебиеті тілінде, ауызша дамыған авторлы әдеби тілінде және жазба әдеби тілінде молынан кездеседі.

Сол сияқты дыбыстар үндесуі (эвфония), яғни аллитерация мен ассонанс қазақтың ертеден келе жатқан сөз өнерінде (поэзиясында, мақал-мәтелдерде, шешендік сөздерде) кеңі- нен қолданылып келіп, бүгінге дейін эстетикалық-көркемдік құрал ретіндегі мәнін жоймаған болса, мұның көрінісін де Орхон жазбаларынан табамыз: теңрі төпесінде тутуб (Тәңірі төбесіне көтеріп)… көрер көзім көрмес тег, білір білігім білмес тег болту (көрер көзім көрместей, білгір ақылым білместей болды)[6].

Міне, осы көрсетілген фонетикалық, грамматикалық, лекси- калық және көркемдік ұқсастықтар көне түркі жазбаларының тілі – қазақ әдеби тілінің де бір арнасы екенін дәлелдейді.

[1] Өмірәлиев Қ. Көне дәуірдегі сөз үлгілері және оларды зерттеу тәсілі //Қазақстан мектебі. — 1971. -№2.

[2] Өмірәлив Қ. Көне түркі сөз үлгілері туралы // Қазақстан мектебі. — 1971. — №9.

[3] Жолдасбеков М. Асыл арналар. — Алматы, 1990. — 72-86-б.

[4] Жұбанов Е. Эпос тілінің өрнектері. — Алматы, 1978. — 19-б.

[5] Құрышжанов Ә., Томанов М. Көрсетілген кітап. — 45-57-б.

[6] Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. — 47-б. 57 Сонда, 134-б.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *