
Араб жазуындағы ХІ-ХҮІ ғасыр түркі тілдес ескерткіштері, олардың тіл ерекшеліктері.
Араб алфавитінің ХІ ғасырдан бастап түркі тілдеріне пайдаланылуы. Абаб алфавитіндегі алғашқы(ескі) түркі жазба ескерткіштері, олардың тіл ерекшеліктері.Ю.Баласағұнидің «Құдадғу біліг»,М.Қашқаридің «Диван лұғат ат- түрк»,А.Югнекидің «Хибат ал-хақайық,Н.Рабғузидің «Қиссас ал-анбия» атты туындылары.Араб жазуындағы орта түркі ескерткіштері, тіл ерекшеліктері.
Ислам дінін қабылдаған түркі халықтары араб жазуын мың жылдан астам уақыт бойы қолданып келгені белгілі. Осы аралықта әлемге әйгілі көптеген ғұламалар өз еңбектерін осы араб харпінде қалдырды. Қазақ халқы да араб жазуын ХХ ғасырдың басына дейін қолданды, тіпті ел ішінен жиналған көптеген қолжазбалар ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін осы араб жазуымен жазылғандығын көрсетеді. Діни қиссалар мен дастандар, шежірелер ескі түркі қадим жазуында және кейінгі көшірмелердің төте жазуда жазылғандығын байқаймыз. «Құтты білік» пен «Диуани луғат ат-түрік» шығармаларын парақтап қарағанымызда түркі тілінің дыбысталу ерекшеліктеріне қарай араб графикасына ішінара жаңа таңбалар енгізіп отырғандығын байқауға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Батыс прогресіне ілесу мақсатында қалыптасқан көптеген терминдерді дәл беруді көздеген прогресшіл жадидшілер тарапынан қолданыстағы араб графикасына да көптеген реформалар жасалып жатты. Осылайша түркі халықтарының қолданысында болған араб графикасының тарихын зерделейтін болсақ Баласағұн мен Қашқари реформасы, шағатай әдеби тілі кезіндегі реформа, Османлы реформасы, Татар графикасы, жәдидшілер реформасы, А.Байтұрсынұлының емлесі, төте жазу сияқты өзгерістердің болғандығын көреміз. Тілді жанды құбылыс деп қарастыратын болсақ мұндай өзгерістер тек түркі халықтарында ғана емес, арабтардың жазу емлесінде де бірнеше көркем форманың қалыптасқандығын байқаймыз.
Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) Жәбірейіл періште арқылы Алла тағала тарапынан жіберілген қасиетті Құран кітабын, ислам дінін алғашында ел арасына ауызша таратқандығы белгілі. Мұсылмандар ел билігін өз қолына алған тұста Құран кәрімді кейінгі дәуірлерге сол қалпында еш өзгеріссіз жеткізу үшін хатқа түсіру қажеттілігі туындай бастады. Осылайша Ислам дінінің алғашқы дәуірінде алдымен набатей алфавитіне негізделген жазудың түрлері дүниеге келе бастады. Қазіргі араб жазуының «атасы» болып есептелетін, қазіргі жазуға қарағанда түрі де өзгеше, көбіне тік бұрышты формаға құрылған геометриялық шрифтке негізделген сол кездегі жазбаның түрі – «куфи» жазуы деп аталған. О баста бұл жазудың қазіргі Ирак жеріндегі Куфа қаласынан шыққандығы белгілі. Алғашқы кезеңде куфа жазуын Құранның алғашқы нұсқаларын қағазға түсіру үшін, сонымен қатар іргетасы жаңа қалана бастаған алғашқы Ислам мемлекетінің архитектуралық құрылыстарын айшықтау, безендіру мақсатында қолданылған.
Құранның алғашқы нұсқасын хатқа түсірген адам деп алдымен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хатшысы болған Заид ибн Сабиттің аты аталады. Алғаш арабтарда жазу пайда болған кезде соны меңгерген Заид кейбір сүрелерді қағазға түсіре бастаған. Бұл нұсқа Мекке мен Мәдине стилінде жазылғандықтан оны «жазм хаты» деп атаған. Ол кезеңде каллиграфия жаңа дами бастағанда оның екі түрлі нұсқасы қолданылған. Біріншісі «мукаввар» курсив жазуы оның жазылуы оңай болған, екіншісі «мабсут» созылыңқы әрі әріптері ұзын болып жазылатындығымен ерекшеленген. Бұл екі жазу түрінен кейін «ма’ил» жазуы келіп шыққан. Алайда ол кең түрде тарай қойған жоқ, оның орнын куфа жазуы басқан болатын.
Омайидтер әулеті билікке келген соң Әбдулмәлік ибн Маруан патша (685-705) тұсында алғашқы араб графикасы ресми әліпби ретінде бекітілді. Сол патшаның заманындағы белгілі көркем жазу ұстасы Құтб әл-Михрдың жасаған графикасы «тұмар» жазу түрі деп аталды және осы жазу стилі мемлекеттің ресми жазу формасы ретінде қабылданды.
Уақыт өте келе мәдениет өзінің даму сатысына қарай аяқ басты. Мұсылман мемлекеті алдыңғы қатарлы өркениетті де мәдениетті елге айналды. Ғылымы мен білімі қарыштап дами бастады. Ендігі жерде тез әрі жылдам, жалпы көпшілікке түсінікті жазу түрі қажет болды. Осылайша жазудың басқа үлгілері де дүниеге келе бастады. Соның бірі белгілі реформашы, каллиграф Ибн әл-Бәууаб ойлап тапқан «насх» стилі болатын. Насх жазуының икемділігі сол бұрынғы куфа жазуының геометриялық түрін жұмсартып, дөңгелентіп, тез әрі жылдам жазуға ыңғайлы етіп өзгерте алды. Бұл өз кезегінде бұйрықтар мен іс-қағаздарын жылдам жазуға мүмкіншілік туғызған. Оның тиімділігі әріптер бұрынғы формаға қарағанда ұсақталып, нәзіктене бастады, оның үстіне көркемдігі де артып көпшіліктің арасына тез тарап кетуіне жол ашылды. «Насх» жазуы қолданысқа енген соң «Куфа» жазуын ығыстыра бастады. ХІІ ғасырда куфа шрифті қарапайым жазу түрінен шығып қалды, тек Солтүстік Африка мемлекеттерінде ғана сақталды. Африкалықтар соның негізінде «мағриб» деп аталатын әдемі жазу стилін қалыптастыра алды әрі ол осы күнге дейін сақталып келеді.
Араб көркем жазу тарихында ерекше орын алатын үш тұлға бар, зерттеуші ғалымдардың анықтауынша, араб көркем жазуының атасы ретінде ибн Муклах (886-940), Ибн әл-Бәууаб (ІІ ғ.) және Йақут әл-Мустасими (13 ғ.) аталып, олардың еңбектері бірінші орынға қойылады. Қазіргі көркем жазудың тарихы осы үшеуінен басталғандығы айтылады.
Алғашқы кезеңде хатқа түскен жазуларда асты-үсті қойылатын харакаттар мен кейбір нүктелер болмаған. Араб жазуында көбіне дауыссыз дыбыстар жазылатын болғандықтан кейін басқа елдерге исламды тарата бастаған тұста ислам дінін жазып таратудың біршама қиындықтары туындаған. Ажам халықтары яғни, араб емес халықтар үшін оны оқып түсіну үшін алдымен араб тілін өте жақсы меңгеруі қажет еді. Онсыз араб харіптері оқылмайтын. Осылайша Құран аяттарын қатесіз оқу үшін әрбір сөзге асты-үсті харакаттар қойылу қажеттілігі туындады. Осылайша араб жазуын қабылдаған Иран мен түркі елдерінде де көркем жазудың ғаламат түрлері дүниеге келе бастады. Иран елінде көркем жазу өнері әсіресе 14-ғасырдан бастап айрықша дамыған болатын. Тимуридтер әулеті кезеңінде каллиграфияның әдемі де жаңа формалары дүниеге келді. Солардың арасында дүниеге танымал болғаны «райхани» мен «сулс» болды. Одан бөлек «наста’лиқ» және «та’лиқ» жазуы да ерекше маңызға ие әрі Орта Азия халықтарына да кеңінен тарады (Насталиқ жазуы қазіргі кезде Иран Ислам Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасында кеңінен қолданылады). Ол өз кезегінде ортағасырлық парсы прозасының және классикалық поэзияның дамуына жол ашты. Наста’лиқ жазуын ирандық Мир Әли Султан әл-Тебризи дүниеге әкелді. Наста’лиқ жазуында көптеген эпикалық шығармалар мен миниатюралар, антологиялық шығармалар мен әдеби, тарихи еңбектер жазыла бастады. Көбіне әдеби шығармалар жазылатын болғандықтан наста’лиқ жазуымен Құран кітабын жазуға рұқсат етілмеген. Бұл жазумен бір ғана Құран көшірмесі сақталған. Иран мемлекетінің тізгінін өз қолына алған парсы патшасы Шах Аббас (1588-1629) тұсында ғана каллиграф Шах Мухаммад әл-Нишапуридің наста’лиқ жазуымен көшірілген Құранның жалғыз дана көшірмесі Иранда сақталып қалған.
Үндістанды билеген Моғолдар империясы тұсында Үндістан аймағында «бехари» атты көркем жазуды Аманат Хан әл-Ширази деген атақты шебер жасап шығарған. Ол өзі құрылыстарына қатысқан Тәж-Махал, Акбар патшаның кесенесі мен сол кездегі орталық Аградағы ең үлкен мешіт-медресенің бедерін бехари стилімен айшықтаған болатын. Бірақ шебердің бұл қолданыстағы жазуы та’лиқ, наста’лиқ, сулс сияқты кең түрде тарамаған. Тек Үндістан аймағында ғана шектеліп қалған.
Түркі халықтары ішінде Мәмлүк қыпшақтары билігі тұсында каллиграфиямен шыны, мыс, әшекей бұйымдарына өрнектеп салу ерекше дамыған әрі Мәмлүктер мемлекетінде ойлап табылған Әбдуррахман ас-Сайихтың «мухакка» жазу стилінде ең үлкен Құран кітабы жазылып қалдырылған.
Ежелгі қалалар ішінде «Жібек жолын» жаңғыртқан Қытайдың қолөнер шеберлерінің алатын орны айрықша болатын. Ислам діні Қытай жеріне де тарай бастаған тұста сауда базарының екінші бір тармағы ашылған болатын. Мұсылман елдерімен сауда байланысын жолға қойған Қытайлықтар өздері өндіретін керамикалық ыдыстарды араб харпімен әшекейлеуді жолға қоя білді. Осылайша Қытай мұсылмандары ойлап тапқан «сини» жазу стилінің де алатын орны айрықша болды. Бұл жазудың нәзіктігі мен дөңгелетіп жасаған шеберлігі керамика мен фарфор бұйымдарының сұранысын арттырады әрі араб жазуының шыны аяқтағы өте әдемі үйлескен безендірулері бұл форманың танымал болуына алып келеді. Османлы империясы дәуірінде та’лиқ, наста’лиқтан бөлек шекасте, диуани және жәли түрлері кең қолданылған. Олар араб және парсы шеберлерінің жазуларын қайталаушы ғана болған жоқ, өз кезегінде сол дәуірдегі көркем жазудың ең шебер мемлекетіне де айнала білді. Түріктерден шыққан Ибрагим Муниф атты шебер «диуан» атты жазу стилін қалыптастырады. Сол кездегі түрік каллиграфтарының танымал болғандығы сонша: «Құран Меккеге түскен, Египетте оқылған және Стамбулда жазылған» деген қанатты сөз тараған. Османлы патшалары өздерінің құрылтай шақыруы мен ең жоғары мемлекеттік іс-қағаздарын осы диуан жазуымен жазатын болған.
Орта Азия жерінде Иранда пайда болған наста’лиқ жазуымен кітаптарды көшіру үлгісі ерекше дамыған. Тимуридтер әулеті билікті өз қолына ұстаған кезеңде мәдениеттің дамуына айрықша көңіл бөлінгендігі белгілі. Әсіресе, Әлишер Науаидың өзі де хұсни хаттың шебері болғандықтан кітаптарды көшіртуге елдегі ең мықты шеберлерді топтастырып отырған. Солардың бірі кезінде «көркем жазу құдайы» деген лақабы елге жайылған Сұлтан Әли Машхади (1432-1520) болған. Машхадидің көшіруімен сақталған елуден астам кітап бүгінгі күнге жетіп отыр. Олардың арасында Низами, Аттар, Хафиз, Сағди, Дехлеви, Жәми, Науаи, Хұсейін Байқара т.б. классиктердің кітаптары көшірілген.
Байқап отырғанымыздай, көркем жазу үлгілері орта ғасырларда ерекше дамыған. Парсылар өздеріне ыңғайлап арабтың жиырма сегіз әрпіне тағы да төрт әріп қосқан болса, Қараханидтер дәуірі тұсындағы түркі ғұламалары М.Қашқари мен Ж.Баласағұни өз кітаптарында түркі емлесіне ыңғайлы бірлі-екілі әріптер қосқан. Ж.Баласағұн «Құтадғу білік» шығармасында «ң» әрпін енгізгендігі байқалады. М.Қашқари «Диуани луғат ат-түрік» еңбегінде араб қарпіндегі «ф» әрпінің үстіне үш нүкте қою арқылы ағылшын тіліндегі «w» дыбысын білдіретін жаңа әріп қосқан. Алайда түркі диалектілері үшін қолданылған Қашқаридің бұл реформасы кейін қолданыстан шығып қалған. Шағатай тілінде жазылған еңбектерде де түркі сөздерін парсы не араб сөзінен ажыратып тұратын кейбір ішінара өзгерістер болғандығы байқалады. Араб графикасына реформа жасау әсіресе ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қызу қарқын алғандығы белгілі. Исмайыл Гаспыралы бастаған жәдидшілер тобы алдында жаңа дәуірдің талабын қанағаттандыратын дұрыс емле түзу проблемасы қойылды. А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары да бұл науқанға кірісіп кеткен болатын.
Әдебиеттер:
- Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі .- Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. -229 б
2.Сартқожаұлы Қ. Байырғы түркі жазуының генезисі. Алматы: Арыс, 2007. -301 б
- Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. — Павлодар, С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2010. – 255 б.
- Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері. — Алматы: Арыс, 2008. -470 б.
- Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — Алматы: Санат, 2009. -496 б.
Қосымша:
- 6. Махмұт Қашқари. Түркі сөздігі. Алматы, Сөздік-Словарь, 2006. -336 б
- 7. Түркі тілдері (Энциклопедиялық басылым). Астана: Фолиант, 2002. -699