ӘЙЕЛ ТІЛІ
Әйел тілі – дәстүрлі қазақ мәдениетінде кеңінен орын алған тілдік қарым-қатынастағы әйелдерге ғана тән шартты сөз қолданысы. Әйел тілінің қалыптасуына қоғамда орын алған әлеуметтік, діни, моральдық факторлар басты себеп болып табылады. Әйел тілі мен жалпы халықтық тіл арасындағы ерекшелікті гендерлік лингвистика зерттейді. Әйел тілінен қазақ әйелдерінің мінез-құлқы, ұлттықмәдени ерекшеліктері, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, наным-сенімдері ай қын аңғарылады. Әйел адамның биоәлеуметтік субъект ретіндегі тілдік қолданысы ер адамнан ерекшеленеді. Сондай-ақ ым тілінің элементтері ретінде бүгінге жетіп отырған «ернін шығару», «бетін шымшу», «таңдайын қағу», «бүйірін таяну», «сәлем салу» әйелдерге тән болып келеді. Сонымен қатар әйел тілінде балам, көкетай, жәкетай, бала паным, жарқыным, қарашығым, шырағым, көкем, құлыным, бота қаным, қоңыр қозым сияқты қаратпа сөздер де жиі қолданылады. Әйел тілінің элементтері ат тергеумен қатар, жоқтау айту барысында да көрініс алады. Ат тергеу туыстық қарымқатынасқа, таныс-бейтанысқа, ресми-биресмилік жағдайларға байланысты құбылып отырса, жоқтаудың мазмұны қайтыс болған адамның жасына, жынысына, әлеуметтік дәрежесіне сәйкес құрылады. Қазақтың бата сөзі, ақ бата мен теріс бата ерлер тілінде кең орын алса, алғыс сөздер мен қарғыс сөздері әйел тіліне тән. Қазақ әйелі ер адам отырған жерде бата бермейді. Ақ жаулықты ана мен жігіт ағасы бір дастархан басында отырса, астың батасын ер адам жасайды. Қазақ әйелдерінің амандасуына тән белгілі бір нормалар да бар. Қазақ әйелдері көбіне «амансыз ба, үй-іші, бала-шағаларыңыз аман-есен бе?» деп амандық-саулық сұрасады. Бұл — қалыптасқан амандасудың бір үлгісі. Қазақ келіндері сәлем салу арқылы өзінің инабаттылығын, тәрбиелілігін көрсетеді. Кейбір өңірлерде әйелдер қол алысып амандасып жатады. Әрине, ол амандасушы адамның жасына да байланысты. Егер амандасушы адамның жасы үлкен болса, екі қолын бірдей беріп, саулық сұрасады. Осы ретте М.Әуезов «Адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен күштеп алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды. Біздің бала күнімізден елжіреп сүйетін кісі кім? Ол анамыз… Бұлай болғанда біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болсын, қой сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Бұлай болғанда өмірінде ғаділет, мархамет, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың харекеті үй іші мен отбасынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті қамқор жан тууы мүмкін бе?… Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деген болатын. М.Әуезов айтқандай, қазақ әйелдерінің әрекеті, тілі, сөзі дұрыс, таза болған жағдайда өскелең ұрпақтың ойы ұшқыр, тілі мен жүрегі таза болмақ.