
ГАЗРАЗРЯДТЫҚ ИНДИКАТОРЛАР (латынша «индикатор – көрсеткіш») – ақпараттары қайталап көрсетуге арналған газразрядтық аспаптар; аспаптардың ақпараттарды бейнелеуінің бір түрі. Газразрядты индикаторларда әдетте солғын разрядтың катодтық аймағының немесе оң бағанының сәулесі пайдаланылады, осыған байланысты бұл индикаторлар – солғын разрядтық индикаторлар деп те аталады. Солғын разрядты пайдалану салқын қыздырылмайтын катодты газразрядты индикаторлар жасауға, талап етілетін пішінді бірқалыпты жарқырайтын бетті жүзеге асыруға мүмкіндік береді, аз меншікті қуатта (~10–2Вт/см2) жұмыс істейді, көбінесе неондары (Nе) инертті газдар негізді қоспалармен толтырылады (ашық-сырғыш түспен жарқырайды).
Газразрядтық индикаторлардың жұмысы электр тогының газ арқылы өтуі кезінде пайда болатын оптикалық сәулеге (жарқырауға) негізделген. Газ разрядының жарқырауы электрондардың соққысынан атомдардың қоздырылуына, соңынан әлгі атомдардың жарық кванты түрінде энергия шығарып қалыпты (қоздырылмаған) күйге қайтып оралуына немесе оң иондардың электрондармен рекомбинациялануы нәтижесінде де оптикалық сәуле тұрінде артық энергия шығарумен байланысты жүзеге асырылады. Газразрядтық индикаторлардағы газ разрядымен қабаттасып шығатын көрінетін сәуле, сонымен қатар ультракүлгін сәуле спектрінің аймағында жатуы мүмкін. Соңғы жағдайдағы ульракүлгін сәуле көрінбейтін сәулені көрінетін сәулеге түрлендіру үшін фотолюминофорлар пайдаланылады.