
Өлеңнің буын түрлері. Қазақ өлеңдерін бунағына, бунақ ішіндегі буын санына қарап, негізінде 5 түрге бөлуге болады: 1. Он бір буынды өлең; 2. Сегіз буынды өлең; 3. Жеті буынды өлең; 4. Алты буынды өлең; 5. Аралас буынды өлең.
Он бір буынды өлең
3 4 4
/Арқаның/ /кербез сұлу/ /Көкшетауы/
3 4 4
/Дамылсыз/ /сұлу бетін/ /жуған жауын./
3 4 4
/Жан-жақтан/ /ертелі-кеш/ /бұлттар келіп,/
3 4 4
/Жүреді/ /біліп кетіп/ /есен-сауын./
(С.Сейфуллин)
Бұл өлең 11 буынды, әр тармағында үш бунақ бар, әрбір қос сызықтардың арасы бір бунақ. Әр тармағындағы бунақтары 4 буынды екі бунақтан, 3 буынды бір бунақтан келген.
Қазақтың «Қара өлең» деп айтатын өлеңдерінің барлығы да үш бунақты 11 буыннан құралады. Бір тармағы 11 буыннан құралған өлеңдерді бунақтарының ілгерілі-кейінді келуіне қарай, өзара 3-ке бөлуге болады.
Бас бунағы 4 буынды өлең. Мұнда аяққы бунағы ылғи 3 буын боп
келеді.
4 4 3
/Еңбек, теңдік,/ /бостандыққа/ табындық,/
4 4 3
/Қашан жауға/ /«есірке» деп/ /жалындық./
4 4 3
/Қазіргі күн/ /сәулесі алтын/ /қызыл күн/
4 4 3
/Қара тұман,/ /қара күннен/ /арылдық./
(Сәбит)
Бас бунағы 3 буынды өлең
3 4 4
/Қобызшы/ /Молқыбай шал/ /Матайдағы,/
3 4 4
/Матайда/ – /Кенже, Тұңғат/ /Сақай дағы./
3 4 4
/Қазақта/ /қобызшының/ /қалғаны сол,/
- 4 4
/Жорға еді/ /маймаңдаған/ /бақайшағы./
(І.Жансүгіров)
Орта бунағы 3 буынды өлең
- 3 4
/Ақ киімді,/ /денелі,/ /ақ сақалды,/
4 3 4
/Соқыр, мылқау/ /танымас/ /тірі жанды./
4 3 4
/Үсті-басы/ /ақ қырау,/ /түсі суық,/
4 3 4
/Басқан жері/ /сықырлап/ /келіп қалды./
(Абай)
11 буынды өлеңдердің бұл үш түрінде ритм (дауыс ырғағы) әр басқа. Алдыңғысы (3 буын аяғында келгенде) бір түрлі әнге салынып айтылса, 3 буын басында келгенде екінші түрлі әнмен айтылады. 3 буын тармақтың ортасына келгенде, үшінші түрлі әнге келеді. Мұны өлең ағымы дейміз.
Байқау үшін әнге салып қарауға болады. Ақындар өлең жазғанда, бұл ағымдарды өте берік ұстайды. 3 буынды бунақты не ылғи аяқта не баста, не ортасында келтіріп жазады. Үлкен, ұзақ өлеңдерді алсақ та, бұл принцип сақталып отырылады. 3 буынды бунақ не жолдың аяғында не басында, не ортасында келеді. Мысалы, ұзақ поэма «Тасқынды» алсақ, 3 буын ылғи баста келеді. Осы сықылды 3 буыны ортада не аяқта келген де ұзақ поэмалар бар.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ