Пейзаж және баяндау. Біз бұған шейін композицияның негізгі элементтеріне тоқталдық. Әйтсе де шығарманың құрылысы тек сол негізгі элементтермен ғана түгелденбейді. Олардан басқа да шығарманың құрылысына керекті толып жатқан кірпіштер көп. Егер олар болмаса, шығарма құрылысы бір бүтін болып шықпас еді.
Мысалы, адам образын жасаудың әр алуан жолдары бар дедік. Олар – портрет, мінездеу, адамның басында болатын күйініш-сүйініштерді суреттеу. Солардың араларын ұластыратын, қатысушылардың қарымқатынастарын белгілі бір тұрғыдан көрсететін авторлық баяндаулар; оқиғаның қай кезде және қандай табиғат жағдайларында болғандығын көзге елестететін пейзаж болмаса, ешбір шығарманың құрылысы ойдағыдай шықпаған болар еді. Сондықтан бұл екі мәселе айрықша тоқталуды қажет етеді.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ