
АСҚЫНӨТКІЗГІШТЕР – белгілі бір кризистік (шұғыл өзгерістік) температурадан (Тк) төменгі температураға дейін суытқан кезде электрлік кедергісі нөлге дейін кемитін, яғни асқынөткізгіштік байқалатын заттар. Кризистік температура- ның (Тк) мәні барлық белгілі асқынөткізгіштер үшін сұйық сутек пен сұйық гелийдің (сутектің қайнау температурасы Тқат = 20,4 К) болу температурасының диапазонында жатады. Si, Ge, Bi – элементтері қысым түсіріліп салқындатылғанда асқынөткізгіштерге ауысады. Көптеген металл қорытпалары мен қосылыстары, бірқатар күшті легирленген жартылайөткізгіштер әлгіндей қасиетке ие болады. Бірқатар асқынөткізгіштердің жекелеген құраушылары немесе кейде барлығы өздігінен асқынөткізгіштер болмайды. Асқынөткізгіш бола алатын полимерлер де ашылған.
Асқынөткізгіштердің қасиеттерін сипаттайтын маңызды параметр-магнит өрісінің кризистік мәні – Нк, осы мәннен жоғары асқынөткізгіштер қалыпты (асқынөткізгіш емес) күйге ауысады. Т ≥ Тк болған кезде асқынөткізгіштер температура атрқанда Нк мәні монотонды түрде төмендеп нөлге дейін кемиді.
Асқынөткізгіштер магниттік қасиеттері бойынша: 1-текті және 2-текті деген екі топқа ажыратылады. 1-текті асқынөткізгіштерге көптеген таза металдардан жасалған өткізгіштер, ал 2-текті асқынөткізгіштерге кризистік температурасы (Тк) жоғары көптеген қосылыстар мен легирлеуіш қоспалары болатын қорытпалар жатады.