
АМПЛИТУДАЛЫҚ МОДУЛЯЦИЯ (латынша «модулацион – өлшем, өлшемділік») – тербелістің жиілігінен едәуір төменгі жиілікке өтетін тербелістер (электрлік, механикалық) амплитудаларының периодты өзгерісі. Бұл модуляция радио- және оптикалық, радиолокациялық, акустикалық локациялық т.б. байланыстарда қолданылады. Мысалы, радиохабарлар таратуда дыбыстық тербелістер төменгі жиілікті электрлік тербелістерге (модуляциялық сигналға) түрлендіріледі, осы электрлік тербелістер радиотаратқыштар тарататын жоғары жиілікті тербелістерді периодты түрде өзгертеді (яғни модуляциялайды).