
Өтеген батыр—ХVІІІ ғасырда қазақ жерін сыртқы жаудың шапқыншылығынан қорғаған қазақ батырларының бірі. 1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Хантауының онтүстік шығысындағы Ізенді деген жерде дүниеге келген. Шежіресі: Дулат—Жаныс—Жарылғамыс—Бұқар— Сырымбет—өтеғұл—өтеген. өтеген батыр он бес жасынан бастап жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа араласқан. 1723 жылы Тауасар, райымбек, Хангелді батырлармен тізе қоса отырып, жоңғарлармен айқасқан. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинап, Төле бидің ақыл-кеңесімен Жетісу жерін жаудан, елін шапқыншыдан тазартуға кіріседі. Абылай ханмен, Төле бимен, Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай батырлармен бірге үлкен жорықтарға қатысады. Абылай сұлтан хан тағына отырғаннан кейін өтеген батыр оның ордасын қорғайтын арнаулы жасақтарға басшылық етеді. Хан ордасының көптеген істеріне араласады. 1773 жылы Іле өзенінің бойына қайтып келіп, жетпіс төрт жасында көз жұмады. Сүйегі Іледегі теміржол көпірінің шығысындағы Шолақтау, Шеңгелді деген жерге қойылған.