
Қайрат Г.Қ. — ҚарМТУ студенті (ПО14-1 тобы) Ғылыми жетекші – п.ғ.м., аға оқытушы, Алшынбаева Ж.Е.
ҚАЗІРГІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ДУАЛДЫ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ
Білім әлеуметтік қажеттілік. Білім — қоғамдық құндылықтардың аса маңыздысы. Білім бар жерде алынбайтын қамал жоқ. Білім мен тәрбие өте тығыз байланысты. Еліміздегі осы заманғы оқыту жүйесі — халыққа сапалы білім беріп, білікті мамандар даярлаудың бірден-бір жолы – елімізде дуальді оқыту жүйесін енгізу болып табылады [1].
Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз-теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Ол алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланды. Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Дуалды оқыту жүйесі қазіргі дүние жүзілік тәжірибеде бар дүние. Оның жарқын мысалдарының бірі — Германиядағы кәсіптік-техникалық білім берудегі даярлаудың дуалдық жүйесі. Мұнда оқушылар уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйымдастыруға арнайды.
Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық – кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау.
Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуалды жүйесі-техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылады. Нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау қазіргі кезде білім берудің дуалды жүйесі деген атпен белгілі [2].
Бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себепшісі білім беру үрдісін ұйымдастыру және жүйедегі мәселелер, яғни жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағды, білім мен тәжірибені талап ететін нақты өндірістік жағдайлардан теориялық білім берудің алшақтап кетуі болып табылады. Қалыптасқан жағдайда теория мен практиканың арасындағы алшақтықты жою мәселесімен жұмыс берушіге күресуге тура келеді, себебі білікті мамандармен қамтамасыз ету – бұл жетістікке қол жеткізудің кепілі. Мұндай жағдайда жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқу, тәжірибеден өту, қайта даярлау қажеттілігі туындайды.
Әлемдік тәжірибеге қарағанда, білім берудің дуалды жүйесі мамандардың кәсіби дайындығын жоғарылатуға ықпал етеді. Еңбек өнімділігі артады, халықтың көшіп – қонуы азаяды, әлеуметтік шиеленіске жол берілмейді.
Дуалдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жанжақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің – өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз.
Түйіндей келе, қазіргі білім беру процесінде дуальды оқыту жүйесі келешекте маманның болашақ кәсібі бойынша жұмыс орнын табу мәселесіне, оқуға да, ынтасына да тікелей әсер етеді. Олар өндіріске маман ретінде бекітіле отырып, оқу барысында ерекше көзқарас қалыптастырып, жауапкерілікті түсініп, қызыға оқиды. Сонымен қатар студент өндірістік ұжымдағы қарым-қатынасқа ерте бейімделіп, әлеуметтік ортаға үйренеді. Бұл жерде еңбек нарығында сұраныс болса, жаңа бітірген жас маман жұмысқа тез-ақ орналасатынын ерекше айтып өткім келеді. Ақиқатында жастарға дуалды оқыту жүйесі ересек өмірге өтуге бейімделу жеңіл болады. Оқу барысында өз еңбегіне ақы ала отырып, ал кейін жақсы маман жұмыс орнына кедергісіз орналаса алатын болады. Дуалды оқыту жүйесі Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швейцария сияқты көптеген еуропалық елдерде және соңғы жылдары Қытайда және Азияның басқа да елдерінде кең тараған және оң нәтижеге ие болып отыр және осы дамыған елдердің қатарында біздің мемлекетіміз де, биік тұғырдан көрінетіне сенімдіміз. Дуальдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің — өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз [3].
Қолданылған әдебиеттер:
1. Сарбасова Қ.А., Алшынбаева Ж.Е. // Техникалық және кәсіптік білім берудің инновациялық жүйесін құрудың әдіснамалық негіздері. Хабаршы ғылыми журналы. – Қарағанды, 2015. — №3(79). – 145-151 б.
2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
3. Сарбасова Қ.А., Алшынбаева Ж.Е. // Дуалды оқыту жүйесін енгізудің мүмкіндіктері мен келешегі. С.Торайғыров атындағы ПМУ Хабаршы ғылыми журнал. – Павлодар, 2016. — №1.-12-19 б.