
Төлеу А.С. – ҚарМТУ студенті (ПО-14-1 тобы) Ғылыми жетекші – х.ғ.к., доц. Нұрмағанбетова М.С.
ДУАЛДЫ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ
Бүгінгі таңда кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосатын азаматтар тәрбиелеу өзекті мәселе екені анық. Осыған байланысты заман талабына сай білімді, озық технологияларды жетік меңгерген, кәсіби білікті жұмысшы мамандар даярлауда техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына үлкен міндеттер мен талаптар жүктеліп отыр.
2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауын ұсынды. Жолдауда Елбасының «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Таяудағы 2-3 жылда дуалдық, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет. Үкіметке 2014 жылғы 1 маусымға дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын» – деген сөзі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына жаңа серпіліс алып келді [1].
Қазақстанның инновациялық болашағы еңбек ресурстары сапасына тікелей байланысты болғандықтан, түбегейлі жаңа әдіс және технология қажеттілігі туралы мәселеге Елбасы басты назар аударды. Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту үдерісі басталды. Жастарға кәсіптіктехникалық білім беру, нарық қатынасын орнықтыру, шағын және орта бизнесті дамыту, заман талабына сай бәсекелестікке төтеп бере алатын, жан-жақты іскер жұмысшы мамандарын даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай, мамандарды даярлау жүйесінде оқытудың дуалдық жүйесін енгізу тапсырылды.
Дуалды оқыту жүйесі – заманауи технологияның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналасуына кепілдік беретін бірденбір таптырмас жүйелердің бірі. Сондықтан да, саналы ұрпақ, сапалы маман дайындауда дуалды оқыту жүйесінің болашағы зор. Дуалды оқыту жүйесін меңгеру кезінде студенттің өзіндік дүниетанымы қалыптасады, студенттің сабаққа деген ынтасы және жауапкершілігі артады, студенттің өз білімін өзі бағалай білуіне мүмкіндік туады, өз қабілетіне, болашағына сенуіне, танымдық әрекеттерінің қалыптасып, одан әрі шығармашылықпен айналысуына, пәнге қызығушылығының артуына мүмкіндік береді [2].
Дуалдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жанжақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығы сөзсіз.
Оқу үрдісіне дуалды білім беру жүйесін сәтті енгізу келесі мәселелерді шешуге мүмкіншілік береді:
1. Талапкерлердің кәсіби өзін өзі билеуі;
2. Оқу мекемесінің тартымдылық беделінің артуы, студенттер контингетінің жоғарылауы;
3. Оқушылардың қызығушылығы мен сұранысына қарай бағдарламалар, элективті (икемді) курстар бағдарламаларын әзірлеу;
4. Мамандықты тереңірек ойланып таңдауға, социализация, тапқырлық пен шығармашылыққа бейімдейтін біліктіліктің дамуы;
5. Дуалды жүйе бойынша оқытылатын тұлғаның қажетті біліктілік пен еңбек дағдыларына, кәсіби білімге ие болып еңбек нарығында сұраныс деңгейінің жоғарылуы;
6. Бітірушілерді дайындау деңгейінің жоғарылауы;
7. Бітірушілерді одан әрі жұмысқа орналастыру, жұмыссыздықтың қысқаруы [3].
Қорыта айтатын болсақ, дуалды оқыту жүйесі барысында студент өз мамандығын жетік меңгереді, практикалық білімін ертерек жетілдіреді, сонымен қатар қоғаммен тез тіл табысуға үйренеді, өз ортасында беделі жоғары болады және жауапкершілікке тәрбиеленеді. Жұмыс үрдісінде студент өз мамандығына жаңаша көзқараспен қарайды және өз мамандығын жаңылмай дұрыс таңдағанын түсінеді. Осылардан басқа болашақ маман өндірісте жұмыс істей жүріп, жұмыс өтілін жинайды, қосымша табыс табады және оқу орнын бітіргеннен кейін, жаңа заман талабына сай шарттарға байланысты яғни, еш қиындықсыз қызметке орналаса алады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығы.
2. Жолдасбекова С.А., Нуржанбаева Ж.О. Дуальді оқыту жүйесін ендіру арқылы колледж студенттерінің еңбек құндылығын қалыптастырудың мәні. Алматы. 2014 – 306-308б .
3. Петров Ю.Н. Дуальная система инженерно-педагогического образования – инновационная модель современного профессионального образования. Новгород. 2009 – 280с.