
Дүйсенбай А.С. – ҚарМТУ студенті ( ПО-14-1 тобы) Ғылыми жетекші – п.ғ.к, доцент Самашова Г.Е.
БІЛІМДІ ЖАСТАР – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛАШАҒЫ!
«Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты»
Н.Ә. Назарбаев
Болашақты алыстан болжайтын стратег-саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдықты белгілеп берген болатын. Олар: жаңа бағыттың экономикалық саясаты, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері, білім және кәсіби біліктілік, мемлекеттілікті, қазақстандық демократияны дамыту, салиқалы сыртқы саясат, жаңа қазақстандық патриотизм.
Соңғы жылдары әлемдік өркениет талабына сай өріс алған ірі реформалар қатарында білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың орны ерекше. Өйткені, қандай бір мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі оның білім, ғылым саласының дамуымен, өркендеуімен өлшенеді. Білім мен ғылым – еліміздің ең басты байлығы, баға жетпес құндылығы. Жолдауда «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», – деп талап қойған Елбасы сауаттылық мәселесінің қазіргі заманда әлдеқайда тереңдей, күрделене түскендігін атап өтті. Білім, ғылым саласындағы негізгі басымдықтарды саралап берді. Қандай мемлекет болмасын оның қарышты дамуы заман талабына сай еңбек етіп, қызмет атқара алатын мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасы ХХІ ғасыр мамандарын даярлау мәселесіне, соның ішінде, инженерлік білім беру мен техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды басты бағыт ету қажеттігін алға тартты [1, Б. 1-3].
Елімізді әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойып отырған Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға баса назар аударып келеді. Бүгінгі күні әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуға бағыт алған мемлекетімізде ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлінуде. «Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны түсінуге тиіспіз. Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн. Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз», – деген Елбасы сөзі ең алдымен ғалымдар мен ғылыми орталықтардың жаңа мазмұндағы бағыт-бағдарын айқындауға негіз болып отыр [2, Б. 13].
Қазақтың болашағы – жастар деген. Алда болашағымыздың бәйтерегіне нәр беретін де тек намысшыл қазақ өреңдері. «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу, аға болар азаматтың етегін жаппа жолын қу» деген осындай-ақ болар. Елбасымыздың жастарға «Сендерді ең алдымен қалыптасқан тұлғалар тамаша кәсіпқойлар және шынайы патриоттар тұрғысында көремін» деген сөзін бүгінгі жас ұрпақ ашық сезініп, білім бұлағымен сусындауға зейін қоюда. Демек, ел ертеңі бүгінгі жалынды жастың қолында. Болашақта ел тізгінін ұстайтын, еліміздің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, экономикасы дамыған, өркениет көшінен лайық орын алатын, еліміздің қарқынды дамуына өзіндік үлес қосатын қоғамның негізгі белсенді күші жастар екені сөзсіз. Бүгінгі жастар – мемлекетіміздің ертеңін ойлайтын, ел тұтқасын ұстар азаматтар. Бұл ұлы сөзді Елбасы ешқашан естен шығарған емес [3, Б. 26].
Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз. Елбасымыз жастардың сапалы білім алып, саналы азамат болуы үшін де қазіргі заманда білім – ғылымға және мәдениетке аса көп назар аударатыны, ғылыми прогрессті дамыту үшін көптеген қызмет атқарып, еліміздің дамуындағы білімнің манызын айтып, нұсқау беруі – бәрі де еліміздің экономикасының қарыштап дамуындағы бірден-бір өзгеріс екені баршамызға айқын. Сондықтан, Қазақстанның жарқын болашағы тек білімді жастармен ғана қалыптаспақ!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауы // Егемен Қазақстан, 2014 жыл, 18 қаңтар, Б. 1–3.
2. Раев Д. Қазақстандық патриотизм мен гуманизм // Ақиқат, 2000. №89. – 13 б.
3. Жұмақанов Ә. Патриоттық және интернационалдық тәрбие беру жолдары // Қазақстан мектебі. 1971. №3. – 26 б.