БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ — КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУДЕ

Саят Г.А. – ҚарМТУ студенті (ПО-15-1 тобы) Ғылыми жетекші – п.ғ.н., доц. Самашова Г.Е.

БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ — КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУДЕ

Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалау, даму» жолдауында: ел болашағының бағытын түзеген кешендi бағдарламалық тапсырмалар топтамасында 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жаңа жобасы халықтың әл-ауқаты мен сапалық деңгейiн көтерудi көздеген қадам [1].
Кәсіптік білім беру — өнеркәсіп, ғылым, техника және мәдениеттің әртүрлі салалары үшін жоғары, орта және төменгі білікті мамандар даярлау оқу орны. Мектеп бітіруші жас буынға кәсіптік білім беру, оларды мамандыққа даярлау — білім беру жүйесінің маңызды саласы. Кәсіптік оқытудың басты мақсаты – білім алушының кәсіби білімділігін арттыру.
Білімнің жоғары деңгейге көтерілген заманда адамның білімі мен кәсіби біліктілігі экономика дамуының басты тетігіне айналып, заманауи техниканы меңгерген кәсіби білікті мамандардың қажеттілігін туғызуда. Осыдан үш жыл бұрын біздің елде Президенттің тапсырмасымен кәсіптіктехникалық білім беру жүйесін жаңғырту басталды. Мақсат — теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби білікті кадр дайындау. Осыған орай, елде кадрларды қайта даярлайтын төрт өңіраралық орталық құрылды.
Ал, соңғы жолдауында мемлекет басшысы келер жылдан бастап елдегі барлық кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін түгел тегін қылуды тапсырды. Демек, мектеп қабырғасынан кейін оқуға түсе алмағандардың алаңдауына негіз жоқ. Себебі, оның қайткенде де, бір мамандықты игеруіне мемлекет мүмкіндік жасайды. Елбасының бұл бастамасын кейбір аймақтардағы білім беру басқармалары қазірден-ақ іске асыра бастады.
Бүгінде отандық білім беру мен бизнес саласы арасындағы әріптестік байланыс күшейіп келеді. Оған ел экономикасының дамуына қажетті мамандықтар даярлаудың себепкер екенін ескерсек, бұл арнадағы жұмыстар өз ретімен орындалуда. Бұл бағыттағы жүйелі жасалған жұмыстар екінші жағынан аймақтық бәсекені арттырары сөзсіз. Осы ретте ірі кәсіпорындар кәсіптік білім беру жүйесіне қыруар қаржы салып, жас мамандарды даярлау ісіне белсене қатысуда.
Осылайша, аймақ экономикасына қажетті техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлау мәселесі қолға алынды. Нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде түбегейлі реформалар басталды. Кәсіптік-техникалық оқу орындары индустриалық-инновациялық сала үшін кадрлар даярлауға баса назар бөле бастады. Бұл орайда Елбасының Қазақстан халқына жолдауында және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» [2] атты мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталып кеткенін айрықша айтуға болады.
Кез келген ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ететін жоғары білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау – негізгі басымды бағыттардың бірі болып саналады. Кәсіби-техникалық білім жүйесі тұлға мүдделерін, еңбек нарығының сұраныстарын және экономика мен әлеуметтік саланы дамытудың болашағын қанағаттандыруда маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Егер шеберліктің шыңына жете білсе — мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады.
Әлемдік дағдарысқа қарамастан, мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге «Нұрлы жол», «100 нақты қадам», «Үдемелі индустриалдықинновациялық даму бағдарламасы» сияқты ауқымды бағдарламаларды жүзеге асыруды тапсырды. Бұларды іске асыру үшін бізге білікті мамандар керек. Ал бірінші кәсіптік-техникалық мамандық жастарға тегін берілетін болса, бұл мәселе оң шешіледі. Мұндай шара әлеуметтік және экономикалық мәселелерді тезірек шешуге ықпал етеді. Яғни, отандық жаңа өндіріс орындарын бәсекеге қабілетті мамандармен қамтамасыз етеміз.
Кәсіптік білім берудің ортақ жүгін өндіріске бағыттау қажет, сол арқылы сапа мен сұраныстың артуы да қамтамасыз етілмек. Сонымен бірге, білім беру мазмұнының әлемдік тәжірибе эквиваленттілігіне жету қажет, әсіресе орта буынның біліктендірілген мамандарын көп салаларда импорттау. Жұмыс берушілер мен жергілікті басқару органдарының өзара әрекетін қамтамасыз ету өте маңызды.
Елбасының атап өтуінше, оның бағдарламаларына қатысу еңбекке қабілетті халыққа қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуге, өзінің біліктілігін арттыруға, шағын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жаһандық дағдарыстың ағымдағы ықпалына байланысты объективті қиындықтарды еңсеруге жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы барлық бастамалар өз жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2015 жылғы 30 қараша.
2. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы.
3. Батышев С.Д. Кәсіби педагогика. М: Ассоциациясы. 1997. – 195 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *