ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘР ТҮРЛІ АЙМАҒЫНАН АЛЫНҒАН
АДЫРАСПАННЫҢ IN VITRO ЖАҒДАЙДАҒЫ ӨСІРІЛУІН ЗЕРТТЕУ

Бухарбаева М.Б. –ҚарМТУ студенті ( БТ-13-2 тобы) Ғылыми жетекші – аға оқытушы Ерниязова Б.Б.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘР ТҮРЛІ АЙМАҒЫНАН АЛЫНҒАН
АДЫРАСПАННЫҢ IN VITRO ЖАҒДАЙДАҒЫ ӨСІРІЛУІН ЗЕРТТЕУ

Соңғы жылдардағы өсімдік жасушаларын дақылдау техникасы өнеркәсіптік және ауылшаруашылық биотехнологиясы саласының маңызды әрі болашағы зор әдістерінің бірі болып табылады.
Өсімдіктер биотехнологиясы жасушаларды өсіру әдістеріне негізделеді. Экономика жағынан маңызды заттарды (антибиотиктер, витаминдер, ферменттер, амин қышқылдары, ақуыздар, нуклеотидтер, алкалоидтар, интерферон, гормондар, вакциналар, моноклондық антиденелер, биопестицидтер, биогаз т.с.с.) алу үшін дайындалған клеткалық технологияларда жасушалық масса қолданылады, өйткені жасушалар in vitro жағдайында бүтін өсімдікке тән биосинтездік потенциалын сақтайды[1].
Селекция мен өсімдік шаруашылығында құнды элиталық өсімдіктерді көбейту үшін клондық микрокөбейтудің маңызы зор. Клондық микрокөбейту – өсімдіктерді in vitro жағдайында жыныссыз жолмен көбейту. Пайда болған клон өсімдіктер бастапқы өсімдікпен генетикалық жағынан бірдей болады. Клондық микрокөбейту әдісінде дағдылы вегетативті жолмен көбейтумен салыстырғанда бірталай артықшылықтары бар. Олар:
1.Жылдам көбею мүмкіншілігі;
2.Сұрыптау процесін жылдамдату;
3.Өсімдіктерді вирустар мен микроағзалардан сауықтыру;
4.Үнемділігі;
5.Өсу процесін үздіксіз жүргізуге мүмкінділігі.
Мысалы, клондық микрокөбейту әдісі арқылы меристемадан жылына 100000 дейін өсімдік-регенеранттарды алуға болады. Қазіргі кезде бұл технология, сирек кездесетін немесе жоғалып бара жатқан өсімдіктердің гендік қорларын, бағалы селекциялық объектілерді және вирустан таза залалсыздандырылған өсімдіктерді көбейту үшін нәтижелі қолданылады[2].
Адыраспан (Peganum harmala) – түйетабандар тұқымдасына жататын, тарамдалған бұтағы мол, мыңжылдық шөптесінді өсімдік, тамыры діңгекті, жапырақтары тілімденген, кезектесе орналасады. Бес күлтешесі бес бөлімді. Аталығы он бес, бозғылт-сары гүлдері жеке-жеке өседі. Жемісі ірі қоңыр түсті, көп тұқымды, диаметрі 1 сантиметрдей шар тәріздес қауашақ. Қазақстанда адыраспанның бір-ақ түрі өседі. Биіктігі 30-60 сантиметр шамасында өседі. Гүлдену мерзімі – мамырдың аяғы мен маусым айында, ал шілде айында жемісі тола бастайды. Халық медицинасында адыраспан ревматизм, қышыма және басқа да тері аурулары кезінде бұлау жасауға пайдаланылады, ал шөбінен жасалған қайнатпа суық тигенде, безгек ауруларына, жүйке жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болады[3].
Лабораториялық жағдайда адыраспанды микроклонды әдіспен көбейту үшін донор өсімдігі ретінде Қазақстанның әр түрлі: Қызылорда, Сарыағаш және Түркістан аймақтарынан алынған адыраспанның бірнеше тұқымдары алынды. Тұқымды ең алдымен 6%-тік хлораминмен химиялық жолмен залалсыздандырылып, өндіруге қойылды. Сарыағаш пен Түркістан тұқымдарына 28 °С, ал Қызылорда аймағының тұқымдарына 25 °С температура қолайлы болып табылды. Сонымен қатар, тұқым әр түрлі аймақтан алынғандықтан, тұқымның өніп шығу дәрежесі мен мерзімі әр түрлі болды: Түркістан – 85 %, Сарыағаш – 50 %, Қызылорда – 67 %. Сарыағаш пен Түркістан тұқымының алғашқы тамырының ұзындығы – 4-5 мм болып, 5 тәулік ішінде өніп шықса, ал Қызылорда тұқымының алғашқы тамыры – 10-20 мм-ге дейін ұзарып, 2 тәулік ішінде өніп шықты. Кейін алынған өскіндерден регенерант өсімдік алу мақсатында арнайы дайындалған Мурасиге-Скуг қоректік ортасына отырғызылды. Қоректік ортаның негізгі қоспалары ретінде макро- және микротұздар, дәрумендер, органикалық заттар, фитогормондардан ½ қатынаста ИУК пен кинетин қолданылды. Кейін кішірігім жапырақшалардың өсе бастағаны байқалғандықтан, оларды бір-бірден қоректік ортасы бар пробиркаларға отырғызып, жақсы өсіру мақсатында жарыққа қойдық. Бастапқы 2 апта 30 °С температураға қойылса, келесі 2 апта 35 °С температураға және 60 % ылғалдылыққа қойылды.
Бүгінде өсімдіктерді жылдамдатып көбейтіп, өсіру үшін биотехнология әдістері кеңінен қолданылады, оның ішінде in vitro жағдайында қалемшелеу арқылы өсімдік регенеранттарын жедел көбейтіп өсіру кең көлемде қолданылуда. Ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы өсімдіктерді көбейтудің жолдары жеңілдетілген және тездетілген жаңа технологияларды ауыл шаруашылығында қолдануға мүмкіндік туғызды. Адыраспан өсімдігін in vitro әдісімен көбейту дәстүрлі вегетативті көбейтуге қарағанда тиімді болып отыр. Іn vitro әдісімен көбейту арқылы аз уақыт аралығында қажетті мөлшерде генетикалық бір текті өсімдік материалын алуға мүмкіндік туды[4].

Әдебиеттер тізімі:
1. Әлмағамбетов Қ. Х. «Биотехнология негіздері». Астана, 2007ж.
2. Жұбанова А.А., Абдиева Ж., Шөпшібаева Қ.К. «Биотехнология негіздері». Алматы, Қазақ университеті, 2006 ж.
3. https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/34063/
4. Калишш Ф.Л., Сарнацкая В.В., Полищук В.Е. «Методыкультуры тканей в физиологии и биохимии растений». Киев, 1980 г.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *