ШЕШЕНДІК ӨНЕР ТАРИХЫНАН

Бейсенқұл Ж.Б. — ҚарМТУ студенті (ЭЭ-16-4 тобы) Катин А.Ю .- ҚарМТУ студенті ( ЭЭ-16-4 тобы)
Ғылыми жетекші — п.ғ.м. аға оқытушы Әбілқасов Ғ.М.

ШЕШЕНДІК ӨНЕР ТАРИХЫНАН

Шешендік — тек тарихи құбылыс қана емес, қоғамдық құбылыс. Түрлі тарихи қиын кезеңдерде шешендік қоғамғақызмет етті. Шешендік өнердің тарихына көз жіберсек, шешендік әсіресе тәуелсіздік жолындағы күресте өте-мөте белсенді қызмет атқарды. Шешендер тіпті жер дауы мен жесір дауын қозғаса да, түбі елдікке, бірлікке, теңдікке барып тірелді. Сондықтан да әйгілі шешендердің тайпа көсемдері, ханға кеңесші билер, қол бастаған батырлар болуы тегін емес еді. Шешендердің әрі би, әрі қолбасшы, әрі батыр, әрі жырау — философ болуы да осы ұлы мұраттан туындағаны белгілі.
Ертедегі қазақ қоғамында халықтық мәні бар шешендік сөздердің рөлін жоғары бағалаған.Оның үстіне елдің тағдыры әрдайым қылыштың жүзімен емес, шешеннің тілімен де шешілетін тұстары болған. Қазақ шешендік өнерінің тарихи тармақтары сан қатпарлы.
Ұлттық шешендік өнерінің тарамдарын білу – бүгінгі ұтқыр ойлы, шешен тілді ұрпақ тәрбиелеудің кепілі де. Әлемдік шешендіктану ілімінің бір тармағы қазақтың шешендік дәстүрін әлеуметтік феномен тұрғысынан таразылағанда белгілі бір әлеуметтік ортада, қоғамда, қалай да бір адами оқиғаға байланысты қалыптасып, айрықша тапқырлықпен, суырып салмалықпен, көркем тілмен айтылатын озат ойлар мен тәлімді тұжырымдар үрдісі болмақ [1,34-35]. Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.
Ал қазақтың от ауызды, орақ тілді шешен-билер мұрасының тағылымын рухани байлығымыз ретінде кейінгі ұрпаққа қалай дәріптеп, оның тереңдігіне, тұңғиығына қалай бойлап жүрміз? Мәселен, қазақ халқы шешендік мұрасының жас атаулыға жұғысты болар өнегелік-тағылымдық қырларының сапына сөздің құдіретті күшке ие екендігін аңғартуын, сөздің өзіндік бояуы, дәмі, адам сезіміне әсер етерлік қоңыр исі бар екендігін, ал оның күші дауыс ырғағы арқылы берілетіндігін танытуын; шешендіктің ой еркіндігі, сөз еркіндігі, ауызекі тілдегі сөздерді әдемі тізбектеп, оралымды орналастыру, тиімділігін күшейтіп, қисынды ойға сыйғызуды аңғартуын; сөзбен тоқтату, сөзбен жаңылыстыру, қарсыласын сөз тыңдарлық жағдайға түсірудің орасан күшті өнер екендігіне көз жеткізуін; тұспалдап сөйлеуге, мегзеуге, бернелеуге, символдауға, басқаны айта отырып, нені нысаналап отырғанын жасыра, жұмбақтап айтуға, яғни терең зейінділік пен ойлылыққа төселтуін; астарлап сөйлеу халқымыздың мәнері екендігін, бұл тек сөйлеу шеберлігімізді ғана емес, сөйлеу мәдениетімізді де танытатын, ойлау қабілетімізді аса тереңдетер құбылыс екендігін аңғартуын; тапқырлыққа, шапшаңдыққа, тез жауап берушілікке баулуын; өзгені тыңдауға, өзгенің өнегелі ісінен тағылым алуға жөн сілтеуін қосар едік. Бұл ретте қазақ ғалымы, профессор Мәтжан Тілеужановтың: «Сөзбен қаймықтыру, сөзден жаңылыстыру, жауларын сөз тыңдарлық жағдайға түсіру – мықты өнер. Ол қару-жарақтан да күшті. Суырылған қылышты қынабына қайта тықтыру – қарсыласыңды қаһарлы сөзіңмен, тапқырлығыңмен, шешендігіңмен иілткенің. Ал бұл ойлау қабілетіңе байланысты, оның күштілігіне, құбылмалылығына байланысты» деуі әбден құптарлық.
Қысқасы, шешендік – ел келешегі жастардың рухын аспандатар, асқақтатар өнер. Ал қазақтың халықтық рухы орасан. Тек рух сақталса ғана, жастар рухын оята білгенде ғана халық мерейі, абыройы қаз қалпында болмақ. Рух тұнған тұста ғана қалыптасу үстіндегі тұлғаны тұтандырар, ілгерілетер идея да күшті. Демек, бүгінде жастардың рухын еселеп жандандыра, жаңғырта түсер кешенді ойлы істер ауадай кажет. Ал ел болашағы – қазақ жастарының рухының биіктігі, жоғарылығы – ұлт тәуелсіздігі сақталуының бірден-бір айғағы[2,87]. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, шешендік шежіре-рухани байлық көзі. Халқымызға тән шешендік өнер тәліміне кейінгі ұрпақты тәнті етер болсақ, орасан рухани шапағат, парасат сыйлаймыз. Ал рухы зор, рухани бай ұрпақ – еліміздің сенімді келешегі.
Бүгінгі қазақ елінде, туған жерімізде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, ана тіліміздің коғамдық қызметі жоғарылаған кезеңде шешендік сөздің әлеуметтік мәнін ұғындыру ici және мемлекеттік тілде шешен сөйлеу мәдениеті мәселесі аса өзекті. Ал жастарды шешен сөйлеу мәдениетіне баулу ici – өз алдына мән-мағынасы зор мәселе.
Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері. Шешендік – сирек ұшырасатын қасиет-дарын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік өнер мен билік қолма-қол туып айтылатын, суырыпсалма жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп шығармашылық сипатымен дараланады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Төреқұл Н. Даланың дара ділмарлары. –Алматы- «Қазақстан»-2006
2. Адамбаев Б.Жарқымбекова Т. Ел аузынан.- Алматы-«Жазушы»-1989 Бекенова К.М. –ПМПИ студенті (Д-31 тобы)
Абдыгалимова А.С. –ПМПИ студенті (Д-31 тобы) Ғылыми жетекші – Мурзатаева А.К. аға оқытушы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *