Мысал өлеңді оқу

Мысал өлеңді оқу. Жанрлы ерекшелігіне тоқталу. Мысалдың тілі.
Мысал дегеніміз не?
Мысал — шағын көлмеді, оқиғалы, адамға сабақ боларлық тәрбиелік, тағылымдық мәні бар шығарманы мысал дейді. Көбіне аң,хайуанат, жәндік туралы жазылады,сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік мазаққа айналдырылып, сықақпен сыналады.Идеясы астарсыз, ашық тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді.Мысал деп адам бойындағы кемшіліктерді сынап, адалдық, әділдік, қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттерді мадақтап жазатын шығарманы атайды. Мұндай шығармада өсімдіктер, жануарлар және құстар кейіпкер етіп алынады.
Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді,
Жағалап суаты бар жерге келді.
Шілденің сарша тамыз ыстық кезі,
Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді.
Су ішіп, көлдің шықты жағасына,
Мал еді көз тоятын қарасына.
Артықша бір көлбақа күншіл екен
Сол көлдің бақасының арасында.
Өгізді суға тойған Бақа көрді,
Секіріп көршісіне жетіп келді.
«Боламын мен де сонау Өгіздей», -деп,
Жел тартып, ісіп-кеуіп, қарнын керді.
Сұрады жолдасынан: «Толдым ба? — деп,
-Өгіздей анау тұрған болдым ба?» — деп.
Өгіз бен екеуіне қарап тұрып,
Жолдасы жауап берді сондай бүй деп:
«Өгіздей болу саған қайда, шырақ,
Араңыз екеуіңіздің тым-ақ жырақ.
Онымен бірдей болып толмақ түгіл,
Қалпыңнан асқан жоқсың артығырақ».
«Қарашы, енді қандай болдым?» — деді, —
Міне, мен жаңа әбден толдым», — деді.
Жолдасы тағы қарап денесіне:
«Қалпында қараң менен формың», — деді.
Дүниеде мұнан күншіл кем-ді Бақа,
Зорланды қарнын керіп енді Бақа.
Шыдамай жұқа қарын керуіне,
Жарылып сол арада өлді Бақа.
Күнәсі күндегеннің жаман қатты,
Күндеме біреуге Алла берген бақты.
Өгізді күндеп, сондай боламын деп,
Көлбақа онан қанша пайда тапты?!
Әуелде Құдай өлшеп берген дене,
Қаншама зорлағанмен артылмапты.
Ахмет Байтұрсынұлы. «Өгіз бен бақа» мысал өлеңі
Мысал көбіне өлең түрінде жазылатын сюжетті шағын жанр. Мысалда мінез-құлық, қасиеттер ажуа етіліп,, астарлы сынға алынады, дидактикалық өсиет айтылады.
Мысал жанрында қолданылатын көркем тәсілдің бастысы аллегория (пернелеу). Мысалдың құрылысы әдетте екі бөліктен құралады: бейнелі әңгіме, оқиға-сурет және дидактикалық өсиет.
Ахмет Байтұрсынұлы «Өгіз бен бақа» мысалын 36 жол өлең түрінде И.Крыловтан аударған. Қазақ әдебиетінде алғаш мысал жанрында жазған Абай «Өгіз бен бақаны» 40 жол өлең түрінде аударған. Екі аударманың да тықырыптық, идеялық мазмұны жақын. Автор «Өгіз бен бақа» мысал өлеңінде адам бойындағы көрсеқызарлық, күншілдік сынға алынады. Мысалда күншіл бақаның әрекеті екінші кейіпкер (жолдасының) тарапынан да сынға алынады. Өлеңнің жеті шумағында көл басындағы өгізді күндеген бақаның іс-әркетін оқиға желісінде өрбітіп, соңғы екі шумақта автор оқырманына қорытынды ғибраттық ой түйеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *