Философиялық трактаттар

Әбу Насыр әл-Фараби

Философиялық трактаттар
Философияны зерттегісі келетіндер әрекетке және мақсатқа жету жолында талпына беруге тиіс. Әрекетке талпыну білім арқылы жүзеге асады, өйткені білімнің түбі әрекет болып табылады. Ал табиғатты білмейінше білім арқылы мақсатқа жету мүмкін емес, өйткені табиғатты білу біздің түсінігімізге біртабан жақын.
Ұстаздың мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді. Сондай-ақ, ол өзінің сабақтарын бір ғана ғылымның шеңберінен асырмағаны дұрыс, өйткені түрлі пәндермен сабақты ауырлата беру тәртіпсіздікке және белгілі бір жүйеден айрылып қалуға апарып соқтырады. Осының бәрі шәкірт өмірін ұзартады, өйткені тәнді емдеу, Гиппократтың сөзімен айтқанда, өмірді ұзартатын болса, жанды емдеу онан да жақсы нәтижеге жеткізуге тиіс.

Қайырымды қала басшысының қасиеттері туралы
Қайырымды қаланың бірінші басшысы, ол − қайырымды халықтың басшысы және жер жүзін мекендейтін елдің бас¬шысы. Өз бойында туа біткен он екі қасиетті ұштастырған адам ғана осындай бола алады. Біріншіден, бұл адамның мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер осы адам әлдебір мүшесінің жәрдемімен әлденендей бір іс істемек болса, ол мұны оп — оңай атқаратын болады; жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын бо¬луы керек; өзі түсінген, көрген, есіткен және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақгайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын болуы керек; әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болу шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмар болу шарт; өнер — білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек; тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек; жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып, жаратылысынан игі істерге ынтызар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да белгілеріне жирене қарау керек;жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып, жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет; әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек, әділеттілік алдында нойыс мінез көрсетіп, қасарыспау керек, бірақ әділетсіздік пен пасықтық атаулыға мүлде рақымсыз болу шарт; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Кімде-кім туған кезінен бастап және жас жеткіншек шағында жоғарыда аталған шарттарды бойына дарытқан болса және есейгеннен кейін басқа алты шартқа сай келетін болса, біріншісінің орнын басатын екінші басшы сол болады.
Бірінші шарт –дана болу.
Екінші шарт – қалаға арнап бірінші имамдар белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу.
Үшінші шарт – бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету.
Төртінші – бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді, бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып-біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу, өзінің осындай іс-әрекетінде ол халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс.
Бесінші – бірінші имамдардың заңдарын және солардан кейін, солардың үлгісі бойынша өзі белгілеген заңдарды орындауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу.
Алтыншы – әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде және билеуші өнер ретінде біліп алу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *