Салақтық
Ы.Алтынсарин
Керім деген мешер өзі жұмысқа тәуір жігіт те болса, жуынып, кірсіз көйлек киіп, таза жүрумен ісі жоқ еді. Әркім айтушы еді:
− Саған не болды, Керім, бойыңнан кіріңді ағызып жүргенше жуынсаң болмай ма? – деп.
−Қолым тимейді, −деуші еді.
Сөйтіп жүріп, тұла бойын шиқан қаптап және қотыр болды. Бұл күйде құрысып-тырысып жатқанында әркім сұрайды:
−Керім, саған не болды? – деп.
Керім айтады:
−Күнәм үшін Құдайдың бір берген сазайы-дағы.
Оған қарсы таныстары:
−Рас, Керім, Құдай-тағала таза жүрмеген былғаныш кісіні сүймейді, тым болмаса, жұмасында бір моншаға түсіп, не болмаса үйіңде сабынмен жуынуды әдет етсең, бұл бәлеге душар болмас едің.
Сонымен Керімді ауру жататын үйге алып барып, таза жуындырып, таза киім киіндіріп, ем қылған соң, аз ба, көп пе жатып жазылды. Мұнан шыққан соң Керім бір заводқа барып жалданыпты. Өздеріңізге белгілі шығар, заводта нәрсе бояйтын бояулардың қайсысы у болады. Бір күні қожасы Керімге бір бояуды былғап қой деп беріпті. Былғап отырып-отырып, кәдімгі үйренген қалыбынша, қолын жумастан барып, тамаққа отырып нан жепті. Қолындағы бояудың жұғынының бәрі де жеп отырған нанына жабысып отырғанда, бір мезгілде Керімнің іші бүрісіп, ауыра бастапты. Әрлі-берлі, олай-былай аунақшып біраз жатып, Керім ұзамай-ақ жан тапсырыпты, әлгі бояуы у бояу екен.