З.Қабдолов

З.Қабдолов

… әр қазақ өзіне және өз ортасына оп-оңай жабыса кететін осындай «ошағанды» Абайша іздеп-тауып, аяусыз отап, өзін және өз ортасын Абай ащы да болса ашық айтқан тағылықтан, мәңгүрттіктен, қырттықтан арылтып, құлдық құрсауын үзіп, егемен елдікке келу — кемел ақылға, сара санаға кенелу.
Парасат байлығы дегеніміз осы. Қазаққа тек осы байлық — парасат байлығы ғана керек. Өзге байлықтың бәрі өзінде — елінде, жерінде — тұнып тұр.

Шешендік кейбіреулердің ұғымындай әшейін ширақ сөйлеу, құрғақ пысықтық жасау емес. Шешендік шексіз білімнен, терең ойдан, асқан парасаттан туатын нәрсе!

«Парасат» демекші, мен қазаққа бәрінен бұрын парасат байлығын тілеймін. Ол үшін әр қазақ басқаны қойса да, бір ғана Абайды біліп, ең болмаса оның бір өлеңін — «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымды» ұғып, тереңіне бойлап-түсініп, құранның сөзіндей жаттап алса екен. Жаттап қана қоймай, күнде таңерте ұйқыдан ояна бере дұғадай қайталап, өзінің иманына айналдырса екен. Сонда ол өзіне кез келген пендеде бола бермейтін кереметтей кемел парасат дарытып, өзгелерді де парасатсыздықтан арылтуға қызмет етер еді.

Парасат — қасиет, парасатсыздық — қасірет. Бүгінгі қазаққа керегі — қасірет емес, (ол бір басына жетіп жатыр), қасиет!

Білу, білу, тағы да білу! Көп білу, терең білу! Тек біле беру! Жоғары оқу орнындағы ең басты талап та, мақсат та — осы.

Көп білген шәкірт ұстазға айналады. Жоғары мектепте баладан дана тәрбиелеп шығару да осыдан туады.

Көп білу парасатқа апарады. Аз білу саясатқа әкететін болса керек; өйткені білігі аз адам білмегенінінің орнын қулықпен толтыратын болса керек. Ал саясат дегеніңіздің оннан тоғызы қулықтан шығады.

Көп біліп дөп сөйлеген — шешен, аз біліп көп сөйлеген — мылжың.

Талант қайда болса, табынушылар сонда емес пе?

Мен жоғары мектепке түсісімен ұстаз іздедім. Шарқ ұрдым. Өйткені менің үлгі көргім келеді, өнеге алғым келді. Жоғары оқу орнын ғана емес, ұстаздық мектебін, яғни даналық оқуын бітіргім келді. Ол үшін, әрине, Ұстаз керек, шын мәніндегі ұлағатты ұстаз іздеп табу керек.

Институтта сабақ беретіндердің бәрі ұстаз емес. Бір институтта мың оқытушы болса, сен үшін соның мыңы емес, мыңнан бірі ғана ұстаз.

Мынадай да болуы мүмкін: сенің институт бітіруің мүмкін, бірақ ұстаздық мектебінен өтпеуің мүмкін. Бұл — қасірет! Аз-кем білгені болғанмен көргені жоқ, әлім-берім өнері болғанмен өнегесі жоқ, мамандығы мен адамдығының арасы кереғар дипломды дүбәралар осыдан шығады.

…ұстаз болу қиын, әрине…
Ал енді бар ма, шәкірт болу одан да қиын…

Ұстаздық — ұлы нәрсе! Ұстаздық ету — өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау.
Жарық дүниеде бұдан асқан қиын, бұдан асқан қиямет-қайым қызмет жоқ. Патшалық құру ұстаздық етуден он есе жеңіл.
Неге десеңіз — патшаның маңы толы нөкер, патшаның әмірін солар орындайды. Ал ұстаздың алды толы шәкірт, бірақ ұстаздың дәрісін бұлардың бірі де бере алмайды. Бұлар ғана емес, ұстаздың міндетін өлеңдегідей «патша да, бай да, батыр да» — бірі де атқара алмайды. Қайдан атқарсын, ұстаздық ұстаздан басқа ешкімнің қолынан келмейді… Патшалық құру — рақат, ұстаздық ету — бейнет.

Ойшылдың қасында тұрсаң, ойсыз тұра алмайсың.

Ұлы бар, қызы бар — елу шәкірт орындарынан ұшып-ұшып тұрған; аудиторияға Ұстаз кірген екен.

Абай — біздің рухани әкеміз.

Талант тумыстан деген даусыз шындық. Жалғыз-ақ сол туасы талантты жетілдіретін тәрбие екені тағы талассыз.

Абайды білу — айрықша мағыналы нәрсе: әр қазақтың әр жаста әр түрлі Абайы бар. Әр қазақ әр жаста тек сол кезеңдегі өз Абайын таниды. Ал сол әр тұстағы танымдар тұтасқанда, сол таным иесі өзінің өсіп-жетілу сапарында сөз жоқ азаматтық жолға түседі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *