
Балалар айтысы. Айтыстың ерекше дамыған жерлері — үнді елі, Арабтардың бәдәулиелер арасы, қарақалпақ, башқұрт, алтай елдері т.б. жерлер. Қазақ айтысы — суырыпсалмалық өнер бәсекесі. Қалыптасу жағынан айтыс негізінен әдет-ғұрыптарға қатысты туған айтыстар және ақындар айтысы болып бөлінеді. Айтыстың ең көркемі және әлеуметтік мәселелер көтеретіні ақындар айтысы болып табылады. Айтыс көркем бейнелі сөздерді талғампаздықпен қолдануды қажет етеді.
Айтыс өнеріне деген алғашқы ықылас бала кезден басталады. Ең алдымен айтыстағы ұтқыр сөз тауып, қисынды ой айтуға негізделген диалогтық форма баланы ерекше қызықтырады. Айтыста бала өз ойын ең жоқ дегенде бір шумақ өлеңмен бере білу керек. Сондықтан да, әдетте, балалар айтысқа есейе бастаған шақта ден қоя бастайды.
Балалар арасында ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан жаттанды жауаптасулар көп кездеседі(Ұл: домбырам басы ырғай-ды, қыздар қолын бұлғайды. Бұлғаса да бармаймын, әлдене деп қарғайды. Қыз: домбырам басы ырғай-ды, қыздар қолын бұлғайды. Шақырғанда бармасаң, «көк шешек» деп қарғайды т.с.с.). Балалар арасындағы сөз қақтығысының көбінесе, қыздар мен ұлдар арасында болып келетіндігі, олардың психологиялық ерекшеліктерінен болса керек. Балалар репертуарында үлкендер шығарып берген айтыс өлеңдері де бар(Бала мен шілдің айтысы). Мысалы:
Бала:
Шілмісің, кекілікпісің, неменесің?
Беткейге тұзақ құрсам кез келесің.
Қаңғырып қайдан келдің сорлы байғұс,
Шілім-ау, шыныңды айтшы, енді өлесің
Шіл:
Екеуі. Шіл, кекілік ағайынды,
Жаныңа өлең айтып жағайынды.
Аға-екеш, мені өлтірмей қоя берші
Жақсылық еттіп баян бағайынды.
Бұнда балалар өмірі мен шіл тірлігінің біраз танымдық қырлары ашылады. «Қонады біздің ауыл қиыр шетке, сені мен өлтірмеймін біттей етке» деп баланың шілді босатып қоя беруінде де үлкен ғибрат жатыр.
«Кісі мен қиқар бала», «Суайт бала мен қарт», «Бала мен шілдің айтысы», «Ағаш пен шөптің ажырасқаны» атты айтыс үлгілері өтірік пен шындықтың тайталасына құрылған. Өтірік айтыс мысал үлгісінде қалыптасқан. Алғашқыда сөз жарысы арқылы пайда болған өтірік өлең кейін әңгімеге, өлең-жырға айналып кеткен. Мысалы, «Кісі мен қиқар бала» өтірік өлең атысы:
Кісі: Кімнің баласысың?
Бала:Әкемнің баласымын
Кісі. Әкеңнің аты кім?
Бала: Әкемнің аты жылқыда. Құла ат.
Кісі: Ауылыңның үлкені кім?
Бала:Түйе.
Кісі: сақалдысы?
Бала: Теке.
Немесе, «Суайт бала мен қарт» жауаптасуына назар адарайық:
Суайт бала: Ассалаумағалейкум, шал еке»
Қарт: Уағалайкумассалам, балеке! Ал, әңгіме айт!
Бала: Көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба?
Қарт: Естігенің жаңсақ болар, көргеніңі айт.
Бала: Ендеше ана қырдың астында, алпыс ала қасқыр, жетпіс бала қасқыр, бір сонаны тауыса алмай жатыр.
Қарт:Әй, шырағым-ай, сона дегенің сонашық-тағы!
Бала: Сонашық екенін содан біліңіз, ортан жілігі отау үйге тіре болады.
Айтыстың түп-тамыры мен шығу тегі мысал айтыстарында жатыр деуге болады. «М.Қашқаридың «Қыс пен жаздың айтысы» атты туындысы өзінің мазмұны жағынан дәстүрлі айтыс іспеттес болып келсе де, құрылысы мен түрі тұрғысыннан мысал айтысқа өп ұқсас. Бұған қарағанда, айтыс сол кездің өзінде-ақ халықтың тұрмыс-тіршілігі мен кәсібіне орай біршама өркен жайып кң қолданыста болғанғаұқсайды»(М.Жармұхамедұлы.19-бет).Осының бірі дәлелі — өтірік өлең айтысы.
Балалар айтысының бүлдіршіндерді айтыс өнеріне баулып, тәрбиелеудегі рөлі өте жоғары. Айтыс ақындарының барлығы да халықтың дәстүрлі тәрбиесіндегі осындай мектептен өсіп жетілген.