Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу
Спандияр Көбеев
«Баланы жастан…» – дейді қазақ мақалы, өте дұрыс айтылған мақал. Баланы мәдениеттілікке, әдептілікке, сыпайылыққа баулу, оның ата-анасының да, мектептің де ең басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Бала үйде де, түзде де, мектепте де, жол үстінде де, кино-театрларда да, мейлінше мәдениетті, мейлінше әдепті, мейлінше сыпайы болуы керек.
Балаларды жас басынан әдепті, таза, ұқыпты, мейірімді, отаншыл, ұйымшыл етіп баулу – оларды адамгершілікке тәрбиелеу болып табылады.
Бірақ, кейде балалардың, жастардың арасыңда, тіпті кейбір үлкен адамдардың арасында да, өте тұрпайы, ерсі сөздерді айтып тұрған балаларды, тіпті үлкен адамдарды да кездестіріп қала бересің. Мұның өзі көп реттерде баланың үйдегі тәрбиесінің кемдігінен болады.
Балаларды мәдениеттілікке кішкене күнінен бастап, баулыған жақсы. Мәселен, баланы тазалыққа үйрету, ұқыптылықка баулу (айталық, жатарда киімдеріңді іліп қой, ойыншықтарыңды жинап орнына қой, беті-қолыңды жуып жат, ойнағанда киімдерінді былғама, таза сақта сияқты, т.б. шаралар) арқылы ұқыптылық, әдептілік әдет болып, жас баланың бойына сіңе береді де, ол өскенде де әдепті, ұқыпты болады. Оқужасынажетпей-ақбаланы ата-анасы, аға-інісі, апа-қарындастарынан басқа адамдармен сөйлескенде «сіз» деп айтуға дағдыландыру керек. Тіпті, өз үйінің ішінде де орны келгенде «рақмет» деген сияқты сөздерді айтқызуға әдеттендіре беруге болады. Мұның өзі баланы сыпайылыққа дағдыландырады.
Бірақ, кейбір ата-аналар «өскен соң өзі де біліп кетеді ғой» деп балаларын бетімен жібереді. Тіпті, кейбір ата-аналар (бұл, әсіресе, ауылдық жерде көбірек кездеседі) қызық көріп, балаларын шектен тыс еркелетіп, қияңқы, сотқар, қалжыңбас, қылжақ, шалдуар етіп өсіреді. Міне, мұндай балаларды өскеннен кейін түзету қиын. Мұндай балалар мектепке де үйдегі мінезін ала келеді. Сондықтан да мұдай баланы қайта тәрбиелеу керек болады. Ал қайта тәрбиелеу оңайға түспейді…