Ахмет Иүгінеки

«Ақиқат сыйы»

Ахмет Иүгінеки

«Ақиқат сыйы»

БИСМИ Л-ЛАҺИ РАХМАНИ Р-РАХИМ
Ей, Алла, көп мінәжат етем Саған,
Ең әуелі рақымың – мен аңсаған.
Мақтауға лайықты тіл жете ме –
Төгейін тіл өнері, жар бол маған!
Ұшқан құс, жүгірген аң – барлығы да,
Паш етер сені «бар» – деп, жөн бар соған!
Әр істе білінесің – мың дәлел бар,
Табады сол дәлелді ой барлаған.

Жалғыз алла жайында

Бар қылды жаратты да мені жоқтан,
Жоқ етер Алла тағы бар қылмақтан.
Тәубе қыл, шәк келтіріп, желік қумай
Тұрғанда өзің өлмей оттан сақтан!
Жаратты жалғыз Алла күн мен түнді,
Батыспен алмасатын Шығыс жақтан.
Күніңді батырады, таң аттырып,
Кетеді түнді түріп таң шапақтан.

Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны жайында

Айтайын білім жайын, құнты бар бол,
Ей, достым, білімдіге ынтызар бол,
Ашылар білімменен бақыт жолы,
Білім ал, жолға түсіп бақыт толы.
Білімді – алтын көзі ашылатын,
Надан жан – қара бақыр шашылатын.
Білімсіз тең бола ма білімдімен,
Азамат – білікті әйел, ез ер – қатын.

Сүйекте жілік болар, ерде – білік,
Ақыл ғой ердің көркі, етте – жілік.
Жіліксіз ет секілді білімсіздік –
Қол созбас сүйексізге бұ тіршілік.
Атақпен білген өтер ірі жүріп,
Білместі «өлген» – дей бер тірі жүріп.
Білгеннің өзі өлгенмен, аты өлмейді,
Аты өшер білмегеннің құры жүріп.
Білімді білімсіздің мыңын жеңер,
Ол біліп білім ізін, теңін теңер,
Көр байқап, оқы, сына: білім – пайда,
Білмесең – басқа не бар, сенің нең ер?

Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер,
Адамды наданшылық төмен етер.
Ерінбе, білім ізден, Расул хақ
«Қадірле білгендерді», – деп көрсетер.

Білім үйрену жайында

Білікті білім жинап кәсіп етер,
Білімнің дәмін татып өсіп өтер.
Білдірер білім елге білім сырын,
Біліксіз білімді аттап, бөсіп өтер.

Тура сөз біліксізге қаза болар,
Насихат, пайдалы сөз жаза болар.
Надан жан қанша жусаң тазармайды –
Талай кір жуған сайын таза болар.

Білімдар «істі біліп, бекін!» – дейді,
Ақылмен іс істеген өкінбейді.
Білмеген талай жұмыс істей жүріп,
Амал жоқ, түбінде сол опық жейді.

Білікті біліп айтар сөзін ұтар,
Ол емес бос сөзіңді бедел тұтар.
Білімсіз не айтса да білмей айтар –
Өз тілі өзінің кеп басын жұтар.

Алла өзін білімменен құт етеді,
Қайырсыз надандықты жұт етеді.
Білімді үйренбеген талай қауым.
Құдайды қолдан жасап бұт етеді.

Өнеге, білген сөзі – насихат, жол,
Араб пен азияттың сүйгені – сол.
Кедейдің керіп жейтін малы – білім,
Білімнің жоқ-жітікке берері мол.

Тілді тыйып ұстау — әдептіліктің шарты

Білімдіден қалған сөз тағы бар:
Әдептіге «үндемес» ат тағылар.
Тіліңді тый – сонда тісің сынбайды,
Жөнсіз шыққан тілден тісің қағылар.

Сөз есепсіз тіліңді тый, тарт, ұста,
Тыймаған тіл басыңа сор әр тұста.
Есепті сөз – ер сөзінің асылы,
Мылжың тілді «жау» деп ұғын тартыста.

Ақылды ма көп сөйлеген күбіне,
Талай бастың тіл жетті ғой түбіне.
Оқ жарасы жазылады, бірақ та
Тіл жарасы жазылмайды: түбі не?

Тіл жайында

Ақымақтың тілі – бастың дұшпаны,
Қан төгіліп, талай бастың ұшқаны.
Көп сөйлеген өкінеді түбінде –
Безей бермей ақылға сап ұста оны.

Не келсе де тілден келер бір басқа,
Содан – жақсы, жаман атақ бір басқа.
Тыңдашы: адам ерте тұрып күн сайын
Осы тілге табынбайды құр босқа.

Бақ тіліңді, аздап сөйле, мұра – сол.
Сонда аман-сау, тек жүресің, рас – ол.
«Адамды отқа күйдіретін тіл екен,
Өзіңді оттан сақта», – деген Расул.
Екі нәрсе бір адамға келсе егер,
Жақсылық жоқ, жамандыққа жол шегер:
Оның бірі – керексіз сөз, ауан сөз,
Екіншісі – жалған айтқан сөз бекер.

Сөзі өтірік адамдардан алыс жүр,
Жолмен тура, шыншылдықпен өмір сүр.
Тіл мен жақтың нағыз көркі – шын сөзі,
Шынын айтып, бұл сөзіме құлақ түр.

Шын сөзің – бал, жалған сөзің – жуадай,
Жуа сасып бал иісін қуады-ай!
Шын сөз – шипа, өтірік сөз – кесел ғой,
Ескі сөзден осындай ой туады-ай!

Тура айтылса – шындық сөздің базасы,
«Әділ, – десін халық сені, – таза осы!»
Қисық жүрмей әділдіктің тонын ки,
Сол болады бар киімнің тазасы.

Қатты сақта – сырыңды ешкім білмесін,
Өз сөзіңнен өкініп, іс келмесін.
Бар құпия ісің болып әшкере,
Көрген адам, естіген жұрт күлмесін.

Айтпа сырды, қара достың түсіне,
Ойлап қара жанашырдың ісіне.
Өз ішіңе сыймаған сыр, шырағым,
Сыя ма екен сол досыңның ішіне?

Дүниенің өзгеріп тұратыны жайында

Бұ дүние – бір керуен сарай-ды,
Кететіндер түсіп, содан тарайды:
Алғы тізбек көшіп ұзап кеткенде,
Келіп түскен соңы соған қарайды.

Зыр жүгіріп қу дүние қуамыз,
Ашкөзденіп, пайданы ойлап туамыз.
Келсе байлық – өсер, тасар, баз кешер,
Бір күндері болып қалар қу аңыз.

Мал көздеме, ойлама аздың тақ-тұғын,
Бүтін киім, ойла тамақ тоқтығын.
Бай-кедейлік бір Алланың ісі ғой,
Деме «кемдік» пайда, мүлік жоқтығын.

Дүниеде ішіп-жеген, бір киген
Басқасы – әуре, қасы-көзі кіртиген.
«Егін-жай деп, дүниені еңбек ет», –
депті Расул: бұл да – ақыл ғой бір түйген.

Құр күйбеңі бұ жалғанның ез етер,
Шадыман шақ ескен желдей тез өтер.
Жас қартайып, жаңа ескіріп, күш қайтып,
Қуатты бел бүгілетін кез жетер.

Бүгін барың ертең жоқ қой жалғанда,
Игілігің әлдекімге қалғанда.
Көрікті өңір көмір болып өшеді,
Түгел тасып төгіледі толған да.

Қанша ел болып халқы жатқан сыйыспай,
Бәрі кетті, жері қалды қуыстай.
Қанша дана, қанша болды философ –
Мыңнан бірі қалды ма бір уыстай.

Күлім қағар бұл дүние, ым жасар,
Өз қолымен балын беріп, у қосар.
Ең әуелі бал жегізіп дәндетіп,
Іле-шала сол тостақпен зәр тосар.

Тәтті жесең – бар ащыға сол кеніш,
Бір рахат әкеледі он реніш.
Ей, үміткер оңай келер олжадан,
Қашан айтты бұл дүние «ал, сен іш!»

Сұр жыландай дүние алдап-сулар-ды,
Сырты жылтыр, ішінде оның у бар-ды.
Жылан жұмсақ, пейілі – зұлым, арам, лас,
Сенбе, алыс жүр, құрт осындай қуларды.

Сырт қараса, бұл дүние тәтті аса,
Мың бәле бар ішкі сырын қаттаса,
Нағыз басы сол болады қатенің –
Сырттай сынап, құр сымбатын жаттаса.

Жомарттық пен сараңдық жайында

Ей, досым, білім ізде осы тұста,
Әрдайым біліп сөйле қақтығыста.
Мақтасаң дархан жанның даңқын өсір,
Бақылға мықты оғыңды сақтап ұста.

Әр тілде бәрі мақтап асырады,
Айыбын жомарт жанның жасырады.
Бол жомарт – жуымайды пәлендей сөз,
Ол өзі жаман сөзді қашырады.

Жұмсармас, иілместі жомарт иер,
Мұрат та қол жетпейтін бұған тиер.
Мақтайтын бақылдарды жан шыға ма,
Жақыны ағайын, ел – бәрі сүйер.

Жомарт ер білім жолын жете білер,
Мал беріп, атақ алып өте білер.
Жарылқап кем-кетікті білімменен
Жақсы атпен дүниеден кете білер.

Жинайды бақыл байлық талмай шіркін,
Қалып-ақ жаман атқа дүркін-дүркін.
Арам мал жұрт қолына таратылып,
Жөнелер өкінішпен сүйтіп бір күн.

Иесі таза малдың, ей, жомарт ер!
Тұрғанда алла беріп, сен де елге бер!
Бермеген бейбақ болар жаман атты,
Несібең берсең – адал, терсең – бар, тер!

Өмірде жақсы мінез – «жомарт» деген,
Жаман ат – «сараң», тәуір сөз ермеген.
Берген қол бәрінен де құтты болар,
Сол жаман – ала біліп, түк бермеген.

Жазылмас сараң-ауру емдегенде,
Қарысар қолы талмай «бер» – дегенде,
Көзінің сұғы тоймай тіміскілеп,
Болады малдың құны ерлегенде.

«Сақылық – ел ішінде бір төбе», – де,
Абырой, атақ сонда, мәртебе де,
Бол жомарт, халықты сол сүйсіндірген
Кейін де, бүгінде де, ертеде де.

Мал жиып бақыл ашкөз дірілдеген,
Күні жоқ бірін ішіп, бірін жеген.
Досына тірісінде дәм татырмай –
Өлген соң жаулары жер дүрілдеген.

Тағы бір керекті сөз – айтам дастан,
Ұғып ал құлақ салып, мендей достан.
Болып ал, кішіпейіл өзгерместей,
Аластап тәкаппарлық ойды бастан.

Қайда да тәкаппарға атақ тағар,
Мінез бар қойдан жуас елге жағар.
Жаратпас Алла да, ел де ұлықсыған
Адамды «Мен, мен!», – дейтін кеуде қағар.

Мал жияр сараң теріп одан бетер.
Жей алмай қарап тұрсаң ерте кетер.
Мал санын көрде жатып санай берсін,
Жат кісі жарын мұнда еркелетер.

Тәкаппар, тонын киме – «біл!» – демегін,
Халықты кеуде керіп тілдемегін.
Нышаны момындықтың – кішіпейіл,
Бол — дағы кішіпейіл, дым демегін.

Кішілік Алла алдынан әмәнда өтер,
Кем етер, тәкәппарды ол төмендетер.
Бір Құдай – жалғыз ұлы, ұлысынба,
Деген ол «Ұлы түк жоқ менен бетер!»

Пайғамбардың сөзі: «Алла кішіпейілдің абыройын асырады, тәкәббардың құтын қашырады».

Болғаннан соң мал, дүние, жандығың,
Ұлылыққа қол сермедің, жанды ұғын!
Байлықтан не? – Көрге жалаң кіресің,
Қалар мұнда кісе, себет, сандығың.

«Тегім асыл», – деп біреулер мақтанар,
Мен айтайын тура жауап сақтанар:
Бұ халықтың ата-анасы, тегі бір –
Арасында айырма жоқ сақталар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *