
Қазыбек бидің шешімдері
Қазыбектің шешендік, алғырлық, әділдік қасиеті жеті жасынан-ақ көзге көріне бастапты дейді бір аңызда. Ас беріп, бәйге жарыс болып жатқанда бір құла қасқа жүздеген аттан озып келеді. Тойханада жүрген бір жігіт:
Мынау менің тай күнінде жоғалтқан бәсірем, — деп, оның шылауына орала кетеді. Бәйгеге қосып тұрған адам:
Өзімнің құла биемнен туған атым, — деп оған жеңіс бермейді. Осы арада дау-жанжал туады.
Көпшілік ол екеуін:
Келдібек биге жүріңдер, — деп ертіп барады. Келдібек екі жағын сұрастыра келіп, не істерін білмей отырып қалады. Сонда әкесінің жанында отырған жеті жасар Қазыбек екі даугерге қарап:
Қандай дәлелдерің бар, айтып көріңдерші? – дейді. Құла қасқаны бәйгеге қосқан кісі:
Енесін бір көрсем, одан туған төлді дәл айта аламын. –дейді .
«Тай күнінде жоғалтқан бәсірем» деген жігіт:
Мал бағып өскен қазақпыз ғой. Енесін көріп төлін, төлін көріп енесін айнытпай табамын.
Олай болса,–дейді Қазыбек бала, – анау көгендеулі тұрған қозы, лақтан екеуің екі қозы ағытып әкеліңдер?! Екі жігіт жарайды деп, көгеннен екі қозы жетектеп келеді.
–Енді, – дейді Қазыбек, – екеуің өріске барып, осы екі қозының енесін танып әкеліңдер?
Екеуі өріске барып, екі саулықты әкелді.
Қозыны енесіне салыңдар, – дейді бала. Атқосқан жігіт қозысын енесіне салса, әлгі әкелген саулығы алмайды. Қозы да жеріп қашады. Ал «тайында жоғалтқан бәсірем» деген жігіт қозысын саулыққа салса, иіскелеп, қозыны емізіп тұра қалады. Сонда Қазыбек атқа иелік етіп жүрген кісіге:
Ал, ағайын, мына жігіттің мал тапқыштық қасиетіне күмәныңыз бар ма? – деп сұрайды. Ол төмен қарап үндемей қалады. Қазыбек көпшіліке қарап:
− Қане, жұртшылық, бұған сіздер қалай қарайсыздар? – дегенде айнала төңіректеп тұрғандар:
Бала дәл шешім айтты, атасына рахмет, бәйге тай күнінде жоғалтқан жігіттікі десіп, тарапты.
* * *
Жантай деген бай малшысымен төбелесіп, сол төбелесте байдың бір күрек тісі сынады. Малшы «сенен шығамын» деп ақысын сұрайды. Бай «тісімді сындырдың, соның төлеуі үшін алдым» деп ақысын бермейді.
Жантай тұрып:
Мынау менің жолшым еді, өзіммен төбелесіп, бір күрек тісімді сындырды.
Бұның құнын сұрасам бермейді.Жалға жүрген ақымды бер, деп
жүр, − дейді.
Сонда малшы тұрып:
Мен жалға жүрдім Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға.
Бір асына жарытпады,
Мен күшіме жарытпадым.
Сонан барып төбелес туды,
Жазым боп, күрек тісі сынды.
– Байдың аты бай емес пе, ақымды бермейді, үйінен қуады. Би ата әділдігіңізге жүгінгелі келдім, – деп сөзін аяқтапты. Бұл дауға Қазыбек мынадай билік айтыпты:
–Ас адамның арқауы еді. Жантай асқа жарытпаған соң малшыға күш қайдан дарысын. «Аш кісі ұрысқақ» деген төбелестің шығуына да өзің себепкер болғансың. Сондықтан мынаның ақысын бер, күрек тісің құнсыз. Еркектің қалған тісі аман болса, бір күрек тістен келер кемшілік жоқ. Ал әйелдің күрек тісі, әрі көркі әрі жіп қиятын қаруы, – дейді.
* * *
Қазыбек биге бір адам: «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» деген үш сұраққа жауап беріңізші деп қиылып отырып алыпты. Сонда Қазыбек былай деп жауап қайтарған екен:
* * *
Тату болса ағайын жақын,
Ақылшы болса, ағайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын,
Инабатты болса, келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асың,
Қимас жақын — қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын.
Адал болса, досың жақын,
Еркелейтін немерең жақын.
Жан серігің жас кезеңнен,
Бәрінен де әйелің жақын.
* * *
Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт береке – атаң қымбат,
Аймалайтын – анаң қымбат,
Мейірімді – апаң қымбат,
Асқар тауың – әкең қымбат,
Туып-өскен елің қымбат,
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.
* * *
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқылаған сөз қиын.
Дәл осындай жағдайда,
Пана болмас өз үйің.
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын.
Тентек болса ұл қиын,
Не істеріңді біле алмай,
Ашиды сонда бас миың.