Бақталастық

Бақталастық

 

Ф.Гүлен

Муғирә бин Шу’бә былай дейді:
«Бірде Әбу Жәһилмен бірге отырғанбыз. Аллаһ Елшісі келді де, кейбір мәселелер жайында уағыз ете бастады.
Әбу Жәһил сонда тұрпайы түрде:
– «Ей, Мұхаммед! Егер мына айтқандарыңды арғы жақта үгіт-насихат еткеніңе тиісті куәгер іздеу үшін істеп жүрсең, онда шаршап-шалдығып әуре болма, мен саған куәлік етемін. Ал, қазір мені мазалама», – деді.
Осы сөзден соң Аллаһ Елшісі біздің жанымыздан кетіп қалды.
Мен Әбу Жәһилден:
– Расында, сен Оған сенесің бе? – деп сұрадым. Ол сонда:
– Негізінде, мен Оның пайғамбар екенін білемін. Бірақ Хашимилармен бұрыннан бері арамызда бір бақталастық бар. Олар рифадә, сиқайә бізде деп ылғи мақтанады. Енді «пайғамбар да бізден шықты» десе, онда мен бұған төзе алмаймын», – деді»…
Бірде Құрайыш басшылары жиналып өзара ақыл-кеңес құрды. Соңында Аллаһ Елшісіне Утбә бин Раби’аны жіберуге шешім қабылдады. Утбә Онымен тіл табысып, ойдағыдай көндіріп, дағуасынан (Аллаһқа шақыру) бас тартқызбақшы. Бұл кісі сол заманның зиялы қауымынан саналған һәм араб әдебиетін терең, жетік білген адам еді. Ол екі дүние Шамшырағының жанына барып, құйтырқы қисындық әдіспен:
– «Ей, Мұхаммед! Сен жақсысың ба, әлде әкең Абдуллаһ па?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз сұраққа жауап бермеді. Абзалында, сірә, ақымаққа ең жақсы жауап үнсіздік шығар. Утбә сөзін жалғастырып:
– Егер сен оның өзіңнен жақсы екенін қабыл етсең, сөзсіз, ол сен қазіргі төмен санаған құдайларға табынды. Жоқ, егер өзіңді одан артық санасаң, онда, қане, сөйле, уәжіңді мен де тыңдайын, – деп тоқтады.
Әлгіден бері үнсіз тыңдап тұрған Аллаһ Елшісі оған:
– Айтып болдың ба? – деді.
– Иә, – деп Утбә үнсіз қалды.
Сол сәтте Аллаһ Елшісі жүгініп отырды да, «Фуссиләт» сүресін басынан оқи бастады:
– «Олар бет бұрса: «сендерге Ғад, Сәмуд елінің басына келген нажағай секілді апатты ескертемін», – де» аятына келгенде, Утбә одан әрі қарай төзе алмады. Суыққа тоңғандай денесі, аяқ-қолдары қалтырай бастады. Әрі қарай тыңдауға шыдамы жетпей, қалтыраған қолдарын Аллаһ Елшісінің мүбәрак аузына басып: «Тоқта, Мұхаммед! Иман еткен Аллаһ үшін тоқта!», – деп безек қақты. Көп ұзамай орнынан тұрып, кетіп қалды.
Меккенің игі-жақсылары нәтижесін күтіп тұрған-ды. Әбу Жәһил Утбәнің жүрісін жақтырмады. Жанындағыларға «мынаның баруынан қайтуы жаман» деп күбірледі. Утбә тіке үйіне тартты. Тыңдаған аяттары оның тұла бойын найзағайдай жарқ етіп, шарпып өткен болатын. Аздан соң шайтанға да ақыл үйреткен Әбу Жәһил оның үйіне барды. Ол Утбәнің иманға келуінен қорықты да, ізін суытпай сөйлескенді жөн көрді. Оның осал жерін өте жақсы білетін. Дереу намысын нысанаға алатын еді. Ол бірден әрекетке көшіп, оған былай деді:
– Утбә, естігеніме қарағанда, Мұхаммед саған қатты ілтипат көрсетіпті. Сені қонақ етіп, қошеметтеп қарсы алып, ішкізіп-жегізіп, сыйлап, әбден дән риза етіпті. Сен де мұндай қошемет пен сый-сыяпатқа масаттанып, көңілің босап, Оған иман келтіріпсің. Жұрт гу-гу етіп, ауыздан-ауызға өтіп, сөз етіп жүр», – деді. Утбә ашуланып, өз-өзіне сыймай кетті.
– Мен оның тамағына мұқтаж емеспін. Мұны барлығың да білесіңдер. Араларыңда менен дәулеті асқан бай адам жоқ. Бірақ Мұхаммедтің айтқандары мені қатты толқытып, көңілімді еріксіз босатты. Өйткені, оның оқығандарын өлең дейін десем, өлең емес, сәуегейдің сөзіне де ұқсамайды. Сондықтан дал болып, не дерімді білмей тұрмын. Әрі Ол – тура сөйлейтін адам. Оның оқығандарын тыңдаған сәтте, Ад пен Сәмуд халқының басына келген бәлелер бізге де келсе, қайттік?» – деп қорықтым».

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *