
БУРА
I
Бура Қазақбай ауылын талақ тастап, қашып шықты.
* * *
Хайуан да аңсап, ұзақты түн телміріп, сарғая ататын таңдай сазды сағыныштың бесігінде тербеле алады екен. Хайуан да егіздің сыңарындай кеше ғана тілерсек тістесіп, бұла боп өскен келесінен бір-ақ күнде көз жазып, айырылып қалғанда, қысастана шайпауланып, албатыға лағып кетеді екен. Бура өткенін – сол өкінішсіз өтпелі өткенінің қимас қымғуыт шақтарын іздеп, ұзақты күні салқар сахараны кезетінді. Шудасы желпілдеп, маң-маң басып, белгісіз бұлыңғыр да буалдыр үлпілдек үміттің жетегінде шеру тартатын. Алпамсадай алып сыртқы пошымына қарап, дүние өртеніп кетсе де, елең етіп ескеріп санаққа да, санатқа да парықтамайтын төрт аяқты күйіс қайырғыш түлікті ғана елестете алар едің көз алдыңа. Бірақ Бура тіпті де кəперсіз, дүңген мақұлық емес. Ол иісі жануарға тəн тілсіз əрі түсініксіз қиналысты басынан қысқа күнде қырық рет кешер еді. Түйе атаулы жылауық деген ұғымға сайып, Бураның тостағандай бұлтиған мөлдір көзіне тесілсеңіз, кешкі алаудай шапақтанған шарасының жиек-жиегі тым құрыса шыланғанын да байқай алмайсыз. Бура «ағайындарынан» айырылып думанды шақтарын толастатқанымен, не жылаған, не боздаған емес. Қараған басы бүрлеп, көк тебінденгеннен бері, саяқсып ауылға жоламай жүр. Ауылға жоламай жүргені – осынау тəй-тəйлап аяқтандырып, үкілеп өсірген туған ауылын менсінбегендігі ме. Жо-жоқ. Ол бұл ауылдай жаннатты жерді дүниенің қай-қай түкпірінен де таба алмақ емес. Бура бұл ауылдан тек соңғы кезде ғана əбден түңілген. Түңілмес еді – екі көзін мөлдіретіп қойып, енесі – інгенді сойып жеді. Түңілмес еді – ауылда бір шоқ үркердей қараң-құраң болып жүрген ағайын-туғандарын Бұқтырмадан өткізіп, арғы ауылға айдап жіберді. «Осыншама бақандап қуып, босқындататын, телім-телімдерін шығарып алапестей аластағандай, не жазды адамдарға; жазығы ғасырлар бойы табанынан таусылып тіршілік жүгін арқалап келгені ме; сырты жүн, іші боқ хайуан аталатын түйенің бұл пəниден көрмегені бар ма еді; əттең-ай, олардың тілі жоқ, адамдай жетілген ойы жоқ… əйтпесе… əйтпесе жалпақ жаһаннан көріп-білгенін тау бұлағындай тасқындатып сырғып шертер ме еді; ақыл мен ар-ожданды адамдарға-ақ берсінші; қышыма жегізіп Жаманашының бөктеріне емін-еркін қоя берсе етті; тіпті əжетке жараудан қалсын-ақ, топандай тоздырып, заман желіне ұшырмай қара басын қалдырса етті». Бура бұлайша əсте де сезінген жоқ өзін. Егер дəл осылайша ойлап бағамдаса, түйсігіне түйсе, бұл күйге душар болмас қой.
Өкініштісі де сол ғой, момындығы ғой, есінің жоқтығы əрі дəрменсіздігі ғой. Ендеше, есі барларға не жорық…
Хайуан екеш хайуан да аңсап сағына алады екен… Алты ай қыс ауыл қайдасың демеген Бура, жаз туып, көк шыға, əдепкі əдеттерінше тауға тартқан.
Алтайдың етегін табиғат кең, молынан пішкен. Қырық рудың елі жиналса да, қойын-қоншы мен қойнау-қойнауы жым-жылас қылғып қоятын. Ұшар басынан ағараңдаған қары мен ақ түбіттенген бұлты арылмайтын асқар Алтайдың етегі жайсаң, жадыраңқы, Арқаның даласынша еркін көсіліп жататын. Тау бөктеріндегі қалың нөпір қарағай да қаптай қаумалай келіп, кілт көмкерілетін; соңғы бір жылдары жуық маңдағы ағаш атаулы мінтеліп, құйрық-жалдан айырылған жылқыдай-ақ таудың қапталына қарай үрке қашып кетіскен. Ойда тұрып тау төскейіндегі орманға көз тастасаң, бағзыдағы сыпыра жыныстың іріген сүттей бөлек-салақ қалған ірімтігін аңғарасың.
Алтайдан ызыңдаған жетімек жел үзілмейтін. Желемік ессе болды, ақселеу жамылған дала төсі қыбырлап, орамалын бұлғап тұрған сансыз қыз-келіншекке тым ұқсап кетуші еді. Кей ретте бұл дала асау толқынды алтын ағысқа, асығыс ағысқа ұқсайтын. Алтайдың осынау бір жалпақ қойнауы да көбінесе бостан-бос, иесіз иен-тегін мелшиіп жатар еді. Жаз шығып, ел жайлауға көшкен сəттерде ғана бойына қан жүгіріп, серпіліп сергитін. Оқта-текте кезігетін шоқаттар болмаса, тау етегіне ілінгенше мынау дала тұлдырсыз, бедірейген бетпақ. Анда-санда ескі тамның, не обашықтың омырайған орны ғана көзге тиек болар. Əйтпесе тоқтының жабағысындай, тіпті жауыр аттың қапталындай ағараңдап, ойдым-ойдым боп сортаңданып кететін қылығы да бар бұл өлкенің.
Туған жерінің осы іспетті бірде жайсаң да жасаң, бірде кенезесі кепкен аңырақай дидары Бураны жалықтырып, мезі етіп көрген жоқ. Кең даланың суығына тоңып, ыстығына көнген хайуан тіршілік кешкен жерін сүреңсіз сұсты күй жайлап, жұтынған жұрттың тықыры таянған сайын шиыршық атып, жауынға тиген қыл арқандай ширап алатын. Қазір де құтын қашырмай жапырайған жотаны табанының астына тастап, маң-маң басып барады.
Төр жайлауға қарай суыртпақтанып кете барған соқтырмасы көп соқпақ пен Бураның тұңғыш рет жүруі емес-ті. Жалғыз, құрбы-құрдассыз жүруі ғана. Ол бұдан бұрынғы от-оттап, су ішіп өткен жылдарында бұл жолмен тек жайраңдай басып, тайраңдап қана өткен. Көк шыға, мұқым ел жапа-тармағай жайлауға көшкенде, бұлар да тобын жазбастан аттанысатын. Көшке көніккен кəрі кəнікті атандар болмаса, бура-тайлақтарға көбінесе тиіспейтін еді. Ал бұлар қайыру-қолды қажетсінбей-ақ, бұта-қарағанның басын шала, Өскелеңге лыпып өздері жетіп баратын. Сосын қоңыр күз туып, ел ойға ауа көшкенде, тағы да келген соқпағымен ырғала басып, қайтқан тырнадай ауылға шұбатылатын. Ал жаздай жонның сонысын жеп тойынған түйелердің басы көз көрімнен мен мұндалайтын. Жүк арта-арта əбден ығыр қылып, мылжа-мылжасын шығарып тастаған атан мен інгендердің өркешіне дейін жауыннан кейінгі жауқазындай едірейісе қалатын. Ол да бір дəурен екен-ау.
Бура Тасшоқының асуына келгенде, жүрісін ірікті. Осы тұсқа енесі де аялдап, мұны бір дем емізіп алатын. Əлде сол бота шағы есіне түсті ме, əлде күні бойғы изең-изең жүріс ерқашты етіп шаршатты ма, ұзақ аялдады. Бұйда жырым-жырымын шығарған танауы саңырайып, əр шөптің басын бір шалғаны болмаса, бірде-бірін сүйсініп жемеді. Құрықтай мойнын созып, ендігі асатын алып асуға ұзақ телмірді. Сосын басын самарқау бұрып артына қарады. Тасшоқының қамшылар жақ ықтасынында ескі қыстау бар. Қыстыгүні мұнда бір қора қой қыстайды да, жер қарая, таудың арғы бетіне асып кететін. Енді Бура осы қораға беттеді. Бір отар қойдың қыстайғы қиы тау болып үйіліп жатыр. Əр тұста шананың шанағы мен қанаты, түбі ойылған бөтелке мен ескі шелек, керзі етіктің қонышы жоқ басы шашылып, онсыз да иесіз қаңырап тұрған қыстауды сұрқайландырып жіберген. Сарсыған саздаудың сасық иіс-қоңысы қолқаны қабады.
Бура маймаңдай басып теректен ырып жасаған науаға барады. Күн көзінде қалып, əбден қаңсып, ырсиып-ырсиып айырылып кеткен екен. Түндегі нөсердің сарқыны болар, сүтсіз шайдай тобылғы түсті су бір жақ басында іркіліп тұр. Науаның екінші жақ басында ескіден ери-ери əбден қақ болып қатып қалған тұздың жұрнағы бар. Ащылаған түйе мойнын былқ еткізіп босатып, басын науаға тастай салды. Қара май сіңген бе, əйтеуір, сапасызданып бұзылған ащы Бураны түшіркендірмеді білем, ернін жыбырлатып, басын ырғап-ырғап жіберді де, пысқырды-ай кеп. Бұдан соң үңірейіп саңырайған қораға бет алды. Түндегі жауын қойбатпақтап тастаған көңнің бетінде қара құрым боп қаптай қонып отырған сарбас шыбындар түйенің жалпақ табаны былш-былш тигенде, жау қуғандай ызың етісіп, екінші бір жерге барып қонысады. Қораның үстіне қалың алабота мен шабата өсіпті. Қыстан қалған сабанның сояулары жатыр. Бура түк таппағандай уықтай мойнын созып, əлгі сояу-сояу сабанды күрт-күрт шайнап біраз аялдады. Енді бір мəурітте желқом қажай-қажай ақ жемін шығарып, артынша ақшулан жүн өсіп, оттың орнындай ойымданған қапталын ағаш үйдің бұрышына үйкеп-үйкеп алды да, Тасшоқының басына бет түзеді.
Тасшоқының басына бет түзеген Бура алыстан қарағанда, қыбырлап бара жатқан алып қоңыз іспетті, мынау іштен тынып бойкүйез жатқан бел-белестің ендігі бір тіршілігі, бар үміт-арманы секілді; баяны жоқ екіталай пəнидің уақыт, заман ағысына деген ең ақырғы, ең зілді ашу-кегін де сол қара Бура арқалап бара жатқандай еді. Түйе өзінің бұл дəуірге əлі де керектігін, қазіргі қақпай көріп қаңғыруы шаруашылық басшыларының келте ұғым-түсініктері екенін қайдан білсін. Дүлей қысастық əбден меңдеп алған соң, қайтқан көңіл, кесапаты мол кекті жүрісті таңдап алған. Туған жер, өскен елге ренжіген хайуан түгіл, ер-азамат та осындай сандалбай қашып-пысудың, жорасыз жортудың талай-талай дəмін татқан ғой.
Бура Тасшоқының кезеңіне ілінгенде, күн екіндікке таяған. Енді осы кезеңнен төр жайлаудың бергі беті шым-шымдап басталады да үйір-үйір қарағайды бөктеріп алған сансыз бел-белестер əрмен қарай созылып, мінгесіп-ұштасып кете барады. Төр жайлауда найзадайын шаншылған құзар, шақпақ тасты жақпарлар жоқ. Бөртек-бөртек, құрақты дөңдер ғана.
Бураның ұзақ-сонар итің-итің жүріс ала бастаған бойы сергіп салды. Қарайрықтың өзінен-өзі шаптығып, тұлан тұтып бұлқына аққан бұлағынан су ішіп алды. Бұлақ бойын қуалай өскен балдырды бытпырлата шайнап, бір сəт тұрған. Бірақ көп аялдаған жоқ. Əр ойпаңда шөп шықпай сарғылттанып жатқан ескі жұртты, киіз үйдің орнын иіскелеп сəйір жасады. Бұл ескі жұрттан жоқ іздегендей айналсоқтап көпке дейін жырақтана алмады. Ұясына қызара бөртіп бара жатқан күн де, сай жақтағы құрбақаның шұрылы да, орманды басына көтере əупілдеген елік те – бəрі-бəрі де алаң қылған жоқ. Елпектей басып киіз үйдің орнын иіскелей берді, иіскелей берді. Күнге кеуіп сартап болып қалған ат байлайтын мама ағаштың басында жарбиған бір-екі қарға отыр еді.
Сендерге не жоқ, құстың қоры, дегендей ұшырып жіберді де, кеңсірігін қасыды.
Қара Бураның есіне əлдене түскендей, артына қайта қайрылып, ескі жұрттың орнына көз сата тағы да қараған…
«Əнеу, жер ошақтың оты бықсып қайта тұтана бастады, əнеу, бақанға керме тартылды да, бірінен-бірі өтетін он бес ат қатарынан байланды, əнеу, көгендегі қозыны қараңыз – қозыны; əне, киіз үйден түйеші Əбіш шықты, қолында бұйдасы бар. Бірақ Бура осынау бірсін-бірсін жаңғырып бара жатқан колхозды ауылдан тек қана өз тобын – өз туысын таппады. Əлдеқайдан, қалың қорымдардың арасынан жас ботаның əлсіз үні естілгендей болды». Селк ете қалған Бура танауын жыбырлатып, пысқырып еді, əлгіндегі ғайыптан пайда болған бар көрініс, сыңсыған үн ізім-қайым жоғалды.
Сағыныштай сарғайған ескі жұрт қана жатыр…
Тау іші салқын тартайын деді. Түстіктен майда жел тұрып, қызғалдақтың басы изеңдеді.
Бура жайлаудағы ескі жұртты да місе тұтпады. Қоңылтақсып шырғалай алмай тау басына тартқан-ды. Жасынан тайраңдап өскен жері ғой; əр бұта-қарағаны, тау-тасы таныс; көзге жылы ұшырап тұратын ыстық. Əйтсе де Бура бүгін бір оқыс қимыл жасаған. Жыл сайын үйір-үйір боп топталып кеп, топырлап мəз-мейрам тілекпен емін-еркін аралап жүрсе де, мынау таудың басына шықпапты. Өз қызықтары өздерінде: етектің соны оты тұрғанда, тау басынан не алсын. Егер жалғыздық жаныңды жегідей жеп, сүліктей сорып меңдеп алса, адам да өз-өзінен мəңгіргендей албаты лағып, беті ауған жаққа сандала бермей ме? Түйенің басында да дəл осындай сарсаң хал бар-тын. Екі тілерсегі талып, мойны үзілердей ұйып тұрса да, бар қуатын тəрк етіп тау басына шықты. Тау басына шығып еді, ойдағы ел аяғының астында қалды. Əне, бұлтақтай ағып Бұқтырма жатыр. Суы аққұла. Əне, қалың мұнарға шомып туған ауылы, өскен елі жатыр. Бура туған ауылын көптен бері көрген жоқ еді. Бұрынғыдай емес бүрісіп, жұтаң тартып кеткен сықылданды. Мүмкін, ауылдың жоқ-жұтаңдығы өзі ішінде тайраңдай басып жүргенде сезілмеген де шығар. Мүмкін, өз көңіліне, боқ жеген иттей қайтқан көңіл күйіне сайып, базарлы ауылдың барын көре алмай тұрған шығар. Бура ой-қырдағы бар əлемге жіті, сергек көз тастады. Мойнын созып, төрт құбылаға бірдей үздіге телмірген. Апыр-ай, бұрын неге байқамаған. Мына Ұлытаудың басында көштің сартаптанған жолы бар екен-ау. Бұл – қайдан басталып, қай-қайда кететін жол. Бұл кімнің жолы, ненің жолы, кімдер жүрген жол?
Ғажап-ау, қу-мекиен, иен-тегін таз басты тауда ұзыннан-ұзақ құр жіптей шұбатылып кете берген көштің сілемі бар. Небір ықылым заман өтсе де, көмескіленбей, шөп шықпастан сайрап жатқан сүрлеу Бураның бұрынды-соңды көрген жолдары іспетті емес, өзгеше еді. Бұл сүрлеумен Бураның өзі де, кешегі торғайдай тозып кеткен ағайын-туғаны да жүрген жоқ. Бұл жолмен бағзы дəуірдегі атан-інгендер жүріпті, солар салған жол. Солардың арқа еті арша, борбай еті борша болып, жалпақ табандары сартаптаған жол. Иə, олар сонда да жұмыр басты пенделерге қызмет етіп, жұмыр басты пенделердің қайғы-қуанышын арқалап өтпеп пе еді осы сүрлеумен. Осы сүрлеумен сол өз-өздерімен қырқыса беретін адамдарды талай-талай алып қашқан жау қолына тастамай, анасыз жетім қалған сəбидің таңдайына уыз сүтін тамызған да, аруағыңнан айналдым, аруаналар, сендер едіңдер ғой.
«Жосылған жол, біз құрыдық, сен қалдың. Бірақ түйе салған, түйеден қалған белгі екендігін ерсі санамай еске алармысың…».
Бураның, əйтеуір, бір жері сыздағандай, көз жанары шатынап, тау басындағы бағзы көштің жолымен əрі-бері сенделіп жүріп алды. Тіпті жата қалып аунағысы да келді. Тарпаң-тарпаң таптағысы, жаңартқысы келді ме… Егер үстіне ауыл-аймақтың жүгін түгел артып, мынау қан тамырындай ескі сүрлеумен нелер қиырға тартсаң да миземес едім дегісі келді-ақ. Əттең, дей алмайды ғой хайуан.
Күн ұясына қонып тынған. Бірақ түйе тұрған тау басынан алтын алауын жиып алған жоқ. Маздатады.
Бура көш жолымен сенделіп көп жүрді. Оттауға да зауқы шапқан жоқ.
Бура ескі көш жолын ұзақ, тым-тым ұзақ иіскеді де, есейген шағында тұңғыш рет боздады. Ұзақ боздады. Ол бұлайша бота шағында ғана бір рет боздаған. Онда да енесін жайлауға ащы артып кетіп, екі күн зарыға күткенде, қарны ашқанда боздаған. Сүрлеуді иіскеп, боздап тұрған түйенің көзіне мөлтілдеп жас іркілді. Бұл да бұдан сандаған жыл бұрын шыққан мөлдір де саф таза көз жасының екінші қайталануы.
…Оның бота шағы тым-тым еркетотай қылықты басталған-ды. Алғаш дүниеге келгенде, мұны енесінен шаранасы кеппей жатып бөлек алып, оң жаққа құрып тастаған қызыл бəтес шымылдықтың ішіне көтеріп кіргізген. Он күн бойы еш аламанға көрсетпей, оңаша ұстаған. Түйеші Əбіштің тарғыл қатыны ұзақты күн маңынан кетпей бағып-қаққан. Тыртиған бота қарақаттай көзін жаудыратып тəй-тəй басқанда, өзегі түссін деп атан қойдың тегенедей құйрығын ерітіп іштіріп еді.
Бота алғаш рет далаға шыққанда, маужыраған маңатты тосырқап тұрмай, əлсіз буындарын дір-дір еткізіп ойнақшып əлінше тыраңдаған еді. Мойнынан құшақтап, басынан сипалаған түйеші Əбіш пен тарғыл кемпірдің қоламтадай ыстық қолдары Бураның мəңгі бақи көмескіленбейтін бақытты шағы ғой. Дəурен-ай десеңші…
Түйенің көзінен бұршақтап аққан жас көш жолына сырт-сырт үзіліп түсіп жатқан, түсіп жатқан.
Енесін жонға ащы артып əкеткен түні жаңа ғана аяқтанған қара Бура адасып қалып еді. Боз інгенді іздеп боздап жүріп, қайыңды қалың тоғайдың арасына кіріп кетіпті. Ай сүттей жарық болатын. Тағатсыз ұшып-қонған шымшық зəрені алады. Анық қорқыныш билеген бота боздауды қойып, бас сауғасына көшкен. Бірақ ұшқалақ шымшық та, жын қаққандай секектей беретін қоян да – тіпті табиғаттың бұрынды-соңды көріп-білмеген небір кереметтері ботаны тым өгейсітпей, таңғажайып түске айналып, ет үйренісіп кетіп еді. Бір мезгілде ботаның қылша мойнына түнгі ауаны тілгілей жыланша ысылдап келген қыл арқан оралды да, тегеурінді күшпен жұлқа тартып бұрап түсірді. Бота одан əрі не болғанын білмейді. Алқымынан шеңгелдей қысқан тылсым күштің құдіретіне бағынып, жан тəсілім беруге ырықтанған. Оның есінде қалғаны – мұны тұзақтаған жұмбақты адамдар Əбіш емес, басқа жұрт екені ғана… есін жиып, көзін ашқанда, əлгі жезтырнақты қолдар ауыртып кеткен мойнын Əбіштің жұмсақ алақаны сипап отыр екен. Құлағына тағы да өз иесінің түсінікті күбір-күбір сөздері шалынды.
«…Ботақаным… қайтып қана бауыздамақ сені… сенің жылбысқа етің қыстан шығара ма… тас жүректер-ай, ботаның етін жегенше, баланың етін жемеймісің… жауыздар-ай!..».
Түйенің көзінен бұршақтап аққан жас көш жолына сырт-сырт үзіліп түсіп жатқан, түсіп жатқан…
Алыстан талып жеткен түнгі сарын мынау мейіздей қатып-семіп жатқан меңіреу тау-тастың бойына қан жүгірткендей, жан бітіргендей болды. Тау иығына сібірлеп тұрған қара көк мұнар пердесі де бір сəт желп етіп, желпініп қалғандай болды. Бұл – жылқышының айғайы, күзетшінің айтағы немесе түн құсының сұңқылы емес, тым-тым биіктен үзіліп естілген əсем əннің екпінді қайырмасы секілді… Түн түндігін дір еткізген мұңды əуез Тасшоқының қыр арқасынан шымырлап шығып, мұқым тау əулетін əлдилеп тұр. Үп еткен жел жоқ. Тымық. Сымпылдай ұшқан үйректердің бат-бағы, шегірткенің шырылы, ешкішектің үні жым болған, шерменде əн əуелеген сайын, тұншығып қала береді, құмыға береді. Алтай самалындай қоңыр, əрі майда, əрі мұңды, терең тебіреніс, өкінішті қаяуға толы жаяу адамның жайымен шырқап салған əуез даусы іспетті əсем үн. Тау қарауытып жатыр. Тау селт етпестей сілтідей тынып жатыр. Орман тылсым, орман үнсіз. Орман үдемелі үнге ден қойған. Орман ойланып тұр. Тау… Тəкаппар тау мынау құдіретті үн алдында кербез басын əлдеқашан иген. Мынау мұңды дауыс аза бойыңды қаза етеді. Сай-сүйегіңді сырқырата боздаған үн тіпті қарабайыр түйелердің қарапайым боздауындай емес, басқа соны, тың дауыс-тын. Сіз бұл үнді еш əуенге ұқсата алмас едіңіз. Бұл – жүректің, сағыныштың, аңсардың ардақты зары ма… Жо-жоқ. Бұл – ауыр өкпе-наздың, еркеліктің əншейін əм зеріккенде шығаратын жарықшақ үні ме… Жо-жоқ. Əлде жоқтау шығар. Олай да емес. Бұл – ертеңгі атар таңның бұлыңғыр бұлаң құйрық болашағының түңіліс мұңы. Жан тəсілімі алдындағы, ұрпақтары алдындағы іш құса қайғының шеменделген шерменде запыраны еді. Иə, бұл боздау – бірегей əсте қайталанбайтын боздау. Мынау күңірене, зарлана шығып кешкі ауаға шымырлап тарап жатқан үнде «Елім-айдың» да, «Балталы, Бағаналы ел аман болдың» да, «Қорланның» да, «Жанботаның» да, тіпті қауқарсыз қағілез əн «Меңдіқыз» бен «Айшажанның» да əуеніне ұқсастығы жоқ, басқа бір құдіретті, тосын күй іспеттес.
Тау қара барқындалып, түн түндігі жабылып келе жатыр еді.
Бура көш жолында сең соққандай сенделіп, түннің бір уағына дейін боздап жүрген…
ІІ
Қара Бураның ұдайы бір жыл жоғалуы Қазақбай ауылына өзгеріс енгізген жоқ. Қызылқайыңды мінбелей отырған бір тайпалы ел сонау бір етек-жеңдері жинақы үйіріліп отырған шақтарында, түйе түгіл түйме жоғалса да, əп-сəтте естіп, у ішсең руыңмен дегендей, аттан сала іздеп, ұзатпай тауып алатын. Кейінгі кезде үй санының өрескел көбеюі, шаруаның шанағы шалқи молаюы ма, бірі өліп қалса да, араға ай салып есік ашыспайтын қылық пайда болған.
Қара Бураның ұшты-күйлі ғайып болғаны – тек Əбіштің ғана арқасына аяздай бататын. Жасынан түйе бағып үйреніп қалғандығынан ба, осы ауылдан сол ескі көз түліктің қарасы өшкенде, томырық мінезіне басып, ауыл ағаларын жеті атасынан түсіп сыбап алған. Қайтып жұмысқа да шықпады. Жұмысқа шық деп бригадир өзі іздеп келедімен біраз аялдап еді, тіпті олар мұның ауласының түбімен жүрмейтін болды. Əбіштің жанын қинаған осы жайт еді. Ежелден сүйекке сіңді қырсықтығы бар қиқар шал төбемді мен де көрсетпейін бұларға дегендей, «сегізкөзім сырқырап жүр», – деп, кəдімгідей төсек тартып, саржамбас боп жатып алған. Оқта-текте немересі келіп:
– Ата, қара Бура Тасшоқының бауырында жүр дейді. Төрқуысқа өтіп кетіпті дейді, – деген дүңк-дүңк хабар жеткізетін. Өзі іздеп шықсам ба деп те сан рет оқталған. Құрғыр аяқ артар көлігі жоқ болған соң, бөлімше бастықтарына ат сұрап баруға арланып, қорына беретін.
Бірде немересі:
– Ата, қара Бураны қасқыр жеп кетіпті, – деді. Төсектен шаптыға атып тұрған шал шықшытын шатынатып:
– Көкіме, ақырзаманның баласы. Қара Бура екеуміз өз ажалымыздан өлмесек, ит-құсқа жем болмаймыз, – деп қатты зекіп тастаған.
Бура бұл шақта Нарынның құмдауына өтіп кетіп еді. Қаңтар айы туып, күн əбден суып алған. Алақаншықтана суси ұйтқыған боран бірнеше күннен бері ішін тартып, ышқына соғып тұр. Ықтасыны жоқ ысқаяқ жердің самаладай-самаладай шилері, жел қаққан сайын, мұңлы үн шығарып, ызың-ызың шулайтын. Сиыр таңдайлана күпселеніп қалған күртік қар Бураның жалпақ табаны тиген сайын, морт-морт опырылып сынады. Суық қанша қысқанымен, көпке дейін ырық бермей, сүйекке қарысып жүрді. Көбінесе жер шалып, бұта-талдың басын сүзіп қайтатын да, аздап болса да қақтама күнгей дегендей Нарынның теміржол жақ беткейінде жүретін. Нарынның бұл жағы кең төскей болушы еді, əмбесінде қалың шилі, тебіндікке шүйгін келетін тепсең.
Сонау бір жылдары осы өңірден кен ашылып, теміржол түспек болғанда, Бура не бары тайлақ еді. Тайлақ əлі жас, белі кетеді деген жоқ. Мұны да Əбішке ұстаттырып шанаға үйреткен. Бұл – ағасы Ақбастай емес жуастау болды да, жұмысшы қолына тез көндікті. Теміржолға қажетті құмтас, бөренені, сосын зілдей-зілдей рельстерді сүйреп жанталасқан. Сонда Қазақбай ауылында ботадан өзге қоқаң еткен түйе қалдырмай, түгелдей дерлік теміржолға айдаған. Сонда қара Бураның ағайын-туғандары аттай бір жыл бойы мынау ұзыннан-ұзақ Шығысқа жарыса жосылып кете берген теміржолдың ауыртпалықтан қылша мойны талша болып тартқан. Тегінде, мұнан соң түйелер мұндай ауыр еңбекке жегілген жоқ. Ақырғысы еді бұл.
Қара Бура жасынан момындау болды да, пішілмей қалды. Лағнат мұның үлкені еді. Ақпан айы туған сайын, аузынан ақ көбігін ағызып жарайтын. Ал жынданып алса, мынау өңірдің тайлы-таяғын қалдырмай тырқырата қуатын. Бір жылы февраль айында аса қатты құтырып еді. Ежелден салқын қанды қара Бура Ақбас құсап шаптыға жараған жоқ. Аузынан ақ көбігін ағызып, бу-булап өз бетінше тыныш жүретін. Совхоздың бас зоотехигі бұлардың қасынан қаперсіз желе жортып өте бергенде, Ақбас қапелімде тұра қуған. Зоотехник аты – дəмелі жүйріктің бірі екен, көпке дейін құйрық тістетпей ұзап кетті. Бірақ екілене өршеленіп алған Ақбас қуып жетуге айналған. Ал қуып жетсе, кеудесімен бір ұрып мұрттай ұшырады да, қос тізесімен езіп, үстіне жатып алар еді. Абиыр болғанда, зоотехник Қарасудың көк тайғақ боп қатып жатқан мұзынан тағалы атпен тасыр-тұсыр құйынперен шауып өте шықты. Ақбас та қаймығар емес. Көк қасқа мұздан май табаны тайып өте алмайтынын алдын ала сезді ме, екпіндей кеп əнейімен қос тізерлей қалды. Артқы екі аяғын талтақ ұстап қос тізерлей қалған түйе, əуелгі екпінімен арғы бетке зыр етіп өте шықты. Ақбастан мұндай ерен ерлік күтпеген ол жаны шығып орманға қашты. Ол қашып құтыла алмайтын еді. Ақбас бəрібір құтқармас еді. Зоотехник осыны сезді. Астындағы атын сауырына бір сап қоя берді де, бойы көкке тірелген зəулім теректің басына мысықша тырмысып шығып кетті қас қағымда. Ақбас бура терекке кеп ұзақ үйкелді. Көкке қарады. Жынын шашып жер тарпыды. Сосын теректің түбіне жайымен шөгіп, сен шыдасаң мен шыдадым дегендей, жайбарақат күйсеп кеткен.
Əбіш ауырып аудандық ауруханада жатыр еді. Зоотехникті құтқаратын басқадай лаждың жоқтығы болды ма, Ақбас Бураны атып өлтіріп, зоотехникті ағаш басынан түсіріп алған. Ал қара Бура болса мұндай тентектіктен бойын аулақ ұстайды.
Неге екені белгісіз, осы жылдың қаңтар айында бұған да төтенше желік пайда болды. Екі апта қурай басын тістемей, өз-өзінен жараған, көзі шелиіп, құрдың артынша қызара беріп айналып шығып кетті. Бір жыл ұдайы жалғыз жүріп, əбден іш құса боп жалықты ма, əлде арынды ашудың қысастығына басты ма, тісін қайрап, аузынан дамыл-дамыл ақ көбігін ағызатын. Шолақ құйрығын тағатсыз сабап, екі бұтын кезек қайшылап көбіктендіріп, үнемі буы бұрқырап бусанып жүретін. Басын жерге салмастан қайқайтқан қалпы бу-булап, ертеден қара кешке дейін дамыл таппай безектей береді. Көзіне көлденең көк атты көрінсе, əлдеқашан шайнап тастар-ды. Өкінішке орай, мынау мекиеннен өзінен басқа ұшқан құс, жүгірген аң таппады.
Бура ағасынша жынданды. Бірақ Ақбас атан əншейін пəтуасыз, мұңсыз-қамсыз еріккеннен еркексініп құтырынса, бұл жалғыздықтың зары əбден өткендіктен шамырқанғандай, шамданғандай. Бірнеше күн аузына нəр салмағандықтан шығар – екі көзі шұңғыл тартып, ішіне кіріп кеткен-ді. Қарны қабысқан. Былтырғы жылдың жүні қырқылмай, жаңа жүнмен араласып, иттің құйрығынша сабалақтанып қалған.
Бура, əсіресе, бүгінгі күні ес жия алмай шабынды. Бу-буы да көбейіп аласұрған. Қыстың тұсаудай ғана қысқа күні жаңа ғана көтерілген еді, енді, əне, батып барады. Дала мелшиіп, мəңгі өлі күйге енгендей сарынсыз жатыр. Түндегі итше ұлыған алақаншық боран жаңа ғана толас тауып, сап болған. Шабынған Бура ақ кебінді айқара жамылып, көсіле түсіп жатқан даладан қыбыр еткен жан іздеді. Құныға, көзін қарықтыра ұзақ іздеді. Таппады. Шаптығып жер тарпыды. Боздайын деп еді, көмейі көбікке толып, үнін шығара алмады. Жылайын деп еді, тулақтай көні кеуіп қалған көз жанары шыланған жоқ. Өлейін-ақ деп еді, көпті көрген көмпіс сірне жан көнбеді. Енді қайтпек? Енді қайда бармақ? Ауылға ма? Құдай көрсетпесін… Ақбастай атып тастар. Атып тастар… Бу-бу… бу-бу… Енді қайтпек – гу-гу… гу-гу… гу паровоздың ышқына боздаған даусын құлағы шалды. Бірақ оны поезд деп ойлаған жоқ. Əйтеуір, дауыс шығады ғой. Таныс дауыс өзі. Бура солай беттеді.
Түтінін будақтатып сонадайдан қарауытқан поезд таңдайын тақылдатып əлінше ұшыртып келеді. Үстіне тиеп алған ағаш, көмір, темір-терсегі бар вагондар жұлдызша ағып, Бураға қатарласа берді. Ұрынарға қара таба алмай, сандалбай күйде жүрген ол поездың өкпе тұсынан атой салды. Тіпті өзінен зор алпауыт күш екенін, қан қақсатып кететінін еске алғысы жоқ. Бар күш-қуатын жиып, мойнын иіп алып тұра шапты. Өлген-тірілгеніне қарамай шапты. Аузынан аққан ақ көбік жерге мұз боп түседі. Қос танауынан буы будақ-будақ атқылап, тарпаңдап кеп таптап тастамақ болды, мынау зу-зу, гу-гу еткен дəу қараны. Шаптығып кеп кеудесімен бір қойып еді, өзін сонадай жерге итше бұрап лақтырып жіберді де, бір қышқырып зытып отырды. Бураның кеуде сүйегінің быт-шыты шықты. Езуінен қанды көбік ағып, біразға дейін тырбаңдап жатты. Бұдан соң аяғын қатты бір серпіп, жан тəсілім берді. Бірақ қазбауыр бұлттар қалқыған көгілдір аспанның суреті түскен қимылсыз қара көзден жып-жылы жас, таза əрі күнəсіз жас ағып жатты…
Өзегі талып өртеніп жүріп, өрге сүйреп жеткізген баланың аяулы анасына қол жұмсағанын көргеніңіз бар ма? «Өз қолыңды өзің кесемісің» деп, іштен егіліп, қорлана жыламаушы ма еді. Сонда ардақ ананың көз жасын таңдайыңа тамызып татып көрсең ғой. Қара Бураның қазіргі халі дəл осындай еді.
Даланы да бір сəт қайғы басқандай, түйесіз жетімсіреп қалғандай еді. Қазақбай ауылының ең соңғы түйесі осылайша ит жемі болып қазаға ұшыраған.
Төсек тартып жатқан Əбіш шал Бураның поезға ұрынып өлгенін естіген соң, бөлімше басқарушысына барып көлік сұраған.
– Хайуан болса да пайдасы көп тиіп еді. Сүйегін далаға қалдырмай, жеткізіп алайын. Тым құрыса шудасы кəдеге жарар, – деп еді, бастық:
– Кісі де өліп қалады. Сол жынды түйені атты үркітіп ауылға əкелеміз бе, – деп міз бақпаған. Меселдесі қайтқан Əбіш шал жүгенін артына ұстап, құр қол келді үйіне.
Бірақ қара Бураны шал ұмытқан жоқ-тын. Қардың шеті тесіліп, күн жылына, немересін ертіп Нарын құмына жаяу аттанған. Түйенің шыбын қонып, саси бастаған денесін жер қазып көмген. Арқалай келген діңгекшесіне «Бұл жерге поезға соғылып өлген қара Бура көмілді» дегізіп жаздырды да, түйенің басына сайғақ етіп орнатты. Бірақ сиялы қарындашпен жазылған немересінің шимайы, екі-үш рет жауын жауған соң, өшіп қалған еді.
Бұл тұстан күніне екі рет өкіріп-бақырып, өз құдіретіне өзі масаттанған поезд өтеді. Сол поездың ішінде рақат əрі жайлы орында тербетіліп отырған пенделер сонау құба белде қарайған жалғыз қазыққа көз салмайтын. Көз салса да землемердің орнатқан діңгегі деп ойлар еді. Олар мынау темір жолға, əсіресе, кімнің тері көп төгілгенін білер ме. Олар Қазақбай ауылында көрмеге қояр бір түйе қалмай, құрып кеткенін де біле бермейді. Иə, олар бейқам, мұңсыз-қамсыз өмірде, күндердің күні… қара Бураны да есіне алар…
Бұл тұстан таңдайы тақылдап поезд өткен сайын, бір рет боздап кететін. Əй, ол жер жастанған Бураны жоқтағаны дейсің бе?..
Поезд асығыс зулап барады… Тоқтататын күш жоқ!
Оралхан Бөкей