
Пікірталас шеберлігіне үйренудің жолдары
Көпшілік алдындағы сөз тәрізді, пікірталастағы сөздің күші – әсер ету мүмкіндігінде. Ой неғұрлым айқын, тіл неғұрлым нақты болса, оның әсер ету күші де соғұрлым мықты болады. Сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы – ой айқындылығынң басты шарттары. Сондықтан пікірталас мәдениетінің басты талабы сөздерді мағынасына сай орынды жұмсай білуімен байланысты.
Сөзді дәлдік болғанда шешеннің айтайын деген идеясы анық көрінеді. Әртүрлі құбылыстарды дәл бейнелей алатындай етіп сөздерді дұрыс таңдай алу сөздің тура, ауыспалы, келтірінді мағыналарын жетік білумен байланысты. Сөздерді мағыналарына сай дұрыс тіркестіре алуға дағдылану керек. Көп мағыналы сөздерді әртүрлі сипаттарына қарай қолдана алу, синонимдес сөздердің ішінен сөйлемдегі ойға қатыстылығын іріктей алу, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді орнымен қолдана білу, омоним сөздердің аражігін ажырата алу, антонимдерді жарастыра қолдануға үйрену дағдылары көп нәтиже береді.
Пікірталас – жастарды көшбасшылыққа баулудың бір жолы. Жеке тұлға болып қалыптасу үшін де жеке пікір болу керек. Ал жеке пікір айта білу мен ойыңды орынды жеткізу үшін пікірталас жарыстарына қатысқан абзал. Пікірталас жеке тұлғаның танымын кеңейтеді. Қазіргі іскер адамдарға қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді жете және жемісті талдай алу қабілеті қажет. Олар өз ойларын түсіндіре, дәлелдей алуы керек, қарсы жақтың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізуі тиіс. Сондықтан іскер адамдар сөзталас өнерін, пікірталас шеберлігін үйренуді мақсат етеді. Пікірталас шеберлігі дегенге жеткілікті, жан-жақты біліммен қоса, пікірталас түрлерін, мақсатын, олардың ерекшеліктері мен негізгі талаптарын, сөзталас мәдениетін, онда жиі қолданылатын амал-тәсілдерді жетік меңгеру жатады. Ал пікірталас жарыстарына қатысқанда ескерер жайттар болады. Біз бүгін пікірталас мәдениетіне жататын сол жайттарға тоқталатын боламыз. 1. Әсіресе ғылыми терминдерді шектен тыс қолданбаған жөн. 2. Пікірталасқа түскендердің бәріне бірдей қолданылған сөздер түсінікті болуы қажет. Кейде көпмағыналы сөздердің әсерінен түсінбестіктер орын алуы мүмкін. Сондықтан көпмағыналы сөздерді дұрыс іріктеп қолданбау сөйлеудегі қателікке ұрындырады. Сондықтан кейбір жағдайларда сөзді қандай мағынада жұмсап тұрғаныңды айтып қойған да жөн. Сөз мағыналарымен жұмыс істеу мақсатында түсіндірмелі және этимологиялық сөздіктерді жиі қолдану қажет. 3. Пікірталаста барлық пікірге бірдей қарсы шыға беруге болмайды. Кейде қарсыласыңның келтірген дәлеліне келіскен де дұрыс. Бірақ келісе отырып, ол дәлелдердің пікірталас тақырыбына тікелей қатысы жоқ екендігін түсіндіре алу қажет. Сөйтіп, өз көзқарасыңның дұрыстығын қорғай алу қажет. Егер қарсы жақтың келтірген дәлелдері ақылға сыйымды, орынды болса, оған қарсы шығудың керегі жоқ. Қасарысқан қыңырлық еш уақытта пікірталасқа нәтиже бермейді. 4. Пікірталас мәдениетінде қарсыласыңды құрметтеу, пікірін сыйлау, оны сабырлықпен тыңдай білу керек. Оның дәлеліне нанымды дәлелдермен тойтарыс беруге болады, бірақ дөрекі сөздермен, мазақ күлкімен жәбірлеуге, дауыс көтеріп ұрысуға мүлдем болмайды. Өзгелердің көзқарасын құрметтей білу – ойлы, ақылды, білімді адамдардың ісі. 5. Пікірталаста қызбалыққа салыну орынсыз. Эмоцияға берілген адам қарсы жақтың пікірін түсінуге, тыңдауға құлықсыз болады. Керісінше, салқынқанды, сабырлы, өзін-өзі ұстай алатын адам әр уақытта жеңіске жетеді. Себебі ол анық, айқын, байыпты ойлай алады. Сондықтан сабырлылықты пікірталаста сақтай білу – сайысшы үшін маңызды қасиет. 6. Көпшілік алдындағы сөз секілді, пікірталастағы сөздің күші – әсер ету мүмкіндігінде. Ол неғұрлым айқын, неғұрлым нақты болса әсер ету күші де соғұрлым күшті болады. Сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы – ой айқындылығының басты шарттары. Сондықтан пікірталас мәдениетінің басты талабы сөздерді мағынасына сай орынды жұмсай білу керек. 7. Пікірталаста ойды анық жеткізудің басты тәсілі – сөздің грамматикалық құрылысын меңгеру. Грамматиканың заңдылықтарын игеру сөйлемді мақсатына сай құру үшін керек. Ойды жеткізу тәсілдерін мәтінмен жұмыста үйренуге болады.
2 — тапсырма. «Пікірталас мәдениеті» дегенді қалай түсінесіздер? Осы ұғымды ашатындай ереже — анықтама құрап жазыңдар
Мақсаты: тақырыпты меңгеруге мотивация туғызу.
3 — тапсырма. Өздеріңіз күнделікті өмірден, БАҚ құралдарынан немесе мерзімді баспасөз беттерінен кездестіріп жүрген пікірталас түрлерін жазыңыздар.
Мақсаты: тақырыптың өмірмен байланысын таныту.
4 — тапсырма: Қазақ және орыс тілінде берілген пікірталас атауларын аудармасымен жұптап жазыңыздар Экраннан «Сөзталас, круглый стол, ойталқы, полемика, атыс, дебат, ойкөкпар, спор, пікірсайыс, дискуссия, дөңгелек үстел, диспут, айтыс» сөздері көрсетіліп тұр.
Мақсаты: пікірталас түрлері атауларын меңгерту.
5 — тапсырма. Пікірталасқа қатысушыға қойылатын талаптарды оқып, олардың ішіндегі өздеріңіз ең басты талап деп санайтын біреуіне түсінік беріңіздер.
Мақсаты: пікірталс мәдениеті талаптарымен таныстыру.
Айтыскерге қойылатын талаптар:
• Тақырыптан ауытқымау;
• Өзіндік айқын көзқарастың, позицияның болуы;
• Өзін — өзі дұрыс ұстай білуі;
• Сөйлеу шеберлігі;
• Жоғары мәдениеттілік (сөзге тоқтау, дауыс көтермеу, ашуланбау);
• Қарсыласын да, аудиторияны да сыйлау, т. б.;
• Қара басының намысымен қатар ортақ пікірге деген мүдделілік;
• Қарсыласына кезек беріп отыру;
• Регламент сақтау.
6 — тапсырма. Берілген сөз орамдарының қайсыларын пікірталас үстінде мүлде қолдануға болмайды деп санайсыздар? Себебін шешендікпен, сөз мәдениетімен байланыстырып түсіндіріңіздер
Мақсаты: алған білімдеріне сүйеніп, пікірталаста қолданылатын сөз орамдарын талғай алуға үйрету.
Өз пікірлерін өткен материалдарды пайдалана отырып бекіте алуы.
Топқа ұсынылатын сөз орамдары:
«Менің ойымша, Сіз бір нәрсеге мән бермей тұрған сияқтысыз», «Сөзіңізді нақтылай түспес пе екенсіз…». «Бұлай деуге мүлде болмайды», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні неде?»
Топқа ұсынылатын сөз орамдары:
«Сіздіңше, барлық шиеленіс біздің әрекетімізден басталады екен ғой…». «Басқа пәле тілден» деген, байқап сөйлеңіз, әйтпесе…», «Сөзіміз сұлу сарайдай, бірақ жылуы қандай?», «Ойланайықшы…»
7 — тапсырма. Серік Негимов пен Бернард Шоудың пікірлерін тірек етіп ұстанып және жоғарыда айтылған өз ойларыңызға сүйеніп, Демократиялық қоғамдағы пікірталастың маңызы туралы сабақ қорытындысын тұжырымдап жазыңыздар
Мақсаты: сабақта алған білімдерін қорыту.
— Айтылған ойлардан түйін жасай алуы.
1. Серік Негимов: «шешендіктің анасы — демократия».
2. Бернард Шоу: «егер қолында бір — бір алмасы бар екі адам сол алмаларын алмаса, онда бәрібір екеуін де бір — бірден алма қалар еді. Ал бір — бірден жаңа ойы бар екі адам бір — бірімен пікір алмасса, онда олардың әрқайсысында екі — екіден ой қалыптасады».