Ж.Ә. АЙМҰХАМБЕТ
филол.ғ.д.,Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры м.а.
Ш.АЙТМАТОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ МИФОПОЭТИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ
Мақалада Шыңғыс Айтматов прозасындағы мифопоэтикалық қолданыстар негізге алынып, олардың көркемдік-эстетикалық қызметі қарастырылады. Жазушы повестеріндегі мифологемдер жүйесі, олардың мәдени-тарихи формадағы мәні мен поэтикалық бейнелеудегі маңызды орны әдеби-теориялық тұрғыда талданады.
Түйін сөздер: мифтік-мистикалық желі, философиялық таным, Бұғы-ана, Әйел-балық, Лувр-үйрек, ақ бұлт, Шыңғыс хан, қаламгер гуманизмі.
Көркем әдебиеттегі мифологизм туралы сөз қозғағанда Ш.Айтматов шығармашылығына тоқталмай кету мүмкін емес. Көрнекті қаламгер шығармашылығына тән басты сипаттардың бірі
– мифтік, мистикалық сарындардың көркемдік-эстетикалық тұрғыда шеберлікпен пайдаланылуы дер едік.
«Айтматовтағы миф халықтық аңызды жай баяндап бере салу ғана емес және мифтік стилизация да емес. Суреткер қашан да мифтік аңыздауларды жоғары сатыға көтере мазмұндай отырып, бүгінгі күнге терең түсінікпен назар аударуды көздейді», — деп жазады В.В.Агеносов [1, 236].
Ш.Айтматовтың «Ақ кеме», «Боранды бекет», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет»,
«Шыңғысханның ақ бұлты» туындыларында мифопоэтикалық бейнелеулер терең мәнді философиялық толғаммен үндесе көрінген. Кеңестік кезеңде үстемдік құрған социалистік реализмнің қасаң қағидаларын қақырата бұзып, адамзаттық ұлы мұраттарды, өзекті мәселелерді бейнелеуде тың ізденіске барған Айтматовтың бұл туындыларындағы мифтік желілер көркем бей- нелеумен шебер ұштасып, жазушының қаламгерлік ұстанымын таныта түскен.
Ш.Айтматовтың мифопоэтикалық бейнелеулерге толы шығармаларының қатарында «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Ақ кеме», «Боранды бекет» туындыларын ерекше атауға болады. Ал, кезінде «Боранды бекет» романының мазмұнынан қысқартылып кеткен, кейіннен 1992 жылы
«Романға қосымша повесть» деген анықтамамен шет елдерде жарық көрген «Шыңғыс ханның ақ бұлты» хикаятының мифтік «қабаты» тіптен қалың.
«Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» үшеуін триптих деп атауға әбден болады. Бірінде – Ана-бұғы, екіншісінде – Әйел-балық туралы аңыздар шығармаға арқау болған. Кейіпкерлер де ұқсас, екеуінде де – ата мен немере. «Ақ кемедегі» Момын шал өте жуас, көнбіс адам болса, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеттегі» Орган шал – ақылды, іскер адам. Момын Ана-бұғы, Орган Әйел-балық туралы аңызға қалтқысыз сенеді. Осы сенім олардың адамшылық, ізгілік қасиеттерінің өлшеміне айналған. Олар үшін аңыз – айтыла салған бос қиял емес, халықтың рухани байлығы, ұғымы, санасы және тарихы», — дейді Айтматов шығармашылығы жайлы сұхбатында философ Ғ.Есім [2, 36].
«Теңіз жағалай жүргірген тарғыл төбет» хикаятының мазмұнын тереңдетіп тұрған мифопоэтикалық суреттеулер екені анық. Хикаяттың басталуының өзі бағзы миф әлеміне бастайды.
«Охот жағалауын тұтас жұтып жатқан тастай қараңғы суық түнде құрлық пен сулықтың ұзын бой- ына жайлаған екі зұлмат дүниенің дамылсыз мәңгі-бақи шайқасы толастамаған» деген сөздермен басталатын туындының кіріспесінде Күн мен Түннің құшағына кезек енген Дүниенің толастамас шайқасы философиялық толғаммен өріледі [3, 292]. Жердің жаралауы туралы миф мұнда Лувр үйрекпен байланыстырылады. Теңізга аттанар қарсаңдағы түндегі бала қиялы осы Лувр үйректің жерді «жаратуымен» байланысты өрбіген. Қаламгер архаикалық мифтердегі жасампаз қаһарман ретіндегі жаратушылықты өз құзырына алған Лувр үйрек туралы желіні жаңғыртады.
Миф поэтикасын зерттеуші Е.М.Мелетинский архаикалық, яғни ежелгі классикалық мифтердің басты белгілерін былай жіктеп көрсетеді: а) заттың мәнін оның пайда болуымен байланысты- ру; ә) оның қалай пайда болғанын әңгімелеу; б) дүниенің пайда болу тарихын баяндау [4, 142]. Ш.Айтматов повесіндегі Лувр үйрек туралы баян оның әуелде мүлде жалғыз болған, жұмыртқа салатын кезде мекен таппай сандалып, шетсіз-шексіз судың үстімен ұшқан, сөйтіп ақыр соңында суға қонып, төс жүнін жұлып ұя салған оқиғасынан басталады. «Әне, сол ұядан жер пайда бола бастаған. Жер жарықтық бірте-бірте ұлғайып, оның үстіне бірте-бірте жан-жануар, түрлі мақлұқат пайда бола бастапты» [3, 293]. Повесть оқиғасының ортасында осы Лувр үйрек, теңізге шыққан бір әулеттің үш буын өкілі тұман мен теңіздің тұтқынында қалғанда, Кириск баланың түсіне кіреді.
Лувр үйрек мифі хикаятта жалаң алынбаған. Онымен қабаттаса өрілетін Балық-әйел, Ақ үкі, көк тышқан туралы баяндар оқиға бояуын қалыңдата түскен.
Балық-әйел туралы оқиға да мифтік мазмұнымен көрінеді. Орган қарттың Балық-әйел тура- лы көретін қасиетті түсінің бастауы ерте-ерте күндердегі бір оқиғаға барып тіреледі. Ол аңыздық оқиғада Тарғыл төбет тауын жайлаған үш ағайындының үлкені бұғы-адамның қызына үйленсе, кенжесі орман адамының қызына үйленеді. Ал, туа ақсақ болып жаралған ортаншысы күндердің күнінде теңізден шыққан балық-әйелге тап болады. Алайда, аз-ақ сәтке бақытқа қолы жеткен ақсақ балықшы ол әйелден айрылып қалады. Теңізді жағалап, «Балық-әйелге көзіме бір көрінші» деп зар жылап жүргенде су кемерінде жалаңаш отырған сәбиге тап болады. Сөйтсе, бұл – оның балық- әйелден туған баласы екен. Әлем халықтары мифтерінде жиі кезедесетін сюжет – адам баласы мен пері қызының, оның ішінде су перісі қызының қосылып, ажырасуы.
Көне дәуірдегі адамдар өздерін аңнан немесе құстан, яғни бұғыдан, бөріден, киттен тарадық деп түсінгені біздерге жеткен мифтік әңгімелерден белгілі. Мысалы, қырғыз халқының бұғы-ана тура- лы мифіндегі тотемі – бұғы… Түркі тайпаларының бір тотемі – бөрі. Ең көне дін болып саналатын зороастризм адам мен жануарды қандас туыс деп түсіндіреді. Қытайдың көне дәуірден жеткен жаз- ба шежіресі “Суйшуде” Ашин ордасының шыққан тегі туралы тарихи анықтамамен қоса “мифке
негізделген аңыз” [5, 221) кезедесетініне Н.Я.Бичурин тоқталып өтеді. “Бүгінгі жер басып жүрген үлкенді-кішілі ұлттардың барлығы да өзінің түпкі таралу тегін жан-жануардан таратады. Бұл – есте жоқ ескі дүниеден қалған танымдық сенім”, — деп жазады Т.Жұртбай. және түркі тайпаларының тегі болып саналатын көк бөрі туралы хикаяны келтіреді. Мифтік желі бойынша, анасы – бөрі, әкесі – адам көк бөрі (қытайша “ашина” – мейірімді бөрі) ұрпақтары тұрфандық қызға үйленіп, түркілердің көк бөрі әулетін таратады. Енді бір аңызда Көк Тәңірінің әмірімен хұн тәңірқұтының қыздарының бірі қасқырдан ұл туады. Көк бөрі туралы аңыздар б.д.д. Ү-ІҮ ғасырларда көшпелі жұрттың арасына кеңінен таралып, киелі аң ретінде санаға әбден сіңіскен. Белгілі ғалым-тарихшы, түркілер әлемін зерттеуші Л.Н.Гумилев өз еңбектерінде түркілердің діни нанымдары туралы айта келіп, көк бөрі мифіне ерекше тоқталады [6, 78].
Тотемдік мифтер адамдар мен жануарлар арасындағы байланысқа барынша сенген, олардың кейбіреулерін өздерінің ата-тегі деп, кейбіреулерін киелі деп санаған көне таным негізінде туындаған. Айтматов повесіндегі Балық-әйел туралы желінің қайнар көзі осы танымда жатыр. Балық-әйелді үнемі жадынан шығармайтын Орган қарт үшін ол – мәңгілік сағыныш, ғұмыр бойы күткен аңсары.
Балық-әйел туралы миф адам баласының пері қыздарымен некелескен оқиғаларымен үндес келеді. Қазақ фольклорында Баба Шашты Түкті Әзіз пері қызына ғашық болып үйленген, сондай-ақ Асан қайғы туралы баяндардың бір нұсқасында қайғы атануына себеп болған – оның пері қызына некелесуі делінеді. Бір аңызда Асанның тағдырын болжаған көріпкел оның маңдайына су перісінің қызымен некелесу жазылғанын, ол қызды төрт үлкен өзеннің бірінен кездестіретінін айтады. Асан атаның қармағына пері қызы Ертіс суынан ілінеді. Алайда, ол қызбен ұзақ тұра алмайды. Себебі, қыздың қойған шарттарын орындай алмай қалады. Содан пері қыз көкке ұшып кетеді де, Асан содан қайғы атанған еді делінеді. Бұл баяндардың қай-қайсысы да аһ ұрған өкінішпен аяқталса, Ш.Айтматов повесіндегі ақсақ балықшының ғұмыр бойы күткен Балық-әйелі де онымен қайтып кездеспейді. Осы бағзыдан жеткен хикаяны өзінің түсінде көріп, теңізден Балық-әйелді күткен Орган қарттың арман-мұраты күллі ғұмырдың, адамдықтың мәнін түп бастауынан іздеген адами тілекті аңғартқандай. Байырғы дүниетанымды еске алып, адам психикасында, санасының түбінде сақталып келген архетипттерді жаңғырту арқылы қаламгер бүгінгі адамзаттық маңызды мәселелерді көтере отырып, ізгілік мұраттарды үлгі етеді. Табиғат пен Адамды тең деп түсінген баяғы танымнан өрбіген жан-жануарлар әлемімен, тіршілік атаулымен үйлесімде өмір сүру ұстанымдары адам бала- сы үшін қаншалық маңызды екенін Ш.Айтматов «Ақ кемедегі» Бұғы-Ана, «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеттегі» Балық-әйел мен Лувр үйрек туралы мифтік желілерді шығарма оқиғасына енгізу арқылы аңғартады. Момын шал Бұғы-Ана туралы аңызға қаншалықты сенсе, Орган қарт та балық- әйел туралы аңызға соншалық сенеді. Бағзы бабалдардан жеткен осы аңызға деген сенім бұл екі қарт үшін адамшылық тұғыры, ізгілік атаулының өлшемі айналған. Олар үшін аңыз – рухани байлық, ата-баба қастер тұтқан ұғым, елдің тағдыры және өткен тарихы. Жазушыға бұндай ежелгі танымнан туындаған әңгімелер бүгінгі күннің бейнесін сомдау үшін өте қажет.
«Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повесіндегі Орган мен Мылгунды, Эмирайн мен Кирискті алып, теңіз үстінде адасқан жалғыз қайық адам баласы тағдырын еске салғандай. Табиғаттың қаталдығы һәм мызғымас күштілігі, сондай-ақ қамқорлығы мифтік және реалды оқиғалармен араластырыла суреттеледі. Қайық үстіндегі ересектер Кириск баланы аман сақтау үшін өздерін құрбандыққа шалып, бірінен соң бірі теңізге секіріп кетеді. Сөйтіп, ұрпақтарын аман қалдырады. Кириск үшін тұманы сірескен теңіздің тұтқынынан шығу – ұлы ерлік еді. Әбден шөлдеген кезінде көк тышқан су әкеліп береді деген бала қиял, Лувр үйрек пен Ақ үкіге қатысты сенім Кирискіні Тарғыл төбет жағалауына демеп жеткізген. Әкесі мен атасы, ағасы болса теңіз тұтқынында қала берді. Солардың аманатын арқалап шыққан бала арқылы қаламгер адам атты тұлғаның жасам- паз қасиетін паш етеді. Алайда, алдам ұлылылығының мәні табиғаттың қуаты, Жаратушы күштің пәрменімен екені естен шықпағаны жөн. Жазушы бұл ойын «Шыңғыс ханның ақ бұлты» повесінде ары қарай өрбіткен.
Шығармашылық әлеміндегі ізгілік пен зұлымдық қақтығысын, қаталдық пен үстемдіктің адамға әкелер алапат қайғысын, қарапайым адами бақыт, махаббат, ұрпақ өрбіту сезімінің адам баласы- на сыйлар шексіз қуанышын арқау еткен «Шыңғыс ханның ақ бұлты» повесінің шығармашылық тағдыры оңай болған жоқ. Әу баста «Боранды бекет» романының бір оқиғасы болып жазылған бұл шығарма ол туындыдан «шеттетілген». Кейіннен, жоғарыда айтып өткеніміздей, 1992 жылы алғаш жарияланған.
Повесте ел кезген сәуегей шал Шыңғыс ханға Көк Тәңірінің бұны қолдауының белгісі – төбесінде бірге ілесіп жүретін ақ бұлт екенін айтады.
«Төбеңде бір шоқ бұлт үйіріліп жүреді. Және қайда барсаң да артыңнан қалмайды … – Ол сенің жер бетінде әмір жүргізуіңді Көк Тәңірі де қолдайтынының белгісі болмақ. Бірақ, сен ол бұлтты көзіңнің қарашығындай сақтауға тиіссің, егер одан айрылар болсаң, онда өзіңнің барлық айбар-қуатыңды да жоғалтқаның» [7, 266]. Сәуегейдің осы айтқаны анық болып, Шыңғыс ханның төбесінде шоқ бұлт шынымен де айналып жүреді.
Әлем халықтары мифологиясында бұлттың адам тағдырымен байлныстылығына көп мән беріледі. Осы бір мистикалық қасиетке ие жаратылыс туралы айтылар әңгіменің көбі тылсым- мен сабақтасады. Ерекше жаратылған пайғамбарлар өмірі бұлтпен тығыз байланысты. Көктегі бұлт пен жердегі пенденің арасындағы құпия сырға толы байланыстың астарында баяғы таным жатқаны да ақиқат. Алайда, бүгіннің ғылымы да сол құпияға толы байланысты жоққа шығармайды. Мистиктердің айтуы бойынша бұлттар да кәдімгі адамдар сияқты көңіл күйімен ерекшеленеді, ой- ланады, қайғырады, т.б.
Ғұрыптық фольклорымыздағы бұлт шақыру, күн жайлату сияқты үлгілер де бұлт пен адам қарым- қатынасының тылсым жақтарына деген сенімнің көрінісінен туындаса керек. Бұл жырлардың мазмұнына үңілсек, тірі саналы рухпен тілдесіп отырғандай сарынды аңғарамыз:
Кел, кел бұлт, кел бұлт;
Екі енеге тел бұлт!
Ағысы қатты сулардан Шырай соғып кел бұлт. Шөптің басы жерлерден Жүгіре соғып кел бұлт!
Таза танымдық бағыттағы бұл өлеңде бұлтпен кәдімгідей тілдесіп, оны сан-сезімге ие рух ретінде қабылдаған сенім жатыр. Ал, қазіргі әдебиетте осы көне дәуірлердегі сенім енді көркемдік сипатқа ауысып, эстетикалық қызмет атқарады.
Көне ғұрыптық фольклор үлгілеріндегі танымдық мәндегі қолданыстар кейіннен идеялық- эстетикалық мәнді иеленіп, көркемдік бағытта өзінің функциясын кеңейтті. Жаратылыс тылсымының сырларын түсінуге ұмтылған мифтік сана мен дүниені басқа қалыпта бейнелеген поэтикалық сана арасындағы байланыс әдеби туындыларда айқын көрінгеніне мысалдар көп.
Шыңғыс Айтматов «ақ бұлт» сюжетін пайғамбарлардың «әуелі де, ақыры да» болған Мұхаммед ғ.с. өмірінен алды деуге негіз бар. Діни әңгіме желісіне сүйенсек, Мұхаммед пайғамбар жастау кезінде Меккеден Шам шаһарына керуенмен келе жатқанда, төбесінде аптап ыстықтан қорғап бір шөкім ақша бұлт еріп жүреді. Керуен тоқтағанда, Пайғамбар бір ағаш түбіне тынығуға барса, бұлт та сол ағаштың үстіне келіп, көлеңкесін түсіреді. Мұны жұрт та байқап, тамаша¬лай¬ды. Бұл бір шөкім бұлтты Мұхаммед ғ.с. Алланың сүйікті пайғамбары, әрі елшісі екендігінің белгісі, дәлелі деп қабылдайды.
Қазақ хикаяттарында айтылатын әулиелер туралы баяндарда да әулиемен бірге ілесіп жүретін бұлт туралы желілер көп кездеседі. «Бір шөкім бұлт» өзінің құпияға толы, мистикалық сипаты ба- сым мифопоэтикалық пішінімен ерекшеленіп, көркем әдебиетте адамзаттық мәселелерді көтеруде маңызды орын алғанына Айтматовтың осы туындысы дәлел бола алса керек. Адамды Жарату- шы иемен байланыстыратын ерекше «қызметі» бар «бір шөкім бұлт» мифологемі күллі әлемді қаһарымен тітіреткен Шыңғыс ханның пенделік болмысын танытуда өзіндік сипатымен көрінген. Көк Тәңірі қолдауының белгісі болған бұлттан айрылып қалмауды көріпкел қайталай ескерткенде кеудесіне бу піскен тәкаппар қаған: «Аспанда жүзіп жүрген бұлтты мен қалай сақтамақпын, оған менің әмірім жүре ме? Әлде атқа қанат бітіріп, оған сенімді бақташымды отырғызып әлгі бұлтты қарауылда деп аспанға ұшырайын ба? Олай болса, оны неге біржола ауыздықтап алмасқа?! Со- нымен, қалай ойлайсың, жел қуған аспандағы бұлтты қалай сақтасам екен?», — деп қырсық сау- ал тастайды. Оған көріпкел «Бұл – сенің шаруаң» деп келте жауап қайырады [7, 267]. Қаған мен көріпкелді арасындағы осы бір қысқа диалогқа автор көп мағына сыйдырған. Шындығында да, Көк Тәңірінің өзіне деген ықыласын, қолдауын жоғалтпау үшін не істеу керектігін ақылды хан өзі білсе керек.
Көріпкел есткерткендей Шыңғыс хан әлгі ақша бұлтты көздің қарашығындай сақтай алмады. Шыңғыс хан жер бетінде ұлы істерді тындырғанда қолдаған Көк Тәңірі, енді сол пендесі адам бала- сына қисынсыз кінә тағып, өлім жазасына кескенде теріс айналады. Яғни, жорық бойында баланың дүниеге келуіне қатаң тыйым салып, сол тыйымды бұзған жүзбасы Ерден мен жорық туына айдаһар кестелеуші Дөгелеңді өлім жазасына кескенде, Көк Тәңірі одан теріс айналады.
№ 5 (108) 2015
Батысқа қарай жол тартқан Ұлы ханның әскерінен қара үзіп, айдалада қолындағы өмір есігін жаңа ашқан жетім сәбимен қала берген Алтын атты күң меңіреу даладан пана, шырылдаған сәбиге берерлік нәр таппай қиналады. Автор бұл сәтті «Ұшы-қиырсыз кең далада не бір түтін, не жанған от көрінбейді. Елсіз-сусыз ен далада көз тоқтатар бір қара көрінсе не дерсің!.. Айналасында тек безере мелшиген қу дала мен түпсіз терең көк аспан ғана, төбесін айналып бір шөкім ақ бұлт қалықтайды» [7, 308]. Иә, бұл бұлтты автор текке суреттемейді. Күллі әскер айдалаға тастап кеткен пендесіне Көк Тәңірінің ниеті бұрылған екен. Ұлы Жорықшының төбесінде жүзген ақ бұлт енді жетім сәби мен Алтын күңнің төбесінде айналып тұр… Міне, Ш.Айтматов шығармашылығының ал- тын өзегіне айналған Ұлы ізгілік осылайша айқындалған үстіне айқындала түскен. Шөкім бұлттың Алтын күң мен жетім сәбиге ықылас-пейілін төгуі тегін емес. Жердегі пенденің тағдыры Көктегі Жаратушының ғана қолында. Оған Шыңғыс хан сияқты әлемді билеген Ұлы қаған да шешім жасай алмайды. Көктің жерге жіберген ақпаратының белгісі болған ақша бұлт өмірі тұрмыс құрмаған, бала сүймеген қартаң күңің омырауынан сүт шығып, ашыққан сәбиді қоректендіргеніне куә әрі себепші болады.
Батысқа бет алған Шыңғыс хан оқыстан кері бұрылған. Себебі «қалтыраған қолымен көзін
көлегейлеп тұрып көк аспанды тінтіп шықты – бірақ шоқ бұлтты көре алмады, ол не кейіндеп, не кідіріп қалмаған екен, алда да, артта да болмай шықты». «Көк Тәңірінің өзінен теріс айналғанын Шыңғыс хан тек Еділге жеткен кезде ғана ұқты. Ұқты да тоқтады…» [7, 310].
«Шоқ бұлт» мифологемінің күллі шығарма өзегіндегі терең астарлы мәнге ие болмысы Адам тағдырымен тікелей байланыста өрбиді. Адам нәсілінің жалғасуына, ұрпақты аман сақтауға бәрі де жауапты. Автор осы ұлы идеяны даңқты тарихи тұлғаны бас кейіпкер етіп ала отырып танытады. Бірақ ақша бұлттың Шыңғыс ханнан жетім қалған сәбиге ойысуы екі кейіпкердің орнын ауыстыра- ды. Яғни, әуелде, шығарма бастауында бас қаһарман қаған болса, шығарма шешімінде жаңа туған жас сәби басты тұлғаға айналған. Өйткені ол, дүние есігін енді ашқан нәресте – өмірдің жалғасы, ертеңнің иесі.
Ш.Айтматов шығармашылығының алтын өзегіне айналған ұлы гуманизм тамырын сонау есте жоқ ескі замандардан алатын дүниетанымды жаңғырта суреттеумен тығыз байланысты.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Агеносов В.В. Советский философский роман. – М., 1989.
2 Есім Ғ. Айтматов – әлем тұтастығын сезіне алған қаламгер // «Аңыз Адам», №11 (23), 2011. 3 Айтматов Ш. Ақ кеме. Повестер. – Алматы: Атамұра, 2005. – 368 бет.
4 Мелетинский Е.М. Поэтика мифа. –М., 1976. – 407 стр.
5 Бичурин Н.Я. Ерте заманда Орта Азияны мекендеген халықтар жөніндегі мәліметтер. – М – Л., 1953. – 315 бет.
6 Гумилев Л. Көне түріктер. – Алматы, 1994. – 312 бет.
7 Айтматов Ш. Ғасырдан да ұзақ күн. Роман, повесть. – Алматы: Атамұра, 2005. – 312 бет.
REFERENCES
1 Agenosov V.V. Sovetskyi filosofskyi roman. – M., 1989.
2 Esim G. Aitmatov –alem tutastygyn sezine algan kalamger // «Angyz adam», №11 (23), 2011. 3 Aitmatov Sh. Ak keme. Povester. – Almaty: Atamura, 2005. – 368 bet.
4 Meletinskyi E.M. Poetika mifa. – M., 1976. – 407 str.
5 Bishurin N.Ya. Erte zamanda Orta Azyiany mekendegen khalyktar jonindegi malimetter. – M-L., 1953. – 315 bet.
6 Gumilev L. Kone turikter. – Almaty, 1994. – 312 bet.
7 Aitmatov Sh. Gasyrdan da uzak tun. Roman, povest. – Almaty: Atamura, 2005. – 312 bet.
В статье рассматривается художественно-эстетическое воздействие мифопоэтической основы ху- дожественной прозы Ч. Айтматова. Система мифологем, их значение в культурно-исторической форме и поэтическое изображение в произведениях писателя анализируется в литературно-теоретическом аспекте. Ключевые слова: мифически-мистический мотив, философское познание, Мать-олениха, Рыба-женщи-
на, Лувр-утка, белое облако, Чингиз хан, гуманизм писателя.