Г.Б.Мейірбекова –
Халықаралық қатынастар жəне құқықтану
факультетінің азаматттық құқық жəне азаматтық іс жүргізу кафедрасының аға оқытушысы, Абай атындағы ҚазҰПУ
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЗША СОТТЫҚ ШЕШЕНДІК ӨНЕРДІҢ ДАМУЫ
Шешендік – ұлы өнер. Оны игеру, оған ие болу оңай іс емес. Сондықтан да шешендерге артылар жауапкершілік пен қойылатын талап та үлкен. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» шешенге төмендегідей анықтама берілген:
- Тілмар, тапқыр.
- Ресми жиындарда шығып сөйлеуші (оратор) [1. 55 б]. Шешендік өнерді «тіл өнері мен сөйлеу мəдениетінің шыңы» деп бағалай отырып, ғалым М.Балақаев: «Шешендік – дарындылық. Ол тілі ғана емес, ойы да жүйрік кісілерге, тілдік сезімі күшті адамдарға тəн қасиет», – деп бағалайды [2. 34 б].
Егер Рим ораторларында белгілі бір ережені, қағиданы есте ұстау қабілеті болса, қазақ шешендерінде тіл мен ойдың тоғысқан жүйріктігі, табиғи тапқырлық фəлсафасы, табан астынан суырыпсалу, қысқалығы, нұсқаулығы басым келетіндей еді. Дала демосфендерінде арнайы аудитория, сенат алаңы болған жоқ-ты. Көктөбенің басында күнде жиын демекші,
Батырдың атын жау шығарады, Шешеннің атын дау шығарады.
қазақтың кең даласының өзі ұланғайыр ұлы аудиторияның өзі еді.
Жалпы, ауызша шешендік сөйлеу өнері – өмірдің сəулесі, қоғамдық құбылыстардың айнасы іспетті нəрсе.
Қоғамда болып жатқан неше алуан өзгеріс, жаңалық атаулының бəрі осы шешендік сөйлеу өнерінен орын тебеді де, содан соң халық мұрасына айналады.
Қазақ халқының басынан өткен тарихи дəуірлер ізі əрдайым тілімізде сақталып, бізге жетіп отырған. Əсіресе, билердің ауызша соттық шешендік сөздерінің көптеп табылуы зерттеушілерді осындай ойға жетелейді.
Шешен бір уақытта өзімен өзі немесе бір адаммен сөйлесіп тұрғандай сыр аңғартады. Бұл əдіс əр шешеннің өз тəсіліне, оралымына байланысты жай. Сөзі кезінде салмақтап, кезінде жеңілденіп ойната білу, ойлата білу қас ісмердің қолынан келмек. Қазақ халқында шешендіктің арнайы мектебі, оқулығы, ұстаздары болған жоқ, қазақ шешендері мен билерінің сөздері нағыз табиғи таланттан туған туынды құбылыс еді. Сондай-ақ, билердің шешендік сөздері жазбаша түрде айтылып, жазылып отырылған жоқ, оны қазақ халқы көкірегінде сақтап, келер ұрпаққа бере, тарата білді.
Соттық шешендік сөйлеу өнері осы халықтың тілімен, шешендік негізінде пайда болды. Өйткені, қазақ халқының тілі сұлу, қонымды да тілімді тіл. Осы тіл арқылы кестеленіп өрнектелген, өшпейтін, өлмейтін ғажайыптар туындап, асыл мұра сарқылмас алтын сандық – шешендік сөздер ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр…
Қазақ қоғамында би боламын деген адам жеке қасиеттерімен танылып қана қоймай, бірқатар сатылардан өтетінін С.З.Зиманов саралай келе, «Далада əділеттің ақ туын желбіретер биге табиғат берген қасиеттерден басқа шешендік, сөзуарлық, ақыл-парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу жəне де «Қасым ханның қасқа жолында», «Есім ханның ескі жолында», «Əз Тəукенің «Жеті жарғысында» көрініс тапқан «Дала заңының» негізгі қағидалары мен нормаларын жатқа білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нəр алуы секілді талаптар қойылатынын айтады»
[3. 32 б].
Тегінде «Жеті жарғы» заңы Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Əйтеке, Əз Тəуке ханнан ғана басталмаған сияқты, негізінде Майқы би заманынан бастау алып, «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолымен» ұласып, бір хан, үш бидің тұсында іргеленіп, шаңырағын биік көтергенге ұқсайды. Төле бидің, сол сияқты Қазыбек, Əйтеке билердің кемеңгер ойшылдығы мен сұңғыла шешендігін дəлелдейтін мысалдарды жинастырып, кітап етіп шығарған əдебиетші ғалымдар көп. Атақты осы үш бидің ауызбіршілігі, бірін-бірі қадір тұтқан асыл достығы тарихтан тарихқа жетіп, олардың ұрпақтары бізге өнеге болуда. Билер тарихында аттары қатар аталатын осы үшеуін өз дəуірінде елін, жерін шапқыншы жаудан бірлесіп қорғаған қолбасшы билер ретінде, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауда өздері ісімен де, сөзімен де үлгі бола алған көсем билер ретінде, адамгершілік, парасаттылық келбетін өзара жəне өзгелермен болған сөз сайыстарында таныта алған ұлы билер ретінде, хандарға ата-баба намысын, дəстүр-салтын сақтаған заң шығартуда бір ауыздан келісілген ақыл-кеңес берген көреген билер ретінде дəріптеуге болады. Қазақ халқының бұл үш биі ел басына күн туған қысылтаяң кездерде, билер кеңесі кезінде де, ел жиналған айт, ас, той тұсында да, жер дауы, жесір дауы, құн дауы көтерілген жерлерде де бірге бас қосып, бірге шешісіп келген.
Өйткені «Қазақ шежіресі» атты кітапта Майқы бидің уақытындағы заң жобасы өлең түрінде беріліпті:
Барымта туралы Біреудің малын алса барымталап, Жұмысы тура болса барынша нақ. Ыңғайымен тоқтам қып түзеткен жөн, Жүйесі кім таласар табылса нақ.
Барымта алар бітім ала алмаған, Келмес-ау деп ойланып залал маған. Жалған болса себепсіз о да ұрлық, Өз обалы өзіне арандаған.
Куəлік туралы
Халықта əрбір түрлі дау болады, Шешпесе даудың арты жау болады.
Əр біреуі өз ісін тура, – дейді, Таластан қалай адам сау қалады?! Таразы сөзді өлшейтін шындық керек, Кейбіреу дауға шебер нау болады. Кезінде ушықтырмай шешпеген іс, Үйіліп бара-бара тау болады. Би керек осыларды шешетұғын, Туралап əділ билік ететұғын. Зұлымдыққа жол беріп кеңдік етсек, Көзінің ноғаласы өсетұғын.
Зəр жұтқанын біле алмай, бал жұттым деп,
Құрсағын бара-бара тесе тұғын [4. 3 б].
Əділдік туын нық ұстаған билер, өз амал-əрекеттерін халық мүддесімен ұштастыра білді. Осының нəтижесінде «сот билігі далалықтардың мемлекеттік өмірінің символы іспеттес еді жəне ондағы мемлекеттік биліктің жалпы көрінісі, оның қолданылуының жəне іске асуының ең қолайлы да ұтымды, жедел де арзан, тіпті əмбебап десе болғандай нысаны (құралы) еді. Сондықтан да, қоғамдағы мемлекеттік органдардың барлығы дерлік өз алдарында тұрған мақсат-міндеттерді шешуге жəне өз қызметтерін атқару барысында соны пайдалануға тырысатын немесе соған арқа сүйеп бағатын» [5. 99 б] еді.
Халық қамын ойлаған хандармен билердің терезесі тең болған. «Қара халыққа хан ие, қара жерге халық ие, Хандығыңды бер де, жерді ал, хандығыңды қимасаң жерде нең бар!» деп билік шығарған билердің төрелігіне ханның өзі құлдық ұрған [6. 46 б].
Бір ауыз сөзге тоқтаған, «Сөз қадірін өз қадірім» деп түсінген елдікті сақтаған, ерлікті тудырған Əз Жəнібек, Əз Тəукеден, Абылайдан жеткен билік жүйесі, сондайақ, қазақ билерінің сөз сайысын «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін» деп сипаттаған поляк А.Янушкевич, даңқты дала Демосфендері мен Цицерондары деп таныған қазақтың атақты билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Əйтекенің атақдаңқтары сол кезде шыққан, олардан қалған сөз дəстүрі ғасырлар бойы үзілген емес. Олар бүгінгі ұрпақ, біздерге өңделе, жаңара жетіп отыр, – дейді шешендікті зерттеген ғалым Б.Адамбаев.
Билер ешқандай атақ дəрежесіз, байлықсыз, бойларына біткен дарынды шешендік сөйлеу өнерлерімен билік айта отырып, қазақ даласына зыңдан, ешқандай түрме атауларын кіргізбеген.
Өздерінің билік-кесім-шешімдерімен, екі жақты татуластырып, бітімгершілік келісімге келтіріп отырған. Олардың бұл қасиеті ұрпақ тəрбиелеу қызметінде де ролі зор болған. Билердің осы қасиетінен үлгіөнеге алсақ, бүгінгі таңда парықсыздық өріс алып, күннен-қүнге, əсіресе жастар арасында қылмыс пен бұзақылық етек жайып тұрған уақытта ауылдық жерлерде, аудан орталықтарында көнекөз, ауыл-аймаққа сөзі өтетін, беделді қарт ардагерлерімізден билер тобын ұйымдастырсақ жастарымызда жөн-жосығы жоқ, жаман əрекеттерге бармас па еді. Жастық қателіктерінен ерте бастан колониялар мен бас бостандығынан айыру мекемелеріне түспес еді. Сондықтан, өткен тарихымыздан сабақ алып, оны ұрпақ тəрбиесіне жұмылдырсақ, болашақта ұлағатты да парасатты ұрпақ қана емес, өшіп бара жатқан, қанымызда бар шешендік сөйлеу өнерімізді қалпына келтірер едік деген замандастарымыздың жанайқайына менде қосылар едім…
Бұл тек заңгерлердің ғана емес, бүкіл жоғарыда отырған игі жақсылардың да бірінші кезектегі көтерер мəселесі болу керек.
Оның үстіне осы кезге дейін бірде бір жоғарғы оқу орындарында сот, адвокат, прокурорлардың сот отырысында шешендік өнерін дамытатын пəн де тиісті дəрежеде өтілмейді. Соттық риторика деген пəн негізі теориялық пəн емес, практикалық пəн ретінде өтуілі керек. Негізі, заң факультеттерінің студенттеріне казіргі кездегі кредиттік жүйе зиянын тигізбесе, пайдасы жоқ. Өйткені мектептен бастап, жоғарғы оқу орындарындағы сынақ, емтихандардың барлығы тест түрінде өтеді. Бұл олардың сөйлеу қабілетін ғана емес, ойлау қабілеттерін де жояды. Барабара бала жаттанды компьютер тəрізді бір ғана сөзді айта алады да, сөйлеуді ұмытады. Бұл дегеніміз өзіміздің ата-бабаларымыз сияқты болашақ ұрпақтарға қалдыратын шешендік өнер мен тəлім-тəрбиелік үлгіөнегеден артымызда ешнəрсе қалдыра алмаймыз деген сөз. Яғни, тарихта тек жазушылар мен ақындардың ғана айтқандары мен аты қалады да, ал заңгерлердің «тек қана осындай заңгерлер болған» деген аттары ғана қалатын сияқты, егер қалса… Сондықтан бүкіл оқу орындарында кіргізілген кредиттік жүйе тек қана техникалық, медициналық, экономикалық мамандар əзірлейтін оқу орындарына қажет болғанымен, заңгерлерге түк қажеті жоқ жүйе. Заңгерлерге сөйлеу, ойлау өнерлері ең басты керек те қажет нəрсе.
Сондықтан, ежелден келе жатқан аталы дəстүріміз – шешендік өнерді қайта қалпына келтіріп, оны жаңа талап, жаңа мақсат-мұратқа сай игілігімізге айналдырып, ұрпақ тəрбиелеу ісіне, болашақ мүддесіне пайдалану лəзім. Шешендік дау Б.Адамбаевтың айтқанындай, қазақ қауымының материалдық жəне рухани даулы мəселелерін, қылмысты істерді шешетін ежелгі əдет заңы. Мұндай дауларда ұту үшін жүйрік ой, жүйелі сөздің маңызы зор болған.
ƏДЕБИЕТТЕР: 1.«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі». – Алматы,1966. — 240 б. 2.Балақаев М. Қазақ тілі мəдениетінің мəселелері. – Алматы, 1965. — 187 б. 3.Зиманов С.З. Қазақтың Ата Заңдары жəне оның бастаулары.//Қазақтың Ата Заңдары, І-том, А., 2005, — 35 б. 4.Дəуітұлы С. Төле би.//Жетісу, № 36, 03.09.1992. — 3 б. 5.Кенжалиев З. Көшпелі қазақ қоғамындағы дəстүрлі құқықтық мəдениет. – Алматы, 1997. — 240 б. 6.Адамбаев Б. Алтын сандық. – Алматы, 189. — 196 б. 7.Уəлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы, 1985. — 560 б. Резюме В статье рассматривается роль и значение ораторского исскуства речи будущих юристов Казахстана в суде, в период который долгое время развивался за счет наших предков Толе би, Казыбек би, Айтеке би. Summary The article considers the role and importance of aratory art and speeches of Kazakhstan next lowyers in court, in the period who a long time developed for account ours Tole bi, Aiteke bi, Kazbek bi. |