ЖАС ҰРПАҚҚА ҰЛТТЫҚ ТƏРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ

Д.Д.Нурелова, К.Р.Токбасынова –

Абай атындағы Қазақ Ұлттық

педагогикалық университетінің колледжі

                                             

ЖАС ҰРПАҚҚА ҰЛТТЫҚ ТƏРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ

 

 Бала тəрбиесі басты байлығың,

                                                                    Кешіксең көретінің қайғы-мұң

                                                                                                   С.Кішібайұлы.

 

 «Адамға ең бірінші білім емес, тəрбие беру керек. Тəрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат əкеледі» – деп, ұлы ғұлама əл-Фараби айтқандай, бала тəрбиесі орасан маңызды да жауапты іс. Тəрбие үдерісі көбіне өзінің мақсатты сипатымен ерекшеленеді. Ол нақты ықпалдар бағыттарымен көрініп, соңғы мақсаттарының саналы сезінуімен анықталады, сонымен бірге өз ішіне көзделген мақсаттар мазмұнын жəне оларға қол жеткізудің құралжабдықтарын да қамтиды. Ал, тəрбие мақсаттары қандай да қауым белгілеген идеялық жəне құндылықтық ұстанымдар негізінде анықталады.

Егемендікке қол жеткізген Қазақстан Республикасының соңғы 16 жыл тарихи өмірінде болған түбегейлі өзгерістер қазақ санасында идеялық жəне құндылықты бағыт таңдауға байланысты едəуір қиындықтар туғызды. Көпшілік адамдар ұстанған бұрынғы мұраттар тартымдылығын жоғалтты да, жаңа рухани бағыт-бағдарлар əлі де қалана қойған жоқ. Əлемдік педагогикалық теория мен тəжірибеде тəрбие үдерісі қандай да пайым матауында қалып, билік мінбелеріндегілердің көзқарастары мен сенімдерінің тəуелділілігінде болмауы қажет екендігі жөніндегі пікір əлдеқашанақ қалыптасқан. Тəрбие қоғам дамуында орасан рөл атқарады. Ол өз бастауын тұрақты, əрі ауыстыруға келмейтін идеялар мен құндылықтардан алуы тиіс. Сондықтан да, бүкіл тəрбие жүйесінің негізгі сипатында ғасырлар бойы жинақталған жəне өмір тəжірибесінің сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан гуманизм принциптері қабылдануы қажет.

Қазіргі Егеменді еліміздің болашағы, өзін таныған, түсінігі мол, ұлтың сүйетін, қоғамдық еңбегі мен кəсібі, дағдысы, іскерлік негіздері қалыптасқан рухани сау, табиғи мықты, жалпыадамдық жəне ұлттық мінез-құлық нормаларын іске асыра алатын, рухани жағынан жетілген жан-жақты ұрпақ тəрбиелеуге өз үлесін қосатын шəкірттер дайындау ұстаздар қауымы мен ата-аналардың жалпы міндеті.

Əрбір жанұяда бала саны көп болса, сол ұрпақты нашақорлықтан, маскүнемдіктен, мейірімсіздіктен, тас бауырлықтан, жатып ішер жалқаулықтан, теріс қылықтардан аулақ етіп тəрбиелеу əрбір ата-ананың         басты міндеті екендігін естен шығармауымыз керек.

Бала болашағын ойлаған əрбір атаана тəрбие мəселесінде өз тəжірибесін, білген-түйген, ұстаған қағидасын уақытпен үйлестіре түзетіп өзгертіп, жаңартып отырған жөн.

Біздің қазіргі ұрпағымыз өзіміздің ұлттық өнеріміз бен салт-дəстүрімізді, əдет-ғұрпымызды, жалпы айтқанда, асыл қазынамызды түсінбей жатыр.

Соның салдарынан имандылық, ізгілік, қайырымдылық деген ұғымдар ұмыт болып, адамгершілік қасиетінен айырылып, азғындап барады. Адамзат қоғамының дамуы оның əрбір мүшелерінің дамып, жетілу сапасына байланысты. Еліміздің өркендеп, адамдардың саналы болуы олардың рухани мəдениетіне тікелей байланысты деп айтуға болады.

Халқымыздың рухани бейнесін бір жағынан əдебиет, өнер, ғылым бейнелеп көрсетсе, екінші жағынан, мінезқұлық, ұлттық сезім, əдет-ғұрыптар жəне тағы басқалар бейнелейді. Ұлттық мінез-құлық ерекшеліктері адамдардың біріккен өмірі мен күресінде, əлеуметтік, табиғи-географиялық, материалдық мəдени жағдайының шарттарына лайықты қалыптасады. Соның əсерінен əрбір адамда ұлттық мінез-құлық, саналы тəртіп, болымды қылықтар,

сезім көріністері, дəстүрлері мен əдетғұрыптары пайда болады.

Біздің халық момындықты, бойұсынушылықты, бейбітшілікті құрметтейді. Қазақтардың адам рухының мəңгілігіне сену саналы тəртібі мен мінез-құлқының қалыптасуының адамгершілікті негізі болып табылады.

Адамгершіліктің бір белгісі – имандылық. Ал сыйластық, жасы үлкенді сыйлау сақталған жерде отбасынан бастап, ауыл, елді мекенге дейін жиіркенішті қылықтарға орын жоқ. Сəлемдесу, үлкеннің сөзіне жөн-жосықсыз араласпау, кісінің алдынан кесе-көлденең өтпеу, көп алдында дарақыланып күлмеу, есінемеу сияқты қылықтарды жас ұрпақ санасына ақырындап сіңіру қажет.

Үлкенді сыйлаудың ең биік шыңы əке мен шешені сыйлау екені талассыз. Əке мен шешесін сыйламаған ұл мен қыз өзге адамды сыйлауы екіталай. Осы орайда, «Əкеге бағыну – тəңірге бағыну», «Əкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Шешесін көріп қызын ал», «Əке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген бабаларымыздың өсиетін сабақ пен дəрістерде қолдансақ, ұтарымыз көп.

Қазақ халқы бала тəрбиесіне үлкен көңіл бөліп, баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған. Сол себептен де, бала дүниеге келмей жатып «Құрсақ шашу» ұлттық дəстүрінен бастап, баланың əрбір даму кезеңіне ерекше мəн беріп, атап отырған. Отбасылық əдеп ата-ана мен бала арасындағы сыйластық қатынас. Отбасылық əдеп бұзылса, баланың тəлім-тəрбиесіне нұқсан келеді. Ата-ана мен бала арасындағы ұнамды, мəдениетті қарым-қатынас үлкен əдептілікке əкеледі. Отбасында мектепке дейінгі балаларды адамгершілікке тəрбиелеуде Д.Р.Муталиева зерттей отырып, баланы адамгершілікке тəрбиелеу үлкендердің тəрбиеге қатысуына байланысты екендігін дəлелдейді [5. 150 б].

Əл-Фарабидің пікірі бойынша, адамның қалыптасуының тиімді құралы – тəрбие мен оқыту. Тəрбие мен оқыту үрдісінде шын бақытқа ұмтылушы жас ұрпақтарда адамгершілік жəне интеллектуалды сапалар қалыптасады. Адам бойындағы барлық адамгершілік қасиеттер жаттығулардың, əдетдағдылардың нəтижесі деп қарайды. Дұрыс жүргізілген тəрбие адамда игілікті сапа қасиеттерді тəрбиелеуден басталады. Əл-Фарабидің ойы бойынша, жақсы мінез əр адамның табиғатында бар, бірақ, олар жүйелі  тəрбие арқылы жүзеге асады. Ғұлама ғалым жағымды қасиеттерге адалдықты, мейірбандықты, жомарттықты, батылдықты, достықты жатқызып, адам бойындағы жағымды қасиеттерді қалыптастыруда арнайы педагогикалық іс-əрекеттің маңыздылығын айтады [1. 302-307 б.б.].

      Қазақтың        дүлдүл ақыны

М.Жұмабаевтың артына қалдырған тəлім-тəрбиелік мұраларының негізгі тақырыптарының бірі де – бала тəрбиесі мен тұлға мəселесі. Осы мəселені қарастырғанда, ақын «Балаға тəрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек. Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай түрде иіп тастасақ, есейгенде, сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың». Қазақ халқының «Баланы бастан» деген нақыл сөзінің мəнісі осында. «Тəрбие деген – баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Баланы тəрбиелі қылу – тұрмыс майданында ақылмен, əдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мəселерді тез шеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі болатын төрт жағы түгел тұлға қылып шығару», – дейді [2. 98 б].

Қазақ халқының отбасында ұлттық тəрбие ана құрсағынан басталып, адамның өмір бойындағы жəне адамды дүниеден шығарып салумен аяқталатын əдет-ғұрыптар мен салт-дəстүрлер негізінде үздіксіз жүргізіліп, іс-əрекеттер мен қарым-қатынаста жүзеге асырылған. Осылайша, қазақ халқының отбасында ұлттық тəрбие дəстүрлері негізінде іске асырылып отырылған. Қазақ халқының отбасында ұлттық тəрбиенің негізі халықтық педагогика болған.

20 ғасырдың 30-жылдарында халықтық педагогика ғылымының дамуына ерекше жəне ұлттық тəрбие ілімін қалыптастыруға қазақ ағартушы-педагог қауымы айрықша өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, А.Байтұрсынов, Т.Шонанов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев тағы басқа педагог-ғалымдарымыздың еңбектерінде бала тəрбиесіндегі салтдəстүрлерге байланысты айтылған ойпікірлері болашақ жастарға мол мұра болмақ. Мəселен, А.Байтұрсынов «Баланы бастан тəрбиелеу деген – баланы жас басынан дұрыс тəрбиемен өсіру деген сөз. Дұрыс тəрбиемен өскен бала тіршілік ісіне икем, бейнетіне берік болып өспек.

Дұрыс тəрбиенің асылы – баланың жанымен, тəнімен керек деп танылған істерді бала табиғатының əуенімен істеу, сол дұрыс тəрбие болады» деп ой толғайды.

Қазақ халқында ұлттық тəрбие басқа халықтардан өзгеше жəне ерекше болған. Осылайша, қазақ халқының бала тəрбиесіне деген ерекше көңіл бөлуі, балаға қамқорлығы туралы сөз етуге əбден болады.

Балаға ұлттық тəрбие үлгілерін отбасында беру қазақтар үшін ерте қолға алынып, əр буынның өзіне тəн тəрбие құралдары ойластырылған.

Халқымыз баланы отбасының жəне өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Мəселен, отбасында баланың болуына жəне бала санының көп болуын тілеген. Оған халқымыздың мынадай мақал-мəтелдері дəлел бола алады: «Бала – болашақтың ертеңі, дана – дүниенің көркемі», «Бала тəрбиесін бесікке салардан баста, келін тəрбиесін есікке алардан баста», «Баланың күлкісі – ананың ажары, ана күлкісі – шаңырақтың базары», «Бала – азаматың, немере – қолқанатың» тағы басқа да бала тəрбиесіне қатысты даналық сөздері бар.

Ұлттық салт-дəстүр – əрбір қоғамның, ондағы əлеуметтік топтардың белгілі бір өмір сүру тəсілі. Бұл ұғым қоғамның, оның таптары мен топтарының өздеріне тəн жұмыс, тұрмыс жағдайларына жəне мəдениетінің дамуы мен отбасындағы, сондай-ақ, тұрмыстағы қарым-қатынас ерекшеліктерін бейнелейді. Осы асыл мұра өмірде қолданылмаса, біртіндеп шетке ығысып, бара-бара ұмыт болып қала береді. Ал тіл, дін сақталмаса, ол халық ұлт ретінде жойылады. Сонымен тіл, дін бар жерде ел бар, ал ел бар жерде салт-дəстүр бар.

Баланы ұлттық салт-дəстүрлер төңірегінде тəрбиелеген. Бала тəрбиесіне байланысты салт-дəстүрлерді атап кетер болсақ, олар: құрсақ тойы, шілдехана, сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, тұсау кесу жəне сүндетке отырғызу, тағы басқа дəстүрлер жүйелі түрде іске асып отырған [9. 73 б].

Тіліміз, дініміз, салтымыз қайта оралып жатқан кезде аға ұрпақтың бойынан берілген тəрбиелік дарынды жоғалтпай жалғастыру, оны адамдар мүддесіне жарату колледж оқушыларының болашақта адал азамат болуына ықпал етеді.

Ежелгі тəрбие құралы – халық ауыз əдебиеті нұсқаулары, халық қазынасы – ертегі, жұмбақ, мақал-мəтелдер, өлең, тақпақтар ауызша жатталып, атадан балаға мирас болып қалып, оның ой-сезімін дамытуға, тілін ширатуға айналадағы қоғамдық өмір шындығын танытуға, тіршілік көзі еңбекке, белгілі бір кəсіпке баулуға үлкен үлес қосып келеді.

Қорыта келгенде, бүгінгі күндері ұлттық тəрбиеге ерекше мəн берілуде. Бірақ, қалалы жерлерде отбасында орысша тəрбиеге бой алдырушылық – ұлттық тəрбиені, дəстүрді босаңсытып алғанымыздың салдары. Сондықтан тілді қастерлеу, ұлттық тəрбиемен сусындату жəне осыларды күнделікті қажетімізге, өмірімізге жарату – елдің, өз отанын сүйетін əрбір азаматтың борышы.

 

ƏДЕБИЕТТЕР:

1.Əл-Фараби. Философиялық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1972. — 302-307 б.б.

2.Абдрейімова А.П., Тастанова А.С. «Қазақ халқының салт-дəстүрлер жəне əдет-ғұрып мəдениеті». Педагогика мəселелері//№3-4, 2009 ж. – 133б.

3.Есекешова М. «Қазақ ағартушылары тəрбие туралы». Қазақстан мектебі//№11, 2008 ж, —

7-73б.б.

4.Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992 ж. — 98 б.

5.Тастанов А.Ж. «Тəрбие негізі тереңде жатыр»// «Білім беру жүйесін модернизациялаудың қазіргі əдістері» атты  Ш.Шаяхметовтың 70 жылдығына арналған Республикалық ғылымипрактикалық конференция бағдарламасы, 2009ж., 3 сəуір, — 570-573 б.б.

6.Тастанова С.П.Халықтық педагогика негізінде балаға тəрбие беру. Педагогика мəселелері журналы //«Педпресс» баспаханасы №3-4. — 130-131 б.б., 2009 ж.

7.Түркіменбаева Қ. «Қазақтың салт-дəстүрін жандандырайық»// «Қазақстан мектебі»//№4-2002, — 43-44 б.б.

8.Сахитжанова С., «Тəрбие негізі тереңде жатыр»//Ақиқат журналы, №10, 2008 ж.

9.Муталиева Д.Р. «Влияние взаимоотношений старшего и среднего поколения в семье на воспитание дошкольников гуманного отношения к людям», Дисс. Канд. Пед.

Резюме

В этой статье дан анализ привития национального воспитания молодому подрастающему поколению.

Summary

In this clause the analysis of inculcation of national education to young growing up generation is given.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *