Л.С.Ахимбекова –
Қазақ Мемлекеттік Қыздар
Педагогикалық Университетінің оқытушысы
ƏЛ-ФАРАБИ ТРАКТАТТАРЫНДАҒЫ БІЛІМ ЖƏНЕ ТƏРБИЕ МƏСЕЛЕЛЕРІ
Дамыған жəне мықты қоғамның тірегі – білім. Адамзаттың болашағы ең алдымен, оның интеллектуалды, ақпараттық, адамгершілік прогресіне тікелей байланысты. Білімнің мазмұн-мағынасын анықтау жəне оған жіктеу жасау жөніндегі əл-Фараби ілімі орта ғасырдағы ғылыми ой-пікірдің ең маңызды жетістіктерінің бірі болды. Сөйтіп, ол білім салаларының дамуында жəне оларды жүйелеуде елеулі рөл атқарды. Ғылымда жіктеу жөніндегі əл-Фарабидің еңбегі ХІ-ХІІ ғасырларда көне грек, латын тілдеріне аударылды, сөйтіп, Батыс Еуропа ғалымдары арасында жоғары бағаланды. Батыстың кейінгі зерттеушілері оның трактаттарын орта ғасырдағы ғылымның энциклопедиясы деп атады.
Əл-Фарабидің ғылыми-философиялық еңбектері оқу-тəрбие мəселелеріне арналған. Оның пікірінше оқу, білім алу, ғылыми адам болу адамгершілік жəне еңбек тəрбиесі мəселелерімен тығыз байланысты. Ол білім алу, оқу еңбегін пайдалы еңбекке жатқызады. Еңбек тəрбиесінің теориясын жасауда Аристотель негізін салған теорияның анықтамасына сүйенеді. Демек, ол қандай да болсын құбылысты түсіндіруге бағытталған ұғымның, идеяның, белгілі бір саласының мəнді байланыстары мен заңдылықтары жөнінде толық түсінік беретін ғылыми білімді қорытудың ең жоғарғы формасы деген қағиданы ұдайы басшылыққа алып отырды. Осы негізде алсақ, еңбек тəрбиесінің теориясын əл-Фараби «Өзінің ішкі құрылымы жағынан бір-бірімен логикалы байланыста болатын біртұтас білім жүйесін құрайды» [1] деп тұжырымдады.
Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым студенттерге саналы тəртіп, сапалы білім беріп, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу деген сөз.
Əл-Фараби тəрбиенің барлық мəселелерін логикамен, тəрбие мұратымен, білім алумен, үйренумен үлгілі тəжірибемен, оқумен байланыстыра уағыздағанын білеміз. Ол өзі жазған «Ақыл мен түсінік» атты еңбегінде ақылдылық пен адамгершілік үлгілі тəрбиеге байланысты, оның негізгі таза еңбекте, еңбек өз кезегінде тəрбиенің негізінен туындайды деген еді. Тəрбие қоғамдық өмірдің жалпы жəне қажетті категориясы екенін біз тəрбие тағылымынан жақсы білеміз. Демек, жасөспірімдер мен аға буын арасындағы мирасқорлық тəрбие арқылы жүзеге асады. Дəлірек айтсақ, тəрбие жеке адамның адамгершілік, ақыл ойының дамуында, еңбекке баулуда басты рөл атқарады.
Əл-Фараби жас ұрпаққа жəне жеке адамдарға тəлім-тəрбие беріп, еңбекке үйретіп, еңбек тəрбиесін беретін, ұстаздық жасайтын адамдарды өте жоғары бағалаған. Оның ойынша тəрбиеші адам – «мəңгі нұрдың қызметшісі» [2]. Ол барлық ой мен қимыл əрекетіне ақылдың дəнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған оттың көзі, – деген əл-Фараби.
Этика əл-Фараби мұрасының ішінде үлкен орын алады. Этиканы ол ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан, оның этика жөніндегі концепцияларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Жақсылық мазмұн-мағынаның бір бөлігі, сондықтан ол материяның өзінде бітіп қайнап жатыр.
Ал жамандық жақсылық сияқты емес, ол болмыс жоқ жерден пайда болған дейді. Ұлы ғалымның осынау этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Бірақ, жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы ізгі мұратына жетеді деп қарайды. Əл-Фараби бұл салада жасаған қорытындысының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде, əл-Фарабидың гуманистік идеялары əлемге кең тараған. Ол ақыл ой мен білімнің биік мəнін, халықтар арасындағы туысқандық, достықтың принциптерін егіле жырлады, адамгершілік, мораль мəселесін діни тұрғыдан берілетін негіздеу екенін көрсетті.
Сондай-ақ, əл-Фарабидің педагогикалық жүйесінде тəрбие мен тəлім, білім мəселелері бір-бірімен органикалық, диалектикалық байланыста қарастырылды. Əл-Фараби де Аристотель сияқты адамды қоғамдық жан деп қарап, өзінің бүкіл педагогикалық, этикалық жəне басқа гуманитарлық көзқарастарында осы қағиданы басшылыққа алады. «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында адамзаттың өзара бірлестік пен өзара көмекке зəрулігі туралы əл-Фараби былай деп жазады: «Жаратылысында əрбір адамға өз тіршілігі үшін жəне ең жоғары кемелділік дəрежесіне жету үшін көп нəрсе керек, ол мұны өзі жалғыз жүріп таба алмайды жəне бұған жету үшін ол қандай да бір адам қауымын қажет етеді, осы қауымдағы адамдардың əрқайсысы оған қажетті нəрселердің жалпы жиынтығынан қандай да бір затты тауып беріп отырады. Оның бер жағында əрбір адам өзінен басқа екінші адам жөнінде де нақ осындай күйге түседі. Міне, сондықтан да бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нəрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дəрежесіне жете алады» [3].
Қоғамды кемелдендіру – бақытқа жетудің басты шарты болып табылады. Тек кемелденген қоғамда ғана адам ғылым, философия, тəрбие арқылы кемелдікке жете алады. Əл-Фараби шартты түрде адамды бақытқа, кемелдікке жеткізуге тиісті негізгі құрал ретінде мінез-құлық, моральдық жəне ақыл-ой, интеллектуальдық тəрбиелерге шешуші мəн береді. Ол былай дейді: «Біз жақсы мінез-құлық пен ақыл-парасатқа ие болған кезде солардың арқасында міндетті түрде бақытқа жетеміз… Бұл екеуі бар кезде біздің өзіміз жəне іс-əрекеттеріміз үстем де кемел болады, осылардың арқасында біз шын мəнінде қастерлі, қайырымды, инабатты боламыз».
Əл-Фараби өзінің трактаттарында халықты, тұрғындарды мінез-құлықты, ақыл парасатты етіп тəрбиелеуде қайырымды қала, мемлекеттерге, олардың басшыларына үлкен орын береді. Ол былай деп жазды: «Тұрғындар бір-бірімен шынайы көмекке бірігіп, шынайы бақытқа жетуді көздеген қала қайырымды қала, халқы да қайырымды адамдар болды. Егер, дəл осылай бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне қалтқысыз көмектесетін болса, онда бүкіл дүние жүзі қайырымды мекен болар еді» [4].
Əл-Фарабидің пікірінше, халықтар достығы – ырыстың басы. Бұл – əлФарабидің адамзатты болашақ бақытқа жеткізу жөніндегі ең басты гуманистік принципі. Ғұламаның түпкі ойы, имандай сыры, міне, осы қағидада жатыр. Басқаша айтқанда, адамдар бақытқа жету жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір сүруі тиіс. «Адамдар туралы айтсақ, – деп жазады ғұлама, – оларды қосатын, байланыстыратын дəнекер, тұтқа – адамгершілік болып табылады. Сондықтан, адамдар адамзат тегіне жататын болғандықтан, өзара бейбітшілік, татулық сақтауы лазым».
Қазіргі дүниені неғұрлым дұрыс танып, білу үшін жəне жақсы өмірдің дұрыс жолын таңдай білу үшін жəне жаңа мыңжылдықта білімді, тəрбиені, адамгершілікті, ізгілікті дамыту үшін біз əр уақытта, əр дəуірде өзімізге дейінгі өткен идеялар мен қағидаларға сүйенгеніміз жөн. Ондай идеяларды əл-Фараби сонау ерте орта ғасырлардың өзінде адамзат ілімінің молайып, ақыл-парасаттың жетілуін, оқу-ағартудың қажеттілігін айтып, білім алудың маңызын атап көрсеткен болатын. Сол идеялар оның 140-тан астам трактаттарының арқауы болды.
Заман талабына сай білім беруде студенттерді қандай бағытта оқытып жатырмыз десек, əрине, бұл оқытушының іс-əрекетімен тығыз байланысты. «Не ексең, соны орарсың» демекші, нені үйретсең, сол бағыттағы маманды көреміз. Студенттердің қызығуы арқылы танымдық белсенділігін қалыптастыруға болады. Осы кезде ұлы Абайдың мына бір сөздері еріксіз еске түседі. «Ғылым, білімді əуел бастан өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен, яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі ізденгендей болғанша… Шынында да, бала күнінде зорлықпен, алдаумен ғылымға үйір еткен соң, бара келе əр нəрсе адамзаттың қызығушылығын оятатындай іс-əрекет туғыза білуі қажет. Қашан бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, қызығушылықпен кірісе білсе, сонда ғана оның аты адам болады. Сонда ғана дүниені танитындығы рас»
[5].
Əл-Фараби тəрбие процесінде «қатты əдіс» пен «жұмсақ əдіс» ұштастыруды талап етеді. Ол оқыту мен тəрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтайды. Қазіргі тəрбие процесі тұрғысынан қарағанда, «қатты əдіс» деп отырғаны жазалау да, «жұмсақ əдіс» деп отырғаны мадақтау болса керек. Демек, Фараби педагогикалық ықпал ету əдістерін алғаш ұсынған, оның тиімділігін қолдану жолдарын дəлелдеп кеткен дана ғалым. «Ғылымдар тізбегі», «Ғылымдардың шығуы» атты еңбектерінде ол ғылымдарды үйрену, үйрету реттерін белгілейді.
Əл-Фарабидің пікірінше, оқу, тəрбие, білім алу, еңбек ету, ғылым адамы болу адамгершілік жəне еңбек тəрбиесіне тығыз байланысты. Əл-Фараби ең алғаш еңбекті, таза еңбекті, адал еңбекті тəрбиенің алғышарты етіп алды. «Тəрбиені неден бастау керек», «Философияны үйрету үшін алдын ала не білу керек» еңбектерінде ғылымды, оқу-ағартуды меңгеру, білім, тəрбие алу, еңбекке үйрену, философияны меңгеру тəрбие əдістеріне байланысты екенін ғылыми тұрғыда дəлелдеді. Осы негізде ол оқыту мен тəрбиелеудің мақсаттарын жеке-жеке анықтады. «Ғылымдар тізбесі», «Ғылымдардың шығуы» еңбектерінде ғылымдарды үйрену реттерін белгілейді жəне тəрбиенің оның ішінде еңбек тəрбиесінің тарихи тағылымын, үлгісін, болашақ ұрпаққа өнеге, тəлім етіп қалдырды.
Сонымен, əл-Фараби туындыларының оның ішінде білім, тəрбие жəне еңбек тəрбиесі, адамгершілік, игілік туралы тағылымдарының маңызы əлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қайта оны тағылымдарының мазмұны қазіргі тəуелсіз Қазақстан жағдайында қайта түлеп, заман талабына сай жаңа көрініс алуда. Ол жаңа теориялық мазмұн алары анық.
ƏДЕБИЕТТЕР:
- Машанов А. Əл Фараби. – Алматы, 1970. — 11б.
- Григорян С.Н. Великий мыслители Средней Азий. – Москва, 1958, с 12.
- Əл-Фараби. «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары». Философиялық трактаттар. – Алматы,
- — 318 б.
- Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1986.
Резюме
Автор в статье показывает воспитательную роль наследия великого просветителя aль-Фараби.
Summary
The author of the article shows the role of educational heritage of the great educator of the al-Farabi.