ӨНЕГЕЛІ  ӨМІР

Ш.А.Валиханов –

филология  ғылымдарының кандидаты, доцент,

Ы.Алтынсарин атындағы АрқМПИ

ӨНЕГЕЛІ  ӨМІР

 

Қаламгер Ғабиден Мұстафин жазу өнеріне қазақ əдебиетінің тұтас бір алыптар шоғырының арасында жүріп төселді. Оның алғашқы туындыларынан бастап, өмірінің ақырына шейінгі еңбегі тұтастай халқының назарында болды.

Сонау балаң кезде С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Мұқанов сынды белгілі тұлғалардың ағалық қолдау, қамқорлығын сезініп, жазу жолына келген Ғабиден Мұстафин шығармашылық ғұмырда талай рет көркемдіктің тайталас теңізіне түскені де белгілі. Ол жолдан алған ғибрат, көңілге түйген тоқтам, ақтарылар сырдың өзі – тарау-тарау мəселе.

Ғабиден Мұстафиннің 1970 жылы «Жазушы» баспасынан араға он жеті жыл салып барып қайта шыққан «Жиырма бес» жинағына енген, бұрын жарияланбаған шығармаларының бірі – «Жол үстіндегі сыр» ғұмырбаяндық очерк-əңгімесі.

Қазақ көркем сөз өнерінің тарихын-

да айқын жолы қалған қаламгер осы шығармасында өз өмірі, ата-ана, өскен ортасы туралы қазақы, тартымды əңгімешілікке салып отырып мəнді жайларды қозғайды.

Əкесі Мұстафаның қадір-қасиетін жазушы үлкен бір сезіммен төгілте баяндайды. Мұстафаның бойына біткен көп мінез жазушының өз басынан да көрінетін еді.

«Мұстафа мейлінше əділ, момын, мінезі ауыр, қорқуды, сасуды білмейтін, көп сөйлемейтін, бірақ кезі келіп қалғанда өте тілді адам. Мектеп көрмесе де, дінге берік, құйма құлақ кісі…» [1. 5 б].

Жазушы 1902 жылы туған. ХХ ғасыр басы – қазақ даласына жаңа бір дүбір, ояну дəуірі тақап қалған уақыт. Халық отаршылдық саясаттың озбыр тұяғына əбден, тыпыр ете алмастай болып іліккен тұс. Əділетсіздік өктемдіктің ашуы буып, ашына бастаған кез. Жазушы Ғабиден Мұстафин өз шығармашылығына дала өмірінің кезеңдік көрініс, нақтылы қалпын ұдайы арқау етті. Ол өмірінде өзі көзі көрген тарихи ағыстың шымырлап, тереңінде жатқан шындықтарын көтере жазуға, əсіресе, кейінгі кезеңдегі шығармаларында елеулі бетбұрыс жасады. Мына өмірбаяндық əңгімеде сол үлкен дүниелерге ішкі дайындықтың ізі анық көрінеді.

«Мен есімді білер-білмес кезімде жерімізді переселенец алып, алпыс үйлі Елібай Жауырдан көшеді. Спас заводының шығыс жағында он жеті километр  «Көкталжарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Ата мекенінен айрылған елдің зары, жермен қоштасқандары, келімсектермен тұрған ел арасындағы ұрыс-жанжал, кісі өлімдері менің көңіліме өлмейтін ғажап суреттер қалдырып кетті. Қазір жазып жүрген «Көз көрген» атты көлемді еңбегіме сол оқиғалардың қайсы бірін пайдаландым»

[1. 6 б].

Қаламгер осы ғұмырбаяндық əңгіме-очеркінде шығармашылық сыр жазу өнерінің міндеті мен мерейі туралы ақтарылып сөйлейді. Өзінің шығармашылық зертханасы, қаламгерлік ұстанымы, шығарма жəне заман, шығарма жəне адам мəселелерін жанын ақтарып отырып ашылып айтады. Қазақ əдебиетінің өткені мен бүгіні, келешегі туралы тұтас бір көркемдік бағыт, бағдарларды айқындай отырып, өзіне де, өзгеге де міндет артып, жауапкершілік жүктеп сыр төгеді.

Шығармашылық ғұмырдың тынымсыз толғаныс, үздіксіз ізденісі, бейнетті еңбегі ұлтының рухани тоғаюына бағышталған, ел тарихын, халық тағдырын көркем шежіреге көшірген Ғабиден Мұстафиндей қаламгер нені айтса да, қалай айтса да тауысып, түгендеп айтатынын осы əңгіме-очеркінде тағы да мойындатады. Оның өз шығармаларының қалай, не себепті жазылғанын баяндауында жазуға деген соншалықты құштарлық, шығармашылық стихиясы айқын.

Туған халқының тұтас бір дəуіріндегі тарихи тағдырын кезең-кезеңімен көркемдік əлемге ұластырған сөз ұстасы өзінің ешқашан тыншымаған, толастамаған қаламгерлік мұрат бағытындағы жазушылық еңбегін ұлтына бағыштаған.

Ғабиден Мұстафиндей ұлтының жарты ғасырлық тағдырын тұтас қамтып, көркемдік өрісте көрсетіп кетуге табандылықпен кірісіп, тапжылмай жазып өткен дарын сирек.

Ғабиден Мұстафин əдебиетке өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары келді. Бұл уақыт ел ішінде саяси науқаншылдық бірінен соң бірі үдей түсіп, халық жаңа өмірді құру жолындағы қажырлы еңбекпен шыңдала түскен; ұлт тағдырында таңдау жол туып, кім қалай жүрерін білмей адасқан, білеміз деп елді соңына ерткен оқыған, көргенді азаматтар өзара арбасқан уақыт еді. Ғабиден Мұстафин түрлі жікшілдікке түсе қоймаса, ана сүтімен, ата тəрбиесімен дарыған кісілік бөлекше қасиеттердің көп септігі тиген. Өз өмірін, қалыптасқан ортасын, жазуға əуестене бастаған шағын, кімнен не үйреніп, қалай жазуға ден қойғанын, өмірдің ұзақ жолында тек қаламгерлік мұратына қарай жүргенін жазушы «Жол үстіндегі сыр» эссесінде кең толғап, заман, дəуір ақиқаты, қоғамдық сілкіністер ауқымындағы қаламгер тағдыры, адам концепциясы тұрғысында толғанады.

Ел ішін екі бөліп, алатайдай бүліндіре келген «тапшылдық» сырттан ғана таңылған саясат болмайтын, сол жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі əріден келе жатқан əлеуметтік теңсіздіктің шиеленісе түскен шағында бітеу жарадай жарылған тарихи құбылыс болатын.

ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ

Сəкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуде» 1916 жыл оқиғасы тіптен аша, айыра түскен, қысылтаяң күн туғанда құлқыны білініп қалған үстемдіктің түпсіз терең ордың екі жағында əлеуметтік екі жіктің ымыраға келмес, бітіспес табиғатын көреді. «Тап», – деп туған Сəбит Мұқанов та тарихи негізді қоғамдық формацияның ақиқат заңдылықтарына сүйенген.

Ғабиден Мұстафин өзінің ата-тегін, əкесінің би болған, бай болған ағаларын, Мұстафаның дін ұстанған, қажыға барған иманды адам екендігін айтудан жасқанбаған. Кішкенеден атастырған қыз əкесі де алпауыт бай. Осы құбылыстар далаға дүбірі жеткен жаңа бағыттың жолымен жүрем деген, жүрегі жақсыға ынтық жас Ғабиденнің де алдынан талай мəрте шыққан.

Ғабиден Мұстафин жас күнде таңдаған бағытымен жүрді. Ұлтының рухани тарихына өз жолын қалдырды. Бетінен тайған жоқ. Қаламгерлік бақытын тапты.

Атастырып қойған қызын Əубəкір бай қоңторғай тіршіліктегі Мұстафаның ұлына бергісі келмей, сырғақтатып жүріп алады да, 1919 жылы қызылдар келгенде келісім беріп, Ғабиденге қайыната болып шыға келеді. Сол тұстағы жуандық, барлық пен билік, кеудені басқан теңсіздік Ғабиденнің жүрегіне қайтпаған кек болып қатқан.

«Əубəкір 1919 жылы, дəл қызылдар келер алдында қызын амалсыздан берді. Бір жылдан кейін қызы өліп қалды. Менің ішімдегі кек өлмеді, өрши берді. Ауылға лау келсе, салық түссе, бай Əубəкір кедейлерге өзімен бірге тартқызды. Іштен тына келіп, мен бір күні жарылдым. Бірақ, елде тұрып айтысуға Əубəкір бой бермейтін болған соң, 1925 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордаға біржолата кеттім. Жеке бастың қамынан, ұсақ-түйектен туған осы айтыс Қызылордаға келген соң нағыз таптық жолға түсті.

Таптық жолға түскенмен, жауым жапырыла қалған жоқ. Ауылда ол кезде байшыл, рушыл, феодалшыл ықпал басым. Халықтың қаптал көпшілігі сауатсыз.

Азғантай оқымыстылар ала: бірі Советті қолдаса, бірі байды қолдайды. Жалшы, кедейге езуші жауын қолмен көрсетіп тұрсаң да жауласа қоймайды…» [1. 10 б].

Жазушы көп жыл өткен соң, сол жиырмасыншы жылдардың саяси негізін, уақыттың шындығын мейлінше ақиқатпен, болғанды боямаламай, болғанша айтуында уақыттың күрделі шындығын, кей тұстың ұранды, ұр да жық мінезін, соның барлығының түптөркінін, шығу негізін, қоғамдық-тарихи ахуалдың аумалы-төкпелі табиғатын көтере отырып ой қозғайды. Өзінің тап күресінде кеңес жағында жүре тұра, талай мəрте нақақтан күйгенін де кезеңнің мінезінен туындата отырып ой түйеді.

«Қызылордаға келісімен коммунист – Сəкен Сейфуллин, Сəбит Мұқановтар тобына қосылдым. Қазақтың ауылы ғана емес, аз ғана оқымыстыларының, жазушыларының арасы да быт-шыт екен. Сейфуллин бастаған топ жазушылар ұйымын құрды (РАП). Елеулі еңбегім болмаса да, сол ұйымға мүше болып едім. Мұхтар Əуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты ірі жазушыларды, коммунист, басшылық қызметте жүрген Ғаббас Тоғжанов сияқты сыншыларды бұл ұйым сыртқа тепті. Олардың өзі де енуге ентелей қойған жоқ. Сөйтіп, ауылдағы тап тартысынан келе сала орталықтағы əдебиет тартысына араластым» [1. 11 б].

Жазушы ұзамай, ірі байлардың кəмпескесі өтіп, ұжымдастыру шарасы өрістеп, РАП жойылғанын айта келіп, өз өмірінің нақтылы бір ұстаныммен өтіп келе жатқанын айқындай түсетін бір сырдың ұзын-ырғасын құлаққағыс ете кетеді.

«Оңға, солға тартқан жазушылар бəрі бір ұйымға бас қосты. Əдебиеттегі таптық күрестер, тап жойылған соң енді топтық күрестерге айналды. Мен бұл топтық күрестерден аулақ тұрдым.

Салт-сана, саясат майданына мен өз қатарымнан кейіндеу келгем, əкем тəрізді қақ-соқпен жұмысым болмай, момын болып өстім» [1. 11 б].

Жазушы өз заманындағы əсіре белсенділік, асыра сілтеуді қолайсыз көргенін айтады. Əкесінің діни тəрбиесі, имандылық, ізгілік жолы, адамгершілік өнегесі жазушыға алмағайып заман, аласапыран уақыттарда айнытпас, адастырмас темірқазық болған.

Өмірдің жайымен жүрген жандарды да түртпектеп отырар қиын мінезі де бар ғой. Жас Ғабиден де қиянатқа қимайтындай қылықты, мінезді азамат болып өскенімен, достан да, дос еместен де сатқындық көріп, жан-дүниесін мұз қарыған сəттер болды. Бірте-бірте өмір даналығы есейтіп, ел ағасы жасқа жеткен кезде жазушы жаны адамның келеңсіз əрекеттеріне əлі де қынжылып, жаман əдеттен əлі де бой тартып, жиырыла, айыптай айтады.

«Партия қатарына 1940 жылы ғана енгем. Оған дейін «Хажының баласы», «Сейткемеловтің күйеуі» деп қудалаудан көз ашқаным жоқ. Партияға енген соң да, 1953 жылға дейін «домалақ» арыздарға жауап берумен келдім. Қызғанарлық бағым, мансабым не кесірлі мінезқылығым жоқ. Маған неге өшігеді?! – деп таңданатын  едім, өшігетіндер жат адамдар деуші едім. Жат еместердің, тіпті достарымның ішінен талай пейілі нашарлар табылды, кейде жақсы дегенім жаман, жаман дегенім жақсы болып шықты, табынған адамдарымнан тайыздық байқалды… Соның бəрі дүниеге сын көзімен қарауды, онша алысты көре алмасам да, аяқ астын көрсетерлік қолға бір шырақ ұстауды үйретті. Адам əрқилы күнелтеді, əрқилы із қалдырады артына. Күнелтуде, із қалдыруда мен жазушы еңбегінен артықты тілемедім, іздемедім»

[1. 12 б].

Жазушы осы толғанысында қаламгер мұраты дейтін қастерлі ұғымды ғұмыр бойы жоғары көтеріп келе жатқан жаратылыс табиғатын ағынан ақтарылып айтады.

Осында, бұл шындық емес дегізер ойға орын қалдырмайтын айғайлаған ақиқат бар. Жазушы Ғабиден Мұстафин дəл осылай толғанып, ой өрбітуге өзінің тұтас шығармашылық ғұмыр өнегесі арқылы қақылы. Халқының сөз өнері бесігінде тербеген, ой маржанын төгіп, ірі, іргелі əдебиетті қалыптастыруға тұтас ғұмырын бағыштаған Ғабиден Мұстафин айтар сөз тек осы мазмұнда айтылмақ.

      Қазақтың    маңдайына        біткен         сөз

дүлдүлінің бірі, сырбаз, таза жанды, талапшыл жазушы халқының жүрегінде кесек жаратылысымен, кеуделі тұлғасымен қалды. Қолына қалам алып, сөз қуам деген ұрпағын ұлағаты бөлек, қайталанбас қаламгер өмірдің көбі кетіп, азы қалғандай кезеңде де жазу өнері туралы қызу құштарлық, ортаймаған құмарлықпен ой төгеді.

«Жазушы еңбегі – қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем əдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым əбден төселгендей болды. Сонда да əрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлтақтай беремін, шарық ұрып іздене беремін. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып жарамды дегенімді ғана қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, жылаймын. Жазғаның өзіңе осылай əсер етпесе, басқаға мүлде əсер етпесе керек.

… Əгəр жазушының басына қарамақарсы осы екі қажет орнамаса, жазушы шығарма үстінде өзін халық ойшысы, мемлекет қайраткері деп, шығармасы біткен соң бұлардың тек атқосшысымын деп сезінбесе, ондай жазушыны нағыз жазушы деу қиын» [1. 13 б].

 

ҰЛТТЫҚ ТАҒЫЛЫМ

Қаламгер тұтас ғұмырын жазу өнеріне əдебиетінің белгілі бір дəуірдегі көркемдік бұрды да, соның сүрлеу, соқпағынан өлшемінде Ғабиден Мұстафиннің өтті. Дара, даңғыл жолын тапты. Қазақ шығармашылық өрісі кең, ұзақ.

ƏДЕБИЕТТЕР:

  1. Мұстафин Ғ. Жиырма бес. – Алматы: Жазушы, 1970. – 312 б.

Резюме

В статье рассматривается биография и писательская деятельность Габидена Мустафина на основе его творческих размышлений.

Summary

       
       
 


The article deals with the biography and literary activity of  Gabiden Mustafi n on the base of his creative thinking.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *