ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫНА ҰЛТТЫҚ ТƏРБИЕ БЕРУДІҢ |
ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
ұлттық тəрбие берудің бағдарлы идеялары мен міндеттері еліміздің Президенті Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында ерекше атап көрсетілген. Əсіресе, Елбасының 2004 жылдың наурыз айындағы «Бəсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бəсекеге кабілетті экономика үшін, бəсекеге қабілетті халық үшін» атты Халыққа жолдауында: «Ұлттың бəсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады. Келешекте мұғалім мамандығы ең беделді мамандықтардың бірі болуы керек. Əрине, мұғалімнің өзі де уақыт талабына сəйкес болуы міндетті» делінген.
Бұл айтылғанның педагогикалық мəні мынада:
Бəсекелестік – қашанда дамудың басты құралы, ал қабілеттілік кез келген іс-əрекеттің тиімді шешілуіне икемділік. Бұдан Қазақстан, оның экономикасы мен халқы бəсекеге қабілетті болу үшін ұлттың бəсекеге қабілетті болуы керек, ол қабілет ұлттың білімділік деңгейімен айқындалады. Ал, ұлттың (қазақтың) білімділік деңгейі жоғары болу үшін мектептің жаңа типін құру жəне жаңа формациядағы педагог даярлау қажет.
Жаңа типті мектеп – ол ұлттық мектеп, ал жаңа формациядағы педагог тек педагогикалық жоғары оку орнында ғана даярланады. Сондықтан да, Президенттің ұсынысымен Қазақстанда бес педагогтік жаңа институт ашылды, соның бірі біздің Таразда ашылған мемлекеттік педагогикалық институты.
Ұлттың білімділік деңгейі жоғары болу үшін, дамыған елдердің тəжірибесі көрсеткендей, Қазақстанда жаңа типті қазақ ұлттық мектебін құру кажеттігі туындап отыр.
«Ұлттық мектеп қандай болу керек?» деген проблеманы дүниежүзінің белгілі ағартушылары мен ғалым-педагогтары Я.А.Коменский, Дж.Локк. И.Г.Песталоцци,
Ф.А.Дистервег, К.Д.Ушинский,
В.Я.Стоюнин, С.И.Гессен, В.Н.СорокаРосинский əрқайсылары өз ұлттарының ерекшеліктеріие қарай ұлттық мектеп құрудың ғылыми негіздерін жасаған.
Орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский өзінің «Орыс мектебін орыс мектебі қылу кажеттігі туралы» деген мақаласында сол кездегі орыс мектебінің кемшіліктерін сынай келе, былай депті: «Швейцария, Германия, Англия мен Америкада білім 3 түрге бөлінеді: қажетті, пайдалы, ұнамды. Соның ішінде ұлттық білімнің негізіне қажетті білім алынады. Қажетті білім баланың жанына, ең алдымен, негіз болып ұялануы тиіс. Əр адамда сондай кажетті білім болып табылатын өз тілінде оқи білу, жаза білу, санай білу, өз дінінің негізі мен Отанын білу…». Сондай-ақ, ол: «Мектеп ұлттық болып аталуы үшін ұлттық психология жəне тарихқа негізделуі жəне қоғамдық қажеттілікпен санасуы шарт. Ұлттық мектеп құруда отбасының құрылымын, түрін, экономикалық, климаттық жағдайларды ескеру жəне орыс мектебін шетелдіктер емес, орыстар басқаруын қадағалау қажет» деп санаған, ал орыс ғалымы В.Я.Стоюнин ұлттық орыс мектебі туралы былай деп жазыпты: «Мектептің «жансыз», «дəрменсіз» болуының басты себебі, мектептің ұлты мен дербестігінің жоқтығында. Мектептің бағыты сол ұлттың мінезі мен жалпы бағытына тəуелді болуы тиіс». Ал, В.Н.Сорока-Росинский ұлттық мектеп болу үшін: «Білім мен тəрбиенің негізі міндетті түрде ұлттық болуы тиіс» десе, С.И.Гессен: «Егер білім беру жүйесі ғылымдық, көркемдік жəне ұлттық адамгершілік талаптарға сай келсе, сонда ғана ол шынайы ұлттық болып есептелуі керек» деп оны толықтыра түседі.
Міне, осындай орыс ғалымдарының зерттеулері негізінде Ресейде орыс ұлттық мектебі құрылған. Қазіргі орыс мектептері сол мектептің жалғасы, сондықтан ұлттық ерекшеліктері толық сақталған. Орыс халқының ұлттық санасы, намысы, дүниетанымы сол мектепте дамып қалыптасқан.
Сонда, ұлттық мектеп дегеніміз қандай мектеп? Онда оқытылатын білім мазмұны қандай болу керек? – деген сұрақтар туындайды.
Ұлттық мектепте ғана ұлттық білім жүйесі жүзеге асырылады.
Ұлттық білім деп білім мазмұнындағы ұлттық дүниетанымды, ал ұлттық дүниетаным – ұлттық болмыс көрінісі, саяси, адамгершілік, эстетикалық діни наным-сенім, тəрбие, тарихи сана, басқа да дəстүрлі мəдени-рухани көзқарастар жүйесі. Сонда казақ мектебіндегі ұлттық білім мазмұнын барлық оқу пəндерінде ұлттық құндылықтарымыз – Ана тілін, Ата тарихын, Төл мəдениетін, Ұлттық салт-дəстүрлерін жүйелі оқыту құрайды.
Сонымен, бүгінгі таңда Қазақстанда білім беру саласындағы ең басты проблема қазақ ұлттық мектебін кұру. Өйткені, еліміздің болашағы мен тағдыры ұлы ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуында, мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі».
Қазақ ұлттық мектебін құрудың негізі сан ғасырлар бойы қалыптасқан халкымыздың ұлттық тəлім-тəрбие мұрасы болуы тиіс. Қазақ ұлттық мектебін құру туралы ой-пікірлер бірқатар ғалым-педагогтарымыздың еңбектерінде қарастырылған, ол зерттеуді қажет ететін проблема.
Сұрақ: «Қазақ ұлттық мектебі не үшін қажет?». Қазақ ұлттық мектебінің қажеттілігі – қазір елімізде орын алып отырған иммунопсихологиялық проблемаларды: ана тілін, ата тарихын, төл мəдениетін, ұлттық салт-дəстүрлерін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлерінде көздерінен қанды жас ағып, жылап отырған əжелер мен аталар, шылым шегуге, ішкілік пен нашақорлыққа салынған жастар, қылмыстың қаулауы, сыбайласжемкорлық, жұмыссыздық, жезөкшелік, қазақ мектептерінің жабылуы, мектептегі
оқу-тəрбие жұмысының нашарлауы, мұғалімдер беделінің төмендеуі, оларға қамқорлықтың жасалынбауы, тəртіпсіз ұл мен қыз, ата-аналардың тəрбие жұмысымен айналыспауы, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың жəне олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы екендігі, ал сол мектептерде ұлттық тəрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, өнерлі, ақылды, еңбекқор, иманжүзді, сұлу да сымбатты, ұлтжанды болып өсетіндігінде. Сондықтан да, ұлттық тəрбие – еліміздің болашағы.
«Қазақтың ұлттық мектебі қандай болу керек, онда ұлттық тəрбие қалай жүргізілуі керек?» деген проблемаларға нақты жауапты қазақ халқының ұлы педагогтары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов,
Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов еңбектерінен табуға болады. Солардың еңбектерінде қазақтың ұлттық мектебінің нобайы жасалынған. Онда қазақтың ұлттық мектебінің мақсаты, міндеттері, ұлттық мектепте білім беру мазмұны, ұлттық тəрбиенің нəтижесі анықталған. Мысалы, М.Дулатов қазақ ұлттық мектебінің мақсаты: «…жалғыз кұрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге ұлттық тəрбиені қоса беру», Ж.Аймауытов: «Тəрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тəрбиелеу», қазақ ұлттық мектебінің міндеттерін М.Жұмабаев: «Əрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тəрбиеші баланы сол ұлт тəрбиесімен тəрбие қылуға міндетті», ал М.Дулатов: «…балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухын сіңіріп, ана тілін үйретіп шығару»; қазақтың ұлттық мектебінде білім беру мазмұнын А.Байтұрсынов: «Оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, шаруакəсіп, қолөнері, жағрафия, жаратылыс», Ж.Аймауытов: «Əдебиетті, тарихты жəне географияны біріктіріп, яғни интеграциялап «Біздің Отан» деген атпен оқыту қажет», М.Дулатов: «…оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан һəм табиғаттан жазылуы», ұлттық тəрбиенің нəтижесін М.Дулатов: «…алған тəрбиенің əсерлі, күшті, сенімді болуы… Мұндай балалар мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды, …қайда болса тіршілігінде, қандай ауырлық өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып калады…», ал мұғалімнің ұлтжанды жəне білімді болуы туралы М.Жұмабаев: «…əрбір тəрбиеші, сөз жоқ, ұлт тəрбиесі мен таныс болуға тиіс» десе, А.Байтұрсынов: «…ең əуелі мектепке керегі білімді, педагогика, методикадан хабардар оқыта білетін мұғалім», Ж.Аймауытов: «Баланы тəрбиелу үшін əрбір тəрбиешінің өзі тəрбиелі болуы керек» деген.
Еліміз егемендік алуымен қоғамның мектепке қатынасы өзгеріп, қазақтың ұлттық мектебін жасау туралы педагогикалық ақпарат беттерінде өте бағалы əр түрлі ой-пікірлер айтыла бастады. Мысалы, ғалым-педагогтарымыз Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, С.Ұзақбаева, Ж.Наурызбай, Т.Əлсатов, Ə.Табылдиев, т.б. қазақтың ұлттық мектебін жасау, онда ұлттық тəрбие беру проблемаларын жан-жақты зерттеп, қомақты-қомақты монографияларын, оқулықтарын, оқу құралдарын, əдістемелік құралдарын жарыққа шығарды.
1991 жылдан осы уақытқа дейін қазақ этнопедагогикасынан Қ.Жарықбаев пен С.Қалиевтің «Қазақ тəлім-тəрбиесі», солар құрастырған екі кітаптан тұратын «Қазақтың тəлімдк ой-пікір антологиясы» мен «Антология педагогической мысли Казахстана», С.Қалиев, М.Оразаева, М.Смайлованың «Қазақ халқыыың салтдəстүрлері», С.Ұзақбаеваның «Тамыры терең тəрбие», М.Əлімбаевтың «Халық – ғажап тəлімгер», Ж.Наурызбайдың «Ұлттық мектептің ұлы мұраты», М.Тілеужановтың «Халық тағылымы». М.Балтабаевтың «Казахская традиционная художественная культура в системе образования», Ə.Табылдиевтің «Халық тағылымы» мен «Қазақ этнопедагогикасы», К.Қожахметованың «Мектептің ұлттық тəрбие жүйесі» жəне т.б. еңбектер соған дəлел.
Ұлттық мектеп жасауға, онда ұлттық тəрбие беруге мемлекет тарапынан бірнеше тұжырымдамалар шығарылды. Олар: «Қазақстан Республикасы əлеуметтік-мəдени дамуының
тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептері тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы орта арнаулы білім тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептерінің білім мазмұнының тұжырымдамасы», «Мектепке дейінгі жəне мектеп жасындағы балалардың тəрбие тұжырымдамасы», «Тіл туралы», Қазақстан Республикасының заңы т.б. Сонымен қатар, ұлттық тəрбие беруді іске асыру үшін бірнеше авторлық бағдарламалармен қазақ мектептері жұмыс істеуде: М.Құрсабаевтың «Атамекен», З.Ахметованың «Кəусар бұлақ», Ə.Садуақасовтың «Дəстүр» жəне т.б.
Жоғарыда айтылған қазақ этнопедагогикасы ғылымының жетістіктерін, мемлекеттік құжаттар мен бағдарламаларды, қазақтың ұлттық мектептерін жасауды жəне оларды ұлттық тəрбие беруді іс жүзіне асыратын мектеп мүғалімдері. Өкінішке орай, олар ұлттық тəрбие беруге педагогтік жоғары оқу орындарында дайындықтан өтпеген, коммунистік тəрбие беруге даярланған. Осы себептен қазір қазақ мектептерінде оқушыларға ұлттық тəрбие беру талапқа сай жүргізілмеуде. Бұл кедергіден өтудің жолы мектеп мұғалімдерінің мамандықтарын арттырушы барлық облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында мұғалімдерді ұлттық тəрбиеге дайындаудан өткізу қажет. Оны шешудің жолы сол институттарда курстар ұйымдастыру. Ондай тəжірибелер баршылық. Мысалы, барлық облыстық институттарда этнопедагогикадан курстар ашылып, мұғалімдерді ұлттық тəрбиеге сапалары əр түрлі бағдарламалармен қайта даярлауда. Дегенмен, соңғы жылдары мұғалімдерді этнопедагогикалық дайындау нашарлап кетті. Егер де осы мəселені жандандырмасақ, мектепте ұлттық тəрбие беру жүзеге аспайды. Содан келіп жоғарыда айтылған иммунопсихологиялық құбылыстар елімізде кеңінен орын алары сөзсіз.
Сонымен, жоғарыда айтылған ғалым-педагогтардың ой-пікірлері мен көзқарастары, мемлекетік құжаттар, озық іс-тəжірибелер бойынша мынандай тұжырым жасауға болады: «Қазақтың ұлттық мектебі» деп халқымыздың Ана тілін, Ата тарихын, Төл мəдениетін, Ұлттық салт-дəстүрлерін жүйелі оқытатын мектепті айтамыз, ал ол мектептің басты белгісі – қазақтың ұлттық рухы болуы шарт. Мұнымен катар, ол мектептің оқулықтары мен оқу құралдары төлтума болуы тиіс. «Төлтума» деген сөздің мəні оқулық пен оқу құралдарының авторлары баланы сүйетін жəне мектепті жақсы білетін, тəжірибелі, шебер, ұлтжанды қазақ мұғалімдері мен ғалымдары болуы тиіс.
Сонда ұлттық тəрбие деп жеке тұлғаның Ана тілін, Ата тарихын, Төл мəдениетін, Ұлттық салт-дəстүрлерін меңгеру арқылы ұлттық сана-сезімінің, намысының, мінез-кұлқының, дүниетанымының дамып, қалыптасуын айтамыз.
Біздің жалпы білім беретін қазақ мектептерін көпжылдық зерттеуіміз, оқушыларға ұлттық тəрбие беру жайы əлі өте төмен деңгейде екенін, Кеңестік дəуірде Қазақстанда қазақ ұлттық мектебі болмағаны, қазір де ондай мектеп жоқ, мектептеріміз қазақ орта мектебі деп аталғанымен, ондағы оқу-тəрбие жұмыстарының жоғары сыныптардағы оқу бағдарламалары, оқу жəне əдістемелік құралдары ұлттық тəрбиенің ерекшеліктерімен санаспаған орыс тіліндегі аудармасы арқылы жүзеге асырылуда, ал мектеп мұғалімдері мен болашақ мұғалімдер педагогтік жоғары оқу орындарында оқушыларға ұлттық тəрбие беруге айтарлықтай даярланбауда екендігін көрсетті.
Біздің ғылыми жетекшілігімізбен Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №5 қазақ классикалық гимназиясында 1992 жылдан бастап «Қазақ халық педагогикасы мен психологиясының озық дəстүрлерін оқу-тəрбие ісіне ендіру» жəне 2002 жылдан Ш.Смаханұлы атындағы №44 қазақ орта мектебінде оқушыларға қазақ этнопедагогикасының материалдарын пайдаланып, ұлттық тəрбие беру жүйесін жасау бойынша педагогикалық эксперимент жүргізілуде.
Мақсатымыз қазақ ұлттық мектебін құру. Сол мектептердегі оқушылардың ұлттық тəрбиелілік деңгейлерінің аралық жəне қорытынды нəтижелерін талдау арқылы олардың ұлттық санасы, намысы, мінез-құлқы жəне дүниетанымы біршама жақсы қалыптаса бастағанын анықтадық.
ƏДЕБИЕТТЕР:
1.Антология педагогической мысли Казахстана / Сост. К.Б.Жарикбаев, С.К.Калиев. – Алматы: «Рауан», 1995.
- Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тəрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасы. – Алматы: «Ғылым», 2001.
- Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. – Алматы: «Білім», 2003.
4.Ұзақбаева С. Тамыры терең тəрбие (Қазақтың халық педагогикасындағы эстетикалық тəрбие).
– Алматы: «Білім», 1995.
Резюме
В статье автор поднимает вопрос, и делает акцент на роли теоретических принципов национального воспитания, о необходимости и важности национальных школ. Указывает пути воспитания.
Summary
In article the author brings up a question, and places emphasis on a role of theoretical principles of national education, about necessity and importance of national schools. Specifi es education ways.