ТƏЛІМ-ТƏРБИЕНІ ЖАҢҒЫРТУ
Адам тумысынан адамгершілік қасиетке ие болып тумайды, ол адам бойына тəрбие арқылы дариды. Ендеше, адамның жақсы не жаман болып өсуі тəрбиеге байланысты екен. Сондықтан да, ата-ана үшін, қоғам үшін жақсы адам тəрбиелеп өсіру басты міндет. Бірақ та, бұл айтуға оңай болғанмен оны іске асыру өте қиын, себебі уақыт, орта, заман адамға өз əсерін тигізеді. Яғни, бізге ең алдымен адам қандай қоғамда, қандай өмір салтымен өмір сүретінін жақсы білуіміз керек екен.
Қазақ халқы соңғы ғасырларда тəрбиенің екі түрін басынан өткерді деуге болады. Оның біріншісі, Қазан төңкерісіне дейінгі ұлттық тəлім-тəрбие болса, екіншісі, төңкерістен кейінгі коммунистік тəрбие. Қазір біз осы екі үлгіні бір-бірімен салыстыру арқылы: қайсысының қандай артықшылығы болғанын білуімізге мүмкіншілігіміз бар.
Қазақтың ұлттық тəрбиесі негізінде Ислам дінінің қағидаларына негізделген имандылық жолы болатын, сондықтан да олар рухани құндылықтарды материалдық құндылықтан жоғары қойған. Оған қазақтың «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» немесе «Жарлы болсаң да, арлы бол» деген мақал-мəтелдері дəлел. Ал, комунистік тəрбие болса, олар атеистік саясат жүргізіп дінді «бас қатыратын апиын» деп, коммунизмнің негізгі принципін «əркімнің қабілетіне қарай, əркімнің қажетіне қарай» немесе «сананы болмыс билейді» деген ұрандармен, материалдық құндылықты рухани құндылықтан жоғары қойып келді. Соның кесірінен адамдар құдайға да сенбей, заңды да сыйламай, өмірдегі басты мақсат – тірлікте ішіп-жеп, бұл дүниенің рахатын көріп қалу деп ұқты. Мұндай тəрбие, ақыр аяғында адамдарды имандылық жолынан тайдырып, моралдық азғындыққа алып келді.
Коммунистер адамдарды тапқа бөліп, оларды бір-біріне қарсы қойды. Кедейшілікті мақтап, байлықты даттап, адамдар қалай еңбек етсе де, жалақыны бəріне бірдей төлеп, адамдардың жұмыс істеуіне деген ынтасын жойды. Бұл ақыр аяғында қоғамның құлдырауына киліктіріп, коммунистік алып империя өз-өзінен ыдырап тынды. Коммунистік тəрбиенің басты мақсаты – адамдарды жеке адамгершілік қасиетінен айырып, айтқанға көніп, айдағанға жүретін тобырға айналдыру еді. Олардың негізгі саясаты алып империяның мүддесін қорғай отырып, сол арқылы бүкіл дүние жүзіне өзінің үстемдігін орнату болды. Олардың идеялық-саяси, патриоттық, интернационалдық, атеистік, этикалық, эстетикалық, құқықтық, дүниетанымдық тəрбиесінің бəрі саяси мақсатқа бағытталған болатын.
Біз саяси тəуелсіздігімізді алғаннан бері ұлттық тəрбие жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ балалар бақшасында, орта жəне жоғары оқу орындарында білім, тəрбие жұмысы сол бұрынғы Кеңес заманы кезіндегі жүйемен жүргізілуде. Ондағы бір үлкен қателік, жастарға білім беру (ол қандай білім екені өз алдына бөлек əңгіме) бірінші кезекке қойылады да, тəрбие жұмысына онша көңіл бөлінбейді. Соның кесірінен жасөспірімдер мектеп қабырғасынан темекі тарту, арақ ішу, нашақорлық сияқты теріс қылықтарға үйір болып, оның аяғы ұрлық жасау, адам тонау, əйелдерді зорлау сияқты қылмыс жасаумен, ең соңында түрмеге түсумен аяқталады. Мұндай тəрбие алған жастардың бойынан патриоттық сезім, ата-анасына деген құрмет, адамдарға деген ізгі ниетті табу қиын. Бүгінгі күні біз жастарымызды ұлттық үрдісте тəрбиелеп жатырмыз деп айта алмаймыз. Қайта керісінше, ақпарат құралдарының əсерімен батыстың «Көпшілік мəдениеті» деген ешқандай эстетикалық, этикалық, дүниетанымдық мəні жоқ алдамшы əн-күйге, ойынсауыққа əуейіленіп, өзінің ұлттық рухани мəдениетінен қол үзіп барады. Бұдан əрі мұндай жағдайға төзуге болмайды. Сондықтан да, біз бодандықтан құтылып, тəуелсіздігімізді алған егеменді ел ретінде, Отанымыздың болашақ қожасы – жасөспірімдерді дұрыс тəрбиелеп, сапалы білім беріп, жан-жақты дамыған, саналы азамат болып өсуіне жағдай жасауға тиіспіз. Бұл – біздің міндетіміз. Ол үшін халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған мол тəжірибесіне сүйене отырып жəне осы мəселе жөнінде адамзат баласының қол жеткізген табыстарын басшылыққа алып, қазіргі заман талабына сай, жаңа өмір салтымызды орнатуымыз керек.
Біз ұлттық идеологиямызды өмір салтынан, оның ішінде тəлім-тəрбиеден бастауға тиіспіз. Ол үшін көп созбай, елімізде «Салауатты өмір салты» қоғамын құрып, сол арқылы адамдарды, соның ішінде жастарды ұлттық рухани мəдениетке үйретіп, халық арасында ағарту жұмысын жүргізу қажет.
Əрине, біз қазір ХХІ ғасырда тəуелсіз мемлекетімізде өмір сүріп отырғандықтан, бізге өткен ғасырлардың өмір салты жарамайды. Біз тек солардың ішінен ұлттық мүддемізге сай келетін асылдарын таңдап алып, жаңа өмір салтымызды құруымыз керек. Жаңа өмір салтымызда ұстанатын басты қағида: жанұяда сүйіспеншілік, ұжымда сыйластық, ал қоғамда заңның үстемдік етуі. Сонда ғана адамдар арасында түсінушілік, əлеуметтік ортада əділеттілік, қоғамда тыныштық болмақ.
Жастарды əдептілікке баулу
Əдептілік – адамгершіліктің басты белгісі, оның бірінші шарты. Ол имандылыққа, ар-ұятқа байланысты. Қазақта “жақсы адам”, “жаман адам” деген ұғым бар. Жақсы адам – мəдениетті, кішіпейіл, сыпайы, ал жаман адам – арсыз, дөрекі, менменшіл деген мағынаны білдіреді. “Əдептің не екенін, əдепсіз адамды көргенде білерсің” дейді дана халық.
Əдеп сақтау, ол қоғам мүшелерін атабабадан қалған, бұрыннан қалыптасқан əдептілік ережелерін бұзбауға міндеттейді. Əдепті бұзған адамға қауым мүшелері кінə тағып, оған моральдық талап қоюға құқылы, себебі, əдепті сақтау – əлеуметтік дəстүріміздің негізі, халқымыздың ғасырлар бойы тəжірибе арқылы жиған қадір-қасиетінің өлшемі.
Адам болмысынан жүз пайыз жақсы не жаман болып жаратылмайды. Олар күнделікті өмірде көру, есту, сезу арқылы олардың санасы қалыптасып, дүниетанымы, өмірге көзқарасы, мінез-құлқы пайда болады. Осы қасиеттер арқылы адамның ішкі жан дүниесі бір жүйеге келіп, оның өмірдегі құндылықтары, идеалы, нанымы қалыптасады. Яғни, əрбір адам əдепті, не əдепсіз болып тумайды, оған отбасы, балабақша, мектеп, қоршаған орта, қоғамдық институттар əсер етеді.
Қазақ халқында бұрын ресми қабылданған Конституция немесе Заңдар кодексі, болмаса қылмыс жасаған адамдарды жауып қоятын түрмесі болған жоқ. Бірақ та, қоғамдық тəртіпті бұзушылық қазіргі кезге қарағанда əлдеқайда аз болды. Оның себебі, адамдарды жас кезінен дəстүрлі əдепке тəрбиелеу өте жақсы жолға қойылды. Адам үшін ар-ұятты сақтау, намысшыл болу əр адамның адамгершілік қасиеті болып саналды. Қазақ халқын осындай əдет-ғұрыпқа тəрбиелеуде мұсылман дінінің атқарған рөлі өте зор болды. Мысалы, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадисінде былай делінген: “…Əдетте ынсап, рахым, əдеп болмаса, адамның өзге хайуаннан артықшылығы болмас еді. … Əдеп – діннің жаршысы. Əдепті кісіде ұят бар, ұяты бар кісіде иман бар”, – дейді. Яғни, əдептілік адамның ар-ұятына, имандылығына байланысты екен.
Адамдарды атам заманнан бері толғандырып келе жатқан басты мəселе, ол – адамдар қалай дұрыс өмір сүруі керек деген сұрақ. Бұл, əрине, тəрбиеге байланысты. Егер де жастарға дұрыс тəрбие беріп, оларға ерте бастан жақсылық деген не, жамандық деген не, адамдардың өзара қарым-қатынасы қандай болуы керек, адам өзінің іс-əрекетінде қандай идеяларды басшылыққа алуы керектігін ерте түсіндіре білсек, сол құрлы тəрбиенің жемісті болары анық.
Игілікті іс-əрекеттер көп қайталанып əдетке айналса, ол адам өміріне сіңісіп, тұрмыста қалыптасып, бара-бара əдетғұрыпқа айналады.
Адамдардың күнделікті өмірі өзара сан-салалы байланыстар мен қарымқатынастарға толы. Əркез адамға əуелі ой келеді, сосын ол сөз арқылы айтылып, əрекет арқылы іске асып отырады. Егер де осы байланыстарды талдап, саралар болсақ, олар адамдардың əр түрлі жағдайларда өзін-өзі ұстауы, мінез-құлық пен іс-əрекет қағидаларын сақтау тəртібіне, яғни, əдепті болуға баулиды. Біз атеистік қоғамда өмір сүргенде адамгершілік қасиет қаншалықты құнсызданып, адамдардың моральдық азғындыққа қалай түскенін көзіміз көрді. Сол кездегі солақай идеологияның зардабын осы кезге дейін тартып келеміз. Оның себебі, қазіргі билік басындағы саяси элитамыздың көбі интернационалдық рухта тəрбиеленген, ұлттық санасынан, мəдениетінен, тілінен, мақұрым қалған, былайша айтқанда, мəңгүрттер. Олар өздерінің қарақан басының қамы үшін сол бұрынғы Кеңес заманындағы идеология, сол кездегі өмірге көзқарас, дүниетаным баяғыша қала бергенін калайды. Егер де қазақ халқының бодандық дəуірде жоғалтқан ұлттық құндылықтары қайта қалпына келтірілетін болса, оларға жəне олардың балаларына қазақтың мəдениетін, тілін, дəстүрін үйренуге тура келеді. Сол себепті, олар қазір билік қолында тұрғанда, бар күш-жігерімен қазақтың төл мəдениетінің дамуына кедергі келтіруге тырысады. Бірақ та, түптің түбінде əділеттілік жеңетіні сөзсіз, оған бірнеше объективтік себептер бар.
Біріншіден, Қазақстан тəуелсіз мемлекет, сондықтан да қазақ халқымен бір мезгілде тəуелсіздік алған басқа халықтар өздерінің ұлттық мəдениетін дамытуда қандай жетістіктерге қол жеткізгенін көргеннен кейін, қазақ халқы да сондай болуға ұмтылады.
Екіншіден, тотолитарлық дəуірде қазақ халқының мəдениетінің құлдырауына демографиялық жағдай себеп болса, қазір қазақтардың саны Қазақстанда көбейіп келеді.
Үшіншіден, бұрын қазақтар ауылдық жерде тұрып, қала мəдениетінен шет қалып келсе, енді алдағы уақытта урбанизациялануға байланысты қазақтар қалаға шоғырланып, жаңа өмір салтын қалыптастырып, ұлттық мəдениетін дамытуға қолайлы жағдай тумақ. Сол себепті, қазіргі саяси элита қанша қарсылық көрсетсе де, олардың бұл ниеті сəтсіздікке ұшырайтыны анық.
Біз болашақ ұрпағымыздың əдепті азамат болып өсуі үшін не істеуіміз керек? Əрине, əдептілік – күнделікті өмір салтымыздағы тəлім-тəрбиенің жемісі. Сондықтан да, біз күнделікті өмір салтымызды дұрыс қалыптастыра білуге тиістіміз. Ол үшін “өмір салты” деген сөздің мəні мен мағынасын жақсы ұғынып, дұрыс түсіне білуіміз керек. Егер де əрбір ересек адам күнделікті өмірде əдептілік сақтап, əдепсіз қылықтардан аулақ болуға тырысса, оларды көріп өскен жастар да солардан үлгі алуға ұмтылары сөзсіз.
Сол себепті, жастарымыз əдепті азамат болып өсуі үшін оларды дұрыс тəрбиелей білуіміз керек, ал тəрбиенің отбасынан басталатыны белгілі. Олай болса, əрбір отбасы күнделікті тұрмыста салауатты өмір сүруге тиіс.
Бұрын қазақтың отбасы мүшелерінің əдепті болып өсуіне сол əулеттің жасы үлкен ақсақалы жауапты болған. Егер де отбасы мүшелерінің бірі əдепсіз қылық істесе немесе қылмыс жасаса, ол тек сол отбасына емес, оның бүкіл ауылдастарына жəне аталас, рулас елге салынған қара таңба болып саналған. Сол себепті, əрбір адамның əдепті болып, отбасына, туысқандарына, ауылдастарына жаманат келтірмеуі үшін жастардың тəлімтəрбиесіне бүкіл ауыл-аймақ болып атсалысқан. Жастардың ата-анасын, туғантуысқандарын, ауылдың ақсақалдарын сыйлап, көрген жерде сəлем беруі əрбір жастың міндеті болатын. Егер де жасы үлкен ақсақалға жастар бірінші болып сəлем беріп, дұрыстап амандаспаса, оны “тəрбие көрмеген көргенсіз” деп сөккен. Ал, қазақ үшін “көргенсіз” сөзі намысқа тиетін, өліммен тең сөз болып саналады.
Қазақ халқы тəрбиені адамның жасына, жынысына, туыстық қатынасына байланысты ата салты, ене салты, əке салты, жігіт салты, қыз-келін салты деп бірнеше категорияларға бөлген жəне олардың өздеріне лайықты міндеттері болған. Мысалы, ата салтына – бата беру, ақыл айту, билік жүргізу, енші беру, ат қою; ене салтына – отбасылық, тəлімгерлік, ақ босаға, ісмерлік, алтын қазық; əке салтына – мұрагерлік, отағасылық, кəсіпкерлік, еңбекқорлық, кəдегерлік; жігіт салтына – сарбаздық, атбегілік, құсбегілік, салсерілік, өнерпаздық; қыз-келіншек салтына – инабаттылық, сұлулық, ақ босаға, талбесік, іскерлік. Қазақтың өмір салтында əрбір адам өзінің қоғамдағы əлеуметтік рөлін осындай тəсілдермен атқаруға тиіс болған. Мұның бəрі жастар үшін ғибадат, тəжірибе, үлгі болып табылады.
Қазіргі кезде мектептерде əдептану пəні оқытылып жүр жəне оны этика сөзінің баламасы ретінде түсіндіреді. Бірақ та, бұл шындыққа онша келіңкіремейді, себебі, этика сөзі ежелгі гректің “этос” – салт, мінез-құлық деген мағынаны білдіреді. Этика – ғылым ретінде адамдардың қоғамдағы моральдық сапасын зерттейді. Ал, қазақтың əдептілік сөзі бұл – көреген, тəртіпті, кішіпейіл деген мағынада, яғни орыстың – вежливый, тактичный деген сөздерінің баламасы ретінде айтылады. Сол себепті, халықаралық термин сөз болып кеткен этика сөзін аудармай-ақ, өз орнында қолданғанымыз дұрыс.
Қалай дегенмен де, адамның əдепті болуы бірінші кезекте оның өзіне, яғни, оның нанымына, сеніміне, дүниетанымына байланысты. Адамның əдепті болуы үшін оның ар-ұяты, намысы болуға тиіс, ал арұят бұл адамға туа бітетін биологиялық қасиет деуге болады. Өмірде бір отбасында тəрбиеленген ағайынды адамдардың өсе келе санасының, мінезінің, əдетінің əр түрлі болып қалыптасуы – осының дəлелі.
Сонымен, əдептілік адамның адамгершілік қасиетінің басты белгісі екен, олай болса əрбір саналы, əрі өзін сыйлай білетін адам əдепті болуға ұмтылуы – табиғи қажеттілік. Оның үстіне оны қоршаған орта, ол өмір сүретін қоғам, оның тəрбиеленген отбасы да адамнан əдептілікті талап етеді. Бірақ та, əдепсіз адамды əркез кездестіруге болады, сол себепті адамды əдептілікке тəрбиелеу еш уақытта қоғамның күн тəртібінен түсіп көрген жоқ. Оның себебі, дүниеге келген жаңа ұрпақ өзінің өскен ортасынан рухани тəрбие алып, соған бейімделіп өседі. Олай болса, біз болашақ ұрпағымызды əдепті, кішіпейіл, қайырымды адам етіп, тəрбиелеуіміз үшін қазірден салауатты өмір салты қоғамын орнатуға тиіспіз.
Ізгілік – адамгершіліктің салдары
Адам ұғымында ізгілік жəне зұлымдық деген түсінік бар. Егер де, ізгілікті – қайырымдылық, мейірімділік, қамқорлық деп түсінсек, зұлымдық осы ұғымға қарама-қарсы зорлық, қастық, жауыздық болып саналады. Осы айтылған қасиеттердің бəрі де адамның бойынан табылады. Алла-Тағала адам баласын пенде етіп жаратқанда, оның бойына қарама-қайшылықтарды бірге жаратқан. Жəне адамның мінез-құлқын да толық жетілдірмеген. Сол себепті, адам мінезінің жағымды-жағымсыз жақтары болуы мүмкін. Адам саналы тіршілік иесі ретінде жағымсыз əдеттерді жеңіп, жағымды əдеттерге ұмтылуы керек. Бірақ, мұны іске асыру оңай шаруа емес. Себебі, осы жағымды немесе жағымсыз əдеттер сол адамның өз бойынан, яғни, оның санасынан, ниетінен, мінезінен табылады. Адамның бойында жақсы əдеттерді қалыптастыру үшін оған жас кезінен ненің жақсы, ненің жаман екенін, айыра білетіндей етіп, дұрыс тəрбие беру ата-ананың, оқу орындарының, қоғамның міндеті.
Жастарды тəрбиелегенде оған өне бойы сөз жүзінде уағыз айту жеткіліксіз. Бала тəрбиесінің көбін күнделікті өмір салтынан көру, есту, сезу арқылы өзінің бойына сіңіріп отырады. Сол арқылы оның дүниетанымы, өмірге көзқарасы, моральдық құндылықтары қалыптасады. Егер де ол күнделікті өмірде өз ортасынан жақсы істер мен қылықтарды көрсе, соған еліктейді. Ал, жаман əдеттерді көрсе жəне тəрбиешісінің айтқан сөздері мен оның істеген ісі бір-біріне қайшы келсе, оның көңілінде сенімсіздік қалыптасып, мінезінде екіжүзділік пайда болады. Сол себепті, үлкендер жастарға құр уағыз айтып қоймай, “мың естігеннен бір көрген артық” дегендей жақсы əдеттерді өздерінің күнделікті іс-əрекеттерімен үлгі-өнеге ретінде көрсетіп отырулары қажет. Ол үшін əрбір адам салауатты өмір сүруге тиіс. Сонда ғана бүкіл қоғам салауаттанып, адамдарға өмір сүру жеңілірек болады.
Біз əлі күнге дейін салауатты өмір салтының шын мəніндегі мағынасын дұрыс түсініп, дұрыс ұға алмай келеміз. Қазіргі ресми айтылып жүрген, “салауатты өмір салты” сөзі бұл тек денсаулыққа байланысты. Ал, шын мəнісінде салауатты сөзінің ұғымы кең мағынада жеке адамнан бастап, бүкіл қоғамның ой-санасын, мінезқұлқын, іс-əрекетін жан-жақты қамтитын парасатты ұғым. Оны дұрыс түсіну үшін қоғамдық ғылымдардың барлық саласын терең зерттеп, оның əрқайсысының адам өмірінде атқаратын рөлін жақсы білу керек.
Адамдарды ізгілікке тəрбиелеу – мұсылман дінінің басты қағидасы. ҚұранКəрімнің аяттары, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың хадистері бастан-аяқ адамдарды имандылыққа, əдептілікке, ізеттелікке шақырады. Мысалы, ҚұранКəрімнің Бақара сүресінің 177-аятында: “Ізгілік деген тек жүздеріңді шығысқа не батысқа қаратып, құлшылық ету ғана емес. Ол Аллаға, қиямет-қайымға, періштелерге, кітапқа, пайғамбарларға сену, иман келтіру. Сонан соң олардың кім екеніне қарамастан, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, мүсəпір жолаушыға, қайыршыға жəне құлдарды азат етуге шын ниеттерімен көмегін аямағандар, намаз оқу, зекет беру, уəдеде тұру, кедейлікке, кемтарлыққа жəне (Құдай үшін) күреске шыдау, міне, осылар нағыз ізгілік. Тақуа деп, міне, осындайларды айтады” делінген.
Егер де біз Құран сөзін Құдай сөзі деп сенсек жəне əр уақытта осы аятта айтылған қағидаларды орындап жүруге тырыссақ, біздер Құдай алдындағы адамның адамгершілік парызының тең жартысын орындаған болар едік. Ал, егер де Құранда алты мыңнан аса аят бар екенін жəне барлық аяттардың негізгі мақсаты адамдарды имандылыққа тəрбиелеу екенін ескерсек, онда діннің адам баласын тəрбиелеуде атқаратын рөлінің қаншалықты зор екеніне біздің көзіміз анық жетеді. Олай болса, бұрынғы қазақтардың адамгершілікті жоғары бағалап, жастарды əдептілікке тəрбиелеуде зор табыстарға жетуінің сыры осы ислам дінінің əсері деп білу керек.
Кеңес заманында коммунистік идеологияның атеистік саясатының салдарынан адамдар діннен қол үзіп, оның негізгі қағидаларының мəнін дұрыс түсіне алмайтын халге жетті. Енді қазір дінге бостандық берілгеннен кейін көп адамдар дінге сенудің мəні құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, ораза ұстап, садақа беру екен деп түсінеді. Бірақ та діннің шын мəнісі жоғарыдағы аятта айтылғандай, Алла-Тағалаға шын жүректен иман келтіріп, басқа кемтар мүгедек адамдарға шама-шарқынша қайырымдылық жасау.
Əрине, əрбір адам еңбек етіп өзіне, отбасына, қоғамға пайда келтіруі керек. Бірақ та, кейбір адамдар түрлі себептермен ауруға ұшырап, мүгедек болып қалуы немесе жас сəбилердің жетім қалуы, болмаса кəрі адамдар асыраушысы болмай, мұқтаждыққа ұшырауы мүмкін. Міне, осындай адамдарға қол ұшын беріп, жағдайы келгенінше көмектесу дені сау, еңбек ететін, табысы бар адамдардың парызы.
Бұрынғы қазақ қоғамында жетім балалар немесе қарттар үйі болмаған, қазіргідей көше кезіп қайыр сұраушылар да өте аз болған. Оның себебі, қазақтар мұсылман қағидасымен өмір сүріп, өздерінің отбасына, ата-анасына, туғантуысқандарына көмектесіп, оларды əркез қамқорлыққа алып отырған. Осындай имандылықтың арқасында қылмыс жасаушылар, соның ішінде нашақорлық, маскүнемдік, жезөкшелік дегендер атымен болмаған.
Əрине, адамның адамға ізгілік жасауы, бұл – адамгершіліктің белгісі, ал адамгершілігі жоғары адам, ол иманды адам. Имандылық адамның санасы арқылы оның ар-намысын оятып, оның жүрегінде мейірімділік отын тұтатады. Яғни, əр адам өзінің бойындағы имандылық қасиетті сақтап, оны əрі қарай жетілдіру бұл əрбір адамның өмірдегі алдына қойған мақсаты болуға тиіс.
Егер де адамдардың бəрі осыны жақсы түсініп жəне соған жетуге құлшыныс білдірсе, жер бетінде əділеттілік орнап, салауатты өмір салтының салтанат құруы арманнан ақиқатқа айналған болар еді. Олай болса, негізгі мақсат адамды имандылыққа тəрбиелеу болмақ жəне мұнда бірінші кезекте мұсылман дінінің атқаратын рөлі өте зор. Егер де жеке адамнан бастап, бүкіл қоғам осы қағидаға сүйеніп, соны алға мақсат етіп қойса, көп жетістіктерге қол жеткізуге болады.
Қазір елімізде жыл сайын мешіттер көбейіп жəне оған баратын адамдардың да саны артып келеді, соның ішінде жастар да көптеп баруда. Тек бір кемшілігі, сонда уағыз айтып, адамдарды имандылыққа тəрбиелейтін молдалардың сауатының аздығы. Олардың көбінің айтатыны бүгінгі күнделікті өмірге онша келіңкіремейтін, айтыла-айтыла догмаға айналып кеткен схолостикалық əңгімелер. Қазіргі кезде адамдардың көбі жоғары білімді, сондықтан да, оларды жəй ертегіге ұқсас əңгімелермен иландыру қиын.
Қазақ халқының рухани мəдениеті, соның ішінде салт-дəстүрі, əдет-ғұрпы, ырым-жоралары осының бəрі ислам дінінің қағидаларымен біте қайнасып жатыр. Сол себепті, біз өмір салтымызды қазіргі заманымызға лайық етіп, қайта жаңғыртқымыз келсе, ислам дінінің қағидаларын қазіргі өмір шындығына сай жақындатып, оны догмаға айналдырмай, ұлттық рухта қабылдауымыз керек.
Біз егер адамдарды имандылыққа, ізгілікке, қайырымдылыққа тəрбиелегіміз келсе, оны тек мұсылман діні арқылы ғана іске асыруға болады. Себебі, қандай мəдениет болмасын, ол тек діннің негізінде өркендей алады, ал ислам дінінің уағыздары бұл адамды адамгершілікке тəрбиелейтін əділ дін.
Егер де өткен адамзат тарихына көз жүгіртетін болсақ, одан біз адамдардың бұрынғы тағылық қалыптан біртіндеп арылып, олардың кемелденіп, жетілу үстінде екенін көреміз. Соның арқасында адамдардың зұлымдық іс-əрекеттері азайып, оның орнына ізгілік істері көбеюде. Бұл адамзат баласының біртіндеп эволюциялық жолмен даму үстінде екенін көрсетеді.
Себебі, қазіргі кезде жаһандану дəуірінің салдарынан мемлекеттер мен халықтардың арасындағы интеграциялық процесс жылдан-жылға артып, байланыс пен қатынас дамып, адам құқығы мен демократия идеясы адамдардың санасын билеп, бірте-бірте зұлымдықтың орнына ізгілік салтанат құруда. Осы процесс бұдан əрі жалғаса берсе, түптің түбінде адамзат баласы қазіргідей түрлі ұлтқа, нəсілге, дінге, тілге, мəдениетке бөлінбей, бір ортақ салауатты өмір салтымен өмір сүрері анық.
Қазірдің өзінде өркениетті елдердің көбінде өзінің экономикалық, қаржылық мүмкіндігіне қарай мүгедектерге, қарттарға, жетім балаларға көп көңіл бөлініп, олардың жағдайына
көмектесуде.
Кейбір дамыған мемлекеттер басқа елдерге немесе халықтарға қайырымдылық жəне гуманитарлық көмек көрсетуде. Мұндай игі істерге мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар да атсалысып, өзінің мол үлесін қосып келеді. Азаматтардың басқа əлсіз, қорғансыз адамдардың қайғысына ортақтасып, қиын жағдайларда оларға қол ұшын беруі, бұл адамдардың адамгершілік қасиеттерінің жетіліп, өркениетке аяқ басқанын көрсетеді.
Əрине, адамдардың бəрі бірдей емес, кейбір адамдар өзінің рухани қажеттілігінен гөрі материалдық жəне тəн қажеттілігін бірінші қатарға қояды. Олардың бар мақсаты дəмді тамақ ішіп, жақсы киініп, материалдық молшылықта өмір сүргенді қалайды. Бірақ та, адам толыққанды өмір сүруі үшін ол өзінің ішкі жан дүниесінің қажеттілігін ойлап, рухани бай болуға ұмтылуы керек.
Адамның адамгершілігінің жоғары болуы, оның ақылы мен мінезіне байланысты. Адамның бойындағы даналық, зеректік, естілік оған оқу білім арқылы дарыса, мінездегі жақсы əдеттер тəжірибе арқылы келеді. Əділетті іс істеу арқылы – əділ, саналы іс істеу арқылы саналы, ерлік іс істеу арқылы ер болып қалыптасады.
Адамның ар-ұяты онан əр уақытта ізгілікті іс істеп, зұлымдыққа қарсы тұрып, өзінің абыройы мен намысын қорғауды талап етеді. Бірақ та кейбір жағдайда оның нəпсісі жеңіп, зұлымдық жасауға мəжбүрлеп, оны күнəға батырады. Сол себепті, адамды тəрбиелегенде, оның рухының жоғары, əрі мықты болуына баса көңіл бөлуіміз керек.
Үлкенді сыйлау – өзіңді сыйлау
Үлкендер дегеніміз пайғамбар жасына жеткен ақсақалды аталар мен ақ шашты əжелер. Олардың өмірде көргені мен түйгені көп, күнделікті тұрмыста мол тəжірибе жинаған дана адамдар.
Үлкендер бұрын сол байлықтарын өткен ата-бабалардан қалған мұра ретінде келер ұрпаққа, яғни немерелері мен шөберелеріне аманат етіп беріп отырған. Ертеде ауыл ақсақалдарының қазақ қоғамында атқаратын рөлі өте жоғары болған. Олар өздерінің отбасынан бастап, əулеті мен руына басшылық жасап, күнделікті өмір салтында əдет-ғұрыптар мен ырым-жоралардың уақытында дұрыс орындалуын қадағалап отырған. Ауыл жастарын тəрбиелеуді негізінен үлкендер атқарған. Олар жастардан қоғамымызда ғасырлар бойы қалыптасып, дамып келген ұлттық салт-дəстүрімізді мүлтіксіз орындап отыруды талап еткен. Жастар оны жазылмаған Заң ретінде қабылдаған, сол себепті, ол кезде имандылық пен қайырымдылық жəне ізгілік қазіргі кезден əлдеқайда жоғары болған.
Адамзат қоғамында бір уақытта бірнеше ұрпақтың өкілдері өмір сүреді, сол себепті олардың арасындағы өзара қатынас қандай да бір жүйеге келтірілген Заңдылыққа бағынуға тиіс, оны қазақ қоғамында салт-дəстүр деп атаған. Осы салт-дəстүр бойынша үлкендер жастарға өзінің өмір тəжірибесінен үлгі-өнеге көрсетіп, оларға дұрыс өмір сүрудің қыр-сырларын үйрететін болған. Қазақ қауымында ауыл ақсақалдары өздерінен кейінгі ұрпақтарына шежіре айтып, шыққан тегінен мағлұматтар беріп, жеті атасын үйретіп отырған.
Қоғамдағы əрбір əлеуметтік топтың өзінің атқаратын міндеті бар. Егер де ауыл ақсақалдары жастарды имандылыққа баулып, ақыл айтып, батасын беріп отырса, орта жастағы жігіт ағалары жастарға мал бағуды, жер өңдеуді, аң аулауды үйреткен. Ал, ақ шашты аналар болса, қызкеліншектерге инабаттылық, əдептілік, ізеттілік туралы тəлім-тəрбие беріп, оларды үй шаруасына, қол өнеріне, былайша айтқанда – ою-өрнек салуға, кесте тоқуға, жүннен, теріден түрлі киім-кешек тігіп, тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасауға баулыған.
Ата ардақты тұлға. “Əкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі“ деп, халық ұрпаққа атаның мұрасын жалғастыруды уағыздаған. Ата ұрпағының қайырымды, мейірімді, іскер болуын тілеп, соған қамқорлық жасап, өнеге көрсеткен. Атабабаларымыз болашақ жастарға иманды, инабатты, ізетті болып өсуі үшін өсиет айтып, бата беріп, тілек тілеген.
Қазақ халқының салты бойынша атабабасының айтқан өсиеттерін ардақтап, оны ерекше құрметпен есте сақтау əдетке айналған. Үлкендерді қадірлеп, оларға бірінші болып сəлем беру, қариялармен ақылдасу, үйге келген қарт кісіні төрге шығару, қарт адамдарға сыбаға сақтап, сый-сияпатын көрсету, олардың батасын алу, үлкен адамдарға қамқорлық жасау халқымыздың салтқа айналған дəстүрлерінің бірі.
«Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген қазақтың мақалы бар. Яғни, бата дегеніміз адамдарға жақсылық тілеп, олардың алға қойған мақсат-мұратына жетуі үшін айтылатын адал ниет. Сол себепті, алдына үлкен мақсат қойған кейбір жастар қариялардан бата алуды өзіне міндет санаған. Халық ұғымында бата киелі сөз болып есептеледі жəне оны жастарға жадында сақтап əр уақытта еске алып отыруды міндеттейді. Бата алудың, бата сұраудың, бата қылудың өзіне тəн көп рəсімдері бар. Мысалы, дастархан басында, ас соңында қариялар сол үй иесінің сый-құрметіне ризашылығын білдіріп, дастарханға бата беруіне болады.
Ата-бабамыздың арттағы ұрпағына ақыл-парасатымен, сөзімен, ісімен үлгіөнеге етіп қалдырған мұрасын қастерлеп, əркез олардың аруағын сыйлап отыру қазіргі ұрпақ үшін міндет. Біздің салтдəстүріміз бірнеше ғасырға созылған бодандықтың зардабынан ұлттық қасиетін əлсіретіп, сырттан күшпен таңылған басқа мəдениеттің ықпалына беріліп, үлкен өзгеріске ұшырады. Енді қазір егемендігімізді алып, өз алдымызға тəуелсіз ел болғаннан кейін, сол бұрынғы салт-дəстүрімізді қалпына келтіріп, ұлттық өмір салтымызды орнату біздің парызымыз.
Əрине уақыт өткен сайын заман өзгеріп, бұрынғы салт-дəстүріміздің кейбірі қазіргі уақыт талабына сай келмеуі мүмкін. Сондықтан да, біз қазақтың бұрынғы өмір салтын терең зерттеп, оның ішінен қазіргі заманға сай асылдарын таңдап алып, күнделікті өмірімізге батыл ендіруіміз керек.
Біз жоғарыда қазақтың дербес ел болып өзінің төл өмір салтымен, өмір сүріп тұрғандағы қалыптасқан салтдəстүрі туралы сөз қозғадық. Мұның бəрі Ресейге отар болмай тұрғандағы қазақ қоғамындағы əдет-ғұрыптар болатын. Ресейге бодан болғаннан кейін, əсіресе Кеңес заманында қазақтарды бұрынғы көшпелі өмір салтынан айырып, отырықшылдыққа жəне кеңшар мен ұжымшарға ұйымдастыруына байланысты қазақтың өмірі көп өзгеріске ұшырады. Оның үстіне коммунистік идеология қазақтың бұрынғы өмір салтын, ескінің сарқыншағы деп, оны жоққа шығарып, советтік өмір салтымен өмір сүруге үгіттеді. Осындай объективті жəне субъективті жағдайларға байланысты халқымыздың ұлттық санасы тоқсан градусқа өзгеріп, көп адамдарымыз, соның ішінде жастарымыз мəңгүрттікке ұшырады.
Енді қазіргі ұлттық менталитетімізге көз жүгіртсек, бұрынғы қазақтың үлкенді сыйлау дəстүрінен ештеңе қалмады деуге болады. Оның басты себебі, жастарымызға ұлттық тəрбие бере алмауымыз жəне күнделікті өмір салтымыздың ұлттық мəн-мазмұнын жоғалтып, орыстың болмаса батыстың өмір салтына көзсіз еліктеуіміз.
Қазір көп адамдар Батыс елдерін мəдениеті жоғары дамыған, экономикасы қарқындап өскен, құқықтық мемлекет құрған өркениетті ел, ал Шығыс елдері болса барлық жағынан артта қалған, сондықтан да Батыс елдерінен үлгі алып, солардың қатарына қосылуымыз керек деп ойлайды. Бір қарағанда, олардың да уəжі дұрыс сияқты. Бірақ та мəселеге тереңірек үңілсек, шындықтың басқаша екеніне көзіміз жетеді. Өмірде материалдық жəне рухани құндылық деген ұғым бар. Егер де материалдық құндылықты алып қарасақ, Батыстың ол жөнінен көп нəрсеге қол жеткізгені тарихи шындық. Соның арқасында адамдардың тұрмысы жақсарып, фəни дүниедегі өмірдің рахатын көріп жүр деуге болады. Бірақ та, батыстың бір кемшілігі материалдық құндылыққа көп көңіл бөліп, рухани құндылықты əлсіретіп алды. Ал шығыс елдері болса, тарихи даму барысында əр түрлі себептермен материалдық байлықты жасауда батыс елдерінен көп кейін қалды. Оның ең басты себебі, бұл елдердің бірнеше ғасырлар бойы батыс елдерінің отары болып, басында билігінің болмауы.
Қазір бұл елдер саяси тəуелсіздігін алғаннан кейін өздерінің экономикасын дамытуға күш салып жатыр жəне кейбір шығыс елдері осы жолда айтарлықтай табысқа қол жеткізуде. Бірақ та, батыс елдері оларды бұрынғыдай өздеріне қажетті шикізат өндіретін аймақ етіп қалдыру үшін олардың дамуына түрлі айла-шарғылармен кедергі келтіріп бағуда.
Шығыс елдері болса, материалдық байлықты жасауда батыстан кейін қалса да, рухани құндылықтарын сақтап, өздерінің дəстүрлі мəдениетімен өмір сүруде. Дəстүрлі мəдениеттің бір артықшылығы сол, олар рухани құндылықты материалдық құндылықтан жоғары қояды. Қазақтардың бұрынғы үлкендерді сыйлап, оларға қамқорлық көрсетуі осы дəстүрлі мəдениетке жатады. Егер де біз осы дəстүрімізді жаңғыртып, оны қазіргі жастарымыздың санасына жеткізе білсек, олар имандылыққа бет бұрып, адамгершілік қасиеттері жетілген болар еді. Адам адам болып жаратылғаннан кейін оның адамгершілік қасиетті қадірлеп, оны бəрінен де жоғары қоюы əр адамның парызы. Оның үстіне қазақтың «Өгіздің басына түскен күн, бұзаудың да басына келеді» дегендей адамдардың қартайып, күш-қуатының азайып, басқаларға күнінің түсетіні табиғи заңдылық. Сондықтан да, əрбір адам өзінің ертеңін ойлап, бұл дүниедегі ең басты құндылық – ол адамдардың бірін-бірі сыйлап, құрмет көрсетуі екенін əр уақытта естен шығармағаны дұрыс.
Қазақ халқы өзінің тəуелсіздігін жаңадан алып, өзінің ұлттық рухани мəдениетін өркендетуге енді-енді аяқ басып келеді. Рухани мəдениет, бұл күнделікті өмір салты арқылы қалыптасады. Сол себепті, біз ең əуелі болашақта қандай өмір салтымен өмір сүретінімізді ойлап, соның жаңа үлгісін жасауымыз керек. Ол өмір салты меніңше «Салауатты өмір салты» болуға тиіс.
Резюме
Автор статьи сравнивает методы воспитания советского и современного периодов.
Summary
Author of the article compares the methods of education of the Soviet and early modern periods.