(профессор Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды» еңбегі хақында)
Н.Кенжеғараев – филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері ЖАҺАНДАНУ ҮДЕРІСІ ЖƏНЕ ҚАЗАҚ ҰЛТЫ (профессор Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды» еңбегі хақында) |
Қазіргі қоғамдық ғылымдарда, идеология мен саясатта ұлттық, жаһандық жəне адамзаттық деген ұғым-түсініктердің, концепциялардың маңыздылығы арта түсуде. Себебі, қайбір мемлекет болмасын оның қазіргі таңдағы ұстанған даму үрдісі осы үш тұғырға соқпай өтпейді. Əлемдегі ең өткір тұрған мəселелердің негізгілері да осылар. Мемлекеттік даму страте-
гиясы қай бағытты ұстанса, қоғамдағы барлық базис пен қондырма сол арнада дамитындығы белгілі. Демек, мемлекеттің ұстанған қағидатына қоғамдағы ғылым мен мəдениет, саясат пен идеология, экономика т.б. мойын бұрып, бой түзейтіні анық. Əлемдегі азуын айға білеген алпауыт мемлекеттер жаһандану үдерісін толық қолдап, оның кең қанат жайғанын қалайтыны, сол жолға жанқиярлық жұмыстар атқарып жатқандығы мəлім. Қазіргі таңдағы белгілі саясаткерлер мен экономистердің сөзінен аңғаратынымыз, «суық соғыс», «қарулану жарысы» үдерістері жаңа арнаға ұласып, «энергетикалық соғыс» түрін алып, жаңа тартыстар мен шиеленістерге ауыздық болуда.
Біздің қоғамда ғылым мен мəдениет жаһанда болып отырған өзгерістерден, айтыс-тартыстардан тыс, томаға-тұйық өмір сүру керек деген көзқарастар бар. Ғылым өз саласы бойынша қоңырқай күй кешсе, əдебиет пен өнер де өз қазанында бұрқырап қайнай беру керек сынды көрінеді. Өкінішке орай, қазіргі əлемде ондай томаға-тұйықтық, мамыражай өмірге орын жоқ. Біз қаласақ та, қаламасақ та, əлем дамудың жаңа сатысына өтіп кетті. Ол мобильді коммуникация заманына қадам басты. Ы.Алтынсарин айтатын «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды», – дегеннің нағыз шарықтаған кезеңіне келдік. Жер шары, ондағы адамзат қоғамы алақандағыдай болып қалды.
«Əлем азаматы», «шекарасыз əлем»,
«ұлтсыз əлем», «адамзаттық тұлға», «жер шарының азаматы» деген сынды тұжырымдар, модельдер ұсынылып, идеология жүргізіле бастады. Əсіресе, бұл саясат дамушы елдерге жүргізілуде. Қазақстан Кеңестік жүйеден санасы, ділі, діні əлсіреп шыққан, отаршылдық саясатқа жүйелі түрде ұшыратылған, мəңгүрттенген мемлекет болғандықтан, посткеңестік кезеңде жаһандану үдерісі етене енуде. Оған қазіргі мемлекетіміздің ұстанған ішкі жəне сыртқы саяси-экономикалық ұстанымы пəрмен беріп отыр.
Таза гуманистік-философиялық, моральдық тұрғыдан келер болсақ, «əлем азаматы», «адамзаттық тұлға» деген концепциялар жеме-жемге келгенде өте жақсы тұжырымдамалар [1]. Діни-этикалық тұрғыдан да адамның əр уақытта адам болып қалуы жəне Адам болуға ұмтылуы құптарлық іс. Түріміз ұлттық болғанымен, мазмұнымыз адамзаттық болғаны абзал құндылық. Қазақ халқы болмысынан «адамзаттық тұлғаны» қалыптастыруға тырысатын, бейбітсүйгіш, адамсүйгіш, жат ұстанымдардан, нəсілшілдіктен ада халық. Ғасырлар бойына халықтың санасына сіңген дəстүрлі түркілік дүниетаным, ислам діні, сопылық ілім барлығы ұштасып, нағыз кемел, толық адамды қалыптастыруға, тəрбиелеуге тырысқан ел. Алайда жаһанданған алпауыт мемлекеттердің «адамзаттық» деген моделінің астарында, мүлдем басқа дүние жатқаны ақиқат. Европа мен Америка моральдық, гуманитарлық тұрғыдағы жетілген кемел тұлға концепциясынан гөрі, жаһандық экономика дегенге басты назар аударады. Соңғы кезеңдері Европа мен Америка Құрама Штаттары энергетикалық күйзелістерге ұшырап отырғандығы, болашақта да энергетикалық тапшылық тартатыны белгілі. Мұнай өнімдеріне тəуелділікті жою үшін, бұл елдер түрлі зымиян саясатқа баратыны анық. Əлемдегі қаншама елдердің отқа оранып, қанға бөгіп отырғаны да сол батыс елдерінің саясатының жемісі. Мұнайлы деп саналатын мұсылман елдерінде тоқтаусыз соғыстар мен нақақ қандар төгілудің себебі, мұнай көздерін қолды ету, баға саясатын қадағалау, пайда көзіне айналдырып, табыс табу. Тіпті, алпауыт Европа мен АҚШ-та мұнайлы мемлекеттерді бүгешүгесіне дейін зерттеп, осал тұсын дəл тауып, от үрлеп, кикілжің тудырып, оны үдетіп, жанжал, соғыс тудырумен арнайы щұғылданатын мекемелер бары да жасырын емес. Қазіргі таңда орын алып отырған осындай өрескел əрекеттерді көре отырып, бақайшағына дейін қаруланған бай мемлекеттердің адамзатта тыныштықтық орнасын, адам адамға дос, туыс, бауыр деген қағидаттардың желсөз екендігіне сенбеске амалын қалмайтындай.
Зерттеуші ретінде адамзаттық құндылықтар жəне ұлттық діл мəселесесіне келген кезде екі ұдай ойда болатындығымыз жасырын емес. Жалған ұстанымдардан бойды аулақ салсақ (предрассудоктан), ұлт, саясат, мемлекет деген ұғымдардан жоғары шықсақ, түптеп келгенде, адамзаттық деңгейге жетпейміз бе? Əлемдегі адамдардың барлығының жаратылысы, болмысы бір емес пе деген ойлар туындайтыны шындық. Барлығымыз бір атаның баласы екенбіз, неге ұлт дегенді ұмытпасқа, шекара дегенді жоймасқа, əлем азаматы неге болмасқа деген пікірлер қылаң беретіні де бар. Жер бетінде тыныштық пен келісім болу үшін əрбір азамат – адамдығы жетілген тұлға, толық адам болуы керек, не осы толықтық жолына түсуі керек. Алайда, бұл субъективті, абстрактілі дүние. Əлемдік, адамзаттық деген дүниелерді жиі айтататын Батыс мемлекеттері шын қаласа неге сөздері мен істерінен жер мен көктей айырмашылық шығады. Қой терісін жамылған қасқыр тəрізді, тыныш жатқан елдерді қан қақсатады, зорлық жасап, үстемдік көрсетеді.
М.Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды» еңбегі тұңғыш рет 1993 жылы жарық көрген болатын. Кеңестік бұғаудан енді құтылып, Тəуелсіздік алған жас қазақ елінің мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарын айқындап беретін бұл еңбек – зиялы, ұлтшыл қауым арасында зор құрметке ие болып, сілкініс тудырды. Кеңестік құлдық саясаттың қоғамда сөбесі сөгілмей тұрған уақытта коммунистік шекпеннен шыққандар тосырқай қарағаны да жалған емес. Ұлттық принципті алдыңғы қатарға қоятын санасы сау азаматтар үшін тың дүние болып, санадағы дүмпу жасады. Алайда, мемлекеттік органдар күйреген экономиканы қалпына келтіреміз деп сол арнаға көбірек бет ұрып, ұлттық саясатқа келгенде бұқпантайлай берді. Мемлекеттік стратегияның темірқазығы болуы керек деген ойлар елеп-ескерілмей, тұжырым шығарылмай қалды. Зерттеудің негізгі бөлімі «Ел қалай орыстандырылды», «Жер қалай орыстандырылды», «Сана қалай орыстандырылды» деген тарауларға бөлініп, тарихи құжаттар мен деректер арқылы Ресей империясының, одан кейінгі оның мұрагері саналған Кеңес өкіметінің түркі халықтарына, оның ішінде қазақ халқына жүргізген отаршылдық саясаты аяусыз əшкереленеді. Дегенмен, қазақ елі мен жері кешегі отаршылдық салқынынан, сол саясат қалыптастырған құлдық санадан айырыла алған жоқ. Ғалымның 2011 жылы бұл тақырыпқа қайта келуінің де сыры сонда болса керек. «Баяғы жартас – бір жартас», – демекші, жеткен жетістіктеріміз болғанымен, ұлттық сана, діл тұрғысында ілгері дамығандығымыз шамалы. М.Мырзахметұлының 1993 жылғы шыққан еңбегінің мемлекеттік саясатта ескерілмей қалғандығына бір дəлел, ғалым «Ел қалай орыстандырылды» тарауындағы миссионерлік қозғалыс туралы айтқандарын келтірсек болады [2]. Миссионерлік қозғалыстардың түпкі саясаты, оның салдары, нəтижесі толығымен дəлелді түрді беріледі. Тіпті, сол тұста үкімет «Дін туралы» Заңда, не еліміздің Ата Заңындағы дін туралы тармағында ескеріп, нəтиже шығару керек еді, олай етілмеді. 90-шы жылдары еліміз түрлі діндер мен секталардың жын ойнағына айналды. Нəтижесінде қаншама ойран болған тағдырлар, отбасылар, төгілген қандар, уланған саналар. Кейде Президент əкімшілігі, аппараты қоғамдық ой-пікірлерге байланысты айтылған ғалымдардың ұстанымдарын елепескермейтін, олармен жұмыс жасамайтын сияқты пікір қалдырады. Ғалымның миссионерлер туралы тұжырымдарын ескергенде, еліміз мұндай зардап шегіп, іштей ірімес еді. Өкінішке орай, енді сол жіберілген кемшіліктердің зардаптарымен күресуге тура келіп отырған жағдайы бар.
Абайтанушы ғалым бұл отаршылдық саясатқа бірден келіп отырған жоқ, Абайдың Шығысқа қатынасын зерттеу арқылы дəстүрлі діндермен толық танысты, шығыс, батыс ойшылдарының, теологтарының еңбектерін оқыды. Ұлттық тұрғыдағы електен өткізіп, ел ертеңі үшін пікірлерімен дабыл қағып, əлеумет талқысына салды. Ғалым М.Мырзахметұлының шығармашылығының басты ерекшелігі ғылымға да, қоғамдық ой-санаға да қатысты пікірлерін білдіргенде, ұлттық мүдде, ұлттық сана тұрғысынан пайымдайтындығы. Ол үшін ғалымды жазғырып жататындар да бар. Ғылыми тұжырым ұлттық деңгейден жоғары тұру керек, ғылым əлеуметтік мəселелер мен саясаттан жоғары болуы абзал деп санайтын «нағыз ғалымдардың» əрқашан шоқтығы биік, ауыздары майлы, жылы орынтақта. Ұлт мəселесіне, ел ертеңіне салмақты, самарқау көзқарастың орға жығып жатқан тұстары жоқ емес. Шындықты айтайықшы, Қазақ қоғамын кемел қоғам деп айта аламыз ба? Ел ішінде жан түршігерлік түрлі қылмыстар, азғындық, ата-баба дəстүрінен, дінінен безу, зорлық-зомбылық, жемқорлық, таныс-тамыршылдық, т.б. тізе берсең, ұшықиыры көрінбейтін түрлі пəлекеттердің салтанат құрып отырғандығы ақиқат. Бұл да болса, «дамыған», «адамзатшыл», «адамгершілікшіл», «ұстамды», «обьективті» «ғылымның», «саясаттың» жемісі.
Ғалымның үнемі Абайға оралып, «толық адам» ілімін насихаттауы тектен-тек туып отырған дүние емес, Абайдай ұлтын сүю, Абайдай ұлтшыл болу, Абайдай адамзатты сүю, Абайдай адамзаттық тұлғаны тəрбиелеу ісінің өмірлік маңызды екендігін тоқып, əлемдік деңгейдегі ойшылдың адамзат баласына ортақ идея көтергендігін талдап зерттеп, əлемнің құлағына жеткізуге тырысуы – ұлтшылдық қана ма? Жоқ əрине, М.Мырзахметұлы тек сыңаршақ ұлтшыл ғалым ғана емес, нағыз адамзаттық деңгейде Абайша ой толғайтын тұлға. Жарты əлемді қан қақсатқан, талай ұлттар мен ұлыстардың тамырына балта шапқан Ресей империясының зұлым саясаты тарихта болған іс, ғалымның мақсаты соны ашып айтып, айқын дəлелдеу болды. Жалған, жасырын дүние емес, тұтас бір ортаң қолдай қауқарлы ұлтты жоюға сəлақ қалмады ма? Қаншама көтерілістерден, жазалаулардан, түрмеден, аштықтан, соғыстан, репрессиядан жаны қиылған бауырың аз ба сенің қазақ? Жоқ, біз қазір оны еске алғымыз да келмейді. Бізді бүгін мен болашақ қана алаңдатады. Тарихтан сабақ алмай қандай болашақтың болатынын қайталап жату ағаттық шығар. Тарихқа көз жіберсек, тек Ресей ғана емес, алпауыт мемлекеттердің бəрі даму тарихында басқа қаншама мемлекеттерді қан қақсатқан мемлекеттер. Адамгершілік идея бір басқа да, өмір, саясат бір басқа болып тұр. Идеядағы адамгершілік, идеядағы адамзаттық бірлік, адамзаттық тұлға, шекарасыз əлем, əлем азаматы – жақсы адамдардың жақсы ойлары болып қана қалатындай. Өмірден мұның нағыз керісін
көреміз. Қарамағындағы ұлттар мен республикаларды шырқыратып отырған Ресей, мұнайлы араб-ислам мемлекеттерін қанға бөктіріп отырған Европа мен АҚШ, тіпті, күні бүгін тағы да соғыс ошақтары пайда болып отыр.
Сондықтан да, ғалым М.Мырзахметұлы саясат мəселесіне де адамгершілік биіктен ой жүгіртеді. Əбден азап тартқан ұлтының өткені мен бүгінінің биігінен қарайды. Ресей мен Батыстан əлемге бейбітшілік келетін болса, жер беті ұжмаққа айналар еді. Соғыс отын шашып отырған осы мемлекеттер ғой. Ресей мен Батыс мемлекеттерінің саясаты, философиясы байлыққа, пайдаға, билікке, күшке құрылған. Ғылыми-техникалық процесс бір бөлек, сол жетістікті, зұлымдық бағытта пайдаланып, пайда табудың, бір мемлекетті бағындырудың құралына айналдыру əрекеттері еш толастар емес. Əлемді, адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, мейірімділікке бастайтын шынайы жол – мұсылман-түркі даналары қалыптастырған [3], Абай жетілдірген «толық адам» жолы екендігін көз жеткізе айтып, барша адамзаттың назарына ұсынады.
Алла тағала адамзаттың бəрін бір ұлт қылып, бір тілде сөйлейтін қылып жаратпағандықтан, қай тілде сөйлейсің, қай ұлттың өкілісің, қай мемлекеттің азаматысың – сол позицияны ұстап тұру да қазіргі заманда қиынға соғып отыр. Мүмкін, болып жатқан жəне болашақта болуы ықтимал табиғаттағы, санадағы катаклизмдер адамзат санасын мүлдем басқа арнаға бұрар. Ал, ол күнге дейін қазіргі өмір сүріп отырған форма сақталады. Қазақстан мемлекетіне де алпауыттар тарапынан сыртқы жəне ішкі іріткілер жасалуы əбден мүмкін. Идеологиялық экспанцияға əзірге қауқар көрсете алмаудамыз. Болашақ бұлыңғыр. Адамзаттық тұрғыда дамуымыздың түрі – ұлттық болғанымен, мазмұны – адамзаттық болатындығын ескерсек, ғылым мен мəдениетімізде де, саясатымыз бен экономикамызда қорытынды шығаратын дүниелеріміз жоқ емес. Мекемтас Мырзахметұлының соңғы шыққан «Қазақ қалай орыстандырылды» еңбегінде түрік халықтарының интеграциясына көп көңіл бөледі, түрік халықтарының интеграциялануының бірден-бір құралы латын əліпбиіне көшу мəселесіне тоқталады, ұлттық санамыздың оянуына кедергі болып отырған мемлекеттік тіл, аралас мектептер жайына арнайы талдайды. Аралас мектептердің ендірілу тарихына, саясатына талдау жүргізіп, қазіргі қоғамда тыйым салынуын көтеруі ұлт тағдырына алаңдаушылықтан туған дүниелер.
Ұлттық сана тұрғысынан осал түсіп жатқанымызды терең білгендіктен ғалым қазақтың жанды да ең өткір мəселелерін баса айтуға көңіл бөледі. Жаһанданып жатқан дүниедегі аласапыран арпалыста ойшыл қабылдаған соңғы шешімі – ұлттық позиция. Ұлтымызды сақтау арқылы ғана біз бармыз, ұлттығымызды сақтау арқылы ғана біз адамзаттық асқар ойдың заңғар биігіне көтеріле аламыз. Мекемтас Мырзахметұлының қорытқан тұжырымдамасы, ұсынар кредосы – «Ұлтым бар жерде мен бармын, ұлтым жоқ жерде мен жоқпын», – деген қағидаға тірелетіндей. Ғалымның ұлтшылдығы адамзаттық деңгейден келген, адамзат тарихын зерттеп, қорытып барып келген шынайы ұлтшылдық. Шынайы ұлтшылдық өз бойына адамзаттық идеяларды, толық адам ілімін де сіңіреді.
«Мұнан да талай бұрын сөз айтқанмын»,
– демекші ғалым бұл тақырыпты түлетіп, қайта соғып, қайта кітап етіп жариялауындағы да мақсат, ел басында елдің тұтқасын ұстап отырған құзіретті мекемелер, жекелеген қызметкерлер айтылған мəселелерден ой түйіп, ұлт пен мемлекет болашағы үшін алда іске асырылатын стратегиялардың жүзеге асуын армандаудан туса керек. Ғалым ойлары діттеген жерлеріне жетіп, саналарды сілкінтіп, дұрыс шешімдер қабылдануына септік болар деп сенеміз.
ƏДЕБИЕТТЕР:
- Мадиев Х.Р. Созидательное поведение Человека Планеты Земля. – Астана, 2011.
- Мырзахметұлы М. Қазақ қалай орыстандырылды. – Алматы: Penton Hill, 2011.
- Мутаххари М. Совершенный человек в исламе. – Сантк-Петербург: Петербургское Востоковедение, 2008.
Резюме
В данной статье рассматриваются проблемы процесса глаболизации и его влияния в самоидентификации казахского народа.
Summary
This article discusses the problems of glabolizatsii and its infl uense in the identity of the Kazakh people.