ЕҢБЕК. БƏРІН ДЕ ЖЕҢБЕК!
Хакім Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады… Біреуі білсем екен демеклік…» дей келіп, одан əрі осы мінез-құлықтың қыр-сырын таратып əкететіні өзімізге белгілі десек, бүгінгі əңгімеміздің кейіпкері Арықбай Ағыбаев бала кезінен-ақ білуге, айналасын тануға ынтық болыпты. Оны қаршадай кезінен білетін ауылдастардың айтуынша, тап бір ересек адамдарша салмақты, ойға бейім бала өзгелер сияқты асыр салып ойнаудан гөрі, кім не деді, оны неге айтты деген ойдың астарын ашуға құмар болған сияқты.
Иə, ол бізге сабырлы, салмақты қалпымен жарала салғандай көрінетін. Бір қызығы, осындай балаң сезім бойымызға сіңіп
қалған ба, əлі күнге Арықбай ағамыз не айтса да дұрыс па, бұрыс па деп ой жүгіртіп жатпаймыз, оның сөзіне жүгінеміз. Əрине, ол қашанда жөн əңгіме айтады ғой. Жалпы, Арықбай ағамыз да кейінгі ұрпақтың өзінен орнықты ой, ағалық мінез күтетінін сезінетін болар, қашанда кейінгі жастарға бай өмірлік тəжірибесінен ақыл-кеңесін айтып, жөн-жоба көрсетуден шаршаған емес. Сол ойлардың бəрі де көкейімізге қонатыны ғой, біз оның əр ісін өзімізге үлгі-өнеге тұтып өстік. Осы жерде сəл шегініс жасап, бір жəйтті айта кетсем, Қазақстан ғылымына бүгінде сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдардың біразы, нақтылап айтсам 15 ғылым докторы, 50-ден астам ғылым кандидаттары біздің Қастек ауылының түлектері екен. Солардың ішінен заң ғылымына түрен салған А.Ағыбаев болатын. Түрен салған деген сөзді де жайданжай айтып отырғанымыз жоқ. Оны өзімізге өнеге тұтқан бір топ інілері біз де осы саланы таңдадық.
Өзімізге белгілі, сонау өткен ғасырдың 60-жылдары ауыл баласы негізінен екі-үш оқудың ғана атын білетін. Оның бірі – мал дəрігерлік, екіншісі – ауылшаруашылық, үшіншісі – мұғалімдік оқу еді. Сол жылдарғы жастардың бəрі дерлік осы мамандықтарды таңдайтын. Ал Арықбай ағамыз болса, осы қалыпты жəйттен ауытқып, заң саласын неге таңдады? Оны қайдан білді дегенге келсек, бұл сұрақтың тек тамыры – осы Қастек ауылының тумасы, кезінде Варшава университетін бітірген, Қазақ АССР-інің алғашқы прокуроры болған Қанай Боранбаев атамызға барып тіреледі. Иə, Алматыдағы мемлекеттік университеттің заң факультетіне оқуға Арекең де бірден түсе салған жоқ. Ол төрт жыл шопан болып, бұл оқуға əбден зарығып барып түсті. Əрине, басқа оқуға барса, мектеп бітірген жылы-ақ оның студент атанатынына еш күмəн жоқ еді. Бірақ, ол бар ниетімен Қанай атамыз сияқты заңгер болуды қалады. Ол кезде университетте сабақ тек орыс тілінде жүретін. Ауылда тірі орысты көрмей өскен Арықбай бұл тілдің қиындығын да өзінің алғырлығы арқасында жеңіп шықты. Сөйтіп, бүкіл университеттің мақтанышына айналып, Лениндік стипендиат атанды.
Осындай белсенділігінің арқасында ол университет бітіргеннен кейін, бірден Философия жəне құқық институтына жұмысқа орналасты. Бұл ғылыми ортада да ол өзінің ізденгіш өрен екенін көрсете білді. Сөйтіп, 1970 жылы Мəскеудегі Мемлекет жəне құқық институтының аспирантурасына жолдамамен оқуға аттанды. Араға 3 жыл салып, кандидаттық диссертациясын қорғаған Арекең енді ғылыми ізденісін тəжірибемен ұштастыруды ойлап, Алматы облыстық сотының мүшесі болып, табаны күректей 5 жыл бойы осы жұмысты атқарды.
Əйтсе де, білімге, ғылымға деген құштарлық оны өз тылсымына қарай тарта берді. Сөйтіп, ол 1978-1981 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің құқық жəне қылмыстық іс жүргізу кафедрасының аға оқытушысы болды. Ал 1981-1990 жылдар аралығында Қыздар педагогикалық институтында дəріс берсе, ел тəуелсіздігін алған шақтан бастап, Қазақ ұлттық университетінде еңбек етіп келеді.
Əрине, осы жылдар арасында ол ғылыми ізденісін де індете жүрді. Сөйтіп, 1997 жылы «Лауазымды тұлғалардың қызмет жөніндегі қылмыстары үшін жауаптылықтың теориялық проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады.
Иə, бүгінде А.Ағыбаев – қылмыстық құқық жəне криминология ғылымы саласындағы ірі мамандардың бірі. Ол Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің жобасын жасауға белсене қатысты. Жалпы көлемі 670 баспа табақтан асатын 560-тан астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде «Қазақстан Республикасының кодексіне түсіндірме», «Қазақстан Республикасындағы қызмет өкілдігіне қиянат жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық», «Лауазымды тұлғалардың қызмет жөніндегі қылмыстары үшін жауаптылық», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудегі қылмыстық жəне криминологиялық шаралар», «Парақорлық үшін қылмыстық жауаптылық», «Қылмыстық ниет жəне оның қылмысты саралаудағы маңызы» сияқты монографиялардың жəне 5 оқу, 16 əдістемелік құралдардың, қазақша-орысша, орысша-қазақша заңтану сөздіктерінің, қылмыстық құқық жəне криминология пəні бойынша бірқатар оқу бағдарламаларының авторы.
Осы арада оның тəуелсіздіктің елеңалаңында жазған «Сот құжаттарының үлгілері» атты еңбегінің Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінде құжаттарды заң талабына сəйкес əзірлеуді жүзеге асыруға қосылған сүбелі үлес болды десек, 1995 жылдан бері А.Ағыбаев Жоғарғы Сот жанындағы ғылыми консультативтік кеңестің
А.Ағыбаев заң саласына қатысты еңбектерімен қатар, Қарасай батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Сұраншы, Сүттібай мен Нарбота би жөнінде де тарихи очерктер жазған адам. Жəне осы еңбектері үшін оған халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлық берілсе, ерен еңбегі үшін А.Ағыбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілгенін де айта кетсек дейміз.