АКАДЕМИК ТӨЛЕГЕН ТƏЖІБАЕВ МƏҢГІ ЕСІМДЕ (Естелік) |
(Естелік) |
Əлі есімде. Өткен ғасырдың елу университетінің физика-математика бірінші жылы Қазақ мемлекеттік факультетіне оқуға түстім. Соғыстан
өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан Б.Мұқай əдебиеттің əр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Ол тек талантты прозашы ғана емес, шебер драматург, белгілі публицист ретінде халықтың жадында сақталып қалары сөзсіз. Өмірін серуенге емес, керуенге теңеп, қазақ əдебиетінің игілікті дамуына бар күшін сала еңбек еткен абзал азаматымыздың арамыздан алыстап кеткені əрине, өкінішті! Бірақ, амал нешік! Əр дəуірде өзіндік қолтаңбаларымен бедерін қалдырған қазақ тарихындағы төрелік билерімен есте қалған Төле, Қазыбек, Əйтеке билер сынды тұлғаларымыз да, үш жүздің басын қосқан Абылай ханымыз да, қазағының ертеңін ойлап еңіреп кеткен Ахмет, Мағжан, Сəкен ағаларымыз да уақыт кеңістігінде тасаланып кете бергендері белгілі. Тағдыр шіркінге дауа бар ма?! Əдебиеттің проза саласындағы адам жанына жақын туындылары қалған Баққожа ағамыздың жатқан жері жайлы болып, артындағы ұрпағы аман болсын! Б.Мұқайдың рухы қазақ əдебиетінің классикалық тұрғыдан дамып, көркеюіне ықпалын тигізсін демекпін!
кейінгі кез. Ел езілген еңсесін енді-енді көтеріп жатқан. Студенттерге жатахана жетіспейді. Туып-өскен жерім Алматыдан 70 шақырым қашықтықтағы Еңбекшіқазақ ауданының Шыбыл ауылы. Жатаханадан орын беретін кісі: «Біз алыс жақтардан келгендерді жатар орынмен қамтамасыз ете алмаудамыз. Сен осы облыстан екенсің ғой, бірдеме қылып күніңді көрерсің», – деді. Қалада тұратын туыстарымның жоғын қанша айтсам да құлақ аспады. Күнде соншалық қашықтықтағы ауылға барып-келіп оқу оңай ма. Ол кезде бүгінгідей ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көліктер қайда. Өкпесі сырылдаған жалғыз автобустың жүргенінен тұрғаны көп. Оның үстіне қартайған əке-шешемнің түрі анау. Аз ғана зейнетақыларымен күн кешуде. Бірге оқитын студенттерге тез бауыр басып, алғашқы бір айда солардың жанында жатып жүрдім. Қанша дегенмен кереует екі адамға тарлық етеді етеді екен. Жоғарғы курста оқитын жерлесім бар еді. Сабақ арасында кездесіп қалдық. Жағдайыма қаныққан ол: «Жолмұқан, бұлай жүре берме. Университеттің ректоры Төлеген Тəжібаевқа бар. Жас кезінде қиыншылықты өте көп көрген жан деп естігенмін. Жағдайыңды айтсаң түсінер», – деді. Бұрын ректорды сыртынан көргенмін. Орта бойлы, дөңгелік жүзді, қою қасты, келбетті кісі. Алдына баруға жүрексініп, тағы біраз күнді өткіздім. Боз қырау түсіп, күздің салқыны күш айналған сайын əбіржіте бастады. Ақыры төзімім таусылып, нар тəуекелмен Совет жəне Ленин көшелерінің қиылысындағы ректоратқа қарай тарттым. Ескі Верныйдың тұрысында бұл үй гимназия болған деседі. Онда Жандосов пен Фрунзе оқыпты. Төлеген аға жылы шыраймен қабылдады. Өрекпи соққан жүрегімді басып, жағдайымды баяндадым. Ол зер салып тыңдады. Сабақ үлгеріміме көңіл қойды. Сосын қоңырқай үнмен: «Ел есін енді жиып жатыр. Қашан экономикамыз көтерілгенше, қиыншылықтар болады.
Бірақ бəріне де төзіп, бастаған істі аяқтау керек. Бəрімізде аспаннан осылай салбырап түсе салғанымыз жоқ. Небір ауыр кезеңдерді бастан өткіздік», – деп өз тағдыр талайын қысқаша хабардар етті. Тыңдап отырсам менің қиналғаным оның қасында түк те емес екен. Əжептəуір жігерленіп, рухтанып қалдым. Ол сөзінің соңында: «Оқимын деген жаннан көмегімді аянып қалмаспын, – деп өтінішіме бұрыштама жазды да: – Мынаны комендантқа бер», – деді. Ертеңіне жатақханаға орналастым. Төлеген ағаны содан кейін жиналыстарда көріп жүрдім. Сөзі қандай! Білімі қандай! Жүйе-жүйесімен айтып, тереңінен қозғағанда, құлақ құрышың қанады. Ауық-ауық жатақханаларды аралап, студенттердің жай-күйін біліп, жағдайларын жасайтын.
Бес жылдан соң университетті
ойдағыдай бітірдім. Қарағандының пединститутына оқытушы етіп жіберді. Сонда доцент Сəлкен Балаубаевпен таныстым. Алпысты алқымдап қалған ол педагогика жəне психология кафедрасын басқарады екен. Тағдыры күрделі жан. Ташкендегі Орта Азия мемлекеттік университетінің алғашқы түлектерінің бірі. Алматыдағы Қазақ педагогика институтында декан болған. Сол кездегі педагогия ғылымы бойынша əр баланың тумысынан өз ерекшеліктері мен қарым-қабілеттерін дөп басып танып, жасөспірімдерді өз бейімдеріне қарай тəрбиелеу керек. Бұл кісі сол салада көп еңбектеніпті. Ал кеңес идеологиясын ұстанғандардың бұл ғылымға көзқарастары кереғар келді. Отызыншы жылдарда-ақ олар мұны буржуазиялық ғылым, марксизм-ленинизм қағидаларына мүлдем жат деп байбалам салған: «Адам тумысынан бəрі бірдей. Тек болашақта кім болып шығатындары мектептен алған біліміне, тəлім-тəрбиесіне байланысты», – дейтін. Бұған Балаубаев та басқы бағытынан қайтпай, өзінің ғылыми тұжырымдарын дəлелдеп жанталасса керек. Ақыры отыз жетінің зобалаңында сол ғылыми көзқарасы өзіне пəле болып жабысыпты. Буржуазиялық ғылымды
дəріптеуші деген жаламен итжеккенге айдалады. Бір жолы оңаша сəтте мен одан осы мəселе жөнінен суыртпақтап сыр тарттым. Ол сол бойда ішіндегісін ағылтегіл ақтара салған жоқ. Қыртысы көп маңдайын жиырып, ілкім сəт үнсіз отырып, іркіле сөйледі.
- Е-е, шырағым, – деді күрсініп. – Біздің қазақта күншілдік деген жазылмайтын əлеуметтік ауру бар емес пе? Үстімнен үш адам мені бұрыңғыны көксейтін ғалым деп жоғарыға арыз жазыпты. Ту сыртымнан біреулер солай тас атады деп ойлаппын ба? Айтысармыз, пікір таластырармыз, сөйтіп жүріп, түбі бір мəмілеге келерміз деуші едім. Қателесіппін. Бар зұлымдығын іштеріне бүккен жау болып шықты.
- Олардың кім екендерін білесіз бе?
- Білемін. Жер басып жүр гой. Кейде Алматыдағы үлкен ғылыми жиындарда сырттарынан көріп те қаламын.
- Кімдер екенін ашып айтпайсыз ба?
- Қайтесің шырағым … Мен олардың аттарын аузыма алуға жиренемін. Сен естімей-ақ қой. Ер жеткен ұл-қыздарынан ұят. Тек итжеккенде босқа өткен жиырма жыл уақытты айтсайшы. Қазір жастық шағыңдағыдай қайрат қайда? Қаншама ғылыми еңбектер жазылмай қалды. Соған өкінемін. – Ол əлдене есіне түскендей маған жалт қарап: – Жолмұқан, сенің ойлау жүйең қазақша екен. Сөзің өте жатық. Психология ғылымында өзіңдей тілді жетік білетін ұлттық мамандар өте аз. Бұл – адамның жан дүниесін тану ғылымы. Қазақ халқының ерекшелік болмыстары енді-енді зерттелініп жатыр. Бізде физиктер мен математиктер саны біршама өсті ғой. Сен осы психология ғылымын қолға алсаң қайтеді? ҚазМУ-дың ректоры, психолог Төлеген Тəжібаевпен өзім таныстырар едім. Құдай қазақтың бағына берген жігіт қой ол. Ондай ғалыммен дүниені төңкеруге болады, – деді.
- Ойланып көрейін, Сəке, – дедім мен.
Балаубаевтың ұсынған бірнеше кітаптарын оқып шықтым. Уақыт тауып, дəрістерін тыңдадым. Барған сайын психологияға қызығушылығым артты. Шынында да менің қолайыма келетін, жаныма жақын ғылым секілді. Арада біраз уақыт өткен соң мен ол кісінің ұсынысымен келістім. Сəлкен аға мені Төлеген Тəжібаевқа алып барды. Төлеген аға күлімсіреген көздерінен ұшқын шашып: «Сəлке, сіздің шəкірт таңдауынан қателеспейтініңізді білемін», – деді.
Сынақтарды ойдағыдай тапсырып, аспирантураға қабылдандым. Ғылыми жетекші Төлеген Тəжібаев «Балаларды еңбекке тəрбиелеудің психологиялық негіздері» деген тақырыпты бекітіп берді. Сол кезде қоғамда мектептерді өндіріспен байланыстырып, сабақпен ұштастыра жүргізу қызу өріс алған. Өкінішке орай, бұл тақырыпты қорғаудың сəті келіп түспеді. Аспирантураның екінші курсын бітірерде Төлеген аға кенеттен қайтыс болды. Мен ғылыми жетекшісіз қалдым. Содан аспирантураны тастауыма тура келді. Жоғары білім министрлігіне қызметке ауыстым. Оған сол кездегі министр ардақты азамат, талантты ғалым, ұйымдастыру қабілеті ерен күшті Білəлов Қали аға қол ұшын берді.
Академик Төлеген Тəжібаев – күрделі тұлға. Ол өмірден өткен соң көп жылдар бойына атаусыз қалды. Тіптен ұмыт бола бастады. Артына қалдырған мұралары шаң басып жатты. Ал, ол ұмытуға болмайтын, кейінгі жастарға өнеге тұтатын жан еді. Осыдан қырық жыл бұрын профессор Құбығұл Жарықбаев екеуміз оның өмірін, ғылыми еңбектерін жинастырдық. Жұмыстарын кітап етіп шығардық. 2002 жылы менің «Академик Төлеген Тəжібаев» деген үлкен кітабым жарық көрді.
Төлеген Тəжібаев 1910 жылы Оңтүстік
Қазақстан обылысындағы Арыс ауданының Сүткент ауылында туылған. Ол жеті жасқа толғанда ата-анасы мен өзінен үлкен бауырлары аштық пен жұқпалы аурудан қайтыс болады. Ал Төлеген босқан жұртқа ілесіп, Арыс қаласына жетеді. Көше жиегінде бұратылып хал үстінде жатқан баланы теміржол бойында істейтін Иван Кабанов көріп, жаны ашығаннан үйіне көтеріп алып келеді. Кеберсіген таңдайына қайнатылған күріштің суын тамызып, есін жиғызады. Бертінде Кабановтың үлкен қызы Клавдиямен кездескенімізде ол туралы талай қызықты жайға қанықтық. «Біз азып-тозған баладан қазақшалап атын жəне кімнің баласы екенін сұрадық. Ол өзін Төлегенмін, тесіле қарап тұрып, Тəжібайдың баласы екенін, тұл жетім қалғанын айтты. Күйеуге шыққан əпкесі барын, бірақ одан бейхабар екенін тағы ескертті. Бала өте зерек, айтқаныңды тез қағып алады. Орыс тілін де лезде меңгерді. Əкеме қолқанат болды. Əкем 1917 жылғы төңкеріске дейін жол бойының байланыс саласында істеген. Оған ұры-қары, қарақшылардан қорғануға қару берілген еді. Қалаға бірде қызылдар, бірде ақтар кіріп, тұрғындардың есін шығарып жатқан аласапыран шақ. Бір күні үйге түсі суық кісілер баса-көктей келіп, қаружарақ іздеп, тінти бастады. Бəрімізді ішкі бөлмеге қамап жатқанда Төлеген сыртқа шығып бара жатты. Оның түр-түсі бізге ұқсамайтын болған соң ба, жоқ əлде көрші үйдің баласы деп қалды ма, едіреген аналар оған аса мəн бермеді. Бөлмелерді ақтарып, ештеңе таппаған соң шатырға көтеріліп, астан-кестеңін шығарып жатқанда, əкем: «Пистолетімді сонда тыққан едім. Енді бəрі де бітті. Мені жазалайды», – деді шарасыз сыңаймен ұнжырғасы түсіп. Үрейіміз ұшып, біз тұқырамыз. Аналар қайтып келді. Елірген мұрттысы қабаған иттей əкеме төніп: «Қаруыңды жасырып, бізге қарсы тұратын болсаң…» деп кіжініп, сұқ саусағын безенді. Олар үйден шығып кеткенде ғана бəріміз демімізді бір-ақ алдық. Əкемнің өңі қашып, тұла бойы қара терге шомыпты. Таңданып тұрып: «Оңай жергеақ қойған секілді едім. Иттер қалай таба алмады, ə?» деді бізге аңтарыла қарап.
Сол кезде сырттан ентігіп Төлеген кірді. Аналар үй ішін тінтіп жатқанда, шатырға шығып, пистолетті алыстау бір жерге көміп тастапты. Шынашақтай баладан мұндай істі кім күткен? Əкем оны жерден көтеріп, құшағына қысты. «Сен мені бір өлімнен құтқардың, балам», – деп бетінен сүйді. Содан кейін біз оны тіптен де жақсы көріп кеттік. Оның музыкалық əуестігі де күшті еді. Аз уақыттың ішінде бірнеше аспаптарда ойнауды үйреніп алды. Əкем оның алғырлығына, зеректігіне сүйсініп: «Төлегенді оқыту керек. Одан үлкен азамат шығады» дейтін. Арыста жетім балалар үйі ашылғанда Төлегенді соған тапсырды. Ол жексенбі сайын үйге келіп, бізбен бірге болатын. Кейін үлкен қызметкер болғанда ай сайын бізге өз қалтасынан мың сом салып тұрушы еді…».
Ол балалар үйінде озат оқушы атанды. Ұстаздары Шымкенттегі педтехникумға жіберген. Оның директоры «Алаш» партиясының мүшесі, жазушы Жүсіпбек Аймауытов психология пəнінен сабақ береді. Кейіндеу Тəжібаевтың: «Менің болашақ мамандығым сол педтехникум қабырғасында жүргенде-ақ анықталды» дегеніне қарағанда оған Аймауытовтың ерекше ықпалы болған секілді. Педтехникумды үздік бітірген оны сонда оқытушылық жұмысқа қалдырған да сол асыл ағамыз.
1931 жылы Өлкелік комсомол комитеті оған Мəскеудің Н.К.Крупская атындағы коммунистік тəрбие академиясына оқуға жолдама береді. Бір жылдан соң бұл оқу орны Ленинградқа ауыстырылады. Студенттік шақтарын бірге өткізген М.Бутин мен Г.Чадиаровтың «Жерлестер ай сайын кездесіп, мəдени шаралар өткізетінбіз. Төлеген сонда бауырмалдығымен, ұйымдастырғыш қабілетімен ерекшеленіп, құрметімізге бөленді. Өзі оқитын академияда комсомол комитетінің хатшысы болып, қоғамдық өмірге белсене араласты. Сол жағынан да ол біз үшін мақтаныш еді», – дегендері оның жастық шағының жалындап өткенін танытса керек.
Академияны өте жақсы тəмамдаған Төлегенді ұстаздары аспирантураға алып қалады. Ол үш жылда психолог А.В.Веденовтың жетекшілігімен орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинскийдің тамаша психолог болғанын дəлелдеп, диссертация қорғағанда, белгілі ғалым, профессор Ш.Ганелин мен Б.Ананьев зерттеу жұмысын өте жоғары бағалап, ғылымға қосылған зор жаңалық депті. Веденов осы қалада ғылыми жұмыстарын жалғастыруды ұсынғанда ол: «Жоқ мұнда қала алмаймын. Ұстазыма берген уəдем бар. Қазақстанға барып, халқыма қызмет етуім керек», – дейді Ол содан аз ғана уақыт бұрын «халық жауы» атанып, өлім жазасына кесілген ұстазы Аймауытовқа берген уəдесіне осылай тұрып, 1938 жылы елге оралды. Алматының Абай атындағы педагогикалық институтына доцент болып орналасқан. Сол кезде институт аса қиын жағдайды бастан кешіп жатты. Өткен жылдардағы зобалаңнан маңдай алды оқытушылардың біразы жаладан атылып, біразы Сібірге айдалып, мамандар жетіспеді. Төлеген мұнда педагогика жəне психология кафедрасын меңгеріп қана қойған жоқ, иснтитуттағы ғылыми жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары қызметін қоса атқарды. Коммунистік партияға мүше болып қабылданды. Республикалық «Халық мұғалімі» журналына жиі-жиі мақалалар жариялап, онда психология ғылымының теориялық көкейкесті мəселелері, оның классикалық тарихы жəне дамуы мен қалыптасуы жөнінде жан-жақты талдау жасап, қазақ психологиясының іргетасын қалауға үлес қосты.
Атақты психолог Л.С.Выготский: «Ең бірінші ана тілін білу керек. Сол арқылы басқа да шет тілдерін игерген лəзім. Егер де баланы əуелі өз ана тілінен емес, басқа жат тілдердің бірінде оқытатын болсақ, онда ұрпақ мəңгүрт болып қалады», – дегенін Тəжібаев түбегейлі қолдады. Оқу-тəрбие жұмыстарын ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра жүргізді. Дəрістерін қазақ жастарына қазақша, орыс тілдерге орысша оқыды. Елде орыстандыру саясаты өріс алып тұрғанда, оның бұл ісі қоғам ағысына қарсы жүзумен бірдей еді. Ол ұлтының жастары үшін соған тəуекел етті. Төлегеннің өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі жеті жасында тұл жетім атанып, орыстардың отбасында өсіп, Ресейдің жоғарғы оқу орындарында тəрбие алса да, ана тілін өте жетік білетінен анық көрінуші еді. Қазір арамызда əке-шешесінің қамқорлығында өссе де, қағынан жиренген, ана тілінен мақұрым қаншама оқытушылар жүр.
Үкімет басшылары алғыр жасты пединститутта көп ұстамады. Екі жылдаң соң ақ оны мемлекеттік қызметтерге тартты. 1940 жылы отыз жастағы Төлегенді Қазақстанның Оқу Ағарту Халық Комиссарының бірінші орынбасары, келер жылы Оқу Ағарту Комиссары етіп тағайындады. Тағы бір жылды артқа тастап, Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасырлығына көтерілді. Ал 1944 жылдың тамызында оған Қазақ республикасының Сыртқы істер Халық Комиссариатын құрып, жұмысын жолға қою тапсырылды. Жаңа Халқымды ұйымдастыру барысында, сол кездегі СССР Сыртқы істер Халық Комиссары Молотовпен танысып, талай түйінді мəселелерді бірге шешті, Молотов оның ақыл-парасатына тəнті болып, ерекше дарындылығын жоғары бағалады. Ол Ленинградта оқып жүргенде-ақ, ағылшын тілін үйреніп, еркін сөйлегені белгілі.
Ұлы Отан Соғысынан кейін 1947 жылы төрт ұлы держава: СССР, АҚШ, Ұлыбритания, Франция талқандалған Германия тағдырын талқыға салғанда, Совет үкіметі атынан эксперт-кеңесші болып Подстамға барған Төлеген Тəжібаев сөз сөйлеп, маңызды пікірлер айтқан екен. Санаулы жылдардың ішінде Сыртқы істер министрлігін аяғынан тік тұрғызып, қалыптастырған соң, оған 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қызметін қоса атқаруды жүктейді. Оның үстіне педагогика жəне психология кафедрасының меңгерушісі болып, оқытушылық жұмыстарымен де айналысады. 1945 жылдың басында Төлеген Тəжібаевты Қазақстан ҒА-сы академик етіп сайлайды. Сол жылдың қазан айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары жəне Мəдинет министрі қызметтеріне тағайындалды. 1955 жылдан 1958 жылға дейін дипломатиялық қызметке ауыстырылып, БҰҰ-да Советтер Одағы делегациясы басшысының орынбасары ретінде халықаралық мəселелерді шешуге атсалысқан болатын. Ондағы дамушы Азия, Африка жəне Латын Америкасы елдері жөніндегі комитетті басқарып, 1956-57 жылдары Нью-Йорктегі үлкен мінберден төрт баяндама жасағаны белгілі. Содан кейінгі бес жылда Үндістандағы Советтер Одағы елшісінің кеңесшісі болды. 1961 жылы елге оралған соң, өз қалауымен ұстаздық қызметін жалғастырып, ұлттық психология ғылымын дамытуға үлесін қосты.
Тəжібаевтың жоғарыдағы өмір белестеріне қарап, басына бақ қонған жан дерсің. Ол рас. Басқа мемлекттік қызметтерін былай қойғанда, мұхиттың арғы жағысындағы Америкаға барып, БҰҰ-да Советтер Одағы атынан сөз сөйлеп, оның бір үлкен комитетін басқару сол кезде одан басқа қай қазақтың пешенесіне жазылыпты. Бұл бүкіл ұлтымыз үшін абырой, мақтаныш емес пе? Алайда оның елдегі өмір жолының кейбір кезеңдері күреспен өткенінен, тағдарының талай рет тəлкекке түскенін көзі көргендер болмаса былайғы жұрт біле бермейді. Білікті ұстаздың қаламынан бірнеше монографиялар, жүзге жуық ғылыми мақалалар жарық көрді. Сол жылдары Тəжібаевтың ғылыми еңбектерінің бір шоғыры, халқымыздың ардақты ғұлама перзенттері Шоқан, Абай, Ыбырайдың психологиялық жəне педагогикалық көзқарастарын зерттеуге арналды. Солардың бірі абайтанудың соңы соқпағы «Абайдың философиялық, педа г ог и ка л ы қ , пси холог и я л ы қ көзқарастары» деп аталынады.
Тəжібаев осы тақырыпта докторлық диссертациясын қорғамақшы да болған. Бұған пікірін жазған М.Əуезов: «Бұл Абай шығармаларын психологиялық тұрғыдан тануда тың ой-пікірлерге негізделген өте құнды еңбек» деген екен. Өкінішке орай, Тəжібаевқа осы тақырыпта қорғаудың сəті түспеді. Абайдың үстем тап өкілі деушілердің айқай-шуы көбейіп, Əуезовтың өзін қуғынға ұшыратты.
Орыстандыру саясаты күшейіп тұрған сол бір кездерде психология пəнінен ұлттық тілде кітап жазып, баспадан шығару мүмкін емес еді. Бұл пəн туралы еңбектер жоғары жақтың қатаң қадағалауында болатын. Сондықтан да Тəжібаев еңбектерін орыс тілінде жазды. Бірақ филология факультетіне дəрісті ана тілінде оқыды. Дəріс оқып тұрғанда бір ауыз орысша сөз қоспайтын еді.
Тəжібаевтың жұмыс істеу тəсілі де өзгеше еді. Кафедраның, ректораттың, ғылыми кеңестің отырыстары мен мəжілістерінде жұрттың бəрі сөйлеп болмай, пікірін ашып айтпайтын. Жəне өзгелерді мұқият тыңдап отырған тəкаппар пішінінен, іштей кімді мақұлдайтынын сезу мүмкін емес. Қандай да бір кереғар пікірлер айтылып жатқанда, тосынан киіп кетпей, шыдамдылық, сабырлылық танытатын. Ол университетке ең білікті ғалымдарды жинап, олардың бастарына қиыншылық туған шақта жанын салып қорғады. Сол кезде тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы ғалымдар арасында кереғар пікірлер тудырған да еді. 1949 жылы 28 ақпанда СССР Жоғарғы білім министрлігі бұйрығымен Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық концепциясын əшкерелегенде, университет ректоры Төлеген Тəжібаев: «СССР Білім министрі Бекмахановты жөнсіз кінəлаған» – деп, оның əділ, əрі асқан білімдар ғалым екенін дəлелдеп жауап жазған. Алайда іс мұнымен бітпеді. Келесі жылдың 26-шы желтоқсанында «Правда» газетіне «За маркистско-лениское освещение вопросов истории Казахстан» деген көлемді мақала жарияланып, онда Е.Бекмахановтың Кенесары Қасымов ханның феодалдықмонархиялық реакцияшыл көтерілісін ғылыми тұрғыдан бағалауда саяси қателіктер жібергені сөз болды. 1951 жылы 10-шы сəуірде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті (ҚКПОК) сол мақаланы талқылап, газет Бекмахановтың қатесін дұрыс ашқан деп тапты.
Қазақстан К(б)П ОК-нің Пленумында Қазақ университетінің ректоры Т.Тəжібаев буржуазиялық-ұлтшыл бағытты дəріптеуші деп жарияланған Бекмахановты қорғап, оны айыптаушыларға құр босқа дəйексіз байбалам сала бергеннен гөрі, аталмыш кітабын ғылыми тұғыдан талдап, сергек қарауға шақырды. Сол үшін ОК оған қатаң сөгіс жариялайды. Бекмахановты жақтаушы ғалымдар: Ысмайылов, Жұмалиев, Мұхамеджанов, Сүлейменов, Кеңесбаев, Жұбанов қуғынсүргінге ұшырап, зардап шекті. Сəтбаев пен Əуезов амалсыз Мəскеуге ауысып, жан сауғалады. Ал, Тəжібаевты бұл зобалаңнан қорғап қалған Молотов еді.
Тəжібаевқа шабуыл мұнымен тынған жоқ. 1952 жылы 22 қарашада «Правда» газетіне Марковтың (В казахском университете зажимают критику) атты сын мақаласы жарық көрді. Автор мақаласында ҚК(б)п ОК шешімдеріне арқа сүйей отырып, Тəжібаевты университетке іскерлігі мен саяси сапасы жағынан жарамсыз мамандарды жəне туған-туыстарын, жақындарын жинап алған деп айыптаған болатын. Марковтың мұнысы қып-қызыл өтірік еді. Тəжібаев университетке қай жағынан да күшті, лайықты мамандарды жинады. Ал жақындарына келетін болсақ, сол кезде педагогика жəне психология кафедрасында бірге істеген оқытушы Рашида Хабибуллаевна Хисматулина: «Жалғыз апасы Қарақыз Оңтүстік Қазақстан облысының Сарығаш ауданында тұрады. Жасы ұлғайған қарапайым колхозшы. Баласы Ерлік ол кезде мектепте еді. Биофакта əйелі Əзиза Шамұхамедқызының інісі оқитыны рас. Бірақ ол университетке Тəжібаев ректор болып келгенге дейін түскен. Оқуды бітірісімен партия шешімдерін қолдап, ауылға аттанда Əзиза апай педагогика ғылымдарының кандидаты. Ол ұзақ науқастан тəуір болған кезде мен: «Төлеген Тəжібайұлы, Əзиза апайды бəлкім біздің кафедраға қызметке алатын шығарсыз?», – деп сұрадым. Ол ілкім сəт үнсіз тұрды да: «Жоқ, Рашида ханым. Олай істеуге болмайды. Дене тəрбиесі институтында бір бос орын бар деп естіп едім. Кафедра меңгерушісі менің шəкіртім екен.
Онымен сіз сөйлесуге қалай қарайсыз?» – деді. Мен мақұл көрдім. Əзиза апай сол институттан зейнетке шықты. Ұстазым доцент Блюменфельд пен оқытушы Рубиновадан дəріс алған студенттер қатарында космополит атанғаным анық. Университетті «өте жақсы» бітіргендердің дипломдарын Тəжібаев өз қолынан таратты. Алдына бармағанда ол: «Ал, Рашида ханым, аналардың айтуынша мен марксизмнен ауытқыппын, сен космополит атандың. Екеуміз университеттің «жақсы» атын солай шығардық. Енді не істемекшісіз? – деді. Мен Мəскеудегі əлем əдебиеттері институтының аспирантурасына тəуекел етейін деп тұрғанымды жасырмадым. Ол ойланып отырды да аспирантураға осында қалуымды өтініп, ғылыми жетекші өзі болатынын айтқанда, таңданғаннан жағамды ұстадым. Мұндай батыл қадамға Тəжібаевтан басқа кімнің жүрегі дауалар еді?».
Тəжібаев қолына алған қай іске де батыл кірісетін. Ол ректорлық қызметке тағайындалғанға дейін университетте ұлттық мамандар санының басқалармен салыстырғандағы үлесі айтуға да тұрмайтын. Сондай-ақ, қазақ студенттерінің саны да мүлдем аз еді. Өзі басқарған бес жыл ішінде ұлттық мамандар санын өзгелермен теңестіріп, қазақ студенттерінің санын жоғары көтерді. Олар қайта-қайта арызданып жүріп ақыры 1953 жылы ректорлық қызметінен босаттырды.
Оның бес жыл өмірі Үндістандағы Совет елшілігінде өтті. Жат жерде де ол ғылымнан қол үзген жоқ. Мерзімдік басылымдарға ағылшын тілінде мақалаларын жариялап, үнді ғалымдары мен қоғам қайраткеріне тез танылды. Қолы жұмыстан қалт еткен шақта, фотосуретке түсірумен де айналысты. Үндістаннан оралған соң біраз айлар жұмыссыз жүріп қалған болатын. Осыдан бес-алты жыл бұрын Михаил Есеналиев: «Қонаев Тəжібаевқа Үндістаннан келгенде, жұмыс бермей қойды», – деп жүрді. Бос сөз. Қонаев пен Тəжібаев өмірде бірінбірі өте сыйлап өткен жандар. Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабын оқығандардың көздері оған анық жетері хақ. Төлеген ағаның жұмысссыз жүрген кезінде маған былай дегені бар еді: «Жолмұхан, мемлекеттік қызметтерден бас тартып отырмын. Енді жасым ұлғайған шақта қалған өмірімді ғылымға арнасам ба деймін. Ұлттық психология ғылымын жолға қою үшін əлі қаншама жұмыстар істеуіміз керек».
Ардақты ұстаз 1961 жылы Қазақ
университетінің педагогика жəне психология кафедрасына қайта меңгеруші болды. Сол жылы ол лауазымы жоғары қызметке де шақырылды. Бірақ ОК-ке «Тəжібаев докторлық диссертациясын қорғамаған деген қитұрқы пыш-пыш сөздер жетіпті. Академикке докторлық атақ мансап емес еді. Оның үстіне мемлекеттік қызметтен саналы түрде бас тартып жүрген. Сонда да əлгі сөз намысын қамшылады ма! 1962 жылдың желтоқсанында Ленинград пединститутының ғылыми кеңесінде «ХХІ ғасырдың екінші жартысындағы
Қазақстанда халық ағарту ісі, мектеп пен педагогикалық ой-пікірдің дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады».
«Адам бойындағы жақсы қасиеттерді көре білу жəне соған сүйене отырып, оның одан да жақсы болуына көмектесу» – Төлеген Тəжібаев ұстанымы. Басқалардың өзіне деген көзқарасы қандай тұрғыда болса да, көмек беруден тартынбайтын. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін ізгі қасиет. Оқытушы Рашида Хисматуллинаның əлі жарияланбаған естелігінен мына бір жайды келтіре кеткен асылық етпес. «Кезінде ғылыми атақ атауларына Тəжібаевтың көп көмегі тиген екі кісіні білетінмін. Олар бұл кезде Саратовтан келген психолог И.С.Стычинский жөнінде лайықсыз сөз қозғап, оны қолданған, Тəжібаевтың үстінен арыз жазып газетке мақала ұйымдастырған. Бұл жəйт Төкеңе ауыр болды. Бір жолы кафедраға бас сұқсам, Тəжібаев жалғыз отыр екен. Қолында əлгі екеуінің ғылыми мақаласы жарияланған басылым. Ол менен оқыдың ба деп сұрады. Мен мақалаға жирене қарап, басымды изедім. Сол кезде Тəжібаев қатқылдау үнмен; «Мұның тəптəуір еңбегін мойындағыңыз келмейді, ə… Мен Үндістанда жүргенде олар жақсы
көретіндерін айтып, хат жазған еді», – деді. «Сіз соған сенесіз бе?» – деп жүзіне тура қарадым. Ол жымиды да қойды. Мен: «Сіз үшін олар жақсы жандар екен. Ықыластары да ерекше жандар сияқты. Ал неге кафедраңызға қызметке шақырмайсыз?» – дедім өршеленіп. Ол маған барлай көз тастап: «Рашида ханым, мен біздің адамдарды жазған ғылыми еңбектеріне қарап сыйлағаныңызды жөн дер едім», – деді. Мен жұлып алғандай: «Олардың адамгершілікке жат істерін елемей ме?… Кешіріңіз, мен олай ете алмаймын», – дедім. Тəжібаев басын шайқап: «Амал қанша… Өкінішті…», – деді. Тəжібаев көп ұзамай, сол екеуінің пəтер алуларына да көмектесті. Ал ол кезде пəтер алу деген өте қиын еді. Иə, жамандыққа жақсылық жасау ер адамның ісі ғой!
1964 жылдың наурызында Тəжібаевтың денсаулығы сыр беріп, «жедел жəрдемді» шақыртады. Əдепкіде сасып қалған Əзиза апай оған ескертпей университетке телефон шалып, зембілді көтеруге студенттер жіберуін өтінеді. Тəжібаев ашуланып: «Қайдағы бір профессор үшін студенттерді сабағынан босату кімнің ойына келді екен?» – сыртта тұрған көлікке өзі жүріп барады. Машинаға отырғанда ғана есінен айырылып қалса керек. Содан 10-шы мамырда ауруханадан шығып, емін Мəскеуде жалғастырмақшы болған. Алыс жолға жүрер алдында кафедрасына соғып, ғалымдармен кеңес өткізеді. Мəскеуден келген соң шопандар психологиясын зерттеу үшін кафедраның барлық қызметкерлерімен жайлауға шығатындарын ескерткен екен. Бірақ ол сол арманына жете алмады. 1964 жылдың 14 маусым күні Мəскеу ауруханасында мəңгілікке көз жұмды.
Резюме В этой статье проф. Ж.Турикпен-Улы рассказывает свои воспоминания о своем великом Учителю профессоре психологии, выдающиемся государственном и общественном деятеле Казахстана Т.Тажибаеве. |