Қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы мен қазақ тіліндегі алғашқы газеттер. Қазақ көшбасшылары.

Қазақ мерзімді баспасөзінің пайда болуы мен қазақ тіліндегі алғашқы газеттер. Қазақ көшбасшылары.

Х1Х  ғасырдың  екінші  жартысында  қазақ  елін, жерін  патшалы  Ресейдің  толықтай  билеп  алуына  байланысты  Қазақстанның  Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал  сияқты  кейбір  ірі  қалаларында  патша  өкіметінің  жергілікті  әкімшілік  орындарының  жеке  ресми  органдары  ретінде  жергілікті  ұлт  тіліндегі  алғашқы  газеттер  шыға  бастады. Әрине, бұл  басылымдар  қайткен  күнде де  қазақ  халқының  қамын  ойлап, оның  әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарған жоқ, керісінше патша  үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасында кеңінен таратып қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылды. Алайда, патшалық Ресейдің осындай жымысқы саясатына қарамастан, Қазақстанда ұлт тіліндегі өз баспасөзінің тууы халықтың санасын елеулі түрде оятып, мол рухани байлыққа ие болуына елеулі түрде әсер етті.

Қазақ баспасөзінің тұңғышы “Түркістан уалаятының газеті”. Ол сол кездегі  Түркістан генерал – губернаторының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын “Туркестанские ведомости” газетіне  қосымша ретінде аптасына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастаған.

Газеттің редакторы – ұлты башқұрт болса да қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және шығыстың көптеген тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Ал,бұл басылымның аудармашысы, әрі әдеби қызметкері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Әлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеген.

“ТУГ”-нің ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми бөлімде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілді, ресми емес бөлімде  отырықшылдық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім-ғылым, өнер, әйел теңдігі мәселелері қаралды. Оған кезінде газет беттерінде жарияланған; “1731 жылы Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды ма?”, “Қазақ жеріне жоңғар, қоқан шапқыншылығы”, “Орыстардың Орта жүзді жаулап алуы”, “Оңтүстік Қазақстанның Россияға бодан болуы” туралы мәселелермен қатар, қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістердің жазылуы да куә. Онық үстіне тікелей патша жарлығымен қазақтардың ең шұрайлы жерлерінің орыс переселендеріне күшпен тартып алынып беріліп жатуы жөнінде материалдарының жариялануы редакция қызметкерлерінің ұстанған бағыт-бағдарларын көрсетеді.Қазақ тіліндегі шығатын басылымның 1882 жылы ешбір себепсіз жабылып қалуы да осындай істерге байланысты сияқты.  “ТУГ”-де ауыз әдебиетінің үлгілері де жарияланып тұрды. Тұңғыш газет өз оқырмандарына  Шоқан, Ыбырай, Абай сияты біртуар перзенттерінің өмірі және еңбек жолдарымен алғаш рет болып танысуларына мүмкіндік жасады.

Басылым беттерінен орыс және еуропа халықтарының өнері мен мәдениеті, ғылым, білім жайында да жарияланған материалдарды да кездестіруге болады. Ал, түрлі проблемаларға арналған ғылыми мақалалар, егіншілік, агрономия, ветеринария, зоотехника туралы ақыл-кеңестер өз алдына бір төбе. Бұл газетте орыс журналистикасының әсерімен заметка, коррспонденция, мақала, фельетон, очерк сияқты баспасөз жанрларының түрлері пайда болды.

“ТУГ” оқу – білім жөнінде, оның маңызы туралы материалдарға да орын беріп, қазақтарды ғылымға қызықтыра білді. Мәселен, 1870 жылдың 10 желтоқсан күнгі кезекті санында күн тұтылатындығын, оның себеп-салдарын жазды.  Екіншіден, осы мақалада телеграф жұмысы жайлы баяндай келіп, ол арқылы қиыр шеттен жылдам хабар алуға болатыны, сол кезде Орта Азия мен Ресейдегі 25 қала аралығында осындай телеграф байланысы орнатылғанын және қай қалаға телеграмма жіберудің қанша  теңге тұратындығы жайлы тізім берілген.

Басылым “Ғылым хабары” деген айдармен ғылым мен техника  жаңалықтарын, Түркістан өлкесінің таулы аймақтарында жердің сілкінгендігін үзбей хабарлап тұрған. Шармен аспанға ұшу, қар мен жаңбырдың пайда болу сыры, аспан әлемі планеталары туралы түсініктер, ғылыми болжамдар жарияланып тұрған. Даңқты саяхатшы Магеланның жердің  шар  тәрізді екенін дәлелдегені туралы еңбекті қазақшаға аударып басылған.

Басылымда әмеңгерлік, жесір дауы тәрізді ел ішіне бүлік салған әдеп-заңдардың зияндығын әшкерлейтін материалдар да басылып тұрған. Газетте түрлі әдеби жанрлар көрініс тапқан, мысалы, қазақ билерін әжуа еткен сықақ әңгіме, фельетон, очерктің тұлғалық, жолсапар түрлері де алғаш рет пайда болған.

“Дала уалаятының газеті”

          “ТУГ”-нен кейінгі өзіндік тарихи орыны бар қазақ тіліндегі екінші басылым- “ДУГ”. Газет Омбы генерал –губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1-қаңтарынан бастап, 1902 жылдың 12-сәуіріне дейін 14 жыл қатарынан жарық көріп тұрған. Оның орысшасы “Киргизская степная газета” деп аталған. Газеттің редакторы ретінде әр кезде И.Казлов, К.Михайлов, Г.Абаза деген  кісілер қол қойып отырған. Ал басылымның қазақшасын редакциялаған генерал-губернатор канцелериясының аға тілмашы Е.Абылайханов, Р.Дүйсенбаев, Б.Чалымбеков және басқа бірнеше адам аудармашы әрі әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сондай-ақ мұнда арнайы тілшілер ретінде О.Әлжанов, Ж.Аппасов, Ш.Айманов, Д.Иманқұлов, А.Қылышбаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жиі  мақала жазып тұрған. Газеттің нақты тиражы туралы анық мәлімет жоқ. Дегенмен бір деректерде оған міндетті жазылушылар саны-1332 деп көрсетілген.

          Қазақтар  “ДУГ” арқылы орыс халқының В.А.Жуковский, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Крылов, Л.Н.Толстой, Г.И.Успенский секілді атақты ақын-жазушылардың шығармаларымен танысты. Газетке қазақ пен орыс халқының жазба және ауыз әдебиеті шығармаларымен бірге украин, литва, татар, башқұрт халықтары әдебиетінің, сондай-ақ шығыстың “мың бір түн”, “Ләйлі-Мәжүн” тәрізді туындыларынан үзінділер берілді.

          “ДУГ” қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, бастыруда  сондай-ақ орыс әңгіме-ертегілерін аударып жариялауда едәуір ізденістер танытқан. Онда да сол кездегі жағдайға байланысты,  жұртқа ой салар түрінде беріп отырған.

       Басылымның ауыз әдебиеті үлгілерін жариялауына, әсіресе орыс әдебиетінің аударма үлгілері елеулі әсерін тигізсе керек. Атап айтар болсақ, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың аударуымен жарияланған Л.Н.Толстойдың “Ұзақ пен көгершін”, “Бұғы мен қарақаттың сабағы”, “Бұғы”, “Қоян”, “Өтпес пышақ” сияқты мысал-әңгімелердің жариялануы тегін емес еді.

          Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы қазақ оқығандары Б.Адықов, Ш.Айманов, Р.Дүйсенбаев тағы басқалар газетке бастырған дүниелерді халықтың ауызша шығармасы деп атап, соңына өз ата-тегін жазса, енді біреулері бұл материалды кімнен, қайда жазып алғанын хабарлап отырған.

          Сондай-ақ газет “Редакцияға хат” деген тақырыпта хаттар, арнаулы мақалалар жариялап, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілін дамытудың көкейкесті  мәселелерін қозғады. Авторлар аударма  және қазақ ақындарының таңдаулы шығармаларын жинап, не жеке кітап етіп шығару жөнінде пікір алысты.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. — А., 1996.
  2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
  3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
  4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
  5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,

       Сақов  Қ. – А., 1998.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *