Қазақстандағы түрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың басылымдары. (1985 – 1996 жылдар)
Кезінде қоғам құрылымына өзгеріс әкелген қайта құру өміріміздің барлық саласына тереңдеп енді. Жариялылық, демократиялық аясын кеңейтіп, өткен тарих “ақтаңдақтарын” аршып алуға, болашаққа берік бағдармен баруға үйретті. Жоғарыда айтқанымыздай, тарих беттеріндегі беймәлім жайлар ашылып, азаматтық үндер айқын сипат алды.
Бүгінгі таңда бұрынғы Одақ, қазіргі ТМД елдері сияқты біздің республикамызда да қалың бұқара арасыннан көпшіліктің мүддесін қорғайтын, баршаға ортақ күрделі мәселелерді шешуге бағытталған түрлі қоғамдық қозғалыстар, ұйымдар дүниеге келіп жатыр. Сөйтсе де, олардың бірқатары шын мәнінде халық мүддесін көздесе, енді біреулері егемендікке енді ғана қол жеткізіп, ел экономикасын нығайтуға ұмтылған шақта теріс қимылды әрекеттерімен ұлттар достығының беріктігін бұзуға тырысуда.
Міне, осы орайда біздер бұл тарауда Қазақстандағы басты-басты деген саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың баспасөз органдары туралы сөз етпекпіз.
Алдымен “Невада-Семей” ядролық жарылысқа қарсы қоғамдық құрылымына тоқталар болсақ, онда бұл – ерікті қоғамдық бұқаралық қозғалыс. Қозғалыстың мақсаты – адамзатты қырып-жоюға бағытталған ядролық қателерді ауыздықтап, тоқтату.
Ал келесі, Қазақстанның азаматтық “Азат” қозғалысы – өзін-өзі басқаратын әлеуметтік-саяси ұйым. Ұйымның төрағасы ғалым Сәбетғазы Ақатаев. “Азат” қозғалысының жанынан қазақ және орыс тілдерінде “Азат” газеті шығады.
Ал, “Желтоқсан” ұлттық-демократиялық партиясы болса, бүгінгі таңдағы Қазақстандағы белгілі бір қозғалыстарының бірі. Оның төрағасы белгілі журналист Хасен Қожахметов.
“Желтоқсан” ұлттық-демократиялық партиясы зорлық-зомбылық, күш қолдануға және қайсыбір болмасын ұлттың қаны төгілуіне қарсы. Бұл партияның өзіндік ерекшелігі – 1986 жылғы желтоқсандағы жәбірленген қазақ жастарының мүдделерін қорғап, жазықсыз жазаға ұшыраған студенттер мен жұмысшы жастардың талап-тілектерін қорғауы деп білеміз. Оның баспасөз органы “Желтоқсан” газеті.
Келесі тоқталатынымыз “Қазақстан бірлесу партиясы” (ПНЕК). Алғашында Одақ ретінде дүниеге келген қозғалыс кейін партия болып қайтадан құрылды. Олар өздерін халыққа: “Біздің мақсат экономика мен саясатқа, республикамызға еңбек сіңіру ғана емес. Сонымен қатар халықтар достығын құптау” – деп таныстырды. Оның бүкіл Қазақстан бойынша 1500-дей филиалдары жұмыс істейді.
Оның баспасөз органы ретінде екі тілде “Дәуір”, “Время” газеттері екі тілде шығатын газеті бар. Ол “Халық конгресі” деп аталады.
Ұсынылатын әдебиеттер:
- Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. — А., 1996.
- Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
- Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
- Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
- «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,
Сақов Қ. – А., 1998.