Қазақстандағы «Кіші Октябрь» орнату немесе ауылшаруашылығын жаппай ұжымдастыру мен индустрияландыру жылдарындағы қазақ мерзімді баспасөзі.

Қазақстандағы «Кіші Октябрь» орнату немесе ауылшаруашылығын жаппай ұжымдастыру мен индустрияландыру жылдарындағы қазақ мерзімді баспасөзі.

Кеңес өкіметінің алғашқы шараларының бірі–сол кезде белгілі себептермен котреволюцияшыл-буржуазиялық баспасөз деп аталған “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы”, “Ұран”, “Алаш” сияқты, т.б. ұлттық басылымдарды біржолата тоқтатып, жабу болды. Осыған орай жаңадан құрылған қазақ жеріндегі кеңестер белсенді қызмет атқарды. Олар негізінен 1918 жылдың соңына дейін өздері байшыл, ұлтшыл, алашордашыл деп тапқан бір топ газет-журналдарды жойып жіберудің арқасында солардың баспаханалары мен қағаз қорларын пайдалана отырып өздерінің газеттерін шығара бастады.

          Қазан төңкерісіне дейін де Қазақстанда еңбекшілердің бұқаралық ұйымдары деп аталған ұйымдардың болғаны тарихтан мәлім. Мысалы, Верныйда “Мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы” құрылып, жұмыс істеген. Бұл одақ 1917 жылдың 13 желтоқсанында “Садақ” атты сықақ журналын шығара бастайды. Ол негізінен, Жетісу елі ішіндегі кемшіліктерді ашып, түзетуді, жұртқа мәдени-ағартушылық қызмет көрсетуді мақсат еткен. Журналға идеялық жағынан жетекшілік жасаған О.Жандосов болса, редакторы Ә.Басиров еді.

          Ақпан төңкерісінен кейінгі уақытша өкіметінің тұсында қазақ жерінде де облыстық, уездік комитеттері құрылғаны мәлім. Мысалы, Ақмолада құрылған осындай “Қазақ” комитетінің құрамында С.Сейфуллин де болған. Бұл комитет сол кезде бұрынғы әкімдерді ел билеу қызметінен босату, олардың орнына жұмысшы-кедейлерді іске тарту, дінмен күрес және қазақ әйелдеріне бостандық әперу сияқты төңкерісшіл шараларды жүзеге асырумен айналысқан.

          Осы комитетінің қасынан Сәкен 1917 жылдың сәуір айында “Жас қазақ” ұйымын құрды. Оның мүшелері алғашқы кезде 40-50-ден аспаса, кейін көбейе түсті.

          Бұл ұйымның мақсаты – халық арасына заң, білім тарату, жаңа саясат істеріне қатысу болып табылды. Осы ұйымның жарғысынан: “Жас қазақ” Ресейдің ең дұрыс жобалы төңкерісшіл партиясымен қатар майданға шығады. Онан соң Ресейдің құрама республика болуын қуаттайды” деген жолдарды оқуға болар еді.

          Алайда “Жас қазақ” ұйымының ең басты қызметі деп біздер олардың мүшелік жарнадан және елден жиналған қаражатпен қазақ баспаханасын құрып, 1917-1918 жылдары “Айна” деген журналдың бір санын, “Тіршілік” деп алатын газеттің бірнеше нөмірін шығарғандарын айтар едік.

“ТІРШІЛІК” ГАЗЕТІ

          Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешуіндегі” мағлұматтарға қарағанда, “Тіршілік” газеті шамамен 1917 жылдың шілдесінен 1918 жылдың шілдесіне дейін, яғни Ақмолада Кеңес өкіметі уақытша құлағанға дейін, бір жылдай шығып тұрған.

          Газеттің ресми редакторы біздерге “дала уалаятының газеті” және “Айқап” журналдарынан белгілі Рақымжан Дүйсенбаев пен Сәкен Сейфуллин болды. Басылымның негізгі авторлары болып, оның өз редакторлары және “Жас қазақ” ұйымы басқармасының белсенді мүшелері А.Асылбеков, Ж.Нұркин, Б.Серікбаевтар саналды. Себебі, “Тіршіліктің” бетінде олардың көптеген мақалалары мен памфлеттері жарияланды.

          1917 жылы 27 желтоқсанда Ақмола еңбекшілерінің жалпы жиналысында өкімет билігін кеңес қолына көшіру туралы қаулы қабылданады. Осы жиналыста уақытша ревком құрылып, оның құрамына С.Сейфуллин де енеді. Ал 1918 жылдың ақпан айында Ақмоланың уездік Совдепі сайланып, ол осы Совдептің президиум мүшесі және уездік ағарту комиссары болып тағайындалады.

          Осыған байланысты “Тіршілік” 1918 жылдың басында әуелі ревкомның, сонан соң Совдептің органы болып, төңкерісшіл-демократияшыл газетке айналды. Оған С.Сейфуллиннің сол кезде шығып тұрған қазақ басылымдары туралы: “Бұл газеттер, “Тіршіліктен” басқаның бәрі бір бағытта болды. Бәрі Орынбордағы “Қазақ” газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отырды. Газеттердің бәрі көз жұмбай ұлтшыл, байшыл бәрінің орталық туы “Қазақ” газеті болды”, — деп жазуы дәлел.

          Бірақ “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды” демекші, Сәкеннің буржуазияшыл-ұлтшыл, антисоветтік бағытта болды деп ұшқыр пікір білдірген “Қазақ”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы”, “Алаш”, “Ұран”, “Абай” сияқты газет-журналдардың барлығы да түптеп келгенде халықтық, әрі кеткенде ұлтжанды ғана болғандығы туралы біздер еңбегіміздің “XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы” деген алғашқы бөлімінде жан-жақты тоқталып өткендіктен, оған қайтып оралуды жөн көрмей отырмыз.

“ҚАЗАҚ МҰҢЫ” ГАЗЕТІ

          Торғай облыстық Совдепінің газеті “Қазақ мұңы” 1918 жылы (16) сәуірде Орынборда шыға бастады, Редакторы белгілі қоғам қайраткері – Нәзір Төреқұлов болды. Бұл газет қазақ еңбекшілеріне кеңес өкіметінің артықшылығын, оның алғашқы декреттерінің мән-мазмұнын түсіндіріп отырды.

          1918 жылдың 21 наурызынан 3 сәуіріне дейін Орынборда большевиктердің басшылығымен Торғай облысының Советтер съезі өтті. Осы съездің қаулысы бойынша шыға бастаған “Қазақ мұңы” газетінің бірінші нөмірінде Ә.Жангелдиннің Советтердің осы облыстық съезін ашардағы сөзі толықтай берілді. Онда ол: “Совет өкіметінің күші оның нақтылы саясат жүргізуінде, бұл халықтың мұң-мұқтажына сай келеді. Бұл өкімет аз уақыт ішінде орасан зор жұмыстар істеді. Мәселен, ол шіркеуді мемлекеттен бөлектеді, жерді еңбекші шаруаларға берді, ескі соттарды жойды, бітім жасап, армияны таратты”, — дей отырып, халықты белсене жұмыс істеп, жаңаша тұрмыс құруға шақырды.

          Бірақ көп ұзамай азамат соғысының басталып кетуіне және Орынбордың Дутов бастаған ақгвардияшылардың қолына көшуіне байланысты “Қазақ мұңы” шығуын тоқтатады.

“ЗАРЯ СВОБОДЫ” ГАЗЕТІ

          Кеңес өкіметі Верный қаласында 1918 жылдың 3 наурызында орнады. Ол көп кешікпей бүкіл Жетісу облысына да билік жүргізе бастады. “Заря свободы” деп аталатын (қазіргі “Огни Алатау”) басылымды шығаруға күш салды. Сөйтіп, ол газеттің алғашқы нөмірі 1918 жылдың 8 наурызында жарық көрді.

          Ең бастысы  “Заря свободы” газеті редакциясы құрамында арнаулы қазақ бөлімі болды. Мұнда маңызды мәселелер және жергілікті халыққа қатысы бар материалдар орыс және қазақ тілдерінде аралас басылып отырды.

          Газеттің бетінде Жетісуда кеңес өкіметін орнату үшін күреске белсене қатысқан большевик Тоқаш Бокиннің, Сабыржан Ғаббасовтың хаттары мен мақалалары қазақ және орыс тілдерінде жиі басылып, орынды пайдаланылып отырылды.

          Осы басылымның бетінде басқа да көптеген аралас материалдар басылды. Осының өзі, бір жағынан – қазақ ішінде дербес газет шығарудың бастамасы әрі ұлт кадрларын әзірлеудің бірден-бір дұрыс жолы еді.

          “Заря свободыда” кейде большевиктердің ұғымына жат, ұлтшылдықты, дінді уағыздайтын материалдар да жарияланып қалып жүрді. Бірақ оның қазақтарға келіп-кететіні шамалы еді. Себебі, түптеп келгенде большевиктерде де, эсер-меньшевиктер де өздерінің бас пайдасын ойлайтын. Олардың бұратаналардың болашақтарын ойлап бас қатыруларына уақыттары жоқ-тын.

          Міне, осындай кейбір кемшіліктеріне қатысты “Заря свободы” газеті өзінің 80-нөмірінен кейін 1918 жылдың 18 маусымында шығуын тоқтатты.

 

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. — А., 1996.
  2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
  3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
  4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
  5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,

       Сақов  Қ. – А., 1998.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *