Қазақстандағы жаппай репрессия жылдарындағы және екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы мерзімді баспасөз.

 (1937 – 1941 жылдар.)

Қазақстандағы жаппай репрессия жылдарындағы және екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы мерзімді баспасөз. (1937 – 1941 жылдар.)

1905 жылдан басталған Россиядағы революциялық өрлеу дәуірі патшалықтың шет аймақтарында ұлт-азаттық қозғалысының жандануына ықпал жасады. Алайда патша үкіметіне бұратана халықтардың бірді-екілі оқығандарының “азаттық”, “теңдікті” әңгіме етуі, тіпті өрескел көрінді. Бірнеше ғасыр бойы үн-түнсіз бағынып, тағдырына мойын ұсынып келген аз ғана ұлттардың ішінен бұлай бас көтеретін адамдар шығады деп ойлаған жоқ еді.

          Сондықтан да патша өкіметі бұндай наразылық көрсете бастағандарды барынша мұқатып, біржолата тұралатып тастауға ұмтылды. Ал, кеңес дәуірінде бұлардың патша заманындағы азаттық үшін күресін орысқа қарсы күрес деп теріс түсінушілер, бұларды ұлтшылдар, байлар деп кінә тағушылар пайда болды. Оның үстіне революцияға дейін интеллигент болғандар сол заманның рухани уымен уланғандар болып табылады, бұлар енді пролетариат туы астында жинала алмайды, жаңа өмірді жырлай алмайды деген асығыс, ешбір ғылыми негізсіз тұжырымдар жасалды. Ақыр соңында оларға әртүрлі жала жабылып контрреволюциялық ұйым құруға қатысты деген айыптар тағылды. Сол отызыншы жылдардың басында – ақ олардың кейбіреуі атылып кетті, басқалары ұзақ мерзімдерге жер аударылды. Бұл айдаудан әупірімдеп аман қалғандарын 1937 жылдың қанды ақпаны мәңгіге жұтты.

          Қазір осы “тарих ақтаңдақтары” күн өткен сайын анықталып, сол бір ауыр кесапатты жылдардағы халқымыздың аяулы ұлдары мен қыздарының қилы тағдырлары жан-жақты зерттелу үстінде.

          Осы орайда белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің қысқаша түйінді сөзін келтірудің артықтығы жоқ болар: “Біз жазықсыз жапа шеккен данышпандарымыздың мұраларын өмірге қайтара бастадық және бұларды “шолақ белсенділер” не үшін, ненің жоқтауы үшін құрбандыққа шалып еді деп ойлана бастадық”.

          Бізді тарихымыздан, цензураның қара бояуының астында қалған тарихымыздан күштеп айырды. Таланттарын қыршынынан қия отырып, халықты да ойлау қабілетінен айырды: өйткені, ойланбайтындар мен ойлана алмайтындарды басқару оңай ғой. Бүгінгі күні біздер өзімізді Шәкәрім, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан, Міржақыптардың орнына қоя отырып ойлануға, өткенімізді осылайша еске түсіруге ұмтылып отырмыз.

          Біз ешкімге ешнәрсе қарыз емес екенімізді түсіне бастадық. Біз шығасы мен шығынға аз ұшыраған жоқпыз. Оның үстіне азаптанған, тозған, талан-таражыға түскен өз жерімізді өмір сүру үшін де аз шығындалған жоқпыз.

          Мәселен, осы уақытқа дейін “коллективтендіру – ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құрудың классикалық үлгісі” – деген Сталиннің асыра сілтеушілік пікіріне, жарты ғасырдан астам уақыт бойы ешкім күмән келтіруге қорықты, оны тек марапаттаумен келдік. Рас, коллективтендірудің мәнін жоққа шығару дұрыс болмас еді, колхоз құрылысы – ауыл шаруашылығы экономикасы негіздерінің бірі болды. Оған дау жоқ.

          Бірақ, коллективтендіру ісі Қазақстанда қалай өтті, барлық мәселе осында. Шолақ саясатшы Голощекиннің “Кіші Октябрь” саясаты тек малмен күн көріп отырған қазақтың алдымен байларына, онан соң орташаларына, ең соңында астық екпейтін малшыға астық салығын салып, астық тауып бере алмағандарының малын тартып алып, өздерін шұбырынды болуға, қаңғып кетуге мәжбүр етті. Сөйтіп, 1933 жылы 40 миллион малдан 5 миллион ғана қалған, 1929 жылы қазақстанда 1233000 диқан шаруашылығы болса, 1936 жылы 565000 шаруашылық қалған.

          Малынан айырылған қазақтың мұнан кейінгі көрген күнін дұшпанында да бермесін дейтіндей болған. Ағылшын – американдық тарихшы әрі жазушы Р.Конкветстің осы кезең туралы жазған тарихи-публицистикалық еңбегінде КСРО-ның әр аймақтағы аштық жайы айтылып, “Алайда бұл фактілер қаншама қайғылы болғанмен, қазақтардың басына түскен ұлан-асыр қасіреттің жанында түк те емес болып қалады”, — деп ерекше тоқталып өткен.

          Егер бүгінгі күннің биігінен өткен тарихи кезеңдерге ой жіберсек, қазақ халқы ақын Ж.Молдағалиев айтқандай “Мың өліп, мың тірілгенін” байқаймыз. Ал отызыншы жылдардағы аштықтың себебіне келсек, көшпенді және жартылай көшпенді халықты бірден, алғы шарттар жасамас бұрын күштеп, зорлап отырықшы елге айналдырамыз деп бірден-бір күн көрісі – малың тартып алып, қаңғыртып жіберген авонтюрист Голощекиннің әпербақан саясатынан, екінші жағынан мұндай қасірет сталиндік дәуірдің мазмұнынан туындаған.

          Бұл күрестен біздің мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдары да құралақан емес. Мұнда да аласапыран ұрыс заңы сияқты демократиялық пен жариялылыққа бағытталған әділеттілік күн сайын нығайып, бір кездері нақақ айыптаулармен кеткен өз халқының адал ұл-қыздарының аттарын қайта танып, қайта табысып жатыр. Әлбетте, кемшілік те жоқ емес.

          Бұл туралы “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған “Оқырманға айтар сөз” деген бас мақалада, “Жариялылыққа бел шешіп батыл кірісе алмай отырғанымыз да байқалмай қалмайды. Бұл біздің тоқырау кезеңінде бойымызға сіңіріп қалған мимырт митың, жайбасар аяңнан күмілжіп айтуға үйренген үргедек қылық-құлықтан ақиқатты я аттап, я айналып өтіп кетуге тырысатын кейбір жалпақ мінез күйкі әдеттерден әлі де ат құйрығын үзісе алмай жүргеніміздің салқыны болса керек”, деп жазған болатын.

          Тарихтың “ақтаңдақ” беттері туралы ең алғаш болып осы “Қазақ әдебиеті” газетінің 1988 жылғы 6 ақпаны күнгі нөмірінде – халқымыздың тарихы мен тіліне, мәдениеті мен әдебиетінің тағдырына байланысты жиі-жиі проблемалық мақалаларымен көрініп жүрген белгілі жазушы Б.Нұржекеевтің “Шындықты бүкпей айтсақ” деген мақаласы жарияланды. Одан соң бастаманы “Арай” журналы мен “Өркен” газеттері жалғастырып, бұрын халық жауы аталып келген Косарев, Бухарин жайлы материалды орыс тілінен аударып басып, өздері де осы тақырыпқа байланысты көлемді интервью, очерк, мақалаларды жариялай бастады.

          Елімізде социализм ыдырап, тәуелсіздік алғанымызға 5 жыл толса да шаруаның егіні де, малы да күннің райына, қыстың қабағына қарайды. Біздер кеңес өкіметі тұсында да, қазір де сонау коллективтендіру жылдарынан бері колхоз-совхоздардың, ұжымшарлардың, жалпы санын мақтан етіп жалған ақпарларға арқа сүйеп келгенімізді жасырмауға тиіспіз. Өйткені, әу бастан-ақ сталинизм халыққа қызмет ететін идеяны емес, керісінше, халықты өз идеясының құлы ететін, қоғамға жаппай күйзеліс тудыратын идеяны уағыздағаннан шошынып, мұндай саясатқа разы еместігін байқатқан көзі ашық, көкірегі ояу, еліне басшы болар азаматтардан құтылудың қалай болғанда да олардың көзін жоюдың амалын ойлады.

          Сөйтіп, “Ел басынан күн туып, ері қайда жүр екеннің” кері келді. 1937 жылдың тажал аждаһасы Нығымет Нұрмақов, Сейтқали Меңдешев, Тұрар Рысқұлов сияқты, миллиондардың өмірін қиды. Осыған қарамастан Сталин, Ежов, Берия, Вишинский сияқты жазалаушылардың заманы дәуірлеп тұрды.

          Осындай тарихтың “ақтаңдақ” беттері туралы материалдар кезінде басылымдарда жиі жарияланып. Одан қорытынды да шығарыла бастады. Бұл ретте Ресейдің тәуелсіз басылымдарының қара қылды қақ жарған әділ мақалаларын өнеге етіп айтуымыз орынды. Мәселен, бүгін кезінде халық жауы атанып, репрессияның қаһарына ұшыраған Н.И.Вавиловтың, халық, партия, үкімет алдында ешқандай күнәсі болмағандығы айқындалып отыр. Керісінше, оған жала жауып, “халық академигі” атанған Г.Т.Лысенконың сол халыққа қарсы бағытталған қылмысты істері әшкереленуде.

          Сондай-ақ, Михайл Кольцов сияқты халықтың талантты ұлын жазалағандардың шын мәнінде оның шығармаларын оқуға кәуһары болмаған көрсоқыр, бұйрық орындаушылар болғаны қандай қиямет.

          Біздер Сәкен, Бейімбет, Ілиястарымыздың… қандай жағдайда ұсталып, қандай жағдайда қаза тапқандарын білмей жүрміз. НКВД оларды ұсталысымен атылды десе, тауқымет-тақсыретін бірге тартқан көзі тірілер Сәкен де, Бейімбет те бертінірікте қаза тапты деген деректер айтып жүр.

   Мысалы,жарты ғасырдан астам уақыт бойы М.Дулатовтың есімі туған халқының басты жауларының қатарында аталып, оның есімі ұлт мәдениеті мен әдебиеті тарихынан өшіріліп тасталды. Содан барып туған халқы үшін жүрегі қоңыраудай күмбірлеген арысымыздың асыл бейнесі кейінгі ұрпақ үшін көмескі тартып кетті.

          Ал, қазір халқы ұлы перзентінің өмір тарихымен де, өмірі және еңбегімен қайта табысты. Әділеттің таңы атып, күні шықты. М.Дулатов “Еңбекші қазақ” газетінің жауапты редакторының әдеби көмекшісі болып қызмет етіп жүрген кезінде, 1928 жылдың 17 желтоқсанында тұтқындалған. Оған ұзақ жауап алғаннан кейін, 1929 жылдың 24 маусымында Бутырь түрмесіне жөнелтілген. Ал, 1930 жылдың 4 сәуірінде ішкі істер халкоматының “үштігі” М.Дулатовты ату жазасына бұйырады. 1931 жылдың 10 қаңтарында іс қайта қаралып, ату жазасы өлім жазасы үкіммен отыру ақын жігерін жасыта алмады. Көптеген адамдар осы жүйкеге тиетін қияметті көтере алмай, өзін-өзі өлтіріп те жіберетін. Бұрын патша түрмесінде талай рет болған М.Дулатов зайыбына жазған бір хатында былай дейді: “Біріншіден тергеушілерге сенбедім, екіншіден қорыққаным жоқ, үшіншіден олардан көмек сұрамадым…”

          Сөйтіп, ол 1934 жылдың басынан Сталин атындағы Ақтеңіз – Балтық каналының құрылысында жұмыста болып, 1935 жылдың 5 қазанында Сосновец лазеретінде жүрек дертінен қайтыс болған. Міне, халық жауы атанған мыңдаған қазақ зиялыларының бірі, белгілі қоғам қайраткері, қаламы қарымды журналист, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп еңбек сіңірген ардагеріміз М.Дулатовтың лагерьде болуы мен дүниеден қайтуының қысқаша тарихы осындай.

          Сондықтан біздер М.Дулатов сияқты, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сейтқали Меңдешев, Сүлеймен Есқараевтардың кебін киген жүздеген, мыңдаған өз халқының адал перзенттерінің өмірлері де Қазақстан тарихымен, Қазан төңкерісінің орнау тарихымен тығыз байланыстыра зерттелуі қажет деп білеміз. Мұнсыз біздер үшін мемлекетіміздің өткен тарихын, тоқырау мен қайта құру тарихын таразылап, баға беру қиынға соғары хақ.

          Міне, сондықтанда тарихымыздың әр кезеңінде көзден таса, көңілден қағыс қалып келген, күні кешеге дейін “ұсақ-түйек қателіктер мен “елеусіз” кемшіліктер аталып келген “Ақтаңдақтар” сыры бүгін ашылуы керек.

          Өйткені тек 1937 жылдың “ұсақ-түйек” қателіктері мен “елеусіз” кемшіліктерінің арқасында 60 мыңнан астам қазақ оқығандары сталиндік репрессияның құрбанына айналыпты. Ал бұған 1945-1955 жылдар аралығындағы “ұлтшылдық сарынға қарсы” өрістетілген науқаншылдықтың залалын қоссақ ше?

       “Ұлтшылдық сарынға қарсы” күрес демекші әу, бастан-ақ яғни, 1937-1938 жылдары республикалық баспасөз бетінде көрнекті қазақ партия, әдебиет, ғылым қайраткерлеріне “бай төбет”, “қарақшы”, “Жапонның тыңшысы”, “шпион”, “пантюркист” сияқты, айтуға ауыз бармайтын түрлі жалалардың жабылуы, осындай оғаш пайымдаудлардың оңдаған жылдар бойы өзгеріссіз қалуы содан кейінгі жылдардағы әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлеріне де салқынын тигізбей қалған жоқ.

          Бұл арада 1937-38 және кейінгі жылдардағы репрессия кім кінәлі?, “Жаудан сақ болайық жауды ымырассыз әшкерелейік!” деп нұсқау берген Сталин, Ежов, Бериялар кінәлі дейміз. Бірақ сол нұсқау тек Қазақстанға ғана берілген нұсқау ма еді? Өзге республика халқы неліктен аз зардап шекті? Әлде бәлен адамды халық жауы деп тапсыру қажет деген жоспар беріледі ме? Әрине, олай емес. Көп нәрсе қазекеңнің өзінде де байланысты-ау. Шаш ал десе бас алып жібереітн мінез қашан тиылар екен?… Жауды жанымыздан, өз қанымыздан іздей беретініміз неліктен деген бір жымысқа сұрақ тілге орала береді…

          Бірін-бірі даттауға жомарт қазақ бірін-бірі ақтауға сараң болатыны несі?… Сұрақ көп. Бәрі де бәрімізді ойландыратын сұрақтар.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. — А., 1996.
  2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
  3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
  4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
  5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,

       Сақов  Қ. – А., 1998.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *