Е.А.Букетовтың ғылымға қосқан үлесі

Е.А.Букетовтың ғылымға қосқан үлесі

Евней Арыстанбекұлы Букетов 1925 жылы 23 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданы, Бағанаты ауылында дүниеге келген. 1983 жылы 13 желтоқсанда Қарағандыда қайтыс болған.  Көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы (1967ж), профессор. 1974 ж КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне енген. 1950 ж Қазақ тау-кен металлургия институтын бітіріп, 1950-1960 жылдар сонда аға оқытушы, доцент, проректор қызметтерін атқарған. 1960-72 жылдар Қазақстан Ғылым Академиясының Химия – металлургия институтының директоры болып еңбек етті. Е.Букетов 1980 ж Қазақстан Ғылым Академиясының Химия-металлургия институтында аға ғылыми қызметкер, лаборотория меңгерушісі болды. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түсті, асыл және сирек металдар металлургиясына, анорганикалық және физика-химия салаларына арналған. Ол сирек және шашыраңқы элементтерді алу үшін әсерлі адсорбенттерді дайындаудың, Кентастар мен концистраттарды келесі сатыда өңдеуге дайындау үшін шахта түріндегі аппараттарды қолданудың, металлургиялық процесстерді жеделдетудің жаңа ғылыми бағытын дамытты. Лисаков пен Аят кен орындарындағы марганец және темір кентастарын кешенді пайдалану үшін зор еңбек етті. Оның тікелей басшылығымен Балқаш тау-кен металлургия комбинатында мыс электролитін мышьяктан тазарту тәсілі зерттеліп, өндіріске енгізілді. Мұның экологиялық маңызы зор болды. Е.Букетов сілтілі және қышқылды ортада халькогендер мен халькогенидтер химиясын және технологиясын зерттеп, оның негізін салды. Осы еңбегі үшін 1969 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығымен мараппаталды. Д.И.Менделеевтің периодты жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының классификациясына түзетулер енгізді. Металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәләлдеді. Қазақ, орыс тілдерінде әдеби шығармалар, публицистика, ғылым, мәдениет қайраткерлері жайлы естеліктер жариялап, У.Шекспир, В.В.Маяковский т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударды. Еңбек Қызыл Ту орнденімен және медальдармен марапатталған. Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды қаласының бір көшесі Е.Букетов есімімен аталады. Кезінде Букетовтің жазған сын мақалары мен рецензиялары әр жылдары газет-журнал беттеріне жарияланып тұрған. «Тоқаш Бокин пьесасы орыс сахнасында» атты рецензиясы 1957 жылы 22 желтоқсанда «Казахстанская правда» газетінде жарық көрді. Онда әрбір актерлердің кейіпкерді сомдаудағы ізденісі мен шеберлігіне жан-жақты талдау жасайды.

Е.Арыстанбекұлы «Сөнбес жұлдыз» атты мақаласында қазақтың біртуар ғалымы Қ.Сатбаевтың өмірі мен ғылымға сіңірген еңбегін топшылаған. «Тәржіма туралы ой» деген мақаласында В.В.Маяковский шығармаларының қазақшаға аударылуына аса назар аударған. Ол үшін ақынның творчечтвосын түгел білуімен қоса, аудармаларды жан-жақты зерттейді. Аудармадағы шеберліктің, көркемдіктің сақталуын және тағы да басқа принциптерді түпкілей талдайды.

         1978 ж 20 сәуірде Е.Букетовтің құзырымен Шәкәрімді жазықсыз жазаға ұшыратқан А.Ғ.Қарасартовтан жауап алынған. Сұрақ-жауап толықтай текстімен 1989 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің 7,8,9 сандарында жарық көрген. Е.Букетовтың көптеген публицистикалық мақалалары «Атом қомында туған адам» атты кітабында жинақталған.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы.

2.Жұлдыз журналы 2002 жыл, №3

3.Қ.Асанов Букетовтің әдеби-сын пікірлері.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *