Егемен елдің ерікті баспасөзі. (1991 – 1996 жылдар)

Егемен елдің ерікті баспасөзі. (1991 – 1996 жылдар)

Кез-келген елдің өндіріс байлықтарын өзге елдерге паш ету үшін ең алдымен баспасөзі бай болуы керек. Олай болса, Республикамыздағы басылымдарға зер салайық. 1991 жылдан ,еліміз егемендік алғаннан бері бұқаралық ақпарат құралдарында оның ішінде басылым беттерінде де бірталай өзгерістер болғаны белгілі. Осы уақыт аралығында олардың аттары өзгеруінен бастап, қатарлары де көбейді деуге болады. Егемен елдің еркін баспасөзі дегенде бұл тақырыпты жалғыз емес, тіпті екі жолмен – байырғы басылымдар және кейін қосылған тәуелсіз басылымдар деп атауға болады. Мысалы, жаңадан құрылған түрлі партиялар мен қозғалыстардың “Азат”, “Желтоқсан”, “Алаш” сияқты қазақ және орыс тілінде шығатын басылымдарды да атауға болады.

          Алдымен қазақ тіліндегі басылымдарды 1991-1995 жылдарда жарияланған материалдары, айдарлары бойынша салыстыратын болсақ, онда 1990 жылдың 24 сәуірінен бастап шыға бастаған Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің органы “Халық кеңесі” газетін атауымызға болады. Ол өз беттерінде тек Алматы облысы бойынша ғана 1990 жылдан бері қырыққа жуық басқа ұлт өкілдері ислам дінін біржолата қабылдағандықтары туралы жазады.

          Әу бастан халыққа жастар басылымы ретінде танылған “Жас алаш” газеті 1922 жылдың наурыз айының 22-нен бастап, күні бүгінге дейін өзінің лайықты жалғасын тауып келеді. 1992-1993 жылдарға дейін негізінен жастар мәселесін көп жазып келген бұл ұлттық, тәуелсіз, қоғамдық-саяси басылым 1993 жылдан кейінгі кезде елдің тарихы мен ұмыт қалған азаматтарына, жер мәселесі мен саясатқа басты назар аудара бастаған. Осыған орай “Саясат” айдарымен іргелі материалдар беріліп жүр.

          Осындай, бұрыннан шығып келе жатқан айтулы басылымдардың қатарына соңғы кездері шыға бастаған “Заң”, “Түркістан”, “Сұхбат” газеттерін де қосуға болады. Мәселен, қазақ және орыс тілдерінде шығатын саяси-экономикалық “Сұхбат” апталық газеті 1990 жылдың қаңтар айында дүниеге келіп, кіндігін кескен. Редакторы Сабыржан Шүкірұлы.

          Ал “Түркістан” газеті болса 1994 жылдың қаңтар айының 28-інен бастап шығып келеді. Бұл халықаралық тәуелсіз апталық басылым. Редакторы Қалтай Мұхамеджан.

          Келесі “Қазақ елі” газеті 1995 жылдың сәуір айының 20-сынан бастап шығып келеді. Алайда, бұл басылымның көшбасы, ізашары “Қазақ елі” журналы 1994 жылдан бастап жарық көрген. Редакторы Бақыт Сарбалаұлы. Көлемі 16 бет.

          “Егемен Қазақстан” газеті 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап шығып келеді. Ұлттық, қоғамдық-саяси газет. Редакторы Нұрлан Оразалин. Бұл басылыммен қатар 1920 жылдың 1 қаңтарынан бастап шығып келе жатқан “Казахстанская правда” газетін де айта кеткеніміз жөн. Екі газеттің де құрылтайшылары да Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті.

          Келесі ірі және халық сұранысында көп газеттердің бірі – орыс тілінде шығатын “Караван” апталығы. 1991 жылдан жұма күндері 64 бет көлеммен шыға бастаған. Құрылтайшысы: “Караван-пресс” акционерлік қозғалысы. Көбінесе ондағы жарияланатын материалдарға сенушілер аз болса да, оны жаздырып, сатып алушылар саны көп. Себебі, оқырман қауым оны жарнама – анықтама беттері үшін қажет етеді. Осы апталықты алматылықтардың 72 проценті оқитын болып шықты, әрі ол ауылдық жерлерге де барып жеткен.

          Кезінде “Караван” акционерлік қоғамы жанындағы компьютер орталығынан “Караван” газетіне ұқсас қазақ тілінде “Аруана” басылымы да шығарылды. Оның “Апта жаңалықтары”, “Гиллер институты”, “Күн сайынғы жаңалықтар қорытындысы” сияқты тұрақты айдарлары болды. Бірақ, өкінішке орай “Аруана” шықпай жатып, түрлі себептерге байланысты жабылып қалды.

          Керісінше, орыс тілінде шығатын “Караван” апталығына сұраныс күннен-күнге ұлғайып, соңғы кезде тіпті түрлі-түсті де болып шығып жүр. Газеттің теледидар бағдарламасын берудегі, бағдарлама сағатын қоюдағы реттегі, фильмдерден үзінділер беруі және түрлі-түсті бояуларды пайдалануы, беттің көптігі шетел, оның ішінде Корея басылымдарына көбірек ұқсайды.

          Ал “Астана даусы” апталық тәуелсіз газеті болса, 1992 жылдың тамыз айының 1-інен бастап шығады. Құрылтайшылары: “Азия даусы” акционерлік корпорациясы, “Астан-холдинг” компаниясы мен “Алтын Алма” биржасы.

          Апталық қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде шығады. Мұнда негізінен астана өмірі мен қазақ халқының тарихына көп көңіл бөлінеді. Газеттің жалпы саны 40 шақты айдары бар. Соның бірі – “Қазақ тілін үйренеміз” деп аталады.

Республикамызда бүгінгі таңда жарық көретін негізгі басылымдардың мән-мазмұн, бағыт-бағдары осындай. Заман, уақыт жылжуына байланысты барлық газет-журналдардың да беттері өзгеріске ұшырағандары белгілі. Айталық, 20-жылдарғы басылымдардың негізгі мақсаты халықты сауаттандыру болса, қазіргі кезде саясат, нарық, экономика мәселелері бірінші кезекке шыққан.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. — А., 1996.
  2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
  3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
  4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
  5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,

       Сақов  Қ. – А., 1998.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *