Бұрынғы кеңес мемлекетінде «Коммунистік құрылысты өрістету» немесе тоқырау жылдарындағы баспасөз

(1960 – 1980 жылдар)

Бұрынғы кеңес мемлекетінде «Коммунистік құрылысты өрістету» немесе тоқырау жылдарындағы баспасөз.

(1960 – 1980 жылдар)

Қазақстан тарихында өз ізін қалдырған қайшылықты кезеңдердің бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары. Бұл кеңес өкіметінің екі қоянды бір оқпен атуды көздеген, астарлы мол жымысқа саясаттарының бірі еді. Тың көтеру идеясы өкімет басына Н.С.Хрущев келгеннен кейін көп ұзамай-ақ туған-ды. Бұл кездегі ең басты мақсаттардың бірі соғыстан жадап-жүдеп шыққан елдің қарнын тойдыру сылтауы болатын.

Сол кезде Н.С.Хрущевтың көзі Ресейдің қара топырақты аймақтары мен Қазақстанға түсті. Орыс патшалары мен өкіметін қазақтың кең-байтақ даласы ежелден-ақ қатты қызықтыратын.

Баспасөз тың игерудің барлық проблемаларына араласып отырды. Мысалы, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері ауыл шаруашылығын техникамен жабдықтайтын өнеркәсіп орындарынан үзбей мақалалар беріп отырды. Социалистік жарысқа арнап мақалалар, очерктер мен арнаулы беттер ұйымдастырды. Жаңа қоныстанушылардың мәдени-тұрмыстық жағдайы (үй-жайы, сауда-саттық, дәрігерлік жәрдем, т.б.) үнемі баспасөздің назарынан түскен жоқ. «Правда», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері облыстық газеттерге шолу жасап, оларға бағыт беріп отырды. 

Тың игеру жылдары республикамызда басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының құрт артуына байланысты ұлттық тіліміз бен дініміздің, ұлттық болмысымыздың шеккен зардабы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл туралы баспасөз беттерінде кейінгі кездері аз жазылып жүрген жоқ.

Қалай дегенмен де, тың игеру қозғалысы Қазақстандықтардың, оның ішінде қазақ халқының да тағдырымен терең байланысып кеткен, қайшылығы мол, күрделі оқиғалардың қатарына жататыны ақиқат. Ел баспасөз болса, тың ақиқатын енді ғана айта бастады. Сондықтан, тың туралы шынайы баға уақыт еншісінде деп білеміз.

«ҚАЗАҚСТАН МҰҒАЛІМІ» газеті және «ҚАЗАҚСТАН МЕКТЕБІ» журналы

          1952 жылдан бастап екі тілде қазақша және орысша «Қазақстан мұғалімі» («Учитель Казахстана») газеті шығарыла бастады. Алғашқы редакторы О.Құдышев. Бұл басылым оқу министрлігінің басқармасы мен бастауыш және орта мектеп қызметкерлеріне яғни, мұғалімдерге, педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттерге көмекші әрі нұсқаушы құрал ретінде есептелді.

          «Қазақстан мұғалімінің» бірінші нөмерінде жарияланған «Совет мектебінің жаңа табыстарына жетейік» деген бас мақаласында «Педагогикалық қызметін үнемі оқумен қоса идеялық саяси дәрежесін үздіксіз арттырумен ұштастырған күнде ғана мұғалімнің еңбегі анағұрлым жемісті болады», — деп тұжырым жасай отырып, әр ұстаздың ізденімпаздығын, адал еңбек етуін талап етеді.

          Сондай-ақ, газеттің бұл алғашқы нөмерінен халық ағарту қызметкерлеріне арналған басылымның жарыққа шығуына байланысты көптеген құттықтау хаттар мен телеграммаларды оқуға болады. Бұлардың барлығы да жоғарыда тоқталған бас мақаланың мазмұнымен сарындас. Яғни, «бұл газеттің басты мақсаты социализм дәуіріндегі өмір сүріп жатқан ұрпақтарды тәрбиелеу, тәрбиелеу ісіндегі мұғалімдердің өзінің көзін ашып, оларға әдіс-тәсілдер жайлы нұсқаулар беріп отыруы», — болды.

          Қазақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны бар «Қазақстан мектебі» «Жаңа мектеп» аталып, жарыққа шыққан алғашқы сандарынан-ақ бұл баслым бір ғана мақсатқа – қазақ мектебіне, қазақ мұғалімдері мен оқытушыларына жәрдемші болу ісіне қызмет етіп келеді.

          Журнал өзінің тұңғыш санында жарияланған «Жаңа мектеп» шығару неге керек болды? Деген бас мақаласында қазақ халқы үшін ауыр сын кезең туғанын, осындай аласапран уақытта оқу-білім жұмысы жесірлік күй кешіп, қазақ қауымы сауатсыздық құрсауында қалу қауіпі төнгенін көрсетіп, «бұл күйде қалу жарамайды». Бұл күйде қалуды тарих кешірмейді», — дей отырып одан әрі қазақтың «ыңыранған сары даласын көркейту, гүлдену» мақсатымен республикалық оқу коммисариаты ашылғанын, оның оқу-білім жұмысына, майданына арналған бір журналды шығаруды қолға алғанын оқырман қауымға қуана хабарлайды. Қорытысында бұл журнал – «Жаңа мектептің» мақсаты «қысыр пәлсапа сату емес, қазақ мектебіне араласу, қазақ оқытушыларының күнбе-күндік жұмысына жәрдемші болу», — деп түйеді.

          Жаңа басылым жұмысына қазақтың осы кезеңдегі қайраткерлері, ақын-жазушылары, ағартушылары мен оқытушылары тегіс қолқабыс тигізуге ұмтылды. «Жаңа мектептің» редакторы Молдағали Жолдыбайұлы, алқа мүшелері: Байтұрсынұлы, Шонаұлы, Сүлейұлы, Сейфоллаұлы, іс жүргізетін басқарушысы – Нұрымұлы болды. Ал, жазушылары: Байтұрсынұлы, Жолдыбайұлы, Омарұлы Елдос, Сәдуақасұлы Смағұл, Дулатұлы, Сейфоллаұлы,   Шонаұлы, Майлыұлы, Сүлейұлы, Аймауытұлы, Мұқанұлы Есқали, Малдыбайұлы Біләл, Ермекұлы Әзімхан, Сматұлы Мұхтар, Әуезұлы Мұхтар, Мырзаұлы Мұхтар, Бөкейханұлы, Тоқай Темір, Жүсіпбекұлы Қамзалар болды.

          «Жаңа мектеп» 1961 жылдан бастап «Қазақстан мектебі» деп атын өзгертті. Даму жолы бұралаң, тағдыр тауқыметі мол қазақ мектебі бұл күнде кәсіби көмекке айрықша зәру. Қазақ баспасөзі тарихынан тұңғыш педагогикалық журнал ретінде ғана емес, педагогикалық жұмыстың әр саласы бойынша шығып тұрған бірнеше кәсіби журналдардың үлкен шаңырағы да осы журнал. «Қазақстан мектебінің» әр жылдардағы қосымшалары болып ашылған «Руский язык и литература в казахской школе» журналы 1978 жылдан, «Бастауыш мектеп», «Отбасы және балабақша» журналдары 1994 жылдың шілде айынан бөлініп шығып, жеке-жеке шаңырақ көтерді. 1990 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының қайта құрылуына да «Қазақстан мектебі» журналы тікелей ат салысты.

«АРА» журналы

          Саяси – сатиралық «Ара» («Шмель») журналы 1956 жылдың наурыз айынан бастап, екі тілде (қазақша-орысша) 20.050 дана тиражбен, 0,70 бет баспа табақ көлемінде айлық басылым ретінде шыға бастады. Бас редакторылығына Д.Снегин тағайындалды.

          «Ара» журналының сол кездегі басты міндеттерінің бірі – ұрлық, зорлық, өтірік-өсек, алдау-арбау, төрешілдік, мансапқорлық, алыпсатарлық, қалың мал сияқты ескіліктің қалдықтарымен күресу және оларды сатиралық өткір тілмен түйреп, әшкерелеу болып табылады.

«БІЛІМ ЖӘНЕ ЕҢБЕК» («Зерде») журналы

          1960 жылдан бастап «Білім және еңбек» деген атпен шығып келген бұл ғылыми көпшілік басылым 1987 жылдан бері «Зерде» деп аталды. Тұңғыш редакторы Әбділхамит Мархабаев.

          Журнал мектеп оқушылары мен көпшілік қауымды ғылым мен жаңалықтарымен таныстыру, жұмбақ дүниедегі адамға бұрын-соңды мәлім болған ғажайыптар туралы айтып беру, сол арқылы жасөспірім оқырманының өмірге көзқарасын қалыптастыру жоланда табыссыз еместігін айта кеткен жөн. Журнал, әсіресе, редакторлары Б.Қойшыбаевтың, А.Сейісбековтың тұсында жақсы материалдарымен көзге түсті.

         Журналдың бас айдарлары: «Асыл мұра», «Ғылым көкжиегі», «Сауал қойған екенсіз», «Жас ғылым мінбері», «Дүние жатқан жұмбақ», «Дөңгелек – жас шеберлер клубы», «Оқып туған», «Жас ғалым зерттеу жүргізеді», «Жақсыдан ғибрат» деп аталады.

          Мәселен, «Зерденің» 1995 жылғы 1-санында Хасен Қожа-Ахметтің «Біз демократияны білеміз бе?», Б.Шланованың «Шешендік тәлім-тәрбие», Ә.Оразалиеваның «П.М.Мелиоранскийдің қазақ тілін зерттеуі», Б.Тлепиннің «Шопан ата», «Сексек ата» тағылымдары деген танымдық материалдары жарияланған.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразайұлы Ф. Қазақ журналистикасының тарихы. — А., 1996.
  2. Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж. Алты алаштың ардақтылары. 1-кітап. – А., 1994.
  3. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзі тарихының очерктері. – А., 1981.
  4. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму жолдары. – А., 1996.
  5. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар: Сұбханбердина Ү., Дәуітов С.,

       Сақов  Қ. – А., 1998.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *