XVII-XX ғасырдағы қоғаммен байланыс
Қоғаммен байланыс (PR) орнату қызметінің біздің елімізде де қалыптасу қадамдары сонау өткен ғасырлардан басталады. Қазақ жерінде XVI-XVIII ғасырларда Хандық билік болғаны тарих деректерінен мәлім. Өз зерттеуімізге қатысты, осы хандық биліктегі, ханның кеңесшісі қызметін ерекше атап өтуге болады. Бұл қызметті қоғамның дамуының әр кезеңінде елбасы кеңесшілері болған Қорқыт, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Бұқар есімді тұлғалардың өз тарихи миссияларын орындағандығынан байқаймыз. Жыраулар, хан сарайындағы саяси жағдаймен халықты, ал халықтың тұрмыс жағдайымен хандарға ақпарат жеткізуші қызметін атқарғандығын анық байқатады. Сондай-ақ, жыраулар жалынды жырларымен ханның өзіндік имиджін қалыптастырған деуге негіз бар.
Бұдан кейін, ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бастамасымен жарыққа шыққан басылымдар, сол кездегі халық пен билік арасындағы негізгі ақпарат көзіне айналған еді. Алайда, ол уақыттағы үкіметтің солақай саясаты олардың кең таралып, қоғамда болып жатқан жаңалықтарды ашық жеткізуіне қарсы болды. Мұндай басылымдардың қатарына жататын «Серке», «Қазақ», «Қазақстан» газеттері мен «Айқап» журналы өздерінің коммуникациялық қызметтерін атқарған болатын.
Социалистік кезеңдерде паблик рилейшнз қарым-қатынас ретінде, партиялық цензураның қатаң бақылауында болды. Олар осы кезде ауызша нұсқаулар түріндегі жабық және жартылай жабық жиналыстар мен талқылаулар («тек КОКП мүшелері үшін» түрінде) сияқты паблик рилейшнздің жасырын түрлері пайда болды. Ал, КСРО ыдырағаннан кейін, әр мемлекет өзінше жаңа жүйені қалыптастырды. Біздің еліміздегі PR (паблик рилейшнз) Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап батыстық үлгілермен қалыптаса бастады. Яғни, PR-дің Қазақстандағы қадамдары әлі де қалыптасу үстінде. Жалпы қоғамдық байланыстардың бай тарихына қарамастан олар әлі жеткілікті зерттелмеген, сондықтан оларды заман талабына сай зерттеу қажеттілік болып табылады.