Бұқаралық ақпараттың ролі мен маңызы
Бүгінгі таңда, отандық БАҚ саяси коммуникацияның бірден-бір негізгі құралының бірі болып саналады. Демек, саяси ақпараттың жылдам таралып, жеткізілуі бұқаралық ақпарат құралдарына деген саяси сұранымды арттыратындығын білдіреді. Өйткені, БАҚ еліміздегі ашық та, жариялы құрылым ретінде, қоғамдық пікірді қалыптастыратын ерекше механизм болып есептеледі. Е.Б.Саиров өз зерттеуінде: Телевизиялық саяси жарнама ерекше дағдылармен көбінесе көптеген қаражатты талап етеді. Сонымен қатар, бірде-бір ірі сайлау кампаниялары оның көмегінсіз жүре алмайды және сайлау бірлестіктерінің көпшілігі мұнда тек бір себеппен шығын жасайды: «Егер сен мұны жасамасаң, онда сенің бәсекелесің мұны міндетті түрде жасайды» деп көрсете келе, саяси коммуникацияда отандық БАҚ-тың ішіндегі телевизияның маңызды рөл атқаратындығын анықтайды [14].
Автордың пікірінше, БАҚ өзінің мынадай ерекшеліктерімен саяси коммуникацияның негізгі құралына айналып отыр: жариялы құрылым болып табылатындықтан оның тұтынушыларының саны басым. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарын тарататын байланыс құралдарының дамуы, оның қоғамдағы рөлін нығайтады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алынған мәліметтер негізінде қоғамның мінез-құлқы өзгереді. Осы жағдайды, ақпарат жіберуші тиімді пайдалануы мүмкін. Сонымен, аталған бағыттары арқылы БАҚ-тың саяси коммуникацияны жүзеге асырудағы тиімді құрал екендігі анықталды.
Ал, Ата Заңымыздың 20-бабының 1-2 бөлімшелерінде былай делінген: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» [15]. Яғни, ақпарат еркіндігіне заң жүзінде жол берілетіндігі мәлімделеді. Қазақстан заман талабына сай ақпараттық қызмет нарығын кеңейтуге бағыт алуда. Сондықтан, қазіргі Қазақстан қоғамының дамуын оның барлық саласына енетін ақпараттық-коммуникациялық жүйенің тиімді қызметінсіз елестету мүмкін емес.
Сонымен қатар, бұған қоса соңғы уақытта елімізде теледидар рөлінің өсу тенденциясы туралы ақпарат, нақты қоғамдық пікірді сұрау кезінде белгілі болды. Осылайша, қазақстандықтардың 81%-ы соңғы жаңалықтарды теледидардан көріп білетіндігімен және радиодан тыңдайтындығымен жеткізсе, тек 19%-ы баспасөз хабарламасынан оқып-білетіндігін жеткізген. Аталған тенденцияны Алматы, Семей қалаларының тұрғындарының арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер растайды. Байқап отырғанымыздай, теледидар мен радио ақпараттың негізгі көзі ретінде жетекші орынға ие болуда.
Автор, ақпараттық технологиялардың дамыған ғасырында теледидар мен радио қызметімен шектелу мүмкін емес дейді. Қазіргі кездегі еліміздің медиа нарығындағы ерекше орындардың бірін иеленіп отырған – Интернет желісі. Интернет-медиа саяси коммуникацияның үстінен бақылау орнатуды жоюға мүмкіндік туғызады. Интернет – қазіргі жаһандану кезеңіндегі ақпаратты тарату мен жеткізу жағынан басқа бұқаралық ақпарат құралдарын артқа тастап, жылдам қарқынмен даму үстінде. Саяси коммуникацияның бұл тиімді құралдары еліміздегі сайлау науқандарында кеңінен қолданылған болатын. Интернеттің қажеттілігі тек сайлау науқандарында ғана емес, басқарудың күнделікті саяси өмірінде де маңызды рөл атқаратындығы көрсетілген. Оған нақты мысал келтірер болсақ, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың интерактивті режимдегі Интернет-конференциясы.
Біздіңше, БАҚ саяси коммуникацияның маңызды құралдарының бірі бола отырып, саяси ақпараттарды таратуда объективті позиция ұстанымын ұстанатын болса, қоғамның сеніміне ие болып, билік пен қоғамға ықпал етуші қызметін атқара алады. Сондықтан, отандық БАҚ еліктеушілік бағыттан гөрі, тиімді саяси сұранымды қанағаттандыратын объективті, пікір алуандығын ескере отырып, сенімді ақпараттарды беруді басты ұстанымға айналдыруы тиіс.
«Саяси коммуникация проблемасының Қазақстандағы саяси жүйеде дамуы мен модернизациялық ролі» туралы зерттеулер жүргізіледі. Мұнда қазақстандық қоғамды модернизациялауда қолданылатын саяси коммуникация құралдары анықталады. Және де еліміздегі саяси коммуникацияны жетілдіру жолдары ұсынылады.
Ұсынылатын әдебиеттер:
- 1. Блэк Сэм. Паблик рилейшнз.Что такое?. М., 2000.
- Блэк Сэм. Введение в паблик рилейшнз. Ростов-на-дону, 2008.
- Блажанов Е.А. Приглашениев мир цивилизованных рыночных и общественных связей. М., 2004.
- Паблик рилейшнз или как успешно управлять общественным мнением. М.,2008.
- Буари Ф.А. Паблик рилейшнз или стратегия доверия. М., 2001.