Қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық негіздері. Қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің психология, педагогика, логика, философия ғылымдармен байланысы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары.
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы
Тіл білімімен байланысы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтін басты нысаны оқушыларға тілді меңгерту болғандықтан, ол ең алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Өйткені мектепте қазақ тілі пәнінен өтілетін материал тіл білімі ғылымының негізінде белгіленеді. Яғни қазақ тілі пәнінің мектепте оқытылуы мазмұнын анықтау әдістемесінің міндеті болса, бұл міндетті шешуде ол тіл білімінің мағлұматтарына сүйенеді. Атап айтқанда, фонетиканы оқыту әдістемесі, лексиканы оқыту әдістемесі т.с.с. аталудың өзі тікелей қазақ тіл білімі салаларының атаулары екені өз-өзінен түсінікті. Сондай-ақ, мысалы, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік талдаулар — әдістемелік тәсілдер, ал бұл атаулардың өздері және мазмұны тіл біліміне тән.
Психологиямен байланысы. Психология оқушының психоло¬гиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары жүйке жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп қазақ тілін оқытуға байланыс¬ты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді.
Мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады Оқушының психологиясын білмей тұрып, қазақ тілі әдістемесі ұсынған әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Бұл әдістер мен тәсілдер оқушылардың жеке басының ерекшеліктерін, ойлау қабілетінің даму процесін, жалпы жетілуін есепке алмайынша, мақсатқа жете алмайды.
Педагогикамен байланысы. Жалпы тұрғыда педаго¬гика жас ұрпақтарға білім, тәрбие берудің мәні, мақсаты, мазмұны, әдістері, құралдары мен ұйымдастыру түрлері туралы ғылым ретінде сипатталады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі — оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Әдістеме дидактика ұсынған оқыту принциптеріне, оқыту әдістерінің теориясына сүйенеді. Мектепте қазақ тілін оқыту барысында ұрпақ тәрбиелеу проблемаларын талдап-шешуге қатысады, қазақ тілі сабақтарында берілетін тәрбиенің жолдарын (бұл тәрбиеге мазмұны сәйкес материалды, мысалдарды сұрыптау, көркем шығарма материалын пайдалану т.б.) тіл құралдары арқылы іске асыруды жан-жақты қарастырады.
Қазақ тілін оқытудың ұстанымдары Қазақ тілін оқытудың барысында мұғалім оқытудың формалары мазмұнын, міндеттерін шешуде, әдістемені анықтауда дидактикалық прин-ципті басшылыққа алады Сонымен қазақ тілін оқыту принциптері былайша топтастырылады:
а) Қазақ тілін оқытудың ғылымилық ұстанымы
ә) Жүйелілік ұстанымы
б) Көрнекілік ұстанымы
в) Саналылық пен белсенділік ұстанымы
г) Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы
ғ) Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы
д) Оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру ұстанымы
Заман талабына сай оқыту принциптері іздеуді, зерттеуді қажет ете береді.
Қазақ тілін оқытудың ғылымилық ұстанымы Қазақ тілінің негізгі салаларын оқыту да ғылыми фактілерге, дәлелдеулерге, ұғымдарға, екінші сөзбен айтқанда, ғылыми принципке негізделеді. Сонымен қатар меңгерілетін тақырыптарды өзіндік белгілерінің, анықтамалар мен ережелерінің, берілетін практикалық дағдылардың дәл, анық болуы мектеп оқушыларының тілдік материалды жан-жақты түсінуіне септігін тигізеді. Сөйтіп, қазақ тілін оқыту барысында оқытушы берілетін білімнің (тақырыптың) ғылыми жағына, оның зерттелуі, тарихи даму ерекшелігі, ғылыми фактілер, анықтамалар, терминдерді оқушылардың жас ерекшелігіне қарай түсінікті айту арқылы жүргізеді.
Жүйелілік ұстанымы
Қазақ тілін оқытуда оқытушының бірінші басшылыққа алатыны — әр сыныптың жас ерекшелігіне байланысты білім көлемінің бір жүйеде берілуі. Бағдарламада берілген материалдың орналасу жүйесі бастауыш сыныпта, орта және жоғарғы сыныпта көрсетілген. Берілген материалдар сабақтаса отырып, толықтырылып, кеңейтіліп, сатыдан сатыға өткен сайын тереңдеп ғылыми жағынан байып отырады.
Көрнекілік ұстанымы
Көрнекілік принципі пәнді оқыту ісінде өте маңызды орын алады, тілді оқытуда ерекше қызмет атқарады.
1. Жаратылыс көрнекілігі. Оқушыларды табиғатқа экскурсияға апару арқылы шағын әңгіме, мазмұндама, шығарма жаздыру;
2. Көлемдік көрнекілік: фото, суреттер, картиналар, диафильм, диапозитив, кинодан фрагмент, т.б. көрсету арқылы тақырыпқа байланысты әңгіме құрастыру.
3. Дыбыстық көрнекілік: күйтабақ, грампластинка, магнитофон, үзінді оқып, талдату.
4. Графикалық символдық көрнекілік: картина, схема, таблица, диаграммалар.
Қазақ тілі сабағына тақырыптың ыңғайына қарай, жоғарыда айтылған қажетті көрнекілік таңдалады.
Көрнекі құралдар оқушыны қызықтыру қызметін де атқарады. Ол оқушы зейінін ұйымдастыруда да маңызды. Сонымен бірге әрі көру, әрі есту, әрі ойлау сияқты бірнеше сезіну түрлерінің қатысы тілдік мәліметтің ұзақ сақталуына әсер етеді.
Саналылық пен белсенділік ұстанымы
Мектеп оқушыларына қазақ тілінен білім беру барысында олардың саналы түсіну қабілеті дамытылып отырылады. Тілдік фактілерге байланысты мәліметтерді оқушылар жаттанды түрде емес, саналы түрде меңгеруі керек. Саналы түрде меңгеру үшін мынадай жұмыс түрлері іске асырылады: 1) Тілде берілетін мәліметтерді жеке түсіндіріп, ол мәліметтерді өз түсінігі бойынша айтқызып отыру. Түсіндіру кезінде объектілердің өзіндік белгілері толық қамтылуы қажет; 2) Түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылар тапсырманы еркін орындау керек; 3) Күнделікті, тоқ¬сандық және жылдық қайталаулар кезінде өткен материалдарға байланысты сұрақтарға толық жауап болуы тиіс; 4) Орфография мен орфоэпияға байланысты дағдыларды шартына қарай орындай білуі керек; 5) Күнделікті өмір қажетіне қарай практикалық дағдыларды саналы түрде меңгеруі керек.
Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы
Мектепте қазақ тілінен алынған теориялық білімді күнделікті өмір қажетіне қолдана білу теорияны практикамен байланыстыру принципі болып табылады. Оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беріледі. Осы алған білімдерін кеңейте отырып, оны күнделік өмір қажетіне жаратады.
Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы
Дидактиканың түсінуге жеңіл қолайлылық принципінің де маңызы зор. Бұл сабақтың алғашқы күнінен бастап үнемі сақталуға тиісті. Мысалы, алғашқы үйретілетін сөзді таңдауда бір буынды сөзді үйрету мен көп буынды сөзді үйретуді салыстырып, оқушы оның қайсысын тез үйренеді деген сұраққа тәжірибелі мұғалімдер бір буынды сөзді оқушы тез үйренеді деп жауап береді.
Оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру ұстанымы
Әр сыныптың өз білім деңгейі болатыны белгілі. Сонымен қатар оқушының өзіндік жас ерекшелігі мен психикалық ерекшелігі бар. Сондықтан да қазақ тілін оқытуда осы ерекшеліктер ескеріліп, тілдік материал соған лайықталып беріледі. Оқушының психикалық ерекшелігі мен білім деңгейінен оның білімді қабылдау мүмкіндігі туады. Ал ол оқу материалының оқушының қабылдау мүмкіндігіне сәйкес болуын талап етеді. Қазақ тілін оқытуда осы принцип сақталса, ол оқушының тақырыпты меңгеруіне қолайлы жағдай болып табылады.
Дәрісті қорытындылау: Қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық негіздері. Қазақ тілін оқыт әдістемесі пәнінің психология, педагогика, логика, философия ғылымдармен байланысы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
Әдебиеттер:
- Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы. 1991.
2. Әбілқаев А. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. -Алматы. 1995.
3. Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. -Алматы. 1993.
4. Нұржанова Ж. Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары. -Алматы. 2001.
5. Әлімжанов Д., Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы. 1965.