ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНЕН ГЛОССАРИЙ
Әдістеме — педагогика ғылымының жеке пәндерден берілетін білім көлемі мен мазмұнын негіздеп, оны оқытудың тиімді әдістерін зерттейтін бір саласы. Тұтасынан алғандағы жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту процесінің заңдылықтарын дидактика зерттейді. Ол заңдылықтардың жеке пәндерді оқытудағы көрінісін және әр пәнді оқытудың өзіне ғана тән заңдылықтарын пәндік дидактика қарастырады. Бұлардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқыту Әдістемелері бар.
Білім беру мазмұны — жан-жақты үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруға бағытталған, педагогикалық адаптацияланған білім, іскерлік, дағдылардың, шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен эмоционалдық-жігерлік қатынас тәжірибесінің жиынтығы немесе жүйесі.
Мемлекеттік білім беру стандарты – мемлекеттік нормалар деп танылған және қоғам сұраныстары мен тұлға қажеттігі мен мүмкіндіктеріне сай білім деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштер жүйесі.
Оқу жоспары – оқу жылының, тоқсандардың, демалыс күндерінің мерзімін, оқытылуға тиісті оқу пәндерінің тізімін, әрбір оқу жылы /сыныптар/ бойынша оқу тәртібін және ретін, әрбір пәнге бүкіл оқу мерзімінде және апта сайын әр пәнге бөлінетін сағаттардың мөлшерін анықтайтын нормативтік құжат.
Оқу бағдарламасы — оқу пәніне байланысты білім, іскерлік, дағдылардың мазмұнын ашатын нормативтік құжат. Оқу бағдарламасы оқу жоспары негізінде жасалады.
Оқулық – оқу бағдарламасына сай оқу пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндайтын кітап.
Дидактика — («didaktikas» — оқытушы, «didasko» — оқушы) грек тілінен аударғанда оқыту мен үйрету деген мағынаны білдіреді,білім беру мен оқыту мәселелерін зерттейтін оқыту теориясы, педагогика ғылымның саласы.
Оқыту – оқушыны білімдендіру, тәрбиелеу, дамыту мақсатына бағытталған алдын – ала жоспарланған іс — әрекет. Оқыту — қазіргі заман талаптарын ескере отырып, оқушы тұлғасын, білім, іскерлік, дағдыларды меңгерте отырып, мақсатты қалаптастару мен дамыту процесі.
Оқыту процесі — бұл білім беру, тәрбиелеу және дамыту міндеттерін іске асыруға бағытталған оқытушы мен оқушыарасындағы мақсат бағдарлы өзара байланысты іс — әрекет.
Білім — адамзаттың жинақталған тәжірибесі, заттар мен құбылыстарды, табиғат пен қоғам заңдарын тану нәтижесі. Білімді жеке адамның игілігіне айналдыру үшін, оны ойлау операциясы — талдау, синтездеу, салыстыру, жіктеу және жинақтау арқылы терең ұғыну қажет. Оқушы ойлау операциясына сүйеніп, өз білімін шындыққа айналдырады.
Іскерлік — алған білім негізінде оқушылардың практикалық әрекетінің іске асырылуы. Білімсіз қандай болса да іскерлік болуымүмкін емес.
Дағды — бұл қайта-қайта орындалатын практикалық әрекетте машықтандыру.
Заңдылық дегеніміз құбылыстар мен процестер арасындағы объективті, маңызды, қажетті, жалпы, берік, белгілі жағдайда қайталанап отыратын өзара байланыс.
Дидактикалық принциптер – оқытудың негізгі мазмұнын, ұйымдастыру тәсілдерін, әдістерін мақсатына, заңдылықтарына сай орындайтын қағидалар жүйесі.
Оқытуды ұйымдастыру формасы — оқыту процесінің мақсаттары мен міндеттерін іске асырудағы мұғалім мен оқушылардың іс — әрекетінің сыртқы көрінісі.
Сабақ – мазмұны, уақыты, ұйымдастырылуына қарай аяқталған оқыту үрдісінің бөлігі.
Сабақ- ол ұжымдық оқыту формасы, оған оқушылардың тұрақты құрамы, шектелген оқу уақыты (45 минут), алдын-ала құрылған сабақ кестесі, оқу жұмысын бір ғана материал төңірегінде ұйымдастыру тән.
Сабақ құрылымы — сабақтың барысында оның құрамдас бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуы.
Оқыту әдістері — оқытудың мақсатты міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы.
Оқу тәсілдері — оқыту әдісінің құрамды бөлігі немесе бір қыры, яғни жалпы “әдіс” түсінігіне байланысты жалқы ұғым.
Оқу құрал-жабдықтары — бұл білім алу, ептіліктерді қалыптастыру көздері. «Оқу құрал –жабдықтары» түсінігі кең және тар мағынада қолданылады. Тар мағынада бұл түсінік оқу және көрнекі құралдары, көрсетпе жабдықтар, техникалық саймандар және т.б. байланысты. Ал кең мағынада оқу құрал-жабдықтары деп білім мақсатын іске асыруға көмекші жағдаяттардың бәрі деп түсінеміз, яғни оқыту әдісі, формасы, мазмұны, сонымен бірге оқудың арнайы бұйымдарының бәрі осы оқу жабдықтарын құрайды.
Бақылау — кең көлемде бір нәрсені тексеру деген мағынаны білдіреді. Бақылау оқыту процесінде оқушылардың оқу әрекетіне басшылық жасау қызметін атқарады, олардың шығармашылық күші мен қабілетінің дамуына ықпал етеді.
Бағалау — оқытудың құрамдас бөлігі және қорытындылау сатысы. Бағалау, бір нәрсенің деңгейін, сапасын, дәрежесін белгілеу. Оны оқушының оқу-таным әрекетінде қарастырсақ оқыту процесінің міндеттерін оқушылардың қандай дәрежеде меңгеруі, дайындық деңгейі мен дамуын, білімдерінің сапасын, білік пен дағды көлемін анықтайтын құрал.
Сынақ – қорытынды бақылаудың айырықша түрі, ол белгілі бір тарау немесе тақырып бойынша атқарылған оқу жұмыстарының бүкіл өн бойында мұғалім қолданған тексерудің барлық түрлерін ескере отыра қойылады.
Емтихан – оқушылардың білімін қорытынды тексерудің және бағалаудың арнаулы формасы.
Педагогикалық технологиялар — теориялық білімдерді тұтас педагогикалық үрдістің қызметін практика жүзінде іске асыруға бағытталған және сол үрдіс нәтижелерін кезеңдер бойынша өлшеп, тұлғаның да, ұжымның да даму динамикасын көруге болатын, педагогтар мен оқушылардың өздерін-өздері дамытуларына мүмкіндік тудыратын жүйелі іс-әрекеттер кешені.