Синтаксисті оқыту әдістемесі Сөз тіркесін оқыту әдістемесі
Қазақ тілі синтаксисінің методикасы- жас буындарға тіл ғылымының озық табыстарының негіздерінде сөз тіркесі мен жай және құрмалас сөйлемдерден, қазақ тілі пунктуациясынан терең, жүйелі, берік, саналы білім беру жолында қолданылатын ең тиімді әдістер мен тәсілдердің жиынтығы. Ол әдістер: байқау әдісі, тәжірибені талдау-жинақтау әдісі, бұрынғы мұраны үйрену әдісі, эксперт-анкета әдісі.
Қазақ тіл ғылымының синтаксис жөніндегі зерттеулері- қазақ тілі синтаксисі методикасының оқушыларға меңгерту үшін ұсынылатын материалдары. Қазақ тілі синтаксисі методикасының мазмұны мыналарды қамтиды:
- Синтаксистен орта мектеп оқушыларына берілетін білім көлемін белгілеу.
- Синтаксистен берілетін білімнің танымдық және тәрбиелік мәнін ашу.
- Синтаксисті оқыту әдістері мен тәсілдерін анықтау.
- Синтаксисті оқытуға байланысты жүргізілетін негізгі жұмыстардың, жазба жұмыстарының, жаттығу жұмыстарының түрлерін белгілеу.
- Қазақ тілі синтаксисі методикасының ұғымдары мен терминдерін жасау.
Мектептерде сабақтас құрмалас тақырыбын өту кезінде жаттығу жұмыстарының төмендегідей түрлері қолданылып жүр:
- Көшіріп жазу жаттығулары.
- Диктант жазу түрінде орындалатын жұмыстар.
- Әдеби мәтіннен сабақтас құрмалас сөйлемдерді теріп жазу.
- Жай сөйлемдерден сабақтас құрмалас сөйлем жасау.
- Берілген компонентті толықтырып, сабақтас құрмалас сөйлем құрау.
- Берілген схемаға сүйеніп, сабақтас құрмалас сөйлем жасау.
- Берілген “Тірек сөз” арқылы сабақтас құрмалас сөйлем ойлап жазу.
- Бірыңғай баяндауышты жай сөйлемді, сабақтас құрмалас сөйлемге айналдыру.
- Сабақтас құрмаластың бір түрін екінші түрге ауыстыру.
- Көп бағыныңқылы сабақтасты екі компонентті бірнеше сабақтас құрмалас сөйлемге айналдыру.
- Сабақтас құрмалас сөйлемнің тыныс белгілерін тауып қою.
- Тыныс белгісінің схемасына қарап, сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін ажырату.
- Мәтін құрау, мәтінде сабақтас құрмалас сөйлемді пайдалану.
- Магнитафонды пайдаланып, құрмалас сөйлемнің айтылу интонациясын анықтау.
- Сурет бойынша шығарма жазу, шығармадан сабақтастарды іріктеу.
- Ерікті тақырыпқа шығарма жазу, тұрақты сөз тіркестерін пайдалану.
Қазақ тілі синтаксисін оқыту мәселесі. А.Байтұрсыновтың қазақ тілі синтаксисі туралы тұжырымдары оны оқыту жөніндегі соны пікірлер болып табылады. Тілші синтаксистің теориясын бір жүйеге түсірумен қатар, оны меңгертудің жолдарын ұсынды. «Ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық даражада түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады» деп, сөйлемнің қатысымдық қызметін айқындады [1, 264]. Синтаксистің әр саласы туралы теориялық материалдардан кейін практикалық жұмыстарды «өлеңмен жазылған сөйлемдерді өлеңсіз түрге айналдыру; сөйлем ішіндегі мүшелерін айырту; сөйлемнің қажет болған түрлерін білім алушылардың өзіне тапқызу» түрінде беріп, сөйлем мүшелерінің қай сөз табынан болатынын нақты мысалдар арқылы дәлелдеді [1, 287]. «Ауызбен сөйлесу» және «жазумен сөйлесудің» ерекшеліктерін анықтап, сөйлем жүйесінің сөйлеу әрекеті түрлеріне қатысын айқындады.
Сөз тіркесін оқыту
Сөз тіркесін мектепте дамыта оқыту технологиясының міндеттерді шешуге тиімді болатыны, технологияның негізіне жазу теориясы алынумен байланысты деп анықталды. Жазудың өзі тілдің таңбалық болмысын түсіндіруге тірек болады. Сөз тіркесі синтаксисі туралы қажетті лингвистикалық ұғымдар жүйесін іріктеп, бастауыш сынып оқушыларына қазақ жазу принциптерін анықтау, сөздің сөз тіркесі құру процесі, сөз тіркесі мүшелерінің жазылуы, айтылуы туралы ережелерді үйрету арқылы дамыта оқыту қызметін ұйымдастыру көзделді. Қазақ жазуының теориялық концепциясына сүйеніп, бастауыш сыныпта «тізбек», «тізбектелу», «дыбыстар тізбегі», «буындар тізбегі», «түбір мен қосымшалар тізбегі» сияқты ұғымдарды енгізіп, олардың лингвистикалық түсініктерін меңгерту арқылы ғана тіл бірліктерінің тізбектелуі туралы түсінік қалыптастырады /1, 54/. Бір сөздің орфографиялық түрін талдату арқылы тіл жүйесіндегі тіл бірліктерінің тізбектелуі туралы жалпы ұғым жасату керек. Одан кейін оқушылар өз бетімен сөздер құрамындағы дыбыстардың тіркесімділік қабілеті мен тіркесімділік талғамы, тіркесім талаптары туралы түсінік беріліп, тапсырмалар орындатылып, қорытынды тұсында тіркесім туралы ұғым жасатылады. Тіл бірліктерінің, дыбыстың түбірдің, қосымшаның, жеке сөздің құрамын талдау арқылы оқушы әр біліктіңмағынасын ашады,соның негізінде әрбір тіл бірлігінің қызметі- өз тектес бірлікпен тіркесіп, өзінен жоғары деңгейдегі жаңа тіл бірлігін жасау екендігіне біртіндеп көзі жетеді. Осы тәріздес жұмыстар арқылы ғана бастауыш сынып оқушыларының ізденімдік- зерттеушілік қызметін ұйымдастыру тиімді болады. Сөйтіп, оқу қызметін оқушы теориялық ойлауы мен тілін дамыту бағытында құруды көздей отырып, сөз тіркесі синтаксисін бастауыш сыныптарда оқытуды жазба тілдің принциптерін меңгертумен байланыстыруды жөн деп қабылдадық. Әрине, бұл дегеніміз- бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытуды тек орфографиялық принциптерге негіздеуді ұсыну емес. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін дамыта оқыту барысында жазу принциптерін тірек етудің мүмкіндігін анықтау және оны болашақта нақтылай зерттеу қажеттілігінің өзі – бастауыш сынып оқушыларына фонетикалық және морфологиялық, синтаксистік ұғымдар аясын кеңейте меңгерту мәселесілелерімен тығыз байланысты.
Әдебиеттер:
1 Ахмет Байтұрсынов. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 21-142 бб.
2 Жұбанов Қ. О формах сочетания слова на казахском языке. – Алматы:
Ғылым, 1966. – 50 б.
3 Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. – Алматы: Санат, 1994. – 16 б.
- Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. – Алматы: Мектеп, 1989. – 4 -68 -75 бб.
5 Ұйықбаев И.Қ және т.б. Қазақ тілі методикасының мәселелері. – Алматы: Мектеп, 1968. – 65 б.
6 Әлімжанов Д. Ы.Маманов. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы: Мектеп, 1965. – 66 б.
7 Арғынов Х. Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері. –Алматы: -1969. – 212-260 бб.
8 Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. – Алматы, 2004. – 5 б.
9 Оразбаева Ф. Тіл әлемі. Мақалалар зерттеулер. – Алматы:Ан арыс, 2009. – 102- бб.
10 Манкееева Ж.А. Қ.Жұбановтың ғылыми мұраларының академиялық танымы хақында // «Жұбанов тағылымы»: VI халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Ақтөбе, 2005. – 90-93 бб.
11 Маслова В.А. Лингвокультурология: учебное пособие для студентов высших учебных заведениий. – Москва, 2001. – 30 с.
12 Оразалиева Э. Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. – Алматы: Ан Арыс, 2006. – 201-264 бб.