1960 жылдан қазіргіге дейінгі кезең

1960 жылдан қазіргіге дейінгі кезең

Бұл жылдарда осы саладағы зерттеулерін бұрын жүргізген елдермен бірге оларды жаңадан бастаған елдерде де туризм географиясының қарқынды дамуы байқалды. Бұл зерттеулердің әлеуметтік-экономикалық маңызы арта түсті; олар кеңістіктік немесе экономикалық жоспарлау тәжірибесінде жиі қолданыла бастады*. Негізгі пайдаланушылар (өнеркәсіп, ауыл және орман шаруашылығы, қоныстану, туризм) арасында жерді лайықты бөлу қағидаларына бағытталған жұмыста туризм мақсатында табиғи ресурстарын бағалау зерттеулері ынталандырылды, көптеген зерттеулер тақырыбы туристік функциялары жақсы дамыған аймақтарына қатысты болды. Осы кеңістік бірліктердің экономикалық құрылымының талдауы мен туризм дамуының зерттеулері, кейбір географтарды осындай аймақтардың өз экономикалық деңгейіне индустриалданған аймақтардағы өнеркәсіп революциясымен бірдей рөл атқарған «туристік революция» (révolution du tourisme [23], leisure revolution [107]) нәтижесінде жете алды деген пікірге әкелді. Осындай аумақтарға өзінің оң қасиеттері арқасында көлемді туристік қозғалыстың шоғырлануымен сипатталған ең алдымен, тау мен теңіз маңында орналасқан демалыс аймақтары жатады.
Туризмнің қарқынды дамуы осы құбылыстың географиялық талдау жасалуын қажет етті. Осының нәтижесінде туризммен байланысты географиялық анықтамаларды** бірыңғайландыру қажеттілігі туды. Бұл географиялық ғылымдардың осы пәнінің тақырыбы мен зерттеу ауқымын біржолата дәл анықтау үшін жасалған үлкен ілгері қадам болды [23, 24, 26, 32, 33, 37, 46, 101, 110, 125, 128].
Алдында өткен кезеңдегідей, алпысыншы-жетпісінші жылдары рекреация географиясы мен демалыс географиясы ұғымдары кең қолданылып, кейбір
__________
*J.E.Palmer. «Recreational plannіng. A bibliographical review». «Planning Outlook», 1967, 2.
**Халықаралық географиялық Унияның Туризм Географиясының Жұмыс Тобы, туризм географтарының ұсынысын қанағаттандырып, Ягеллон университетінің география институты 1974 жылдың қараша айында поляктармен қатар 20-дан астам шетел ғалымдары қатысқан «туризм географиясындағы терминология мәселелері» тақырыбы бойынша халықаралық симпозиум ұйымдастырды. Оның материалдары [125] кітабымыздың кейінгі тарауларында пайдаланылды.
елдерде туризм географиясы түсінігін (Польшада туристік география атымен де белгілі) толығымен ауыстырып жіберді [46]. Кейбір авторлардың пікірінше *, мағынасы бірдей болмаса да, кейде осы ұғымдар бірінің орнына біреуі қолданыла берген. Батыс Германия әдебиетінде бос уақыт географиясы (Freizeitgeographie немесе Freizeitverhaltens) ұғымы жиі қолданылған.
Осыған дейін туризм географиясы, рекреация географиясы мен демалыс географиясы ұғымдарының бірдей екен деген пікір көптеген қарсылықтарды туғызды. Мысалы, П.Жорж** демалыс географиясы мен туризм географиясы аяларын ап-анық дербес қылып бөлді: оның пікірінше, біріншісі, қала тұрғындарының қала ішіндегі және оның жақын маңайындағы демалысын зерттеуге міндетті болса, екіншісі, кезекті демалыс мезгіліндегі демалу үшін сапар жасауды зерттеуі қажет болған. Туризм географиясы ұғымын*** дәл анықтаған кезде осы автор, Ж.Шабо насихаттап жүрген рекреация географиясының зерттеу тақырыбын, бір жағынан, туристік аймақтарды түгендеу, олардың қасиеттері мен жабдықталуы, екіншіден, туристік қозғалысты, оның маусымдық қасиетін, индустриалды елдер тұрғындарының мекенжайы мен «екінші баспана» арасындағы миграцияларын зерттеу деп түсініп, осы ұғыммен теңестіреді.
Ұғымдардың осындай екіталай болуы рекреация географиясы (рекреациялық географияны) ұғымын туризм географиясынан жоғары деп есептейтін кейбір кеңес географтарының жұмыстарында байқалды. В.С.Преображенский мен Ю.А.Веденин [91] кеңес әдебиетіне енгізген рекреация географиясы ұғымы түрлі нұсқалардан өтіп, жақын кезде ғана біржолата дәл анықталды [110]****. Рекреация географиясы дегеніміз зерттеу тақырыбы аумақтық және су рекреациялық жүйелердің (кешендердің) лайықты, дұрыс қалыптасуы, жұмыс істеуі мен орналасуы және халық іс-әрекетін жұмыстан қолы бос күндері мекенжайынан тыс жерде ұйымдастыруға қатысы бар географиялық ғылымдар саласы болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда, рекреациялық география демалыс пен табиғи ортасы арасындағы үйлесімді қатынастар қағидаларын анықтауға, аумақтық рекреациялық жүйелердің (кешендердің) (АРЖ, АРК) лайықты кеңістіктік және функционалдық ұйымдастырылуын, олардың және геожүйелердің басқа түрлері арасындағы өзара байланыстарын қамтамасыз ететін болжау және әдістемелік жұмыстарды жүргізуге міндетті [91, 110].
Ал туризм географиясының зерттеу тақырыбына:
— туризм мен «туристік өнеркәсіптің» шаруашылық кешеннің қалыптасуындағы рөлі;
— ел немесе аймақтың туризммен байланысты шаруашылық ісәрекеті ұйымдастырылуының аумақтық формалары жатады.
__________
*Қараңыз: С.Р.Ердавлетов. «География туризма: история, теория, методы, практика». – Алматы, 2000. 74-бет.
**P.George. «La France». – Paris, 1972. Magellan. «La Géographie et ses Problèmes», 11.
*** P.George (red.). «Dictionnaire de la géographie». – Paris, 1970.
****Туризм географиясы бойынша Халықаралық симпозиум материалдарында да, Краков, 1974 жылдың қараша айы [125].
Әлемде жүргізілетін туризм географиясы аясындағы зерттеулердің барлығында дерлік туристік қасиеттер мен туристік қозғалыс шоғырлануы арасындағы тәуелділікке назар аударылды. Осы тәуелділіктің нәтижесінде географиялық зерттеулерді қажет ететін өзгерістер пайда болды. География туристік аумақтардың бет-әлпетін зерттеу мен олардың жіктелуінде маңызды рөл ойнау керек [50, 75, 113]. Демалушылардың ауданның сыйымдылығынан асып кететін шоғырлануы құбылысының зияны туристердің артық болып кеткен бөлігін географтар көрсеткен жаңа туристік территорияларға бағытталуы арқылы төмендеуі қажет [23, 46, 50, 68, 76, 80, 99]. Туризм географиясының маңызы осыдан төмен емес зерттеу мәселесі, қоршаған орта қасиеттерімен бірге, туристік сұранысқа байланысты проблемалары болып табылады [24, 33, 37, 50, 80, 86, 110]. Осы мәселелер әсіресе, ірі, өнеркәсіп функциясы жақсы дамыған қалалар тұрғындарының демалысына байланысты миграцияларға қатысты түрде қарастырылған Кеңес Одағы, Батыс Еуропа елдері мен Солтүстік Американың географиялық әдебиеті үшін маңызды. Кезекті немесе қала маңындағы демалыстарына байланысты қала тұрғындарының кеңістіктегі осындай қозғалыстары (exode citadin [23], exode estival des citadins [33]) географтардың зерттеу мүмкіншіліктерінен асып кететін көлемге жетті. Қала тұрғындарының демалысы қазіргі кезде көптеген ғылым (әсіресе, қоғамдық ғылым) салаларының тақырыбы болды, олардың ішінде, география да ойдағыдай жетістіктерге жетіп отыр.
Елді мекендердің басқа түрлерімен салыстырғанда, қаржы ресурстары жоғары болатын ірі қалалар тұрғындарының демалысқа келуіне туристік база аясындағы қаржыландыру іс-әрекеті байланысты. Осы іс-әрекет кейде ретсіз, жоспарсыз, кейде жергілікті ландшафтпен мүлдем үйлеспейтін түрде іске асырылады. Қонақүйлер құрылысы, әсіресе, «екінші баспаналардың» пайда болуы әсерінен оған қажетті инфрақұрылым пайда болды, оның нәтижесінде теріс салдары – ауылдық елді мекендердің туристік урбанизациялау құбылысы (urbanisation touristique) орын алды [23]. Енді туризм географиясының ол кездегі міндеті қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзбай, сонымен бірге кейде «демалыстың жаңа өркениеті» (nouvelle civilisation des loisirs) деп аталатын ірі қалалары тұрғындарының демалыс қажеттіліктеріне сәйкес болатын туристік жабдықталу қағидаларын анықтау болған [86]. Халықтың басқа топтарының (мысалы, ауыл немесе кішігірім қалалар тұрғындарының, әлеуметтік туризм қызметін пайдаланатын тұлғалардың) демалысы ауыл аумақтарының ландшафты мен бет-әлпетін өзгертпейді деп есептеледі. Американдық әдебиетте бұл құбылыс non-urban outdoor recreation [31] деп аталады және географиялық талдауларда қарастырылмайды деп айтуға болады. 1972 жылы Канададағы Халықаралық Географиялық Унияның Конгресінде осы Унияның (MUG) құрылған Жұмыс тобы туризм географиясы аясындағы зерттеулерге ықпал жасады. Жұмыс тобын Майндағы Франкфурт университетінің қызметкері И.Матцнеттер басқарды, хатшылары С.Шпринцова (Оломоуц университеті, Б.Барбье (Марсель-Экс-ан-Прованс) және Ф.М.Хелляйнер (Питерборо университеті, Канада) болды. Осы Жұмыс тобы пікірлер мен тәжірибенің алмасуына, осы аядағы зерттеулерді жүргізетін орталықтардың жетістіктеріне септігін тигізген бірнеше халықаралық кездесулерді (Зальцбург, Оломоуц, Питерборо, Краков-Закопане, Белоградчик, Домбай) ұйымдастырды.
Францияда қарқынды дамып келе жатқан күрделі құрылымды туристік қозғалыс көптеген ғылыми пәндердің, олардың ішінде географиялық ғылымдардың осы аядағы зерттеулерін жасауға ықпал етті.
1971 жылы Француз Ұлттық географиялық комитетінің жанында ол кезде 40 жергілікті ғылыми орталықтарының 65 географтарын біріктірген Туризм мен рекреация географиясының комиссиясы құрылды.
Туризм мәселелерін зерттейтін басты географиялық орталықтарына бұрынғыдай көп жылдары Г. және П.Вейре басқарған Альпілік география институты (Institut de Géographie Alpine) болған.
Алпысыншы жылдары Францияда туризм саласындағы өздерінің жұмыстарымен бірге әртүрлі орталықтар жүргізетін зерттеулерінің үйлестірушісі мен қадағалаушысы рөлін атқарған арнайы ғылыми мекемелер құрылды. Олардың ішінде университеттің География инситутының жанындағы көп жылдар бойы Г.Шабо басқарған Париждегі Жоғары туристік курстар орталығы (Centre d′Études Supérieures du Tourisme de la Faculté des Lettres et Sciences Humaines de l′Université de Paris) және Экс-Марсельдегі* университеттің мекемесі (басында оның құқық және экономика факультетінің жанында) болып табылатын, Экс-ан-Прованста орналасқан Туристік зерттеулер орталығы (Centre d′Études du Tourisme, 1975 жылдан бастап Centre des Hautes Études Touristiques) болды. Басында орталықты географ Б.Барбье басқарған, кейін директор орнын экономист Р.Баретье алды. Мекеменің екеуі де зор жетістіктерге жеткен (жергілікті және халықаралық ауқымда) және олардың жұмыстарында әрқашан географтар қатысқан.
Париж орталығы туризм географиясымен айналысқан, ал оның жұмысы 1963 жылдың мамыр айында Парижде осы пән бойынша өткен коллоквиумнан басталды деп айтуға болады [41]. Бұл тек қана туризм географиясы мәселелеріне арналған ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы ғылыми жиналыс болған, онда француз географтарымен бірге басқа елдер мамандары да шақырылған. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында осы мекеме Ғылыми зерттеулердің Ұлттық орталығымен (Centre National de la Recherche Scientifique – CNRS), әсіресе, оның арнайы бастауыш ұйымымен (Centre de Recherches et
Documentation Cartographique et Géographique) тығыз ынтымақтастық орнатты. Көптеген жұмыстарды қаржыландырып, сонымен бірге CNRS елдің экономикалық және әлеуметтік саясаты үшін зор маңызы бар тақырыптарды қарастырған. Орталықтың ғылыми-зерттеулер бағдарламасына әсер еткен. Француз қалалары тұрғындарының демалысқа байланысты жазғы саяхаттарымен шұғылданған Ф.Крибье жұмысы [41] осындай зерттеулердің мысалы бола алады. Француз және бүкіл әлемдік әдебиетте туризм саласының
__________
*Экс-Марсель университеті екі жерде: жаратылыстану-математикалық және медициналық бағыттар Марсельде, гуманитарлық, құқықтық, экономикалық және географиялық бағыттар – Экс-ан-Прованста орналасқан.
ең белгілі мамандарының бірі болып танылатын Р.Дефердің есімі де Париж университетінің География институтымен және Орталықпен байланысты.
Экс-ан-Прованстағы Туристік зерттеулер орталығының жұмыс істеу қағидалары аздап өзгеше. Үлкен көлемді қаржы қорының арқасында осы мекеме кең ауқымды баспалық науқан өткізе алды. Оның нәтижесінде көптеген мақалалар жарық көрді. Олар «Etudes et Memoires» сериясы (көлемі үлкен зерттеулер мен еңбектер) мен «Les Cahiers du Tourisme» (көлемі кішіректеу теориялық-әдістемелік жұмыстар) басылымдарында шығарылған. Осы екі серияларда басқалардың арасында туризм географиясы бойынша көптеген жұмыстар (Б.Барбье, Ф.Крибье, П.Дефер, Г.Ваккерманн, М.Волкович еңбектері) жарық көрді. 1965 жылдан бастап Орталық жылына бір рет туризм бойынша әлемдегі ең бай мекемелік кітапхана* дерекнамаларына негіздеп Р.Баретье құрастырған халықаралық туристік библиографияны (Bibliographie Touristique) шығарып отырады. Қызметкерлері туризм географиясы бойынша, зерттеулерді жүргізетін (мысалы, Б.Барбье, Г.Рише, М.Волкович**) университеттік География институты «Centre d′Études du Tourisme» мекемесімен тығыз ынтымақтаста жұмыс істейді.
Қазіргі француз туризм географиясының әралуан тақырыптарындағы ғылыми жетістіктері жоғары саналады. Теориялық жұмыстарының арасында туризммен байланысты әртүрлі әлеуметтік-экономикалық және географиялық салаларды қамтитын П.Дефер жұмыстары ерекше орын алады. Оның зерттеу тақырыптары француз туристік саясатын, туристік құндылықтарын [35] (экономикалық өркендеу жағдайында оларды пайдалану мүмкіндіктері жағынан қарастырылған), белгілі кеңістік бірліктерінің туристік функцияларын [10], туристік жабдықталуын [34] немесе экономикалық мәселелерін [10] қарастырады. Сонымен қатар, ол Францияда туризмнің аймақтық жоспарлануының жаршыларының бірі болып есептеледі. Соңғы жұмыстарында экономикалық мәселелерге, туристік қасиеттерге, әсіресе, осы қасиеттер, туристік қозғалыс түрі және адамның шаруашылық іс-әрекеттері арасында пайда болатын байланыстарына жиі көңіл аударылады.
60-жылдарда француз географтары елдің немесе аймақтарының туристік жабдықталу аясындағы аумақтық жоспарлау саясатына қатысты зерттеулерді бастады. Осы саладағы географиялық жұмыстар қашан да болса жұртты қызықтыратын, ал Туризмнің Бас комиссариатына (Comissariat Général au Tourisme) министрлік дәрежесі берілгеннен кейін, Францияның V және VI Шаруашылық жоспарына туристік проблемалары енгізілгеннен соң туризм географиясы үшін барлық жағдай жасалды. П.Дефердің жалпы жұмыстарымен
__________
*Монреаль (Канада) университетінің жанындағы «Centre de Documentation en Tourisme»-де туризм саласы бойынша құжаттар мен басылымдарының ауқымды жинағы бар.
**Экс-ан-Прованс, Гренобль мен Париж орталықтарынан басқа да университеттік географиялық мекемелер (мысалы, Лилльде, Ниццада, Реймсте, Страсбургте) туризм географиясы саласындағы зерттеулерді жүргізеді.
қатар осы кезеңде туристік мәселелерді жалпымемлекеттік [18, 19, 42] және аймақтық деңгейде қарастыратын [9, 114, 115] зерттеулер жолға қойылды. Дәл сол мезетте географиялық-туристік әдебиетте «туризм-қоршаған ортаны қорғау» [94] байланысы бойынша, әсіресе, қорғау зоналары деп аталатын (Zone Périphérique) ұлттық немесе аймақтық саябақтар әсеріндегі зоналары бойынша жұмыстар пайда болды.
Сөйтіп, елуінші жылдардағыдай, географтар қала тұрғындарының демалысымен байланысты мәселелерге ерекше көңіл аударған және сауалнама материалдарын бұрынғыдай мейлінше пайдаланған. Басқа тәсілді өз жұмысында Ф.Крибье қолданды [33]. Ол жазғы маусымдағы (үшінші тоқсан) наубайханалар тұтынатын ұн мөлшерінің жылдың басқа мезгілдеріндегі орташа тұтыну мөлшері арасындағы айырмасы бойынша туристік келулердің санын анықтаған. Бөлек аймақтарды ғана қарастырған бұның алдында және кейін өткізілген басқа зерттеулерге [12] қарағанда, бұл зерттеу Францияның бүкіл территориясын қамтыған. Осы тәсіл арқылы каникулдық миграциялардың қатысушылары қайдан (ұн тұтынуы азаяды) шығып қайда (ұн тұтынуының өсуі) саяхат жасайтындығын салыстырмалы түрде анықтаған*.
Қала тұрғындарының демалысымен «екінші баспана» мәселелері тығыз байланысты. Олар сонымен қатар ауыл және қала маңы аумақтары ландшафтының өзгеруіне әсер етеді де, осыған орай кейбір авторлар бұл үрдісті ауылдардың қалалармен «отаршылдандыру» процесі деп атайды (colonisation par les villes) [23]. «Екінші баспаналарға» Францияда көптеген географиялық іздестірулер арналған, өйткені бұл зерттеулер, әсіресе, ауыл аудандарының экономикалық жандандырылу аспектісінен қарастырсақ [10, 19, 114], рекреация географиясының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады [23, 24, 33].
Сонымен қатар француз географтары басты шаруашылық функциясына қарай қоныстану бірліктерінің мамандандырылуы мен жіктелуіне көп көңіл бөледі [10, 12, 116]. Ж.Бернье-Гарнье мен Г.Шабо [12] «келушілерге қызмет көрсету функциясын» орындайтын қалалар түрін бөліп көрсетеді. Бұлардың ішінде: 1) денсаулық сақтау орталықтары ретіндегі қалалар (санаторийлік және курорттық қалалар); 2) рекреациялық қалалар, демалыс орталықтары мен туристік орталықтары (теңіз курорттары, тау туризмі орталықтары, «күн сәулесі қалалары»). Сонымен қатар, туристік қалалар категориясына авторлар мәдени функцияларды орындайтын қалаларды (мысалы, діни орталықтары, сәулет өнерінің құнды ескерткіштері, мұражайлары бар қалалар, фестивальдар мен конгрестер қалалары) жатқызады. Сонымен бірге, жұмыста қала мен аймақ арасындағы қала маңы байланыстары белгіленген.
Туризм арқасында көптеген француз жерлерінің дамуына бағытталған экономикалық саясаттың іске асырылуы нәтижесінде кішігірім қалалар жөніндегі зерттеулердің саны алдында аталғандардан әлдеқайда көп. Жалпы __________
*Басқаларға ұқсамайтын тәсіл қолданса да, осы зерттеулердің нәтижелері дәл емес екенін атап айту қажет. Мұнда туристік келулер бағыттары анықталмаған, маусымдық туристердің тұтынуын маусымдық жұмысшылардың тұтынуынан (қызмет көрсету саласындағы және қожалық шаруашылықтардағы) айыру мүмкін емес.
түрде Францияда кішігірім қала деп бестен 20-30 мыңға шейін тұрғындары бар қоныстану бірлігін есептейді. Туристік қалаларды (les villes touristiques) алсақ, аталған көрсеткішке сенуге болмайды. Мұның себебі – өз тұрғындарының саны, мысалы, 5 мыңнан аспаса да, үлкен туристік станциялар ірі қалалардан асып кететін инфрақұрылым мен қызмет көрсету кәсібіне ие болады. Сондықтан туристік қалалық елді мекендерді қарастырғанда, оларға түнеу базасының сыйымдылығы көрсеткішін қолданған жөн. Осы критерийге сүйенетін болсақ, туристік қала деп ең болмағанда, 8 мың төсегі бар қоныс бірлігін атауға болады, өйткені осындай сыйымдылығы жабдықталу мен қызмет көрсету деңгейі бойынша саны мен сапасы жағынан кішігірім қалаға сәйкес келеді. Мамандандырылған қалалар категориясына (les villes specialisées)* жататын осындай қалалар шаруашылықтың бір саласында жұмыспен қамтылу шоғырлануының жоғары көрсеткішімен сипатталады (60 %-дан астам) [116].
Туризмнің аймақтық географиясында өзінің туристік дәстүрлеріне, қозғалыстың шоғырлануы мен жабдықталуына байланысты географтарды баяғыдан бері қызықтырған Солтүстік Альпі (Альпінің Солтүстік және Оңтүстік Альпіге бөлінуі француз жіктеуіне сәйкес келтірілген) кешеніне қатысты зерттеулердің саны арта түседі. Соңғы жылдары Францияның болашақта басты туристік аймақтарының бірі болатын Оңтүстік Альпі өзіне көңіл аудартуда. Басқа таулы аймақтарға арналған жұмыстардың саны өте аз, ал қолдағы жұмыстар жанама немесе қосымша ретінде жасалған.
Француз жағалауларына, әсіресе, Жерорта теңізі жағалауына бірталай жұмыстар арналған. Бұл аймақты зерттеулердің көбі Көкшіл Жағалауды қарастырған. Осы зерттеулердің нәтижелері Atlas Provence Côte d′Azur атласында жинақталған карталарда көрсетілген.
Алпысыншы жылдары солтүстік америкалық туризм одан әрі өркендеген. Мұның себебі Құрама Штаттары мен Канадада демалыстың ең маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің біріне айналуы болған. Бұқаралық, саны миллиондаған миграцияларға дайын болмаған федералдық және штаттар билігінің, шаруашылық бірлестіктерінің алдында туристік қозғалысты аз да болса реттеп, демалушылардың шоғырлануынан аса үлкен ауыртпалық түскен туристік территорияларды сәл жеңілдету міндеті тұрды. Мұның себебі, американ қалалары тұрғындарының бұқаралық саяхаттары ең алдымен, коммуникациялық қол жетерлігі ең жақсы болған аудандарға бағытталып, қысқа мерзімде қоршаған орта қасиеттерінің ыдырауына әкеліп соқты. 1960 жылдан бастап Құрама Штаттары мен Канадада туристік жабдықталуының аумақтық (ең алдымен, аймақтық) жоспарлау жұмыстарының дамуы байқалады. Осындай жоспарлар әзірленіп, жүйелі түрде федералдық және провинциялық биліктермен Құрама Штаттары [30, 32] мен Канадада [32, 121] толықтырылған.
Туристік жабдықталу жоспарлары жұмыстарында көптеген
__________
*Осы көрсеткіш бойынша, қалалардың басқа тобы – көп функциялық қалалар (les villes plurifonctionnelles).
жоспарлау және шаруашылық мекемелерінде істейтін географтар белсене қатысқан [32, 121]. Сонымен қатар, Құрама Штаттарында туристік қозғалыстың (ең алдымен отандық) жүйелі сауалнамалық зерттеулер жүргізіле бастады, сауалнамалар кішігірім аудан немесе аймақтан бастап бүкіл штат, тіпті, мемлекет территориясын қамтыған. Құрама Штаттарындағы бүкіл мемлекет көлеміндегі алғашқы сауалнаманы 1962 жылы ORRRC (Outdoor Recreation Research Rapport Comission) өткізді [30, 32, 87]. Жалпы шығыны 2,5 млн. долларға [32] түскен сауалнамалық зерттеулер Құрама Штаттары тұрғындарының демалысы жөнінде 27 томдық* үлкен көлемдегі материал жинауға мүмкіндік берді. Тақырыбы жағынан кең ауқымды болса да, бұл сауалнама Америка және Еуропа географтарының сынауына ұшырады [19, 32].
Туризм географиясы мамандарынан кеңес сұрамағандықтан сауалнамаға туристердің кеңістіктегі қозғалыстарына (миграциялардың бағыттары: қайдан және қай жерге, демалушылардың аймақта орналастырылуы, және т.с.с.), туристік құндылықтарға (судан басқалары), құндылыққа және қызмет көрсету түріне деген сұранысына, экономикалық мәселелеріне, пайдаланатын туристік база құрылымына байланысты элементтері кірмеген. Оның үстіне, баспадан шыққан материалдарда сол кездің өзінде кең тараған «екінші баспаналар» (residental farms) жөнінде ешқандай ақпарат болмаған, ал олардың саны алпысыншы жылдардың басында 1 миллионға жуық болыпты [32]. Келесі жылдары осындай зерттеулерге географтар белсене қатысты, сондықтан географиялық жұмыстарда сауалнамалық зерттеулер материалдары лайықты орын ала бастады.
Туристік қозғалыс зерттеулерінің қажеті туризммен айналысатын ғылыми пәндердің, оның ішінде туризм географиясының дамуына үлкен ықпал жасады [32,87]. Осының нәтижесінде географиялық-туристік мәселелеріне арналған көптеген докторлық диссертациялар мен ғылыми жұмыстар жазылды. 1960-
1967 жылдары туризм географиясы бойынша, 48 докторлық диссертация ұсынылды [32] (салыстырып көрсек, 1930-1949 жылдары – 2, елуінші жылдары – 34) және жыл сайын 27 жуық мақала шыққан (1930-1939 жылдары – 8, 19401949 жылдары – 9, 1950-1959 жылдары – 12).
Американдық туризм географиясының зерттеу проблематикасының еуропалық орталықтарында жүргізілетін зерттеулерімен салыстырғанда айырмашылықтары көп, бұл осындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастар ерекшеліктеріне байланысты.
Зерттеулер осыдан бұрынғы кезеңдегідей географиялық ғылымдардың туризм географиясы саласы бойынша мамандандырылған ғылыми орталықтарында жүргізілген. Осы ғылымның жоғары жетістіктері болса да, бірлі-жарым жұмыс қана туризмді географияның зерттеу тақырыбы ретінде қарастыратын теориялық тұжырымдары сипатын иеленген. Туризмнің кеңістіктік құрылымына назар аударған зерттеулердің саны әлдеқайда жоғары болған [32]. Американ географтары жұмыстарының үлкен тобы туризмнің кеңістіктік құрылымының лайықты моделін жасаудың теориялық негіздерін __________
*Әрбір томның көлемі елуден екі жүз бетке дейін.
қалыптастыруға арналған (территориясы өте үлкен мемлекеттерде жиі кездесетін жағдай). Осындай зерттеулерде жаңа ақпараттық технологиялар кең қолданылды. Американдық географтарының математика жағынан жақсы дайындығы және математиктер мен программистердің географиялық зерттеулеріне белсене қатысуы осындай демалыс құрылымы моделдерін жасаған кезде матрицалық алгебра, ықтималдық теориясы, дифференциалдық талдау және математиканың басқа тармақтары элементтерін қолдану мүмкіндігін жасады. Осындай құрылымдар аналог моделі мен гравитация моделіне жиі негізделген. Кейбір авторлардың ойынша [32, 87], көптеген жылдар бойы туризмнің кеңістіктік құрылымының лайықты моделін жасау американдық географтарының ең басты тақырыбы болып, тек кейінгі жылдары басқа мәселелерге орын берді. Осындай моделдеу жұмыстары көптеген ғылыми орталықтарында жүргізілген. Олар туристік келулер, демалыс мақсаттағы саяхаттардың бағыттары, тұратын жері – демалыс орны арасындағы байланыстарға қатысы бар факторлар, туристік аймақтардың орналасуы мен дамуы, олардың кеңістіктегі ұйымдастырылуы сияқты элементтерді қамтыған. Осылармен бірге туристік сыйымдылық пен көлемді ескеретін моделдер аумақтағы болашақ рекреациялық іс-әрекетіне болжам жасаудың негізі болған
[30, 32].
Туристік қызмет болжауы іліміне Р.Вольф үлкен үлес қосты. Туризм географиясы саласындағы көп жылдық тәжірибесі негізінде бұл ғалым Канаданың Онтарио провинциясындағы туристік қозғалыс үшін гравитация моделі параметрлерінің жобасын әзірледі [32].
Осындай зерттеулер Мичиган штатының уиверситетінде де жүргізілген. Географтармен бірге оларға басқа ғылымдар өкілдері, оның ішінде программистер қатысқан. Штат билігі тапсырмасымен орындалған жұмыс нәтижесінде демалыстың кеңістіктік құрылымдарының моделі құрастырылды. Кейін осы модель аумақтарды туризм қажетінде бөлудің және Құрама Штаттарының осы орталық және солтүстік бөлігіндегі басты туристік аймақтарының біреуіндегі туристік қозғалысты болжаудың негізі болды. Осы зерттеуде американдық туризм географиясында алғашқы рет жүйелер теориясы қолданылды. Осындай түрде құрастырылған модель электр тоғы ағуы құбылысына өте ұқсас. Моделдің бас құрушысы туризм географтарымен көп жылдар бойы бірге жұмыс істеген электроншы Дж.Эллис туристік шығатын жерлерді қуаты халық саны мен оның туристік белсенділігіне тәуелді электр тоғын өткізу станцияларымен, ал қабылдаушы станциямен (полюс) келу мөлшеріне («электр тұтынуы») базаның сыйымдылығы, оның стандарты мен туристік қасиеттері әсер ететін туристік аймақты теңестірді. Туристер ағымы жолдар торабымен («өткізу линиялары бойымен») «ағады». Осыдан кейінгі жылдары осы модель авторларының бірі географ М.Чабб түнеу базасының сыйымдылығын жаңа дәл әдістеме арқылы есептеп, оған біршама өзгерістерді енгізді. Туризмнің кеңістік құрылымының зерттеулері туристік аймақтарға бөлу мен туристік жіктелу жұмыстары үшін қолданылған. Осы саладағы алғашқы жұмыстардың бірі Р.Вольфтың еңбегі еді. Онда автор Онтарио провинциясындағы 83 саябақты туристердің пайдалану әдістеріне байланысты жіктелуін жасады. Осы аймақтағы туристік қозғалыстың қарқындылығы және оның қоршаған ортасының пайдалану әдісі, автордың ойынша, ең алдымен, оның туристік сұраныс орталықтарына қарай орналасу орнына байланысты. Әрбір саябаққа туристердің келуі және олардың осы саябақтың қалалық орталықтарына қарай орналасу орнымен байланыстылығын анықтап, туристік сұранысты зерттеу нәтижесінде автор келешекте демалушылардың үлкен жігін басқа жерден өзіне қарай тартатын жаңа саябақтарды тиімді орналастыру жобасын әзірледі [32]. Американдық туризм географтарын қызықтыратын тағы бір тақырыптар тобы «туризм-қоршаған орта» байланысына қатысы бар мәселелері болды. Осындай зерттеулерде адам және табиғи орта, төл ландшафт арасындағы түйісудің (environmental perception, wilderness* perception) тәрбиелік аспектісіне және табиғатпен қатынас құрудың жалпы қоғамдық мәдениетке тигізетін әсеріне назар аударылды. Туристік қозғалыс қатысушылары көптеген жағдайларда аумақ ландшафтына зиян келтіретін болғандықтан туристердің демалыс аймақтарының қасиеттеріне қатысты әлектерін зерттеу әдістерін анықтау әрекеттері жасалды. Висконсин штатының солтүстігінде орналасқан демалыс аймағындағы туристердің қылықтарын (табиғатпен қарым-қатынасын) көрсететін Р.С.Люкастың жұмысы [32] осындай зерттеулердің мысалы бола алады.
Р.С.Люкастың еңбегі Құрама Штаттары мен Канаданың әртүрлі аймақтары бойынша өткізілген осы саладағы зерттеулердің бастауы болып табылады. Осындай жұмыстар кейін штаттар мен провинциялардың туристік жабдықталуының жоспарлануында қолданылды.
АҚШ географтарының туризм саласындағы басқа жұмыстары көптеген түрлі тақырыптарға арналған. Суаттар әсері, Кейп-Код жағажайларына туристердің келуі немесе туристік яхталардың кеңістіктегі «белсенділігі»** туралы жұмыстармен бірге Мичиган штатындағы Дельтон округінен бастап, Ұлы Көлдер, бүкіл Миннесота штаты және Солтүстік-Шығыс макрорегионға шейін аумақты қамтитын аймақтық туристік монографияларды шығару әрекеттері жасалды [32]. Туристік қоныстау бірліктері немесе урбанданған ортадағы демалысқа арналған жұмыстар саны онша көп емес. Мұндай зерттеулер тек 1960-1970 жылдары басталған [32]. Осы мәселелермен айналысатын саны көп емес географтардың ішінде кіші Ч.А.Стэнсфилдті атау керек. Қазіргі кездегі урбанданудың ең жоғары деңгейіндегі зоналарды анықтауында географиялық әдебиетте жақсы белгілі болған «мегалополис»*** ұғымын қолданып, автор демалыс аумақтары үшін де осыған сәйкес
__________
*Жапаң тұз, ай дала, шөл. Бұл сөздің американдық әдебиетіндегі мағынасы төл табиғат болады.
**Огайо штатындағы 15 көл мысалы келтірілген.
***J.Gottman. «Megalopolis». – New York, 1961.
мағынасындағы Leisureapolis ұғымын енгізді [107]. Стэнсфилд пікірі бойынша, туристік базасы мен инфрақұрылымы керемет жақсы дамыған 130 миляға созылған Нью-Джерси штатындағы Атлант мұхиты жағалауының жер тілімі осындай зонаның мысалы бола алады.
Ол кезде Солтүстік Америкада туристік жерлердің (әдетте, қалалық бірліктердің) мәселелерін туризм географиясы мен қалалар географиясының қайсысы зерттеу керек екені дұрыстап анықталмаған. Көптеген американ қалаларында туристік функциялары маңызды рөл атқарғанымен осы мәселеге зерттеушілер ойдағыдай көңіл бөлмегені таңғалдырады [32].
Туристік аймақтарында, оның ішінде туризм баяғыдан бері маңызды экономикалық рөл атқарған ең белгілі, мысалы, Флорида түбегі, Аппалачи, Озарк бұйраты, Жаңа Англияның солтүстік-шығыс жағалауы, Калифорния сияқты аудандарында кешенді зерттеулердің өткізілмеуі өзіне назар аударады. Сонымен қатар, туристік аудандастыру мен демалыстың аудандастырылуы бойынша бүкіл Құрама Штаттары аумағын қамтитын зерттеулер басталмаған, ел ауқымындағы туристік проблематикасына арналған жұмыстар да санаулы. Американдық географтар алдағы жылдарда қоғамның демалысқа байланысты қозғалыстарын бүкіл Құрама Штаттарының көлемінде зерттеулерді жүргізуін жариялайды. Осы мәселеде Батыс, Оңтүстік немесе Солтүстік-Шығыс тұрғындарының талғамдары мен қалаулары бір-біріне ұқсамайды. Американдық туризм географиясының зерттеулерінде кездесетін аталған кемшіліктері жалпы мәселелерін зерттеу мен аймақтық зерттеулері арасындағы таңдау жөніндегі американдық географтарының көзқарастарының үйлеспеуінен туындайды деп ойлаймыз [32].
Кеңес Одағында туристік мәселелерді бірінші болып географтар зерттеген. Осы саладағы жұмыстар бұрынғыдай қазіргі кезде де Ресей Ғылым Академиясының Мәскеудегі География институтында атқарылуда*. Осы ғылыми мекемеде В.С.Преображенскийдің жетекшілігімен туризм географиясының теориялық негіздерін біржолата анықтауға бағытталған зерттеулер жүргізіледі. Сөйтіп, зерттеу жұмыстары: а) әртүрлі категориядағы туристік аймақтардың сипаттамаларымен байланысты әдістемелікбағдарламалық мәселелер; ә) демалыстың алуан түрлері мен формалары қажет ететін географиялық орта элементтерін зерттеу; б) демалыс аумақтарының туристік ұйымдастырылуы мен функционалдық зоналары; в) табиғи кешендерінің туристік қасиеттерін бағалау; г) оңтайлы және максималды туристік сыйымдылықты (табиғи кешендерге түсетін туристік жүктеме) анықтау тәсілдері; ғ) ұлттық саябақтарды ұйымдастыру және орналастырудың ғылыми негіздерін құру сияқты мәселелерді қарастырған [64]. КСРО ҒА География институтында Л.И.Мухина, Ю.А.Веденин, А.В.Антипова, И.В.Зорин, Б.Н.Лиханов сияқты туризм географтары қызмет істеген.

__________
*КСРО ҒА География институты 1976 жылы шілде айында Туризм географиясының Жұмыс тобының жыл сайын өтетін Симпозиумын Солтүстік Кавказдағы Домбайда өткізді. Бұл Симпозиум Халықаралық Географиялық Унияның ХХІІІ Конгресі шеңберінде өтті.
Осы кезеңде туристік географиялық зерттеулерді М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің география факультеті, КСРОдағы басқа географиялық орталықтар (мысалы, Киев, Ленинград) және мамандырылған мекемелер (мысалы, Бакудегі Мемлекеттік Жоспарлаудың Экономикалық институтында Р.М.Касумов) жүргізді.
Кеңес географтары туристік мәселелерімен 1965-1966 жылдардан бастап белсене айналысты, олардың зерттеу тақырыбы ең алдымен, теориялық мәселелер, табиғи орта ресурстарын туризм қажеттілігі үшін бағалау, аумақтық рекреациялық жүйелерді (АРЖ) және туристік қозғалысты зерттеу болды [47].
Туристік шаруашылықтың дамуы мен 60-жылдардың басынан бастап, туристік ағымдардың өсуіне байланысты демалыстың жайлы аудандарымен бірге демалыс үшін қолайлылығы төмен жаңа аумақтардың игерілуі басталды. Жаңа рекреациялық аумақтарды игеру мақсатында табиғи рекреациялық ресурстарын бағалау жұмыстары туризм географиясының екінші бағыты болды. Осы жылдары КСРО-да демалыс пен туризм орындарының аудандық жоспарлануы бойынша ауқымды жұмыстар өріс алды. Географтар табиғи кешендердің рекреациялық бағалану тәртібінің негізгі кезеңдерін анықтады (Мухина, 1973), табиғи кешендердің рекреациялық сыйымдылығын, рекреациялық жүктемеге шыдамдылығын анықтау бойынша зерттеулерін (Казанская, 1972; Шеффер, 1973) жүргізді. Е.Д.Смирнова, В.Б.Нефедова, Л.Г.Швидченко және М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің басқа географландшафттанушылары елдің ірі курорттық аймақтарының қолданбалы зерттеулерін орындады және рекреациялық аумақтарды рекреациялық қоры ретінде сақтап қалу ұсыныстарын әзірледі.
1975 жылы КСРО ҒА География институты В.С.Преображенскийдің редакциясымен қазіргі әлемдік географиялық әдебиетінде алғашқының бірі болып, толығымен туризм географиясының теориялық мәселелеріне арналған «Теоретические основы рекреационной географии» [110] атты еңбегін шығарды*.
Демалыс қажетіндегі географиялық орта ресурстарын бағалау аясында географтар мәселелі және аймақтық тарапынан 200 жуық мақала жазған [64]. Рекреация қажетіндегі қоршаған орта ресурстарын бағалаудағы географтардың жалпы міндеттерін 1976 жылы В.С.Преображенский мен Н.П.Шеломов [90] анықтады. Келесі жылдары осындай зерттеулер, әсіресе, қолданылған әдістемелігі жағынан, толықтырыла берген [78, 126]. Өздерінің сауықтыру қасиеттерімен бірге қайталанбас ландшафтары арқасында рекреация үшін ерекше маңызы бар таулы аймақтарға көп назар аударылады. Осы аумақтардың туристік мақсаттағы жарамдылығының көрсеткіші ретінде теңіз деңгейінен олардың биіктігін қабылдады және зоналарды анықтаған кезде басты критериі
__________
*Осы жұмыспен қатар 1975-1976 жылдары туризм географиясының теориялық мәселелері бойынша мынадай басылымдар шықты: «Current Problems of Recreational Geography». – М.,, 1976; В.С.Преображенский, Б.Н.Лиханов (редактор). «Рекреационная география». – М.,, 1976; Б.Н.Лиханов (редактор). «Географические проблемы организации туризма и отдыха», выпуск 1-2. – М.,, 1975.
биохимиялық көрсеткіштері болды. Зоналарда тиісті акклиматизациядан кейінгі тек мамандырылған туризм ғана болуы мүмкін. Осыған орай, рекреациялық мақсатта таулы аймақтар: 1) тау бөктері(теңіз деңгейінен 200-1000 м биіктіктегі); 2) төменгі (аласа) тау зонасы (1000-2000 м); 3) орта биік тау зонасы (2000-3000 м); 4) альпілік зона (3000-5000 м); 5) ең биік тау зонасы (5000 метрден жоғары) сияқты биіктік зоналарға бөлінген Туризммен айналасу үшін ең қолайлы болып тау етегі мен бір жағынан төменгі тау зонасы есептеледі.
Аумақтық рекреациялық жүйелер (АРЖ) мен аумақтық рекреациялық кешендер (АРК) КСРО туризм географиясының (және экономикалық ғылымдардың) басты зерттеу мәселелерінің бірі болып табылды [47, 110]. Және осы бірліктер туристік құбылыстарды болжауда басты рөл атқарды. 1971 жылы алғашқы рет осы мәселенің сипаттамасы ұсынылды [91], ал осыдан кейінгі жылдары аталған модель біршама жетілдірілді [92, 110]. Жалпы түрде рекреациялық жүйесінің моделіне демалыстың кеңістіктегі ұйымдастырылуын құрастыратын көптеген кіші жүйелер кіреді: а) демалысқа қатысушылары; ә) табиғи және мәдени кешендер; б) техникалық инфрақұрылым; в) туристік қызметте істейтіндер; г) осы жүйені басқаратын әкімшілік орган. Белгілі бір кеңістіктік бірлікте жинақталған осы кіші жүйелер өзара әрекеттеседі және бірбіріне тәуелді келеді.
Аумақтық рекреациялық жүйелер демалыстың барлық кеңістіктік сипаттарын қамтиды деп айтуға болады және олар белгілі аумақта туристік ісәрекетін ұйымдастыру немесе болжау бойынша дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Осы бірліктерге қатысты зерттеулер жүйе ішінде пайда болатын туристік құбылыстарды және АРЖ мен аумақтық-өндірістік жүйелері арасындағы байланыстарды қамтиды. Кеңес географтары құрастырған рекреациялық жүйелер моделі туристік іс-әрекеттің талай салаларында жиі қолданылады [47, 64, 92, 110].
Кейде аумақтық табиғи кешендер (табиғи аумақтық кешен – ТАК [47,]) деп түсінілетін рекреациялық жүйелердің негізінде КСРО бүкіл аумағының [1, 110] немесе одан кіші аумақтық бірліктердің [47, 51, 64, 77, 110] аудандастырылу әрекеттері жиі жасалады. Ал енді кейбір географиялық зерттеулерде рекреациялық жүйелер моделі туризмнің кеңістіктегі жоспарлануының лайықты қағидаларын [47, 64, 110] немесе аудандарды пайдаланудың жалпы сұлбасындағы демалыс аумақтарының орнын анықтау үшін қолданған [110].
Кеңес Одағындағы туристік аудандастыру жұмыстары туризм географиясының ең маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған орай, географтар, аймақтың кеңістіктегі шекараларымен қатар, экономикалықгеографиялық талдауға негізделген осы бірліктің бағдарламалық алғышарттарын анықтауы міндетті. Осындай талдау 1) туристік аймақтың қалыптасуы мен оның шекараларына әсер ететін жағдайларды; 2) аймақтың туризм мақсатындағы бағалануын; 3) аймақтың шаруашылық құрылымын; 4) аймақтың кеңістіктегі аудандастырылуын; 5) аймақтың туристік мақсатта пайдалануының құрылымы мен динамикасын қамтиды [64].
Туристік аймақтарды, әдетте, ландшафтық ерекшеліктері негізінде, кейде сонымен бірге осы бірліктердің орналасуы мен функцияларын ескеріп, топтастырады. Осындай жұмыстар географиялық-туристік зерттеулерде өзіне лайықты маңызды орын алуда. Зерттеулердің осы саласының жетістіктерін мойындап, оны КСРО туризм географиясының да, аумақтық және аймақтық жоспарлаумен байланысты пәндерінің де маңызды бөлігі деп айтуға толық қақымыз бар. Осы саладағы жұмыстарың үлкен жігі мәселелердің егжейтегжейлі қарастырылуымен ерекшеленеді. Зерттеулерде қоршаған ортаны туристік қозғалыс мақсатында қолданған кездегі қорғау мәселелері қарастырылды. Осы мәселемен туристік сыйымдылық тығыз байланысты, оның әрбір аймақ немесе аумақ үшін ең қолайлы көлемін анықтау әрекеті жасалды.
КСРО туризм географиясында ел немесе аймақтар мөлшеріндегі туризм дамуын болжау жұмыстары да кең көлемде жүргізілді. Осы жұмыстар келешектегі туристік сұраныс пен туристік база дамуымен бірге туристік қозғалыстың өзін зерттеуге бағытталған. Осы соңғы аталған жағдайда моделдік шешімдер қолданылған.
Халықаралық туристік қозғалысқа арналған жұмыстарды 1976 жылы М.А.Ананьев [3, 47] ынталандырды. Өзінің басқа жұмысында [4] ол шетелдік туризмнің экономикалық функциясының толық және жеткілікті анықтамасын беріп, шетелдік туризмнің «көзге көрінбейтін экспорттағы» бастаушы рөлін көрсетті*.
Жергілікті туризм бойынша, зерттеулер әлдеқайда аз көлемде жүргізілген. Кейбір авторлар [1, 64] алғашқы осындай зерттеулерді тек 1970 жылы кеңес психологтары өткізді деп есептейді. Осы зерттеулердің нәтижесінде КСРО халқының демалыс орындарының орналасуы жөнінде қызықты материал жинақталды. Олардың ішінде Кеңес Одағындағы туристік қозғалыстың көптеген аймақтық шолулары кірген В.И.Азардың еңбектерін атау қажет [1, 2].
Кеңес Одағы тұрғындарының демалысы жөніндегі ауқымды материалдар КСРО ҒА География институтының басылымдарында да көп кездеседі [110]**.
Жетпісінші жылдардың басынан бастап Кеңес Одағының таңдаулы аймақтарының туристік мәселелері жөніндегі жұмыстар да шыға бастады. Онда осы жерлердегі туристік қозғалыс көлемі мен құрылымы туралы ақпарат енген. Осы саладағы зерттеулердің ең үлкен саны Қара теңіз жағалауы аудандарын, кейбір таулы өлкелер мен Батыс және Орталық Сібір аумақтарын қамтиды, ал ірі қалалық орталықтар тұрғындарының демалысы жөніндегі басылымдардың саны аз, қолда бар жұмыстар тек Мәскеу мен Ленинградқа (қазіргі СанктПетербург) арналған.
__________
*Қараңыз: М.А.Ананьев. «Экономика и география международного туризма», Москва, 1975; В.И.Азар «Введение в экономику иностранного туризма (Вопросы методологии)», Москва, 1975; Высшие Курсы Главного Управления по иностранному туризму при Совете Министров СССР.
**В.И.Смирнов. «География туризма в СССР», Москва, 1975.
Жергілікті және шетелдік туризмнің Кеңес Одағының шаруашылық құрылымындағы экономикалық мәселелеріне соңғы жылдарға дейін көңіл бөлінбеген. Бұл саладағы өзгерістер тек 70-жылдардың ортасында басталды [110]. Осы уақыттан бері кеңес географтары туризмнің географиялықэкономикалық қырларын кең көлемде зерттей бастайды. Ал географиялық зерттеулерде экономистердің кейбір жұмыстары қолданылады. Осы саладағы [47, 64] алғашқы маңызды зерттеу ретінде КСРО-дағы туризмге экономикалық жағынан сипаттама жасау әрекетін жасаған В.И.Азардың [1] еңбегін атауға болады. Автор Кеңес Одағындағы туристік аймақтардың урбанизацияланған және өнеркәсіптік аумақтарға қарағандағы орналасу орнына, туристік жабдықталуына, туристік қозғалысқа қатысушылардың табыс және білім деңгейі бойынша бөлінген түрлі топтарына байланысты жергілікті туризмнің даму факторларын атап көрсетеді. Автор «туристік өнеркәсіптің» (туризм индустриясының) қызмет көрсету сұранысы мен ұсынысы мәселелеріне, Кеңес Одағындағы туризм индустриясының жан-жақты дамуы мәселесіне, осы саладағы курорттық жерлердің маңызды рөлін атап, зор көңіл аударады. КСРОда туризмнің жоспарланып турған дамуы туристік аймақтарды шаруашылық аймақтарының басқа түрлеріне (мысалы, өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылық аймақтарына) біржолата теңестіруді, сонымен қатар қазіргі кезде елдің бірнеше жерінде ғана қолайсыз түрде шоғырлануымен сипатталатын бұрынғы демалыс сапарларының географиясын кеңейтуді қажет етеді.
В.С.Преображенский мен Ю.А.Веденин*, қарастырылып отырған кезеңдегі КСРО туризм туралы ғылымның даму жолын қорытып, төрт:
І кезең (1968-1972 ж.) – рекреациялық географияның базистік моделінің қалыптасуы;
ІІ кезең (1973-1978 ж.) – аймақтық материал негізінде базистік моделдің лайықтылығын тексеру;
ІІІ кезең (1979-1982 ж.) – уақыт тетігін кеңістіктік-уақыттық талдауға көшу негізі ретінде қарастыру;
IV кезең (1983 жылдан бергі кезең) – рекреациялық-географиялық кеңістік теориясын қалыптастыруға көшу кезеңін белгілеп атайды.
Кезең шекарасы шартты түрде белгіленген – оларды анықтайтын оқиғалар – ірі ұжымдық монографиялар: «Теоретические основы рекреационной географии» (1975), «География рекреационных систем» (1980), «Территориальная организация отдыха населения Москвы и Московской области» (1986) жарық көруі.
Осыдан кейінгі жылдары туризмді көп қырлы кеңістіктік және әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде қарастыратын жұмыстар жарияланды.
__________
*В.С.Преображенский, Ю.А.Веденин, Л.С.Филиппович, И.П.Чалая. Основные концепции развития рекреационной географии / Теоретические проблемы рекреационной географии. – М., 1989. –47-67-беттер.
Осы кезде және одан кейінгі жылдары баспадан шыққан КСРО мен ТМД мемлекеттері демалыс пен туризм туралы ғылымының заманауи көзқарастарының қалыптасуына әсер еткен ірі ғылыми еңбектердің ішінде А.А.Власов. «Туризм» (1977), Е.А.Котляров. «География отдыха и туризма» (1978), И.В.Зорин, В.М.Кривошеев. «Параметрическая модель рекреационной системы» (1979), П.Г.Царфис. «Рекреационная география СССР: курортологические аспекты» (1979), Н.А.Данилова. «Климат и отдых в нашей стране» (1980), Н.С.Мироненко, И.Т.Твердохлебов. «Рекреационная география» (1981), Ю.А.Веденин. «Динамика территориальных рекреационных систем» (1983), Л.С.Филиппович. «Картографическое моделирование территориальных рекреационных систем» (1983), И.И.Пирожник. «Основы географии туризма и экскурсионного обслуживания» (1985), «Рекреационные системы»/
Н.С.Мироненко, Бачварованың редакциясымен (1986), Ю.С.Путрик, В.В.Свешников. «Туризм глазами географа» (1986), «Теоретические проблемы рекреационной географии» / Ю.А.Веденина, И.В.Зоринаның редакциясымен (1989), А.В.Гидбут, А.Г.Мезенцев. «Курортно-рекреационное хозяйство. Региональный аспект» (1991), Б.Ф.Омельченко. «Экскурсионное общение: познание, воспитание, отдых» (1991), «Теория рекреалогии и рекреационной географии» / В.С.Преображенский, И.В.Зоринаның редакциясымен (1992), «Энциклопедия туриста» (1993), И.И.Пирожник. «Международный туризм в мировом хозяйстве» (1996), Е.В.Колотова. «Рекреационное ресурсоведение» (1998), В.Б.Сапрунова. «Туризм: экология, структура, менеджмент» (1998),
А.А.Крючков. «История международного и отечественного туризма»(1999), М.Б.Биржаков. «Введение в туризм» (2000), Ю.Д.Дмитревский. «Туристские районы мира» (2000), И.В.Зорин, В.А.Квартальнов. «Энциклопедия туризма» (2000), В.А.Квартальнов. «Туризм» (2000), С.Р.Ердавлетов. «География туризма: история, теория, методы, практика» (2000), В.В.Дворниченко.» История международного и национального туризма» (2001), А.Ю.Александрова. «Структура туристского рынка» (2002), С.Р.Ердавлетов. «История туризма. Развитие и научное изучение» (2003), С.А.Щербакова. «Геоэкономика международного туризма» (2004), География туризма / А.Ю.Александрованың редакциясымен (2007) және т.б. жұмыстарды атауға болады.
Туризмге байланысты кең ауқымды зерттеулер бұрынғы ГДР-да да жүргізілді. Ең басты зерттеу тақырыбы ретінде ірі қалалық орталықтары тұрғындарының мерекелік демалыстары (Naherholung) алынған және қоршаған орта қасиеттері жұмыс күшін қалпына келтірудің басты факторы ретінде қарастырылады. Осындай жұмыстар жоспарлау тәжірибесі мақсатында көбінесе Берлиндегі Гумбольдт университетінің География институтында жүргізілген. Олардың зерттеу тақырыбы ең алдымен, Берлин агломерациясы [44] шеңберіндегі, тағы бірқатар ірі қалалардың [5] рекреациялық зоналары аумақтарының тартылымдығын бағалау болды. Сонымен қатар, аймақтық және теориялық зерттеулер маңызды орын алады. Мұнда Грейсвальд (Б.Бентиен) пен Дрездендегі (Г.Якоб) университеттік орталықтардың жетістіктері айтарлық. ГФР-да Мюнхен университетінің Экономикалық географиясы институты (Wirtschaftsgeographichen Institut) алдынғы қатарда бола береді. Мұндағы зерттеулер теориялық сипатта жүргізіледі және де кең мағынасында түсінілетін «бос уақыт географиясы» (geographie des Freizeitverhaltens) негіздерімен айналысады. Осы тақырып бойынша, жұмыстардың ынталандырушылары мен авторларының ішінде И.Майерді атау қажет. Туризм географиясы бойынша зерттеулердің бұдан басқа орталығы – Геттинген университеті (Р.Клэппер). Осылармен қатар, туризм географиясы тақырыптарымен басқа университеттердің география институттары да айналысады, бірақ олар осы аядағы мамандандырылған орталықтар емес. Аймақтық бағыттағы зерттеумен айналысатын белгілі географтарың ішінде В.Риттер [95], Е.А.Пешль*, И.Кнебель**, Ф.Гейгант*** сияқты ғалымдарды атаған жөн.
Сонымен қатар, ГФР-да қала маңы рекреациялық ағымдар, қала ішіндегі демалыс орталықтары жете зерттелген, сондықтан «туризм географиясы» ұғымынан «қолы бос уақыт» түсінігіне көшу керек деген дауыстар (Рупперт, Майер, 1973; Рупперт, 1977) көбейді. Туристік кешендер мен аудандардың жұмыс істеуі үрдісін үйлесімді қылу үшін бағдарламалау мен моделдеу тәсілдері қолданыла бастады.
Югославияда бұл салада География институтының Белград орталығы белгілі, ал туризм ғылымымен, әсіресе, туризм географиясымен айналысатын ғалымдар арасында Ж.Иовичичтың аты шыққан. Туризм мәселесіне арналған көптеген жұмыстардың авторы ретінде, ол осы ғылымның теориялық негіздерін орнатуға бағытталған зерттеулер жүргізеді. Ж.Иовичич Югославияда туризмді халық шаруашылығының жеке, дербес саласына айналдырған туристік қозғалыстың экономикалық қырларын қарастырады. Өз елінің мысалы және туристердің келулерінің әсерінен оның ландшафты мен экономикасының өзгеруі нәтижесінде Иовичич туризм осы күнге дейін нашар дамыған аумақтардың экономикалық өркендеуінің факторы екенін дәлелдейді. Оның пікірінше, туризм Үшінші әлемнің көптеген елдерінің экономикалық даму көзі бола алады [50]. Ж.Иоваичичпен қатар Белград орталығында көбінесе, шетелдік және халықаралық туризм тақырыбындағы басылымдарымен белгілі М.Васович қызмет етеді. Осы орталықпен қатар, Югославияда туризм географиясымен Загребтегі (И.Роглич, З.Пепеоник), Люблянадағы (М.Жагар) және Скопледегі География институттары (М.Панов, А.Стоймилов, Г.Милески) айналысады.
__________
*E.A.Poeschl. «Fremdenverkehr und Fremdenverkehrspolitik». – Berlin, 1962.
**J.Knebel. «Sociologische Strukturwandhungen im moderner Tourismus». – Stuttgart, 1962.
***F.Geigant. «Die Standorte des Fremdenverkehrs eine socialökonomische Studie über die Bedingungen und Formen der röumlichen Entfaltung des Fremdenverkehrs», Schr. d. Deutch, Wirtsch. Ins. Für Fremd. – München, H. 17, 1962.
Болгарияда туризм географиясы саласындағы зерттеулердің көбін София университетінің*, География институтының туризм географиясы кафедрасының ғалымдары, оның ішінде, ең атақтылары Л.Динев пен Бачваров жүргізген. Алғашқы сәтте** зерттеу тақырыбы туристік аудандастыру мен туризм географиясының теориялық мәселелері, әсіресе, оның географиялық ғылымдар жүйесіндегі орнын анықтау болған. Кейінгі кезде, сонымен қатар, болгар туризм географтары халықаралық туризм мәселелерін де зерттеуде [6]. Аталған мекемемен бірге, туристік географиялық зерттеулер Демалыс пен туризм комитетінің жанындағы Софиядағы Туристік зерттеулер орталығында және Варнадағы Благоев атындағы Халық экономикасы институтында жүргізіледі.
Туристік проблемалардың ғылыми-зерттелуінде чехословак географтары да маңызды жетістіктерімен мақтана алады. Олардың географиялық зерттеулерінің негізгі тақырыптарына: табиғи ортаны туризм қажеті үшін бағалау, туристік қозғалыстың экономикалық аспектілері, туристік қозғалыстың аумақтардың шаруашылық құрылымының өзгеруіне жасайтын ықпалы, туристік аудандастыру, халықаралық туризмнің таңдаулы мәселелері жатады. Көптеген жұмыстарда, әсіресе, П.Мариот пен С.Шпринцова еңбектерінде туристік құбылыстардың географиялық зерттелуінің әдістемелігіне үлкен көңіл бөлінеді. Осы күнге дейін П.Мариот (Словакиядағы туристік қозғалыс факторлары жөніндегі) пен С.Шпринцова (Есеник ауданындағы туризм жөніндегі) жұмыстарында жасалған әрекеттерден басқа ойдағыдай теориялық жалпыламалар болмаса да, бұрынғы жетістіктері ең жақын мезгілде осындай зерттеулердің жүргізілетіндігіне күмән қалдырмайды. Қарастырылып отырған кезеңде Чехословакияда туристік құбылыстардың зерттеулері Братислава мен Оломоуцтағы ғылыми орталықтарында жүргізілген. Словакияның астанасында осы саладағы зерттеулерді Словак ғылым академиясының География институты (П.Мариот), Туристік зерттеулер институты (Vyskumny Ustav Cestovneho Ruchu, Г.Скварчекова) және Комен университетінің География институты (Е.Отрубова) өткізген. Ең үлкен жетістіктерге алғашқы екеуі жеткен, және де Словак ғылым академиясының География институтында туризм географиясының теориялық және әдістемелік сипаттарына үлкен көңіл бөлінеді. Туристік зерттеулер институтының жұмыстары көбінесе, қолданбалы мақсатта жүргізіледі, бұл орталық әртүрлі шаруашылық, туристік және жоспарлау мекемелерінің тапсырыстарын орындайды.
__________
*1975 ж. қазан айында осы мекеме Халықаралық Географиялық Унияның Туризм географиясы бойынша, Жұмыс тобының аймақтың экономикалық дамуындағы туризмнің рөліне арналған отырысын ұйымдастырды.
**М.Бачваров. Состояние и проблемы географии туризма в Болгарии, «Вестник Московского Университета». География, 1975, № 3.
Оломоуцтағы зерттеу орталығы бір ғана мекемемен – жергілікті университеттің жаратылыстану факультетінің география кафедрасымен ынтымақтас жұмыс істейді. Туризм географиясы тақырыбындағы жұмысты С.Шпринцова басқарады. Оломоуцтағы зерттеулер туристік қозғалыстың экономикалық сипаттары және аймақтар мен жерлердің туризм дамуы әсерінен өзгеруін қарастырады.
Чехословакияның басқа ғылыми орталықтарының ішінде география кафедрасында туристік қозғалыстың географиялық мәселелері қарастырылатын (К.Странски) Прагадағы Жоғары экономикалық мектепті, Брнодағы құрылыс пен сәулет өнерінің зерттеу институтын (Vyskumny Ustav Vystavby a Architektury) және Остравадағы Педагогикалық факультетті (М.Хаврлант) атау керек.
Румынияда туризм географиясы саласындағы зерттеулер Бухарестегі астаналық универистеті (М.Ианку) мен Румын Ғылым академиясының География институттарында және Туризм министрлігінің Зерттеу орталығында жүргізіледі*.
Итальян туризм географиясының, әсіресе, осы пәннің мәні мен географиядағы орны жағынан алсақ зерттеу ауқымы кең [22, 36, 80]. Аймақтық мәселелер болса, зерттеушілер оған аса көп көңіл бөлмейді. Көптеген жылдар бойы зерттеулердің жетекші орталығы ретінде 1962-1963 оқу жылында жергілікті университеттің сауда-экономика факультетінің жанында туристік курстар (Corso di perfezionamento in economia del turismo) ашылған Флоренция болған. Курстар бағдарламасына туристік қозғалыстың аумақтық ұйымдастырылуы және оған байланысты экономикалық салдарын қарастыратын сабақтар мен дәрістер кірген. Сонымен қатар, туристік құбылыстардың зерттеуінде қолданылатын географиялық әдістеріне, оның ішінде жергілікті және шетелдік туристік миграцияларын, туристік қасиеттерін зерттеу тәсілдеріне, туристік аудандастыруға сабақ кезінде ерекше назар аударылған. Курстарда игерілген географиялық-туристік білімдерінің арқасында оны бітірген мамандарды аймақтық жоспарлау мекемелерінде құшақ жайып жұмысқа алған [80]. Осыдан кейінгі жылдары туризм географиясы саласындағы жұмыстар басқа да ғылыми орталықтарында, әсіресе, Генуя, Сиена, Милан мен Рим қалаларында белсене жүргізілді. Италия астанасында университетпен қатар туризм географиясы пәні бойынша курстарды Туризм институты (Instituto Tecnico per il Turismo) да өткізеді.
Британ туризм географиясының зерттеу тақырыптары солтүстік американдық географтары зерттейтін мәселелеріне жақын [32]. Құрама Штаттары мен Канада сияқты, мұнда да қала тұрғындарының демалысын
(outdoor-recreation, outdoor-leisure) [27, 85] және ел жерін пайдалану (land use) құрылымындағы туризмнің орнын зерттейтін жұмыстардың саны жоғары [15, 27, 96]. Туристік мәселелермен айналысатын британ географтарының ара-
__________
*Lucrâlile celui de-al il-lea Cilocviu National de Geografia Turismului. – Bucaresti, 1975.
сындағы ең атақтыларының бірі Дж.А.Пэтмор болып табылады. Ол ең алдымен, қала тұрғындарының демалысымен және олардың қажеттілігімен қызыққан. Моторизацияның нәтижесінде Ұлыбританияда «урбанизациялаудың үшінші толқыны» қала маңы зонасында орын алды және осыған байланысты жоспарсыз түрде жүргізілетін және жергілікті ландшафтпен үйлеспейтін туристік құрылыс басталды. Осындай құбылыс ғылыми, әсіресе, географиялық тұжырымдаманы қажет етті.
Скандинавия елдеріндегі шетелдік туризмнің дамуымен бірге, өз азаматтарының демалыс сұранысының өсуі алпысыншы жылдардан бастап туризмнің географиялық зерттеулердің тақырыбына айналуының себебі болды [25]. Осы ғылым саласының ең белгілі ғылыми орталықтарына Упсала, Лунде (Швеция), Осло (Норвегия) және Турку (Финляндия) университеттері жатады. Негізгі зерттеу мәселелерінің шеңберіне: осы күнге шейін туристер келе қоймаған көптеген аймақтардың туристік мақсатта жабдықталуы, «екінші баспанаға» қатысты мәселелер, қала тұрғындарының демалысы және туризмнің, әсіресе, туристік қозғалыс пен ауыл шаруашылығы арасындағы байланыстары жағынан экономикалық сипаттары кіреді.
Австрияда туризм географиясы бойынша, зерттеулердің жетекші орталықтары көптеген жылдары Л.Г.Шейдль, кейін К.Синнхубер* басқарған Венадағы Жоғары сауда мектебінің География институты (Geographisches Institut der Hochschule für Welthandel) және осы оқу орнының шеңберінде 1934 жылдан жұмыс істейтін Туризмнің зерттеу институты (Institut für Fremdenverkehrs forschung Hochschule für Welthandel) болып табылады. Соңғысының көп жылдар бойындағы директоры туристік мәселелер саласының белгілі маманы П.Бернеккер болған. Соңғы жылдары туризм географиясы бойынша зерттеулер Вена (Э.Троггер) және Инсбрук университеттерінің География институттарында да атқарылуда.
Испанияда туристік-географиялық зерттеулер Барселона мен Мадрид университеттерінің Туризм институттарында және Гренада мен Мальоркада жүргізіледі.
Қарастырылып отырған кезеңде Польшадағы туризм географиясының зерттеулері, астанада көптеген осы саланың мамандары қала берсе де, Варшавадан басқа ғылыми орталықтарына көшуі байқалады. Осы мамандардың ішінде М.И.Милеска, С.Березовский мен О.Рогалевский, А.С.Костровицкий, М Стальский сияқты ғалымдарды атаған жөн. Алпысыншы жылдары туризм географиясы бойынша зерттеулерге Краков орталығы да қайта оралды (А.Вжосек).
__________
* К.Синнхубермен қатар географиялық-туристік мәселелерімен Ф.Юльг айналысады.
1974 жылдың қараша айында Ягеллон университетінің География институты туризм географиясы терминологиясына арналған Халықаралық Географиялық Унияның туризм географиясы бойынша Жұмыс тобының симпозиумын ұйымдастырды [125]. Осы симпозиумның материалдары туризм географиясы бойынша терминологияның бір қалыпқа келтіру мәселелеріне арналған Редакциялық комиссияның Жұмыс тобы жұмыстарының негізі болды. Комиссия құрамына поляк географтарының арасынан А.Вжосек, Я.Варшиньска, А.Яцковски мен О.Рогалевский кірді*. Университеттік орталығымен бірге туризм бойынша зерттеулерді Краков географтары жүргізеді.
Алпысыншы жылдарының ортасынан бастап, Познань университетінің География институтының қарамағында біріккен географтар туристікгеографиялық мәселелер зерттелуде (Т.Бартковски, А.А.Марш).
1967-1972 жылдары О.Рогалевский басқарған Дене шынықтыру мен туризм Бас комитетінің Туристік жабдықталу зертханасы жұмыс істеген**. Бұл мекемеде туризмнің аймақтық жоспарлану мамандары қызмет атқарған. Зертхананың ең үлкен жетістігі – «Польшаның туристік жабдықталуының бағыттаушы жоспары» (1971) болды. Зертхананың аумақтық шеберханаларында туризм географиясының мамандары: Варшавада О.Рогалевский, Вроцлав қаласында Б.Микуловский, Катовицеде Р.Гайдзик, Торуньде С.Регель, Краковта М.Барановска-Янота, Д.Пташицка-Яцковска, А.Яцковски жұмыс істеген.
Алпысыншы-жетпісінші жылдары поляк туризм географиясының басты тақырыбы туристік қозғалысқа арналған географиялық ортаны бағалау зерттеулері болды [8, 11, 46, 52, 71, 76, 99, 104, 117, 118, 124].
Туристік құндылықтардың жіктелуі мен бір қалыпты терминологияны енгізуге арналған бірлі-жарым теориялық жұмыстармен*** [97, 98] қатар, туристік құндылықтардың тартымдылығын пункттер бойынша бағалау әдісімен жасалған зерттеулер өткізіледі.
Әдетте, географиялық орта элементтерінің таңдалуы мен бағалануының түрлі көрсеткіштері қолданылады, ал туристік қасиеттерінің тартымдылығын және олардың топтасуын бағаланған пункттер санына байланысты анықтайды [8, 11, 76, 104]. Осы әдіс кең қолданылады және көрсеткіштерді дәл анықтау үшін одан әрі жетілдіріледі. Тартымдылық коэффициентін [118] анықтау әдісі ілгері жасалған қадам болып табылады. Бұл 0 мен 1 арасында орналасқан
__________
*Сонымен қатар комиссия құрамына В.С.Преображенский (КСРО), Л.Динев (Болгария), С.Шпринцова (Чехословакия), Б.Барбье, Г.Ваккерманн (Франция), Б.Бентиен, Г.Якоб (ГДР), И.Матцнеттер, К Рупперт (ГФР), К.Синнхубер (Австрия), Ф.Веттер (Батыс Берлин) кірді.
**1972 ж. Дене шынықтыру мен туризм Бас комитетінің Туристік жабдықталу зертханасы жабылды, ал оның қызметкерлері осы комитет қарамағындағы Туризм институт құрамына енгізілді.
***Халықаралық «Туризм географиясындағы терминология мәселелері» симпозиумындағы О.Рогалевскийдің баяндамасы да осыған арналған. Краков, 1974 [125].
сандар арқылы іске асырылатын синтетикалық көрсеткіш. Я.Варшиньска ұсынған моделдік әдіс [118] қоршаған ортаны бағалауда жаңа жетістік екені сөзсіз. Бұл әдістің мағынасы – түгендеу (инвентаризация) негізінде алынған қасиеттерді, олардың өзара әрекеттесуін ескере тұра, сандық белгілер ретінде қолдану. Сөйтіп, мұндай жағдайда бағалау әдісі пункттер бойынша бонитировкаға негізделінбей, ортаның жеке қасиеттерін математикалық функцияларына, сандық ақпаратты өңдеуге арқа сүйейді.
Сандық әдістерді қолданатын жұмыстармен бірге суреттеме тәсілін қолданатын зерттеулердің саны да аз емес. Осындай зерттеулерде ландшафтың жеке түрлерінің сипаттамалары келтіріледі, сондықтан осы сияқты географиялық зерттеулер ландшафт архитекторларының зерттеулеріне жақын.
Демалысқа үлкен әсер ететін биоклиматтық факторларына арналған жұмыстардың да саны жеткілікті. Осындай зерттеулердің маңызы жөнінде бұрын да әңгіме қозғалғанымен, мұндай жұмыстар тек 70-жылдардың ортасында шыға бастады [46].
Польшадағы туристік қозғалыстың дамуы қоршаған ортаны қорғау мәселелерін зерттеуді де қажет етті [62]. «Қоршаған орта-туризм» байланысына арналған жұмыстар 70-жылдары ғана пайда болды [46, 62]. Өркениеттің дамуы және осыған байланысты индустриялану мен урбанизациялау нәтижесінде туристік қасиеттердің ыдырап кетуіне байланысты социологиялық проблемалардың [39, 73] маңызы өсуде.
Ең жоғары деңгейдегі қасиеттеріне ие болған аумақтарды туризм мен демалыс үшін сақтап қалу қажеттілігіне байланысты, оларды тиімді қолдану мәселесіне ерекше көңіл аударыла басталды. Бұл жағдайда аумақтарды олардың басты пайдаланушылары: өнеркәсіп, ауыл және орман шаруашылықтары, туризм мен демалыс арасында дұрыс тарату мәселесінің маңызы зор [46]. Орта есеппен алғанда, ел жерінің 14-22 % өзінің тартылымдығы себебінен туризм мен демалыс үшін сақталып қалуы қажет деп саналады*. Осы көрсеткіш «Польшаның туристік жабдықталуының бағыттаушы жоспарына» негізделеді
[88, 97, 100].
Туристік жабдықталу мәселелеріне арналған зерттеулерді поляк географтары екі соғыс аралығында бастаған. Дегенмен, осындай жұмыстардың саны алпысыншы жылдары әлдеқайда көбейген [28, 46, 97, 100, 106]. Осыған қарағанда, туризмнің материалдық базасының жеке элементтері және олардың кеңістіктегі орналасуына арналған жұмыстардың саны аз [46, 119]. Бұның себебі сәйкесті статистикалық мәліметтердің жоқ болуына байланысты. Осыған арналған бірлі-жарым жұмыстар түнеу базасын қарастырады. Осылардың арасында мәліметтерді аудандар бойынша жүйелеп жинақтаған Туристік жабдықталу зертханасы мен Туризм институтының [112] зерттеулерін атау қажет**. __________
*Кейбір авторлардың [8] пікірінше, Польша жерінің 35 % туристік тарапынан тартымды аумақтарына жатады.
**Сонымен қатар осындай зерттеулерге «Польшаның Ұлттық Атласындағы» Б.Рогалевская жасаған «Туристік абаттандыру» картасы да жатады
Бас мақсаты туристік қасиеттеріне ие болған аумақтарды қорғау болып табылатын туристік жабдықталумен және қоршаған ортаны асып кеткен көлемдегі туристік пайдаланудан сақтаумен туристік сыйымдылық пен ауқымдылық мәселелері тығыз байланысты. Осы уақытқа дейін бұл мәселені зерттейтін жұмыстардың саны шамалы болған [52, 71, 106, 113] және кейбір авторлар [71] туристік ауқымдылықтың орнына рекреациялық сыйымдылық ұғымын қолданады.
Туристік ауқымдылығымен қатар географтардың жұмыстарында белгілі аумақтың туристік базасының сыйымдылығы мәселесіне арналған зерттеулер орын табады. Бұл мәселе «Польшаның туристік жабдықталуының бағыттаушы жоспарында» егжейлі-тегжейлі қарастырылған [88]; сонымен қатар осыған басқа да географиялық жұмыстар арналған [28, 97, 100, 124].
Алдағы тақырыптармен салыстырсақ, елдің немесе ел аймақтарының аудандастырылуы жағынан поляк туризм географиясының жетістіктері шамалы. Ел ауқымын қамтитын жұмыстардың арасында М.И.Милесканың «Польшаның туристік аймақтары» атты еңбегін атап айту қажет [76].
Польшаның туристік аудандастырылуына арналған басқа жұмыстары кез келген, кейде өте жеңілдетілген көрсеткіштерге негізделеді; өте жиі мұнда туристік аймақтар шекаралары воеводстволардың немесе басты ландшафтық бірліктер шекараларымен ұйқастырылады. А.Байцардың [7] аудандастыруы ғана демалыс пен өлкетанулық қасиеттерінің жиынтығын тиянақты ескереді. Алайда, нақты метеорологиялық алғышарттардың жоқ болуына және жұмыстың жалпы түрде ғана жасалғанына байланысты бұл аудандастыру жоспарлау тәжірибесінде кең қолданылған емес [124]. Дегенмен, оны кейде туристік басылымдарда пайдаланған [49]. Жоспарлауда алдында айтылған «Польшаның туристік жабдықталуының бағыттаушы жоспары» жиі пайдаланылады [88]. Туризм мен демалыс мақсатында жасалған Польшаның биоклиматтық зоналарға бөлінуі бойынша зерттеулерді атап айту қажет*.
Бірыңғай көрсеткіштерге негізделген туристік аудандастырылуының болмауы ғылыми зерттеулерге, дидактикалық жұмысқа, әкімшілік және шаруашылық органдарының іс-әрекетіне кері әсер тигізеді. Осы күнге дейін туризмнің кеңістіктік және шаруашылықтық жоспарлануы мақсатында ғана өткізілетін жергілікті туристік жерлердің жіктелуі мен типологиясында да осындай жағдай байқалады [75, 123].
Туристік қозғалыс әсерінен пайда болатын экономикалық құбылыстардың туристік-географиялық зерттеулерін өткізу үшін туристік қозғалыс көлемі мен жабдықталу жөніндегі нақты, дәл статистикалық мағлұматтар қажет. Поляк туризм географиясында туристік-курорттық статистика жөніндегі теориялық жұмыстардың саны жеткілікті [46]. Бұл жұмыстарда осындай мағлұматтарды жинау әдістемелігі және олардың қолдану проблематикасы көрсетілген.
__________
*Я.Пашыньский, Л.Кучнарска. Демалыс пен туризм қажеттіліктері жағынан Польшаны биоклиматтық зоналарға бөлу жобасы. – Варшава, 1967.
Туристік статистика саласындағы соғыстан кейінгі жылдарындағы кемшіліктері* туристік зерттеулердің тежелуінің себебі болды.
Бұған қарағанда, шетелдік туристік проблематикасымен, әсіресе, жеке елдердегі туризм мәселелерімен байланысты зерттеулер жағдайы жақсы болған.
Халықаралық туризм мәселелері бұрынғыдай қызықтырмаған [46].
Поляк туризм географиясының жетістіктері зор болса да, география ғылымдарының осы саласы теориясы мен әдістемелігіне қатысты мәселелерін біріктіретін теориялық жұмыстардың жоқ болуы көзге түседі. Тек соңғы жылдары туризм географиясының теориялық негіздерін белгілеу әрекеттері жасалуда (А.Богуцка, М.И.Милеска, О.Рогалевский, А.Яцковски,
Я.Варшиньска, С.Лишевский) [46, 125].
Ең соңында, туризм географиясының аймақтық зерттеулері туралы біраз айтып кеткен жөн болар. Осы кезеңдегі зерттеулердің көпшілігі біртұтас аймақ болып алынған оңтүстік Польшаны және жеке аймақтарды қарастырған. Зерттеулер көбінесе, Карпат немесе оның бөлек аймақтарына: Татры, Подхаль, Бескиды, Бещадыға арналған. Сонымен қатар, бұрынғы Краков воеводствосы мен Краков туристік және курорттық мәселелеріне арналған бірталай жұмыстар жарық көрді.
Туризм географиясы бойынша, елдің басқа аймақтарының зерттеулері жүйелі түрде жүргізілмеген және олар осы мәселенің тек кейбір таңдап алынған қырларына қатысты болған [45, 46].
Қорытып айтсақ, қазіргі таңда поляк туризм географиясы ойдағыдай жетістіктерге жетті. Польша әлемде осындай зерттеулері бойынша алдағы қатардағы елдерге жатады. Туризм географиясы бойынша географиялық зерттеулерін шаруашылық және әкімшілік мекемелері өзінің іс-әрекетінде кең қолданады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *