Әдеби шығармашылық және әдебиет теориясының методологиясы.
Уақытқа диалектикалық көзқарас. Марксшілдік, кейіннен маркстік-лениндік деп аталған әдебиеттану мен өнертану қағидаларын, басым пафосына қарап, шартты түрде халықшылдық эстетика деп таңбалау. Маркстік, материалистік дүниетанымның адамзат дамуына елеулі рол атқарғанын біржақты жоққа шығармай, тарихи факт ретінде түсіну. А.Герцен, В.Белинскиий, Н.Чернышевский, Н.Добролюбов, Д.Писарев. Орыс революционер демократтарының ғылыми-сын мұрасы.
В.Плеханов: әсемдіктің обьективті мәнін ашу. Оның адам тіршілігімен тамырластығы. Өнердің шығу тегін, даму жолын қоғамдық сананың өсу жолымен тығыз қарастыру.
А.В.Луначарский. «Жылжымалы эстетика» туралы. Формалистік, тұрпайы социологиялық бағдарлармен арадағы тартыс.
Әдебиеттану ғылымындағы методологиялық мектептер.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Батыс Еуропа елдеріндегі капиталистік қарым-қатынастың өрістеуі. Философиядағы позитивизм бағыты. Әдебиеттанудағы ірге тасын ағайынды Якоб Гримм (1785-1863) мен Вильгелм Гримм (1786-1859) қалаған мифологиялық мектеп.
ХХ ғасырда бұл мектептің қайта жаңғыруы. Швейцар психологы К.Н.Юнгтің (1875-1961) адам психикасындағы архетип жайлы идеясы. Ж.Лакан. Адам психикасында реалды, қиялдағы символдық кабаттар.
Тарихи-мәдени мектеп. Француз тарихшысы әрі өнер зерттеушісі Ипполит Тэн (1828-1893). Әдебиет пен өнер мәселелерін жаратылыстану ғылымдарындағы салқынқандылық бағдармен сараптауды ұсыну.
Теодор Бенфей (1809 – 1881) . Салыстырмалы-тарихи (компоративизм) мектеп. Шығыс пен Батыс арасындағы сюжет алмасу теориясы.
А.Н.Веселовскийдің (1838-1906) көшпелі сюжет ілімі. Әдеби дамудың ортақ кезеңдері. Ұқсас сарындардың туу себебі. Әдеби дәстүрдің маңызы. В.Жирмунский, Н.Конрад. Қазіргі салыстырмалы әдебиеттану. Клод Пишуа мен Андре Мишель Руссо («Салыстырмалы әдебиеттану» ,1951), А.Дима («Салыстырмалы әдебиеттанудың принциптері», 1972»), Д.Дюришин («Әдебиетті салыстырмалы зерттеудің теориясы», 1979), т.б.
Психологиялық мектеп және А.А.Потебня (1835-1891). Сана мен тілдің байланысы. Тіл мен әдебиет. Адамның рухани өмірі. Көркем туындыны қабылдау процесі.
Анри Бергсон (1859-1941), Бенедетто Кроче (1866-1952) есімдерімен тығыз байланысты ағым – интуитивизм. Әр заттың дара қасиетін интуиция арқылы ғана ашу.
ХХ ғасырдағы дүние жүзі эстетикасына психиатр-дәрігер Зигмунд Фрейд (1856-1939) енгізген жаңалық. «Психоанализге кіріспе», «Тотем мен табу», «Мен» және «Ол» еңбектері, сол сияқты Ф.Достоевский шығармашылығына қатысты мақалалардағы тұтас толымды өзгеше батыл тұғырнама.